БІЛІМ ДӘРЕЖЕСІН КӨТЕРУДІ КІМ ОЙЛАЙДЫ?

БІЛІМ ДӘРЕЖЕСІН КӨТЕРУДІ КІМ ОЙЛАЙДЫ?

БІЛІМ ДӘРЕЖЕСІН КӨТЕРУДІ КІМ ОЙЛАЙДЫ?
ашық дереккөзі
317

Қазіргі таңда оқудың бәрі ақылы, әрі жыл сайын қымбаттап барады. Білімді сатып алған соң сапасы шамалы болады ғой, сатулы дүние мәз болсын ба? Мемлекеттік грант шектеулі, оған барлық дарынды, талапты баланың қолы жете бермейді. Амал жоқ, жағдайы келіп жатса, ақылысын оқиды.

Менің айтайын дегенім: осы ақылы оқуда оқып жүрген студенттерге арнап ынталандыру стипендиясын тағайындаса. Сонда олардың алған білімінің сапасы жоғарылар еді. Барлығына бірдей топырақ шашуға болмайды, бірақ тәжірибеден өтуге келген болашақ балалар дәрігерлерінің білімі төмен. Бір студентке мен өз наразылығымды айтқанда, ол селк еткен жоқ. «Ой, ағай, архитектордың білімсіздігінің кесірі жер бетінде, ал дәрігердікі – жердің астында. Оны ол жерден ешкім де көрмейді. Жылдағы ақшамызды уақтылы төлеген соң, курстан курсқа ауысып жүрмін. Төлемесең, он жерден жақсы оқы, бәрібір оқудан шығарып жібереді. Алғашқы курста ынты-шынтаммен сабақ оқып жүрдім. Онымды кім елеп жүр. Дым білмесе де, әкесінің дүниесімен грантқа түсіп алып, ай сайын стипендиясын алып, талтаңдап олар жүрсе. Әке-шешеміздің тапқан-жиғанын әкеп төлейміз, ал сабақты жақсы оқығаның үшін бір тиын да алмайсың. Әділетсіз ғой. Сосын оқымаймын, уақытым жоқ, ішер тамақ, киер киімге ақша табу үшін жалданып жұмыс істеймін», – деді.

Менің ойым – ақылы оқуда оқып жүрген студенттердің арасындағы үздік оқитындарына мемлекет тарапынан стипендия тағайындалса, студент сабақты жақсы оқып, келешегі жақсы маман болуы мүмкін ғой.

Кезінде студенттер стипендияға ілігу үшін сессия кезінде күн демей, түн демей сабақ оқып, емтиханға дайындалушы еді. Мемлекет тарапынан шамалы қамқорлық болса, ақылы оқудағы студенттер де өз жұмыстарымен – сабақ оқумен айналысар еді. Жеке меншікке айналып кеткен білім ордалары білім берудің сапасын емес, неғұрлым тиімді бағасын ғана ойлайтын секілді.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ

Серіктес жаңалықтары