Камал ОРМАНТАЕВ, академик: Педиатрия факультеті биыл ашылса...

Камал ОРМАНТАЕВ, академик: Педиатрия факультеті биыл ашылса...

Камал ОРМАНТАЕВ, академик: Педиатрия факультеті биыл ашылса...
ашық дереккөзі
851

Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер Камал Ормантаев елімізде балалар хирургиясының негізін қалап, бүкіл өмірін соған арнаған жан. Ол әрдайым өз шәкірттері мен студенттеріне: «Дәрігердің ауру балаларға деген жан жылуы болмаса, нағыз маман бола алмайды», − дейді. Академик қырық жылдан астам дәрігерлік қызметінде ауру балаларға 14 мың ота жасап, өмір сыйлады. Оны қазір ұлттық медицинаның бүгінгі жайы, шешімін таппай келе жатқан мәселелері ойлантып, толғандыруда. Әсіресе осыдан тоғыз жыл бұрын Алматыдағы медициналық университетте  жабылып қалған Педиатрия факультетін қайта аштыру үшін Үкіметке өз ұсынысын алқалы жиындарда айтып та, ақпарат құралдарында жазып та келеді. Жуырда академикпен кездесіп, тағдыр талайы мен ұлттық медицинаның бүгінгі жайы туралы ашық әңгіме-дүкен құрған едік. Соны оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

 −  Камал аға, сіз өткен ғасыр­да­ғы алапат ашаршылықтың сәл бергі жағында, соғыстың аз ғана алдында өмірге келген ұр­пақ­тардансыз. Сол бір тарихи кезең­дерде есіңізде қалғандары бар ма?

− Иә, мен Қызылорда облы­сын­дағы Қорқыт стансасынан он бес ша­­қырым жердегі шағын ауылда дү­ниеге келіппін. Аштықтың әбілет жыл­дары кімді аяп қалды дейсіз. Жұрт бір үзім нанға зәру болып қал­ған жоқ па? Менің алдымда әке мен шешемнің үш ұл, үш қызы сәби ке­зін­де шетінеп кетіпті. Мың өліп, мың тірілген қазақ бұл ғасырда не көрмеді дейсіз. Әсіресе Голощекиннің елге басшы болып, қолдан алапат аштық ұйымдастырғанын бүгінде жұрт жақсы біледі. Сол аштықта қаншама жан қынадай қырылды. Тарихшылардың деректеріне қарағанда, 2,5-3 миллиондай екен. Бұл да нақты сан емес-ау. Бұдан көп болмаса, кем түспес. Қазақ бұл нәубетті де басынан өткізді. Кейде тарихтағы жоңғар-қалмақтармен жан беріп, жан алысқан арпалыста, осындай алапат аштықта қазақтың жер бетінен қалай жойылып кетпегеніне таң қаласың. Бұл хал­қы­мыздың өміршеңдігі ме, әлде қайсарлығы ма?! Әйтеуір біздің қазақты қолдайтын бір тылсым күш бар секілді. Анам маған жүкті болған кезде нәрестемнен тағы да айырылып қалам ба деп қорқып жүрсе керек. Бір күні ауылға атақты құмалақшы келіпті. Ол анама: «Ұл туасың, атын Камал қой. Содан кейін тағы бір ұлды боласың, оның атын Самал қой», − депті. Бәлкім сол құмалақшының көріпкелдігі болды ма, әйтеуір айтқаны дәл келген. 1936 жылы өмірге мен, содан санаулы жылдардан кейін інім дүниеге келді. Тағдырға не шара. Әкем екінші әйел алған соң анам бізді ертіп, Қармақшыға көшіп келді. Әкем мал ұстайтын. Бізге азық-түлікпен қарасып тұрды. Кіші шешемнен Мейрамгүл, Мәриямгүл, Қалдыгүл атты үш бірдей қыз баласы бірінен соң бірі өмірге келді. Анам ақылды, жүрегі дархан жан еді. Сол қарындастарымызға бізді бауыр етіп тәрбиеледі. Алайда кіші шешеміздің өмірі қысқа болды. Анам үш қызды кісі есігінде қалдырғысы келмей өз қамқорлығына алды. Ең кенжесі Қалдыгүл әлі емшек сүтін еметін нәресте еді. Осы күнге дейін таң қалатыным, сол кезде жасы елуден асып кеткен анам оны бауырына алған бойда аналық мейірімі оянып, емшегінен сүт шығып кеткен. Халықтың аузы енді нанға жеткен кезде герман фашистері Екінші дүниежүзілік соғысты бастап жіберді. 1942 жылы әкем майданға аттанып, Сталинград түбіндегі шайқаста контузия алып, бір жылдан соң елге оралды. Біз соғысты көргеніміз жоқ. Бірақ сол соғыстың салқыны бізді балалықтан ерте айырып, ерте есейтті. Әлі есімде, мектепке баратын жылы анам шүберектен кітап салатын қалта тігіп берді. Қарын ашқанда жейтін нанымыз да сол қалтада. Әуелгіде қатарлас балаларға ілесіп, сабаққа онша көңіл қойғаным жоқ. Тіпті сабаққа бармай нанымызды жеп үйге қайтқан кездеріміз де көп болды. Бірде мұғалім әкеме менің сабаққа қатыса бермейтінімді, үлгерімімнің төмендігін айтыпты. Әкем: «Балам, бұлай жүргенің болмайды. Оқып, білім алуың керек», − деп өз бақылауына алды. Содан бастап мен де тырысып, үздік оқушылар қатарына қосылдым.

− Дәрігерлік мамандықты таң­дауы­ңызға не әсер етті?

− 1953 жылы орта мектепті бітірдім. Әкем: «Балам, саған дейін үш ұл, үш қызымнан сәби кезінде айырылып қалдым. Мен сенің балалар дәрігері болғаныңды қалар едім», − деген еді. Бір мектептен 13 бала талап қуып, Алматыдағы медицина институтына бардық. Алғашқы емтихан орыс тілінен шығарма жазу екен. Ауылдан келген балаларда қай бір орысша болсын. Қас қылғандай, мен алдыңғы партада отырып қалыппын. Шпаргалка қолдана алмайсың. Әрең дегенде 3-4 парақты толтырдым. Тексерушінің қойған бағасы «орта» болып шықты. Екінші емтихан химия пәнінен екен. Одан да «3» деген баға алдым. Физика мен биологиядан да алған бағаларым солай болды. Сол жолы он үш баланың ішінен мен ғана институтқа түстім.

Соғыс жылдарында біздің елге Кавказдан біраз халықтың өкілдерін қоныс аудартқан. Біздің ауданға да шешендер келіп жайғасты. Соғыстан кейін олар момын қазаққа өздерінің үстемдігін көрсеткісі келіп, қоқаңдай бастағанда Жаңалық Әбдірахманов бастаған жігіттер тойтарыс беріп, тиып тастады. Сол Жаңалық Тау-кен институтына құжат тапсырғанымен қажетті баллды жинай алмай біздің мединс­ти­тутқа түскен. Екеуміз бір бөлмеде жатып, сабаққа бірге дайындалдық. Алғашқы курста орыс тіліне шорқақ­тығымнан үлгерімім төмен болып, екінші курстың жартысынан бастап, жоғары стипендияға қол жеткіздім. Факультеттің қоғамдық жұмыстарына да белсене араластым. Профессор Петр Петрович Исаев, медицина ғылымының кандидаты Марфуға Сәулебекова сынды ұстаздарыммен жануарларға тәжірибе жасап, ғылыми ізденістермен шұғылдандым. Ал бесінші курста Горький (қазіргі Нижний Новгород) қаласында өткен студенттердің форумында ғылыми баяндама жасадым. Алтыншы курста балалар хирургиясына ауыстым. Сол жылы Саратов қаласында өткен конференцияға қатысып, «Туғаннан аяғы маймақ балаларды қалай емдеу керек?» деген тақырыпта ғылыми баяндама жасадым. Патологиялық физиология кафедрасының меңгерушісі Осип Сергеевич Глозман: «Камал, сыртыңнан үнемі байқап жүрмін. Сенен жақсы дәрігер-маман шығатын секілді. Институтты бітірген соң біздің кафедраның аспирантурасына қал», − деп ұсыныс жасады. Өзім де балалар хирургиясын жаныма жақын көретінмін. Өкінішке қарай, ол кафедраға бірнеше жыл жұмыс өтілің болмаса қабылдамайды екен. Институтта Фатима Хәкіпжанқызы Мұсабаева деген доцент бар еді. Күйеуі Мұсабаев Денсаулық сақтау министрінің орынбасары. Сол апай бір жолы: «Хакеңе сен туралы айттым. Осы институттағы ординатураға қалуға көмектесетін болды», − деді. Сол күнгі қуанышымда шек болған жоқ. Егер мен осында қалмай шет жаққа кеткенімде ғалым болар ма едім, болмас па едім. Менің болашағыма жақсы адамдардың септігі көп тиді. Сонымен балалар хирургиясы кафедрасында қызметке қалдым. «Туа бітті аурулар» деген тақырыпта ғылыми ізденістер кезінде қаншама том-том кітаптар ақтаруыма тура келді. Білім-біліктілігім, ой өрісім артты.

Институтта профессор Михаил Иванович Брякин өзінің ой-пікірлерін басқаның бет-жүзіне, шен-шекпеніне қарамай батыл айтатын. Кезінде әскери хирург болған. Содан қалыптасқан мінез бе, өте қатал, бірақ әділ адам. Таңертеңгі конференцияға өзі уақытында келіп, кешіккендерді кіргізбей қоюшы еді. Ол әрдайым бізге: «Хирургия – это полувоенная дисциплина!» − деп отыратын. Қанша қатал болса да, қол астындағы жас дәрігерлерді қызғыштай қорғаушы еді. Кейін мен де сол кісінің үлгісін ұстандым. Өйткені балалар хирургі болу өте қиын жұмыс. Бұл мамандық дәрігердің кез келген уақытта дайындығын, ішкі сезімталдығын, науқастың жағдайын түсіне білуін қажет етеді. Сәл ғана қателік орны толмас өкінішке ұрындырары анық. Сол Брякинге аспирантураға түстім. Ғылыми тақырыбым «Балалардың миы шайқалуы». Осы тақырыппен 1966 жылы кандидаттық диссертация қорғадым. Содан бір жыл бұрын Алматыда №1 балалар ауруханасы ашылған. Балаларды емдеу өте қиын. Балалар дәрігері сәби жанын түсінетін психолог, тәрбиеші, ең бастысы, жүрегі мейірбан жан болуы керек. Бойында мұндай қасиеттері жоқ адам қанша білікті, білімді болса да балалар дәрігері бола алмайды.

1966 жылы қазан айында Мәскеу­ден КСРО Медицина Ғылыми акаде­миясы Педиатрия институтының дирек­торы М.Я.Студенкин бастаған бір топ ғалымдар Алматыға келді. Солардың араларындағы ВАК-тың­ мүшесі, профессор Анатолий Геор­гиевич Пугачев менен: «Қазір не істеп жүрсің?», − деп сұрады. Мен: «Кандидаттық диссертация қорғап едім. Мәскеуде бекітілді ме, бекітілмеді ме, білмей жүрмін», − дедім қысылғаннан күмілжіп. Ол жымиып: «Құттықтаймын, жақында бекіттік, − деп қолын ұсынды. – Сенің диссертацияң бізге қатты ұнады. Мәскеуге докторантураға кел». Ол мені сол бойда Қазақ КСР-ы Денсаулық сақтау министрінің орынбасарына ертіп барып, Мәскеуге жіберуімді өтінді. Ертеңіне министрдің орынбасары Халық Мұсабайұлы: «Камал, үлкен ғалым Мәскеуге, докторантураға шақырып жатса, мұндай сәттілікті кейінге қалдырмай барғаның жөн», − деп кеңес берді.

Адамның еңбегі дер кезінде баға­ланып жатса бақыт деген сол ғой. Оның үстіне өзім отызға енді ғана шыққан жаспын. Мәскеу әлемдік ғылымның орталығы. Барғым-ақ келіп тұрды. Бірақ, отбасымда екі балам бар. Үйренген жұмысыңды, бауыр басып кеткен ұжымыңды қалай қиярсың. Оның үстіне кафедра кассасынан біраз қарыз ақша алғанмын. Табан астында одан қалай құтылармын. Мәскеуге бара қалған жағдайда мені кіші ғылыми қызметкер етіп қабылдайды. Оның айлығы 150 сомнан аспас. Ал мұнда ассистенттің 270 сом айлығын алып жүрмін. Тағы басқа да кедергілер көз алдымда көлденеңдей берді. Солай екі ұдай ойда жүргенімде Мәскеудегі академик В.И.Стручковтан «Медицина ғылымдарының кандидаты Ормантаев балалар хирургиясы жөніндегі докторантураға жіберілсін» деген бұйрық келе қалды. Енді шегінерге жер қалмаған соң, 1967 жылы 20 қаңтар күні Мәскеуге аттандым. Академия басшылары: «Қандай тақырыпта айналысып жүр едіңіз?», − деп сұрады. Мен балалардың өкпе ауруына ота жасап жүргенімді айттым. Олар «Баланың екі өкпесі шіріген кезде оған қандай ота жасау керек?» деген тақырыпта ғылыми жұмысымды жалғастыруды ұсынды.

Мәскеу Алматыдай емес. Маған адам­дары салқын қабақ, тұнжыр кө­рінді. Сөздерін санап сөйлеп, есеппен күлетіндей. Іштей көңіл қошым болмады. Көп ұзамай тамағымнан баспа ауру пайда болып, аяғым күп болып ісіп кетті. Бір күні «Минск» мейман­ханасында Алматыдағы дә­рігерлер білімін жетілдіру институ­тының ректоры Айдархан Әбсаттаров пен профессор Қуаныш Мәскеевпен кездесіп қалдым. Олар мені көрген бойда: «Камал, мұнда қайдан жүрсің?», − деп аң-таң болды. Мен: «Осын­да докторантураға шақырған соң келіп едім, міне, өзім ауырып қал­дым. Мәскеудің маған жағатын түрі көрінбейді, − деп мұң-шерімді ақтардым. – Алматыдағы балаларымды да сағындым. Енді бәрін де жиып қойып, Алматыға қайтсам ба деп жүрмін». Бар шыным сол еді. Іштей торыққаным соншалық, мұнда байлап қойса да тұрғым келмеді. Әбсаттаров: «Әй, Камал, жұрттың аузына қақпақ қоя алмайсың. Мұндағы қиындықтарға шыдамай Алматыға қайтып кетсең жұрт сені оқи алмай келді деп табалайды. Сонда Мәскеуге жердің үстімен келіп, астымен қайтқандай боласың. Ең алдымен өзіңнің әріптестеріңнің біразы сені ағаш атқа мінгізеді. Намысың қайда, жігеріңді жастық қайратыңа жанып, шыдап бақ. Ақылымды тыңдасаң, еңсеңді түсірмей, оқуыңды жалғастыр», − деді. Қуаныш та осы орайда сөйлеп, мені жігерлендіріп, үміт пен сенімнің алауын қайта тұтатты. Олардың осы жанашырлықтарына күні бүгінге дейін ризамын.

Докторантурадағы оқу мерзімі толық екі жыл. Арада бір жарым жыл өткен кезде, 1968 жылдың қыркүйек айында Алматы медицина институтының кафедра меңгерушісі Е.Д.Черкасова зейнеткерлікке шығатын болып, ойда жоқта таңдау Мәскеуде жүрген маған түсіпті. Ондай орынға талас-тартыс көп болатын. Мен бар болғаны әлі ғылым кандидатымын. Докторантураның әлі жарты жылы бар. Хабар тиісімен жинап, ғылыми еңбектерімді сөмкеме салып, Алматыға тарттым. Бұл орын­ның маған қалай бұйырғанын кейін білдім. Кафедра меңгерушісін таңдау кезінде ұстазым академик Ю.Ф.Исаков: «Ормантаев өте алғыр, білімді жігіт. Сіздер неге жас кадрларды қолдап, өрісін ашпайсыздар. Әлде қазақ медицинасына сауатты, өз ісіне шын берілген маман керек емес пе?», − деген. Институт басшылары оның сөзіне құлақ асып, мені шақыртты. Кейіндеу педиатрия факультетінің екі рет деканы, содан соң 1980 жылы Педиатрия институтының директоры болып тағайындалдым. Сол кезде бұл институт Ана мен баланы қорғау деп аталатын.

1981 жылы Қазақстан Компартиясы ОК-нің Бірінші хатшысы Д.А.Қонаев қабылдады. Димекең қалай айтсақ та ойы терең, нағыз ұлтжанды, адал әрі шын мәнінде мемлекеттік тұлға деңгейіне көтерілген біртуар азамат еді ғой. Өзінің қабылдауында болған әрбір азаматтың арыз-шағымын мұқият тыңдап, әр істі оң шешуге күшін де, уақытын да аямайтын. Ол кісінің алдына жеке бастың шаруасымен барғаным жоқ. Педиатрия институтының мұң-мұқтажын айттым. «Димеке, біздің институт ғылыми-зерттеу орталығы әрі ана мен балаға арналып жасалынған емдеу мекемесі. Отырған жайымыз әбден ескірген әрі кішкентай, бүгінгі күн талабына сай келмейді. Қазір облыстық ауруханаға деп ғимарат салынып жатыр. Соны біздің мекемеге берсеңіздер. Ал облыстық аурухананың ғимараты әлі де жарайды ғой. Оның үстіне жаңа ғимаратқа қызығып отырғанымыз біздің институт республикалық деңгейдегі мекеме. Шетелдерден қонақтар келеді. Ғылыми конференциялар өткіземіз», − дедім. Димекең жүзінен нұр шашып, күлімсіреп басын изеді. Көп ұзамай біз жаңа ғимаратқа қоныс аудардық.

Есіме ана бір жылы болған бір жай түсіп отыр. Түннің бір уағында үйдегі телефон безек қақты. Тұтқаны көтерсем Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі Төрегелді Шарманов екен. «Камеке, Талдықорғанда жаңа туған сәбиге ота жасау керек», − деп мән-жайды түсіндірді. Мен сол бойда Талдықорғанға телефон шалып, өмірге келгеніне алты-ақ күн болған нәрестенің іштен ауру болып туғанын білдім де, ата-анасына тез Алматыға жеткізуін өтіндім. Бірнеше сағатқа созылған күрделі операция өте сәтті өтті. Баланың беті бері қарады. Содан екі-үш күн өткен соң Қазақ КСР Бас прокуроры Өтеген Сейітов келіп: «Камал, кеше ғана өзің ота жасаған сәби менің туған немерем еді. Әлі есімін де қойған жоқпыз. Соған сенің атыңды қойсақ рұқсат бересің бе?», − деді. Сол бала қазір айтулы азаматтың бірі. Исламбек пен Исмайлхан деген ұлдары бар. Содан бері де 14 мың балаға ота жасаған екенмін. Бүгінде солардың көбісі үлкен азамат. Көрген, кездескен жерде сәлемін беріп, есіме салып тұрады.

− Сізді кейбір әріптестеріңіз: «Жолы болғыш, ойлаған мақсат­та­рына оңай-ақ жетеді», − дейтін көрі­неді. Шынымен-ақ сізге бәріне қол жеткізу оңай болды ма?

− Бір қараған жанға солай көрі­нуі мүмкін. Ал еткен еңбегімді, төккен терімді, таңды-таңға ұрған ізденіс­те­рімді өзімнен басқа кім біледі. Адамға рухани шаршаудан артық қандай ләззат бар? Алайда өмір, тағдыр дегенің кісі ойлағандай бола бере ме? Көрер көзге жалған арыздардан, өсек-аяңнан көрген қиянаттарым,жанымды жүдеткен кездер аз болған жоқ. «Байлар да жылайды» демекші, сондай құқайларды бастан кешкен академиктер де кейде өмірде кісі аярлықтай болып іштей торығады. Сондай сәттерде мені еңбек, ғылым ғана алға жетелеп отырды.

1984 жылы Қазақ КСР Денсаулық сақ­тау министрлігі мені Педиатрия инсти­тутының директоры қызметінен босатты. Сол кезде медицина институ­ты­ның кафедрасын жартылай ставкамен мең­геріп жүргенмін. Шәкірттеріме кеңес беріп, студенттермен қоян-қолтық араласуым жеке басымның шаруасын күйттеуіме мүмкіндік те бермеді. Жастардың арасынан кейде ересектердің бойынан табыла бермейтін тазалықты, адалдықты көріп іштей риза болып, «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейтін ұлағатты сөздің мәніне ден қоясың. Сондай күндердің бірінде Дінмұхамед Қонаев шақыртып алды. «Камал, жаңа министрмен араларыңда не болып жүр? Қызметіңнен неге алып тастады?» − деп сұрады. Мен: «Себебін білмеймін, Димеке, − деп екі иығымды көтердім. Расында не жазығым бар екенін білмейтінім шындық еді. – Министр шақырып алып, орныңнан босату туралы арызыңды жаз деген соң салғыласып жатуды жөн көрмедім де, жазып бердім». Бұл кезде институтымыз «Педиатрия және балалар хирургиясының ғылыми орталығы» деп аталатын. Қонаев институтқа комиссия жіберіп, қатаң тексертіпті. Еш кінәм жоғы анықталған соң тағы да қабылдауына шақыртты. Ол: «Апыр-ай, − деді әлденеге ренжігендей қабағын шытып. – Адамға деген жеке бастың көзқарасымен мәселені осылай жөнсіз шеше салуға бола ма екен? Қызметке жақсы мамандар, ғалымдар, білікті дәрігерлер тұрғысынан қарау керек емес пе? Сізді неге орныңыздан алып тастағанын түсіне алар емеспін. Сондықтан қызметіңізге қайта қойсақ, барасыз ба?» – деді сынай қарап. Мен қарсы болмадым. Өйткені онда қаншама ұйымдастыру жұмыстарын бастап қойған едім. Соны соңына дейін жеткізуім керек қой. Бір айдан соң декандық қызметіме қайта кірістім. Ұжымдағылар аң-таң. Бірақ 1985 жылы министрлік орнымнан тағы алып тастады. Базбіреулер: «Денсаулық министрі орнынан кетеді де, Ормантаев барады» деген қауесет таратыпты. Кім білсін, осы өсекке сенген сол кездегі министр менен алдын ала сақтанды ма, әйтеуір қызметтен кезекті рет босатты. «Жығылғанға жұдырық» демекші үстімнен «достарым» арыз ұйымдастырған. «Партиялық жарна төлемейді және моральдық тұрғыдан бұзылған адам, әйелімен ажырасып, жас әйел алған». Ия, тағдыр солай болған соң амал бар ма. Оның үстіне менің отбасылық жағдайымның жұмысыма қандай қатысы бар? Әрі партиялық жарнаны өз уақытында төлеп келгеніме арым куә. Кейінірек аудандық партия комитетінің комиссиясы тексерген кезде партиялық жарнаны артығымен төлеп жібергенім де анықталған. Шындық атын жамылған арызқойлық ең қауіпті қоғамдық дерт. Осылайша аз күнде сау басым саудаға салынды. Мені қалалық партия комитеті шұғыл шақыртты. Министрліктегі республикаға танымал жандар тырнақ астынан кір іздеп, үстімнен арыз жазып отырған соң неге шақырып, шара қолданбасын. Оның үстіне Қазақстан Компартия­сы ОК хатшылардың бірі Алматы қаласы партия комитетіне: «Ормантаевты партиядан шығару керек», − деген тапсырма берген. Бұл мені біржола су түбіне батырып жіберудің амалы еді. Мұндайда мен неге қарап қалуым керек. Қорғану жағына көштім. Қазақстан Компартиясы ОК Ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Сұлтановқа жағдайымды айтып, араша түсуін өтіндім. Ол мән-жайға қаныққан соң Алматы қалалық партия комитетіне телефон шалып: «Ормантаевқа сөгіс беріңдер, бірақ партиядан шығарудың қажеті жоқ», − десе керек. Сол-ақ екен Қазақстан Компартиясы ОК-гі әлгі хатшы Қуаныш Сұлтановқа: «Сіз неге бұл іске араласасыз?», − депті. Сонда Сұлтанов: «Сіз бен біздің бұл лауазымда қанша отыратынымыз белгісіз ғой. Бірақ қанша отырсақ та қызметімізді таза, әділ әрі адал атқарғанымыз жөн емес пе. Ормантаевты орнынан босатты. Осының өзі оған ауыр жаза ғой, − дейді де. – Ормантаев еліміздегі балалар хирургиясының негізін қалаушы. Біздің республикада ғана емес Одақ бойынша санаулы білікті маманның бірі. Сондықтан оған орынсыз қиянат жасауға болмайды».

Қалалық партия комитетінің бюро­сы маған ескерту берумен ғана шектелді. Арада біраз уақыт өткен соң меди­циналық институтқа екінші рет декан болдым.

− Сіз қашанда әділетсіздікке қарсы күресе білдіңіз. 1987 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастарды қорғағаныңыз да жұрттың есінде.

− Сол жылы желтоқсандықтарды қудалау мен жазалау қауырт жүргізіліп жатты ғой. Қазақстан Компартиясы ОК Ғылым және жоғары оқу орындары бөлімінің бастығы Алматы медицина институтына келіп, жиналыс өткізді. Қайта құру, жариялылыққа сенген жастар демократия жолымен Мәскеудің республикаға тағайындаған жаңа басшы шешіміне наразылықтарын білдіргені үшін билік «ұлтшылдар» деп жазғырып, қалайда қатаң жазалауға көше бастады. Жиналыста сөз алып: «Сіздер қателесесіздер, біздің жастар ұлтшыл емес, керісінше нағыз интернационалистер», − деп сөз бастап, арашаға түстім. Мәскеудің жүргізіп отырған жөн-жосықсыз саясатына, тоталитарлық жүйеге қарсы өз ой-пікірімді жеткізуге тура келді.

Мен жарлы да, кедей де емеспін. Дәрі­гер өзгелерге қайырымды, мейі­рім­ді болмаса жақсы маман бола ал­майды. Содан ба, қолымнан келсе жұрт­қа көмектескім-ақ келіп тұрады. 2004 жылы республикаға белгілі меценаттардың «Тарлан» сыйлығын алдым. Сол 3000 АҚШ долларын мединститутта оқып жатқан тұрмысы нашар екі ауыл баласына стипендия ретінде айына 5 мың теңгеден бергізіп тұрдым.

− Нені жек көресіз?

− Жағымпаздықты, екіжүзділікті, сатқындықты. Мен бұлармен өмірімде талай рет бетпе-бет келген соң айтып отырмын. Минскіде өтетін одақтық ғылыми-зерттеу конференциясына арнайы шақырылған соң ұшаққа билет алып қойған едім. Республикаға белгілі кардиохирург Сейітхан Жошыбаевты сол жылы Қазақ КСР Денсаулық министрі қудалай бастады. Адамдар кейде бірін-бірі түсінбей жатады ғой. Оның жөні бір басқа. Ал ішінен шынтақ айналмайтын қызғаншақтық ауруы болса, қарсыласын құрбандыққа шалып жіберуден тайынбайды екен. Ондайға адал жандар қалай бей-жай қарайды. Адал әрі дарынды адамдар бір-біріне қолдау көрсетуі керек емес пе?!. Жошыбаевты қолдаған 7-8 әріптестері институтта аштық жариялап жатқан. Бір апта бойына оларға билік және министрлік жағынан ешбір жауапты қызметкерлер келіп, талап-тілектеріне құлақ асқан жоқ. Мен Қазақстан ҒА корреспондент-мүшесі едім. Қарап, артын бағып жата беруге арым бармады. Әділдік үшін солардың қатарына қосылдым. Сол күннен бастап, лауазымды тұлғалар бізге келе бастады. Ғылым академиясының президенті Өмірзақ Сұлтанғазин де келіп, олардың талап-тілектерін тыңдады. Келгендер: «Сіз елге белгілі адамсыз. Аштық жариялап жатқаныңыз ұят емес пе?», − деді. Мен: «Біз халықтың, қазақ медицинасының қамын, болашағын ойлап жатырмыз. Жошыбаев өте білікті, танымал кардиохирург. Министрдің оны қызметтен қуғаны жөн емес. Мыналар сол Жошыбаевтың әріптестері, шындық үшін, халық үшін шырылдауда. Сондықтан менің орным да осылардың ортасында», − дедім алған бетімнен қайтпай. Сонымен бізге облыстық партия комитетінің хатшысы Сағындық Тұрсынов, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қуаныш Сұлтанов, академиктер Салық Зиманов, Төрегелді Шарманов және Премьер-министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков келіп, талаптарымызбен танысты. Кейін билік басындағылар: «Жошыбаевқа институт ашып береміз», деп аштық жасаушыларды алдап шығарып салды. Жошыбаевтай білікті маман жерде қалсын ба. Қырғызстан шақырған соң Бішкекке қоныс аударды.

Сол жылдың мамыр айында мені Қазақстан Компартиясы ОК-нің Бірін­ші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев шақыр­тып алды. Ол: «Сізді ана жолы қызме­тіңізден бекер босатқан көрінеді. Тексерттім. Еш кінәңіз жоқ екен. Қызметіңізді қайта жалғастырсаңыз қайтеді», − деді. Республика басшы­сы­ның өзі қолқа салып отырса қалай бас тартайын. «Сіз сенім артсаңыз істейін. Медицина ғылымында әлі атқарылатын жұмыстар қаншама», − деп жауап беріп, өз келісімімді бердім. Солай араға бір жыл салып, Педиатрия институтына қайтадан директор болып тағайындалдым. Бұл үшінші рет еді. Сол қызметті 2001 жылға дейін, яғни сегіз жыл атқардым. Сол жылы үкіметтегілер «Жасы зейнеткерлікке жеткен адамдарды қызметтен босату жөнінде» қаулының бар екенін ескертіп, Ж.Мұстафинаны, «Халық қаһарманы» М.Әлиевті, З.Кещелованы және мені қызметтерімізден босатты.

Қазір де қарап отырғаным жоқ. Негізгі жұмысым – кафедра мең­ге­ру­шісі. Күнде таңертең балалар ауру­ханасына барып, палаталарды аралап, науқас балаларға диагноз қойып, дәрігерлермен емдеу тәсілдерін талқылап, жан сақтау бөліміндегілерге көмектесу әдетке айналып кеткен. Кейде жұмыстан кетсем бе деген ой келеді. Бірақ мұндағы шәкірттерім: «Сіз бізге керексіз әлі», − деп мені жібергісі жоқ.

− Жуырда «Егемен Қазақстан» мен «Central Asia Моnitor» газет­те­рінде көлемді мақа­­лаңыз бен сұх­батыңыз жария­ланды. Онда ұлттық құн­ды­лық­тарымыз бен медицина ғы­лымын­дағы түйінді мәселе­лерге ащы сын тұрғысынан келіп­сіз.

− Қазір біздің ұлттық медицинада қордаланып қалған мәселелер көп. Соны академик басыммен мен айтпасам кім айтады? Осыдан тоғыз жыл бұрын сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Алматыдағы мединституттың Педиатрия факультетін білікті мамандармен кеңеспей-ақ жапты. Министр қаражатты үнемдеу үшін оны қажетсіз деп тапса керек. Олар бұл шешімге қалай келді дейсіз ғой. Министрліктегілер Еуропа елдеріне іс-сапармен барған. Сол жақтағы үлкенді де, кішіні де емдейтін отбасылық медицина жүйесін көріп: «Міне, бізге де осы тәсілді қолдану керек. Медицинадағы бар мәселе осымен шешіледі», − деп реформа ретінде шұғыл шешім қабылдап, еуропалық стандартқа бірден көше салғысы келді. Содан оларға балалар дәрігері қажет еместей болып, мединституттағы Педиатрия факультетін жапты. Құдайым-ау, Еуропа қайда, біз қайда? Олар жан-жақты дамыған елдер. Оларда балалар саны біздегідей көп емес. Жалпы халықтың он-ақ пайызын құрайды. Елді мекендері де бір-біріне өте жақын орналасқан. Қазақ: «Аттыға ілесемін деп, жаяудың таңы айырылыпты» деген ғой. Кеше ғана бір одақта өмір сүрген бүгінгі ТМД  елдерінің ешқайсысы Педиатрия факультеттерін жапқан емес. Қайта елдің болашақтары балалар болған соң балалар дәрігер­лерін көбейтіп, оған үлкен маңыз беруде. Ал бізде ше? Отбасылық дәрігерді ендірумен мәселе шешілді ме? Жоқ! Қайта балалар дәрігерінің саны азайып, мәсе­ленің шешілуі күрделене түсті. Отбасылық дәрігерлерге менің қар­сы­лығым жоқ. Олардың жалпы меди­цинадан хабары бар. Қазір анықталып отырғандай адамда 14 мың аурудың түрі бар. Отбасылық дәрігерлердің солардың аттарын да толық білуі мүмкін емес қой. Солардың ішінде балаларға қатысты ауру түрлері қаншама. Жаңа туған нәресте үш жастан асқанша үлкендер секілді қай жерінің қалай ауыратынын айта алмайды. Оларға диагноз қою үшін білікті, білімді балалар дәрігері болуы керек. Балалар дәрігерінсіз біздің медицина қауқарсыз. Он жеті қоғамдық ұйым, екі мыңдай балалар дәрігерлері Педиатрия факультетін қайта ашу керектігі жөнінде Үкіметке өтініш жасадық. Өкінішке қарай, жауап жоқ. Бұрын мединститутта педиатрларды үшінші курстан бастап дайындаушы еді. Ал қазір ше?! Оларды университеттің 6-7 курстарында атүсті дайындайды. Ал менің тұжырымым бойынша балалар дәрігерін дайындау үшін университеттерде студенттерді жеті жыл оқыту керек. Оның үстіне медуниверситетті бітірген дәрігердің айлық жалақысы қанша? 45 мың теңге. Мұнымен қалай өмір сүруге болады? Диплом алып жатқан студенттердің көбісі бизнес саласына кетіп жатқаны сондықтан. Базарда көздеріне қара көзілдірік киіп, оны-мұны сатумен айналысып жүрген дәрігерлер қаншама! «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар». Содан соң дәрігерлерде қандай бедел болады? Ал шет елдерде ең бай тұратындар дәрігерлер. Ал бізде ең тәжірибелі хирургтің айлығы 100 мың теңгенің төңірегінде ғана. Мен балалар хирургімін. Ұзақ жылдардағы өз тәжірибемнен көңіліме түйгенім, балалардың іш ауруының жүзге жуық түрі бар екен. Аудандық ауруханаларда жалпы хирург болғанымен балалар хирургі жоқ. Олар кейде іші ауырған балаларда аппендикс бар деп ота жасайды. Ал ол болмай шығады. Мұндайда баланың іш ауруы жалғасып, басқа аурулармен ұласып кетуі ғажап емес. Сондықтан да аудандық ауруханаларда балалар дәрігері болғаны жөн. Балалар ауруы мен үлкендер ауруларының айырмашылықтары екі басқа болғандықтан емдеу тәсілдері де екі түрлі. Осының салдарынан балалар дәрігерінің беделіне де нұқсан келуде. Қазір көпшіліктің балалар дәрігері болғысы келмейді. Айлық жалақылары да аз. Бұл мәселені министрліктегілер шешуі керек қой.

Тағы бір айтарым, біздегі мединс­титуттардың клиникалық ауру­­ханалары жоқ. Біздің студент­тер әлі күнге дейін қалалық денсау­лық сақтау бөліміне қарасты ауру­ха­наларда іс-тәжірибеден өтіп жүр. Ал шет елдерде жоғары оқу орындарының мың төсектік өз ауруханалары бар. Оларды меди­цинаның шенеуніктері емес, сол оқу орындарының профессорлары басқарады. Студенттерін оқытып, ғылыммен айналысуға мүмкіндік жасап қойған бірыңғай медициналық орталық. Ал бізде бұл жоқ. Бізге дәрігерді дайындауды жақсартыңдар деп нұсқау береді. Біздің дәрігерлер теориялық жағынан жаман дайындалмайды. Бірақ олардың емдеуді жетілдіруге келгенде ақсап жататыны рас. Өйткені іс жүзінде қолданып, дайындықтан өтетін орын жоқ. Олардың ауруларды емдеу кезінде қателесетіндері де сондықтан. Қазірдің өзінде республикада жеті медицина университеті бола тұра он мыңдай дәрігер жетіспейді. Алматыдағы №1 балалар ауруханасының хирур­гиясына әлі тәжірибесі жетіл­меген, жаңа ғана жоғары оқу орнын бітіргендерді аламыз. Олар біздің жетекшілігімізбен, қадағалауымызбен жұмыс істеп жатыр. Ал облыстық, аудандық ауруханаларда ше? Оларда біліктілігі жоғары мамандар жоқтың қасы ғой. Қысқасы, университеттерде Педиатрия факультетін биыл қайта ашпай балалар ауруын жеңе алмай­мыз. Енді осы мәселемен өзім Республика Президентінің қабыл­дауына жазылып отырмын. Оның да сәті түсер деген ойдамын.

− Камал аға, қолға алған ісіңіз сәтті болуына тілектеспіз.

 Сұхбаттасқан Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары