Борис ельцин: АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

Борис ельцин: АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

Борис ельцин: АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ
ашық дереккөзі
335

Адамзат тарихындағы кейбір қайшылықты саяси тұлғалардың адами ауыр тағдыры, үстірт қарағанға қисынсыз көрінетін тосын шешімдері һәм іс-әрекеттері өз замандастары, әсіресе, отандастары үшін үздіксіз қателіктер мен пенделік кемшіліктерінің ащы жемісі сияқты ғана көрінеді ылғи. Осындай біртуар қаһармандарға өз тұстастары ауыр айыптар тағып, есімін тарих тізбесінен оп-оңай сызып тастауға құмар. Сандаған ғасырлар бойы сансыз рет қайталанып келе жатқан мұндай адасушылық адамзатқа сабақ болуға тиіс-ақ сияқты. Дегенмен, ең өкініштісі сол, әдетте зердесі, жады шолақ, ұшқары ойлы адамзат қауымы бұдан әлі сабақ алған жоқ. Әйтсе де ұшқыр заман бұл қасаң ұстанымдарға да өзгерістер әкелуде. Әлемдік тарихтың 1985 жылдан бастау алатын жаңа кезеңі дүниежүзінің ғалымдары мен зерттеушілеріне ХХ ғасырдың соңғы он бес жылын “Ельцин дәуірі” деп атап, айдар тағуға мүмкіндік беріп отыр. Мәңгілік мызғымастай көрінген КСРО-ның өте жылдам ыдырауына мүмкіндік жасаған, жо-жоқ, шешімді түрде ықпал жасаған, Ресейде 1993 жылы басталып кете жаздаған азамат соғысының қаупін қайтарған, сөйте тұра, қантөгісті шешен соғысына жол ашқан, қазір “ельциномика” аталатын таңғажайып саяси құбылыстарға мұрындық болған тұлға туралы шындықтар әрқашан ашық айтылуға тиіс екені аян. Дегенмен, Борис Ельцин құбылысының тарихи мән-маңызына шынайы, толық баға беру, әрине, болашақтың еншісінде. Өткен оқиғаларға уақыт пен кеңістіктің биігінен қарау қажеттігі осындайдан туындаса керек.

Расында, ХХ ғасырдың соңғы 15 жылында есімі адамзат аузынан түспеген Борис Николаевич Ельцин бейнесін бірер ауыз сөзбен сипаттап беру тарихшылар мен зерттеушілерге жеңіл соқпасы сөзсіз. Ол ол ма, 70 жылдан астам уақыт бойы құрылықтың алтыдан бір бөлігін бауырына басып, айнала төрт тараптағы мемлекеттерге ызбарлы айбар шегіп, дүрдиіп жатқан алып қызыл империяны қантөгіссіз ыдырату оңай емес еді. Әсіресе, коммунистердің қатал да қатыгез билігі тұсында сабақтастығы үзілген орыс демократиясына қайта дем беру, балаңдыққа тән сансыз кемшіліктеріне қарамастан мәпелеп өсіру үшін адам бойында әйгілі Дон Кихотқа тән қайсарлық пен өз ісінің нәтижесіне сенімділік, сәбилік тазалық әрі имандылық, асқан адамгершілік, барша түсінбестік және аяқтан шалуға төтеп бере алатын шексіз төзімділік, шыншылдық, әділдікке шексіз сену сияқты толып жатқан ізгі қасиеттер қажет екені даусыз. Әрине, мұның көбі адам бойына ананың ақ сүтімен сіңетін, сондай-ақ, бала күнгі тәрбиеден бастау алатын қасиеттер. Сонымен қатар, адамның ішкі мәдениеті, ұзақ жылдар бойы Саналы түрде ауыр күрес, Азаттық жолына тастүйін дайындалудың көрсеткіштік нәтижесі.

Сонымен, біртуар арда азамат, бостандық сүйгіш Борис Ельцин кім? 1931 жылы атасы кулак ретінде тұтқындалып, жер аударылған, ал өз әкесі 1937 жылы “совет өкіметіне қарсы” үгіт-насихат жүргізді деген айыппен түрмеге қамалған жан, Кеңес үкіметіне деген кегін ешқашан ұмытпағаны ма? Борис Ельциннің өмір жолын, дүниетанымын отаншылдық, шынайы патриоттық, адамдарды шексіз сүю ерекшелейтінін айта кету керек.

Бұрынғы Свердловск (қазіргі Екатеринбург) облысының Талицк ауданы, Бутка селосында 1931 жылы 1 ақпанда дүниеге келген Борис Николаевич кеше – қазақтар аптадағы ең сәтті күн санап, ырым қылатын сәрсенбі күні 75 жасқа толды. Бір таңданарлығы, ол кісінің өміріндегі ең елеулі оқиғалардың көбі осындай “бірінші” жылдарға тұспа-тұс келеді екен. Б.Н. Ельцин 1961 жылы КПСС-тің қатарына өтеді, ал 1981 жылы Орталық Комитеттің құрылыс жөніндегі хатшысы болып тағайындалады. Оның Кремль билігіне жақындаған тұсы осы кезден басталған-ды және ол маңайындағылардан ерекше ойлау жүйесі, принциптерін қорғай білудегі табандылығымен ерекшеленетін. Ал 1991 жылы совет әскерлері Вильнюстегі телеорталықты күшпен басып алғанда Ельцин тездетіп Таллин қаласына келіп, еш ресми құқығы болмағанмен Балтық жағалауындағы үш республика басшыларымен жасырын түрде келісімдер жүргізді. Әлемдік ақпарат құралдарының бағалауынша, бұл жағдай КСРО әскерлерінің осы елдердегі демократиялық жүйені қанға бөктіріп құлатуынан сақтап қалған. Міне, осы жылдың 12 маусымында РСФСР президенті болып сайланған Б.Н. Ельцин көп ұзамай, яғни, 22 тамызда өз жарлығымен КПСС-тің қызметін уақытша тоқтатты, іле-шала Ресейде біржолата тыйым салды. Өйткені, осының алдында ғана, дәлірек айтсақ, 19-21 тамыз күндері төңкеріс жасап, КСРО билігін қолдарына алған ГКЧП басшыларын биліктен тайдырып, үш күн бойы Фороста үй тұтқынында болған М.С.Горбачевті қамаудан босатты. Осы жылдың 7-8 желтоқсанында Беловежье тоғайында Украина президенті Леонид Кравчук, Белоруссия Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Станислав Шушкевич үшеуі шұғыл бас қосып, бұл тосын қадамның нәтижесінде осыған дейін әрең қалт-құлт етіп келген КСРО-ның оты біржолата өшті, түтіні сөнді. Осылайша бұрынғы одақтас, шын мәнінде, жел сөздермен бүркемеленіп келген Ресей отарлары Тәуелсіздікке толайым қол жеткізді. Әсіресе, баһадүр Борис Ельциннің “Егемендік қанша керек болса, сонша алыңдар” деген сөзі Татарстанға байланысты айтылғанмен, қазір Жаңа Тәуелсіз Мемлекеттер аталып жүрген бұрынғы он бес республиканың тарих парағында алтын әріптермен жазылуға тиісті ғибрат.

Әлбетте, кейінгі жылдары таяз ойлы, дүниетанымы атала құйылған аяқтан аспайтын көркеуделер, әсіресе, қазіргі Ресейдің популист саясаткерлерінің бірқатары Б.Н.Ельцинді “маскүнем” болған деп жөнсіз айыптауға бет бұра бастағаны байқалады. Нағыз жала! Ең әуелі, өз шешім¬дерінің түпкі нәтижесіне айқын есеп бере алмайтын маскүнемдер әлемдегі ең қуатты ядролық державаның билігіне келуі мүмкін емес және аса күрделі, қиын кезеңде Кремль билігін уысынан шығармай ұстап тұра алмас еді. Талас жоқ, Клинтон іспетті нәпсіқұмарлар, Рейган секілді бұрынғы ортаңқол актерлер АҚШ сынды демократиясы ежелден қалыптасқан елді басқаруы мүмкін. Ал алып Ресейдің жағдайы мүлдем бөлек. Әлгіндей жаланың дүниеге келуіне КСРО кезінде пышағынан май кеппеген тойымсыз большевиктер, Ресейдің ұлылығын аңсайтын билікқұмарлар, құлдықтан құтылғысы келмейтін көркеуделер тікелей кінәлі. Тіпті, өз уақытынан ерте туған қаһарманның торығудан шарап ішкенінде тұрған не бар? Әсілі, айналадағы мешеулік пен тайыздық, әдейі аяқтан шалу, түсінбестік пен адал адамды өмірден баз кештірер қараулық, жеңістік бермейтін санасыздық қажытпай ма? Әлем тарихындағы көптеген ұлылардың өмірі, аянышты тағдырлары осыған дәлел ғой. Тіпті, Абай атамыздың “Мен ішпеген у бар ма?” деуінің ішкі мәні де осындай торығудан туған болса ше?!

Зерттеушілердің айтуынша, Борис Ельцин өміріндегі ең ауыр кезең–1993 жылы Ресейде Конституциялық дағдарыс басталып, елдегі саяси тұрақтылық шайқалған кез және 1994 жылғы 11 желтоқсанда Шешенстанға федеральдық әскерлер енгізілген сәт болатын. Бұл оқиғалардың екеуі де орынсыз қан төгуге ұласты.

1993 жылы 3 қазанда “Останкино” телеорталығына күшпен басып кіру әрекеті сәтсіздікке ұшыраған соң Мәскеуге әскерлер кіргізілді де, 4 қазан күні Жоғарғы Кеңес ғимараты (“Белый дом”) қантөгіспен басып алынды. Осы күндері қалада мыңдаған бейкүнә адам өлтірілгені ащы шындық. Ал 1994 жылы Шешенстанда басталған қанды соғыс әлі аяқталған жоқ, жыл сайын мыңдаған бейбіт тұрғындар мен жүздеген орыс солдаттары күмәнді мақсат жолында қаза табуда.

Сол кезеңде тұйыққа тіреліп, бұдан басқа амалы қалмаған Б.Н.Ельцинге мәңгілік тағылар ең ауыр айыптар осылар болуы ықтимал. Арада жылдар салып, яки 2005 жылы “Севастополь — Қырым –Россия” Халық майданы экс-президентті сырттай өлім жазасына кесті. Олар Ельцинді “Украинаға Қырымды беріп қойды, саясатта Ресейдің мүддесіне орны толмас нұқсан әкелді”, деп айыптауда. Тағы бір таңданарлық жағдай, 1996 жылы Б.Ельцин екінші рет президент сайлауына түскен шақта АҚШ-тан саяси сарапшы Джо Шумейт, сайлау кампаниясының ұйымдастырушысы Джордж Гордон, бұқарамен қарым-қатынас жөніндегі маман Стивен Мор, Калифорния штатының губернаторын сайлауда белсенділік танытқан Ричард Дрезнердің арнайы шақыртылуы болды. Енді бір деректерге сенсек, Қазақстан компартиясының құпия алтын қорын Мәскеуге өткізіп жіберген бұрынғы отандасымыз, РФ вице-премьері Олег Сосковец бұл тартыстың күшпен шешілуін де жоққа шығармай, американдық мамандарға “Сіздердің басты міндеттеріңіз — егер ұтылатынымыз мүмкін екендігін бізге тым құрығанда бір ай бұрын хабарлауларыңыз керек”, — деген-мыс.

Осы күндерден бастап Борис Ельциннің саяси кеңістіктегі жұлдызы төмендей бастады. Бір жағынан алғанда, оның тағдыры өзіміздің елдегі түрлі сайлауларға шет елдерден, әсіресе, Ресейден күмәнді политтехнологтарды жаппай шақыртуды теріс модаға айналдырып жүргендерге де сабақ болуға тиіс.

Соған орай Тәуелсіздігімізді баянды етуге орасан зор ықпал жасаған қайталанбас қайраткер Борис Ельцинге елімізде ескерткіш орнатылып, мектептерге аты берілсе құба-құп.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары