ҰЯЛЫ БАЙЛАНЫС ЖҮЙЕЛЕРІ ЖӘНЕ РЕСЕЙДІҢ ЫҚПАЛЫ

ҰЯЛЫ БАЙЛАНЫС ЖҮЙЕЛЕРІ ЖӘНЕ РЕСЕЙДІҢ ЫҚПАЛЫ

ҰЯЛЫ БАЙЛАНЫС ЖҮЙЕЛЕРІ ЖӘНЕ РЕСЕЙДІҢ ЫҚПАЛЫ
ашық дереккөзі
772

Соңғы жылдары Ресейдің посткеңестік елдерге деген ықпалы бір ғана транзиттік құбыр желілері мен энергоөнімдерін тасымалдау ісімен шектелмейтінін аңғартты. Ресей экономикалық тұрғыдан қарыштап дамып келе жатқан ұялы байланыс жүйелері сияқты салаларға да өз ықпалын тигізбек. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейдің ірі ұялы компаниялары ТМД елдеріне экспансиясын бастаған. Көршілес елдер қит етсе, алып мемлекеттің «газ өшірем» деп қорқытатын әдеті бар-тын. Күні ертең Ресейдің байланыс жүйелерінің ықпалында қалған мемлекеттер «телефон өшіремнің» керін тартпай ма деген сауалдар осындайда еріксіз көкейді торлайды. Бірақ алып көршінің мүддесі одан да жоғары көрінеді.

Бүгінде Ресейде үш бірдей ірі ұялы байланыс компаниялары қызмет етеді. Олар – Вымпелком («Альфа–Телеком»), МТС (АФК «Систем») және Мегафон («Телекоминвест»). МТС компаниясы ТМД елдеріне экспансиясын 2002 жылы бастаған. Ол кезде алып компания Украинадағы ірі операторлардың бірі – UMC компаниясының бақылау пакетін сатып алған еді. Бүгінде Беларусь пен Өзбекстанның ірі байланыс компанияларының бақылау пакеті МТС-тің қарамағында. Ал, «Вымпелком – Альфа групп» өзінің ТМД елдеріне деген экспансиясын Қазақстаннан бастаған. Ресейлік ақпарат көздерінің мәліметіне сүйенсек, 2004 жылы «Вымпелком» еліміздегі ең ірі ұялы байланыс жүйелерінің бірі – «КаР-Тел» операторының 100 пайыздық акциясын сатып алған. Кейін «Вымпелком» аталған қазақстандық оператордың миноритарлық пакетін отандық «АТФ-банкіне» сатып жіберген.

Негізінен «Альфа-Телекомның» нағыз жетістігі ірі түркиялық байланыс операторы – «Turkcell»-ді сатып алуы болды. Дәл осы «Turkcell» арқылы «Альфа» тобы қазақстандық «K-mobіle», әзірбайжандық «Azercell Telecom», грузиндік «Georcell», украиндық ООО «Астелит» компанияларына жанама түрде ықпал жасай алады.

Жалпы, бүгінгі таңда ресейлік компаниялар ТМД аумағындағы негізгі ұялы байланыс компанияларын тікелей немесе жанама түрде бақылайды. Байланыс жүйелерінің Ресейдің қолына шоғырлануы экономикалық мүддеден бұрын орыстардың посткеңестік елдерге ықпалын өсіргісі келетінін аңғартады. Ұялы байланыс жүйелері – ТМД елдеріне ықпал жасаудың үлкен құралы. Бұны орыс БАҚ-тары да растайды. Ең алдымен, операторлық бақылау әрбір компания қызметкерлерінің Ресейде оқытылып, даярлануын талап етеді. Яғни, операторлық білімді олар орыс тілінде алады. Ал, бұл дегеніңіз – ең білімді технологиялық мамандардың орыс мәдениеті мен ресейлік бизнес саласына еріксіз тартылуы. Оның үстіне орыс БАҚ-тары мұндай мүддеде әскери қызығушылық барын да алға тартады. Байланыс жүйелерін бақылау абоненттер жайлы арнайы қызметтердің базасынан да мол ақпарат беретін көрінеді. Сол сияқты ресейлік ақпарат құралдары ұялы баяланыс компанияларының тізгіні көбіне жергілікті биліктің отбасының немесе олардың айналасындағы әулеттердің қолында екенін тілге тиек етеді. Бұл орайда жергілікті билік пен ресейлік компаниялардың ынтымақтастығы берік орнығумен қатар, ұзаққа созылар түрі бар.

Қазіргі таңда Ресейдің посткеңестік елдерге деген ықпалы бұрынғыдай емес. ТМД аумағындағы елдерде орыс тілінің тынысы тарылып, аймақта орысшыл емес, батысшыл мемлекеттер көбейіп жатқан заманда алып көрші өз ықпалын тым құрығанда экономикалық жағынан жандандыра түскісі келеді. Кеңестер Одағының басты мұрагерін посткеңестік елдермен байланыстыратын сала да сол. Бұл орайда Ресейдің көршілес елдердегі ұялы байланыс салаларын бағындыра бастауы экономикалық мүдде шеңберінен де шығады. Бұл – посткеңестік елдерге ықпал етудің бір құралы.

Қазақстанның жағдайына келсек, елімізде екі негізгі GSM-операторлары – «GSM Kazakhstan» ЖШС-і (Actіv, K^Cell) және «КаР-Тел» ЖШС-і (K-Mobіle, Beelіne, Excess) қызмет етеді. Еліміздегі ұялы баяланыс жүйесі саласында бәсекелестіктің төмендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Бұл орайда отандық байланыс саласында жаңа оператордың пайда болуы әбден ықтимал. Бұл жәйт бәсекелестіктің жандана түсіп, байланыс жүйелерінің жақсартылуына, баға саясатының өзгеруіне де түрткі болуы мүмкін. Ресей ақпарат құралдарына сенсек, қазірше ресейлік ұялы байланыс компанияларының қазақстандық операторларға деген ықпалы жанама түрде жүзеге асып келеді. Оның тікелей ықпал жасау құралына айналуы ертеңгі күннің еншісінде болса керек.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары