КАРИМОВ РЕЖИМІН ҚҰТҚАРУДЫҢ ҚИТҰРҚЫ ӘРЕКЕТТЕРІ

КАРИМОВ РЕЖИМІН ҚҰТҚАРУДЫҢ ҚИТҰРҚЫ ӘРЕКЕТТЕРІ

КАРИМОВ РЕЖИМІН ҚҰТҚАРУДЫҢ ҚИТҰРҚЫ ӘРЕКЕТТЕРІ
ашық дереккөзі
281

Экономикалық пайда саяси қателіктерді ақтай ала ма?

II Екатерина патшайымның тұсында Ресей империясын ішкі қауіп-қатерден сақтап, езілген халықтардың көтерілісі жаппай өршіп кетпеуіне генерал-аншеф Суворовтың қатал әскери дарыны көбірек қажет болғаны мәлім. XVIII ғасырдағы аса қатыгез, қанды империядағы аз санды талай халықтардың ауыр езгіге қарсы, азаттық жолындағы күрестерін қызыл қанға бояп, аяусыз басқан бұл кемеңгер, тіпті, Италияның біртұтастығы, мемлекеттігі үшін Австро-Венгрия империясына қарсы күрескен қаһармандардың да қанына қолын малғаны тарихи шындық. Суворов, оны айтақтап отыратын әйгілі патшайым оқпанды зеңбірек пен ұзын ұңғылы мылтық, самсаған солдаттардың көмегіне жүгінген-ді.

ХХI ғасырда түбегейлі ыдырай бастаған Ресейдің державашылдық пиғылдарын жүзеге асырып, күні өткен қызыл империя – КСРО-ның сынықтарын жинақтап, қайта дәнекерлеуге барша күш-жігерін аямай жұмсап жүрген жаңа құрылым – “Газпром” шықты тарих сахнасына. Бұрын коммунистік империя құрамында болған одақтас республикалар мен халықтардың Азаттық жолындағы ұмтылыстары мен ынта-жігерлерін басып-жаншуға аса қуатты, трансұлттық компанияның басшысы Алексей Миллер мырза саяси текетірестерде экономиканың қаны – газдың көмегіне иек арта бастағаны айқындалды.

Қитұрқы әрекеттердің нәтижесінде “Газпром” мемлекет ішіндегі мемлекетке айнала бастағаны мәлім. Осыдан екі апта бұрын Алексей Миллер Өзбекстанға ат басын тіреген болатын. Қазіргі заманда көгілдір отын мәселесінің аса маңыздылығы соншалықты – қатардағы компания жетекшісін тәуелсіз мемлекет басшысы Ислам Каримов жеке дара қабылдап, “Газпром” басшысы осы елдегі аса ірі Урга, Қуаныш және Ақчал кеніштерінің өнімдерін бөлісіп пайдалану жөнінде қатаң талап қойды. Алексей Миллердің пікірінше, осы арқылы Өзбекстан қазір экспорттап отырған 5-6 млрд текше метр газдың орнына жылына 17-18 млрд. текше метр көгілдір отынды сыртқа шығара алмақшы екен. Және осы мақсатқа “Газпром” өз тарапынан таяу жылдарда – 1.2 млрд. доллар ақша жұмсауға бекінгенін мәлімдеді. “Қорқыттың қобызы түгілі, қияғы да сөйлейді” демекші, ұзақ уақыт бойы экономикалық тоқыраудағы, оның үстіне аса ауыр саяси дағдарысты да бастан кешіп келе жатқан Өзбекстан үшін мұншама ақша ұсынып отырған Алексей ака Миллер аса қадірлі адамға айналғанына дау жоқ. Осыған дейін Үстірттегі Қоңырат қаласы маңындағы Шақпақты кенішінен жылына 500 млн. текше метр ғана газ өндіріп келген аталмыш компанияның кенеттен осыншалық араны ашылып, ақшаны суша шашуға бел буғаны қалай? Аталмыш компаниямен қатар Үстіртте басқа да қуатты компаниялар – ағылшындық Trіnіty Energy , Лукойл консорциумы мен “Итера” да әлі күнге газ өндіруде емес пе?!

“Өзбекмұнайгаз” компаниясының құрылымдары қазір жылына 54 млрд. текше метр газ өндіруде және компания жетекшілері мен өзбек басшыларының өкінішіне қарай, өндірілген көгілдір отынның барлығы дерлік арзан бағамен ішкі нарықта ғана сатылып отыр. Бір ғажабы, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында АҚШ-тың аты шулы Еnron компаниясы Қандым кеніштерін игеру жөніндегі мәмілеге қол жеткізіп, осы мақсатқа 2 млрд. доллар көлемінде қаржы жұмсамақ болған еді. Ташкент басшылары сол жолы да “тәубе” деген-ді, бірақ қисыны қашқан іс болды ма, АҚШ-қа, сонымен қатар өңге әріптестеріне де орасан зор шығын әкелген Еnron компаниясы банкротқа ұшырап, алаяқ басшылары темір торға қамалып тынды. Енді “Газпром” компаниясымен жасалған жаңа келісім шарт бойынша Өзбекстан Үстірттегі барлық кеніштерді игеруді, сонымен бірге, аймақта геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу құқығын ұзақ мерзімге ресейліктердің еншісіне біржолата беріп отыр. Есесіне, Ресей тарапы алдағы бірер жылда осы елдегі көгілдір отын қорын анықтауға 500 млн. доллар қаржы бөлмек және геологиялық барлау жұмыстарын одан әрі тиімді жүргізуге тағы да 1.5 млрд. доллар шығындамақ. Тиын санап әдеттенген компанияның бұл әрекеттерін күмәнді іске бекер бел буып отырғаны деп бағалауға да болар еді. Бірақ, әнебір жылдары Орта Азия аумағындағы барша геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері белгіленген стратегиялық карталардың көбі Мәскеуге заңсыз әкетіліп қалғаны жөнінде БАҚ-тарда тосын әңгіме қозғалып, халықаралық дау-дамайға ұласа жаздағаны әлі де көпшіліктің жадында. Яки, “Газпром” нәтижесі бұлдыр іске барып отырған жоқ, қайта үлес бөлісу нәтижесінде 2007 жылы Өзбекстанның арзан газын сыртқа қымбат бағамен экспорттау құқығы алпауыт компанияның иелігіне түгелдей өтпекші. Сөйтіп, Еуропа елдерін газбен қамтамасыз ететін Орталық Азия-Орталық стратегиялық құбыр қызметін толайым монополиялап, осы аймақтағы әлсіз елдердің есебінен байымақ шаш-етектен. Осындай пәтуаға қол жеткізу үшін “Газпром” басшылығы бақандай төрт жылын сарп етті. Дегенмен, жайшылықта жұмыртқадан жүн қырқатын, өз елінің мүддесі үшін табандылық көрсетуден ешқашан танбай келген Өзбекстан өкіметі өмірлік маңызы бар сұраққа келгенде босаңдық танытқаны қалай? Сірә, осындай әділетсіз пәтуаға келу екі жақтың да мүдделері, ішкі есептеріне сай келген сияқты. Соңғы жылдары Кремль билігінде біржола қалыптаса бастаған авторитарлық жүйе КСРО-ның сынықтарын қайта жинақтап, бір кездегі Беловежье келісімін заңсыз деп шығарып, НАТО мен Еуроодаққа қарсы халықаралық ұйымдар құруға, қырғи-қабақ соғысты қайта тірілтуге аянбай күш салуда. Мұндай жағдайда Өзбекстанның қазіргі билігі де осы талапқа сай келгендей. Әділін айтқанда, Ресей үшін өзінің ықпалынан шықпай, нұсқаған жаққа жүретін жаңа сипатты колониялар қажет болып отыр. Осынау қитұрқы саясат туралы Ресейдің “Коммерсантъ” газеті: “Россия же немного пометавшись, в последнее время вернулась к привычному – собирает под свою руку всех, кто готов быть опекаемым, и всячески демонстрирует, что “те, кто не с нами, те против нас». Отношения с Узбекстаном, точнее каримовским властью, строятся по старому образцу… Раньше такие отношения выстраивались на основе “калашниковых” туда и какого-нибудь сахарного тростника оттуда.. Опять в нашу компанию принимаем кого угодно, “лишь бы послушного”, – деп алаңдаушылық білдірген болатын. Иә, Ресейде күні өткен КСРО-ны қайта тірілту мақсаты мемлекеттік саясатқа айналды. Тіпті, коммунистерден бастап, саналуан ұлтшыл шовинистер мен монархистер де, жастардың түрлі ұйымдары да осы мақсат төңірегінде топтасуда. Мәселен, бір әнсымағында Қырым, Молдова, Кавказ – барлығы СССР-дің жері деп шырқайтын Олег Газманов:

“Я рожден в Советском Союзе,

Сделан я в СССР”, – деп қоймай қайталаса, зал толы көрермендер қарсылық білдірудің орнына дүркіреп қол соғып, қосылып шырқайтындары тегін емес. Осының бәрі державашылдық, империяны жоқтаудың ең сорақы көрінісі, күні өткен отаршылдық пиғылдың қайтадан жаппай қанат жая бастауы. Тәуелсіз елдерде де Ресей ықпалына өз еркімен мойын сұғуға ұмтылушылар қарақұрым. Алып елдің қоғамы іштей іріп-шіріп жатқаны көзге айқын ұрып тұрғанмен, өткен қанды тарихтан сабақ алғысы келмейтін ынжықтар жетесіздік пен құлдық психологияның аянышты құрбандары ғана. Шыны керек, Ресейдің ауызбіршіліктен айрылған қоғамы түгілі, өмірбақи мақтан тұтылып келе жатқан армия да өз ішінен былығып жатқаны көзге ұрады. Таяуда Челябинск танк училищесінде орын алған қайғылы оқиға айсбергтің назарға іліккен азғантай бөлігі ғана. Әйтпесе, Ресей армиясында жылма-жыл 1500-2000 жауынгер зорлық-зомбылықтан жан тапсырады немесе өзін-өзі өлтіруде. Бұл – КСРО әскерлерінің Ауғанстандағы соғыс кезінде жыл сайын қаза тапқан жауынгерлерінің орташа көрсеткішімен пара-пар. Бір сөзбен айтсақ, ТМД аймағында КСРО-ны қайта тірілткісі келетіндер болашақ ұрпақтардың өмірлерін де орасан зор қауіп-қатерге байлайтындарын ұқпайтындары, мойындағысы келмейтіндері өкінішті-ақ. Айтқандай, әлгі қайғылы оқиға Ресей Думасында талқыға салынды. Бір ғажабы, әлдебір депутат: “Армия ұзақ жылдар бойы казармаларда бостан бос отыр, сондықтан онда бұзақылық, жүгенсіздік пен маскүнемдік жайлаған. Ал АҚШ өз армиясын біресе Сербияға, біресе Ауғанстанға, біресе Иракқа қарсы жұмсайды”, – деген мәнзелде сөз сөйлеп, бейбітшіліктен “шаршаған” байғұс армияны ақтауға күш салды. Әлгінің қисынына сайсақ, Ресей армиясын маскүнемдіктен арылту үшін ТМД аумағында немесе әлемнің басқа түкпірлеріне соғысқа салу керек сияқты.

Осындай жағдайда елде өндірілетін бүкіл көгілдір отын қорын Ресейдің уысына жиып берген Өзбекстан билігі де өз еліндегі өкіметке қарсы бүліктер мен көтерілістерді күшпен басуға Кремль көмектесетіні жөнінде кепілдік алған түрі бар. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары, әсіресе, өткен жылғы 13 мамырда Әндіжанда болған қанды қырғыннан соң өгейленіп, оқшауланып қалған өзбек билігіндегілердің арасында тартыс күшейе түскен сияқты. Сондай-ақ, әлемдік ақпарат құралдарының кейбір хабарларына сенсек, Ислам Каримов ауыр науқас-мыс және сарай маңындағылар тақ үшін кез келген сәтте тартыс, таласқа түсуге дайын. Бұлай болуы да ғажап емес, өйткені ұзақ жылдардан бері Ислам Кари¬мов режимінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келген IIМ-нің қатал басшысы Закир Алматов пен Ұлттық қауіпсіздік қызметінің жетекшісі Рүс¬тем Иноятов еді. Әндіжан оқиғасы күндерінде 700-ден 1500-ге дейін адам өлтірілген соң өзбек билігінің белді бір тұтқасы – Закир Алматов қызметінен босатылды. Мұның өзі өзбек билігіндегі бірталайдан бері қалыптасқан тепе-теңдіктің бұ¬зылуына әкеліп соғып отыр. Ал сарапшылар мен саясаткерлер Өзбекстанда төңкерістің жүзеге асу ықтималдығын жиі әңгімелей бастағаны да көзге ұруда.

Мұндай қатерді Ислам Каримовтың өзі де назардан тыс қалдыруы мүмкін емес. Орынсыз қатыгездігі үшін әлемдік қауымдастықтың ауыр айыптауына ұшыраған, АҚШ пен Еуроодақ тарапынан түрлі санкциялардың жүзеге асырылуы билігін шайқалта бастаған Өзбекстан президенті 2005 жылдың жазынан бері айналадан сенімді одақтас іздеп әуре. Сонымен қатар қайсыбір елде халық көтерілісі басталған жағдайда тез әрі шешімді түрде әрекет ететін халықаралық қарулы күштер тобын құруға ынталылық танытып отыр. Ислам Каримовтың осы идеясы өткен жылдың қазан айында Мәскеумен арадағы одақтастық жөнінде жасалған келісім шарт негізінде жүзеге асқан сыңайлы. Бұл туралы Ресейдің беделді басылымы “Коммерсантъ” газетінің тілшілері Михаил Зыгарь мен Дмитрий Бутиннің “Горючий сторонник Ислама Каримова” атты мақаласында: “По сути, Россия гарантировала Узбекистану, что вмешается, если на его территорий созреет революционная ситуация, и пообещала подавить любое восстание против Ислама Каримова…Узбекские власти разработали проект создания специальных международных антиреволюционных карательных сил на постсоветском пространстве – “зонтиком” для них как раз и могла бы стать военная организация вроде ОДКБ”, – деп (“Коммерсантъ” газеті, №8, 2006 ж.) жазған болатын. 25 қаңтар күні Санкт-Петербургтегі саммит кезінде Өзбекстан Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа (ЕврАзЭС) қосылды. “Құланның қасынуына, мылтықтың басылуы” дөп келіп тұрғаны шығар. Қалай болғанда да, бұдан былай Ресей Орталық Азия – Орталық газ құбырын толық меншігіне алып, стратегиялық отын есебінен Еуропаға өз дегенін істетуге бел буғанына күмән жоқ. Соңғы кездердегі оқиғалар тізбегі ТМД аумағындағы Тәуелсіздік идеясы абстрактілі ұғымға айналып, шалқыған жалыны бәсеңси бастағанын да аңғартады. Атамыз қазақтың “Оты өшкен үйдің шаңырағына байғыз саңғиды” дегені осындайдан айтылған шығар-ау.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары