ҚАЗАҚСТАНДА ЖҮЗІМ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚАЛАЙ ДАМЫТУҒА БОЛАДЫ?

ҚАЗАҚСТАНДА ЖҮЗІМ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚАЛАЙ ДАМЫТУҒА БОЛАДЫ?

ҚАЗАҚСТАНДА ЖҮЗІМ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚАЛАЙ ДАМЫТУҒА БОЛАДЫ?
ашық дереккөзі
2301
Кезінде Кеңестер дәуірінің тұсында шарапты ішкілік ретінде қарап мыңдаған гектар жүзімдік алқаптары жойылып, шарап өндіретін құрал-жабдықтар металлоломға өткізілді. Бұл жағдайды қазіргі кезде қалыпқа келтіру үшін миллиондаған қаржылардың қажет екендігі өз-өзінен түсінікті. Соңғы жылдары Қазақстанда осы саланы дамытуға мемлекет тарапынан қамқорлықтар жасалынып келеді. Арнайы заңдар да өмірге келіп жатыр. 1980 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 10,7 мың гектар жерде жүзім алқабы болған болса, 1990 жылы 6,62 мың гектарға, 2000 жылы 5,7 мың гектарға, 2004 жылы 3,9 мың гектарға дейін кеміп кеткен. Ал 1980 жылы облыс бойынша 125,2 мың тонна жүзім өндірілсе, 2004 жылы 31,3 мың тонна ғана жүзім өндірілген. Бүгінгі күнде Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында жүзімді өңдейтін және шарап өнімдерін бірінші өңдеуден өткізетін 7 шарап зауыты және 17 цех бар болса, оның ішінде 15 кәсіпорынның ғана шарап және шарап өнімдерін өндіруге лицензиясы бар, ал 7 кәсіпорынның шарапты құю линиясы жұмыс істейді. Осы шарап өнімдерін өндіруге лицензиясы бар 15 кәсіпорынның жылдық қуаты 6377,4 мың далды, ал шарап құю линиясы бар 7 кәсіпорынның жылдық қуаты 4856,4 далды құрайды. Облыс бойынша 2004 жылы 14092,0 мың литр шарап және шарап өнімдері өндірілсе, шикізаттың болмауына байланысты қазіргі таңда 6 кәсіпорын жұмыс істемей қалған. 80-жылдары Оңтүстік Қазақстан облысындағы жүзімдік алқабының 42,7 пайызы, ал өндірілген өнімнің 34,5 пайызы Сарыағаш ауданының үлесінде болған екен. Сол жылдары аудан аумағындағы өнім беретін 2964 гектар жүзімдіктің әр гектарынан 146 центнерден, барлығы 43,2 мың тонна жүзім өндірілген. Жүзім егістігінің көлемі 1985 жылы 4806 гектарға, оның ішінде өнім беретіні – 3174 гектарға, 1990 жылы 4938 гектарға, оның ішінде өнім беретіні – 3064 гектарға дейін жеткен. Ал 2000 жылға келіп жүзім егістігінің көлемі 1480 гектарға дейін кеміген болса, аудандағы жүзім өндірісінің ең құлдыраған кезеңі 2002 жылға тура келеді, бұл жылы 1448 гектар өнім беретін жүзімдіктің әр гектарынан 34,5 центнерден, барлығы 5000,0 тонна ғана жүзім өндірілген. Жүзім көшеттерін өсіру бұл саланы дамытуға айырықша үлес қосады. Бұл саламен «Сарыағаш» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны айналысады. Бұл кәсіпорын 2003 жылы 260 мың дана жүзім көшеттерін өндірген. Бағдарлама бойынша 2005 жылдан бастап 2010 жылға дейін жылына орта есеппен 340 мың данадан 750 мың данаға дейін, ал 2011 жылдан бастап жыл сайын 1000,0 мың данадан астам жүзім көшеттерін өндіретін болады. өндірілген көшет жүзім шаруашылықтарының жүзім көшетіне деген қажеттілігін толық қамтамасыз ете алады. Жүзім кластері жүзімді өндіру, оны тереңдетіп өңдеу арқылы бәсекеге қабілетті өнім шығару болып табылады. өнімді тиімді сату жұмыстарын қамтитын салалардың біріккен жиынтығы, немесе ғылыми сипаттама түрінде кластер дегеніміз – қосымша құнды құру процесі барысында өзара байланыста жұмыс істейтін өнім жеткізушілер мен өндірушілер, тұтынушылар мен өнеркәсіптік инфрақұрылымы, ғылыми-зерттеу институттары мен маман даярлаушы оқу орындарының бір тұтас желісі болып табылады. Кластерге қатысушы барлық мүшелер үшін бір ортақ мүдде — қосымша табыс табу болып табылады. Кластердің бір тұтас жүйе ретінде ырғақты және нәтижелі жұмыс істеуіне барлық мүшелер мүдделі болғандықтан олардың ұсынатын тауары немесе қызметі сапалы, жеткілікті және өз уақытында шығуына барлық әрекет жасауы керек. Бірінің жіберген қатесі немесе сапасыз тауары барлығына теріс әсерін тигізеді. Осы тұрғыдан қарағанда Республикада шарап кластерін дамытуға Оңтүстік Казақстан облысының климаттық жағдайы өте қолайлы. Оған мысал ретінде облыс аумағында өсетін кейбір жүзім сорттарынан өндірілетін өнімді сатудан алынатын табысты айтуға болады. Мысалы, «Мускат» және «Саперави» сорттары егілген жүзімдіктен өндірілген жүзімді өңделмеген (сабағынан үзілген) күйінде сатқан жағдайда жүзімдіктің 1 гектарынан 60,0 мың теңгеге дейін таза табыс алып, бюджетке 35,0 мың теңгеге дейін кіріс түсіруге болады. Ал, асханалық сорттар егілген жүзімдіктің әр гектарынан 100,0 мың теңгеге дейін таза табыс алып 50,0 мың теңгеге дейін бюджетке кіріс түсіруге болады. Ал егер шарап зауыттары жүзімнің «Мускат» және «Саперави» сорттарын бірінші өңдеуден өткізіп, күшейтілмеген шарапты сататын болса, 1 гектардан алатын таза табыс 170,0 мың теңгеге дейін, ал бюджеттік түсім 190,0 мың теңгеге дейін артатын болатынын мамандар есептеп отыр. Сонымен бірге шарап зауыттары жүзімнің жоғарыда аталған сорттарынан күшейтілген шарап дайындап сататын болса, 1 гектардан алатын таза табыс 800,0 мың теңгеге дейін, ал бюджеттік түсім 600,0 мың теңгеге дейін жететін болар еді. Мысалы, 1 гектар жүзімдіктен өндірілетін өнім мен 1 гектар жерден өндірілетін мақта өнімін сатудан түсетін табысты салыстырсақ, жүзім өнімі 5-6 есеге артық пайда береді екен. Мәселен «Қапланбек агрошарап компаниясы» ЖШС-гі жүзімнің кластер жүйесін қалыптастыру мақсатында жүзімді өңдеуден бастап, дайын шарапты ыдысқа құюға дейінгі циклды қамтитын технологияға қажетті жабдықтау құралдарын сатып алуды кезең-кезеңімен жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл мақсатта Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің бағдарламасына сәйкес, лизинг негізінде өнімді өңдеуге қажетті құрал-жабдықтар алу үшін жеңілдетілген үстемемен 135,0 млн теңге несие қаржы алған. «Қапланбек АШК» ЖШС-нің бастамасымен жүзім шаруашылығын дамыту үшін ауданда кепілдемеге қоятын мүлік қорын құрып, жүзім өсірумен айналысатын құрылымдарға қаржылай жәрдем беретін несие серіктестігін құру жөнінде жұмыс жүргізілуде. Оңтүстік Қазақстан облысындағы көп жылдардан бері «Қапланбек» зауытында өндірілген шарап өнімдері шетелдерге шығарылып, үлкен сұраныстарға ие болып, көптеген халықаралық көрмелерге қатысып, ең жоғарғы жүлделерге ие болған. Бүгінгі күні сол жұмыстарын жалғастырып, 70-жылдық тарихы бар «Қапланбек АШК» ЖШС-де Дүниежүзілік Сауда Ұйымының ИСО-9000, 9001 стандарты талабына сай жұмыстар жүргізуге көшті. Кәсіпорынның жүзім өндірісін дамыту жөніндегі 2005-2015 жылдарға белгіленген бағдарламасына сәйкес, зауыт қазіргі заман технологиясымен жабдықталып, өндірілген өнім тереңдете өңделіп, бәсекеге қабілетті өнім шығарылатын болады. Осы бағдарламаға сәйкес, жүзім егістігінің көлемін 2015 жылы 550,0 гектарға жеткізуді межелеп отыр. Оңтүстік Қазақстан өңірі республика бойынша жүзім өсіруден және өндіруден алдыңғы орында. Себебі, бұл өңірдің табиғи жағдайы жүзім шаруашылығын өркендетуге өте қолайлы. Қазіргі уақытта облыста жүзім өнімдерін өңдеумен 24 зауыт пен кішігірім цехтар айналысады. Олардың жалпы қуаттылығы 9 млн. дал. Шарап өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі — «Молчанов және К», «Қапланбек», «Шарапат» және «Нұр» серіктестіктері болып табылады. Олардың қуаттылықтары тиісінше 1,3 — 2,0 млн дал, 700 және 600 мың дал. Аталмыш зауыттарда жасалған шарап өнімдері кезінде шет мемлекеттерге шығарылып, үлкен сұранысқа ие болып, жүлде алған. Алайда, бүгінгі күнге бұл кәсіпорындардың қуаттылығы 25-40 пайызға ғана пайдаланып отыр. Бұларда өндірілген шарап материалдары шикізат түрінде арзан бағамен Алматы, Ресейдің қалаларына әкетілуде. Қолда бар шарап зауыттарының қуаттылығын толығымен пайдаланып, дайын өнім алса, акцизді салықтан облыс бюджетіне қомақты қаржы түсетінін мамандар дәлелдеп отыр. Жүзім шаруашылығының қазіргі жағдайына жасалған талдау бойынша шарап өндірісінің дамуына бірқатар мәселелердің кедергі болып отырғанын жасыруға болмайды. Өнімді өңдеудің әлемдік стандарттарға сәйкес келмеуі, жүзімдік алқаптардың қысқарып кетуі, қажетті жүзім көшеттерінің өндірілмеуі осы ойымызға айғақ. Жүзім бауларының және сорттарының ескіруі, жүзім және шарап өндірісіне қажетті техникалар, технологиялық желілер мен құрал-жабдықтардың ескіріп, тозығы жеткендігі тағы бар. Сондай-ақ, өнімдерді сату және өткізу рыноктарында маркетингтік қызметін ұйымдастыру деңгейінің төмендігі байқалады. Сондықтан дайын шарап өнімдерінің облыс көлемінен тыс жерлерге әкетілуінен бюджетке салық төлемінің көп мөлшерде түспей отырғаны тағы бар. Соңғы жылдары облыста жүзімдік егіс алқаптарының көлемін арттыруда тиянақты жұмыстар атқарылып келеді. Оған қосымша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 12 желтоқсандағы «2010 жылға дейін Қазақстанда жүзім және шарап жасау өндірісін қалпына келтіру және дамыту Бағдарламасын бекіту туралы» қаулысына сай біршама ұйымдастыру іс-шаралары жүргізілді. Аталмыш қаулыға сәйкес облыс бойынша барлық жүзімдіктің егіс көлемі 2010 жылы 7,6 мың гектар оның ішінде өнім беретіні 6,8 мың гектарға дейін өседі деп межеленіп отыр. Бұл 2003 жылмен салыстырғанда тиісінше 3,0 және 2,7 мың гектарға артық. 2003 жылы облыстағы аудандар бойынша 146, 2004 жылы – 123, 2005 жылы – 110 гектар жаңа жүзімдіктер отырғызылды. Жүзім өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпорындарды қалпына келтіру жөнінде нақты іс-шаралар қабылданды. — «Қонысбаев» және «Сарыағаш» мемлекеттік қазыналық кәсіпорындарында жүзімнің жоғары өнім беретін шараптық сорттарының көшеттерін дайындап, көбейту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта «Сарыағаш» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында 6000 дана техникалық, 5000 асханалық сортты және «Қонысбаев» атындағы шаруашылықта 17000 дана жүзім көшеттерін өсіріуде. Облыста жүзім және шарап өндірісін дамыту жөнінде түйіткіл мәселелер жеткілікті. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 тамыздағы «Этил спиртін және алкогольдік ішімдіктер өндірісін лицензиялау Ережесін бекіту туралы» №1258 қаулысына сәйкес ішімдіктер өнімдерінің өндірісін жылына 200 мың далдан 50 мың далға дейін азайту жөнінде өзгерістер жасау бұл саланы дамытуға мүмкіндік берер еді. Аталмыш қаулыда тауар өндірушілерге өздері өндірген ішімдіктер мен шарап өнімдерін бөлшек сауда арқылы сатуына рұқсат беруіне мүмкіндік беру бұл проблеманың түйінін шешер еді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 12 желтоқсандағы «2010 жылға дейін Қазақстанда жүзім және шарап жасау өндірісін қалпына келтіру және дамыту Бағдарламасын бекіту туралы» №1621 қаулысын орындау үшін ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне 5-7 жылдық мерзімге жеңілдетілген несие беру мәселесін шешу күн тәртібінде. Жүзім шаруашылығының дамуына қажетті техникамен қамтамасыз ету деңгейінің төмендігі кедергі жасауда. Қажетті техниканы ауыл шаруашылық диқандарына «Қазагрофинанс» АҚ-ы арқылы 5-6 жылға лизингіге алу жұмыстары ұйымдастырылса құба-құп болар еді. Шарап өнімдерін стандарттау облыста шешілмей жатқан мәселенің бірі. Сондықтан, шарап өнімдерін мемлекеттік стандарттан өткізетін заңдастырылған орын ашу жолдары қарастырылуда. Жүзім өнімдерін өндіруде қазіргі заман озық технологиясын өндіріске ендіру, еңбекті механизациялау, жүзімдіктерді егуге, күтуге және жинауға кеткен еңбектің шығынын төмендетеді. Бұл технологияларды өндіріске ендіру үшін әр түрлі инвестицияларды тарту жұмыстарын жүргізіу қажет. Облыста элиталық көшеттер өндіретін көшет шаруашылықтарына мемлекет тарапынан жәрдем (дотация) бөлінуі қажет. Жалпы алғанда, өзімізде жоғары сапалы жүзім сорттарынан өндіретін шарап материалдарынан «конъяк», «шампан» және виноның жаңа түрлерін шығаруға мүмкіндіктер бар. Ол үшін жоғары сапалы жүзім көшеттерін алып өндіруге, құрал-жабдықтар алуға шетелдік және отандық инвесторларды тартуға ықпал жасау керек. Алда тұрған негізгі міндеттердің бірі – шарап кластерін құру. Осы мақсатта Үкімет тарапынан берілетін көптеген жеңілдіктерді, қаржыларды орынды пайдалану, шағын шаруашылықтарды ірілендіру, агротехника талаптарына сай еңбек ететін ұжымдарды ұйымдастыру көкейтесті мәселердің бірі болып отыр. Инвестицияларды тарту мәселелерін шешуде оңтүстік аймақта облыстық экономикалық даму стратегиясының басты элементтерінің бірі болып табылатын шарап кластерін қалыптастыруға қажетті алғы шарттар бар. Кластерге біріктіру қайта өңдеу кәсіпорындарында өндіретін жеміс өнімдерінің әлемдік рынокта бәсекеге түсу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Жүзім шаруашылығын дамыту жолында бірқатар шешімін таппай тұрған мәселелер баршылық. Сарыағаш аймағында көктемгі дала жұмыстары үшін бір жылға несие агроазық-түлік корпорациясы арқылы екінші деңгейдегі банктерден беріледі екен. Оның өзінде 8 пайыз үстеме қойылады, оны да диқандар әуре-сарсаңмен алады. Дегенмен, жаңадан егілген жүзімдік 4 жыл бойы күтіп баптаудан кейін ғана өнім береді. Осы жағдайға байланысты диқандарға несие неге ұзақ мерзімге берілмеске. Жүзімдік саласында қолданатын арнайы техника, құралдардың тозығы жеткен. Осыған орай жүзімдіктердің арасында жұмыс істейтін арнайы тракторлар, құрал-жабдықтар қажет. Жүзімдіктердің зиянкестеріне, ауруларына қарсы пайдаланатын химикаттар жоқтың қасы. Жүзімдік саласында істейтін арнайы білімі бар мамандар жетіспейді. Осы проблемаларды тиянақты шешу арқылы Қазақстанда жүзім шаруашылығы мен шарап жасау өндірісін дамытуға әбден болады.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ

Серіктес жаңалықтары