ҚАЗАҚТЫ ҚОЗҒАУШЫ КҮШ немесе мемлекеттiк тiлдi мойындамайтындарға бiрер сөз

ҚАЗАҚТЫ ҚОЗҒАУШЫ КҮШ немесе мемлекеттiк тiлдi мойындамайтындарға бiрер сөз

ҚАЗАҚТЫ  ҚОЗҒАУШЫ КҮШ немесе мемлекеттiк тiлдi мойындамайтындарға бiрер сөз
ашық дереккөзі
371

Қазақ мұндайда «жер астынан жiк шықты» дейдi. Жалпақ сөзге бармай, әңгiменi тоқетерiнен бастасақ, Қазақстандағы орыс қауымдастығының қазiргi халi мүшкiл екен. Мүшкiл болғанда, олар Орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығына бiрiгiп, «орыстар Қазақстанда екiншi сорттағы адамдар ма?» деген мазмұндағы мәлiмдеме жасауға мәжбүр болыпты.

Демократиялық елде әркiм-ақ сөз бостандығына ие. Яғни, қоғамдық мәселелерге қатысты өз ой-пiкiрiн ашық айтуға құқылы. Тек жария етiлген пiкiрi ҚР Ата Заңы, Қылмыстық Кодексiнде айтылған «ұлтараздықты тудыру», «өзгелердiң ар-намысына тию» мақсатынан аулақ болса болғаны.

Ал ақпан айының басында «айды аспанға бiр-ақ шығарған» орыстiлдi азаматтар жоғарыдағы «бiз екiншi сорттағы адамбыз ба?» деген сұрақтың төркiнiн мемлекеттiк тiлге тiреп қойды. Сөзбе-сөз мысал келтiрсек: «Бiз – миллиондаған адамбыз, бiз Қазақстанның экономикасына бiздiң берiп отырған үлесiмiз қаншалықты? Бұл елде бiз кiмбiз? Бәлки, бiз екiншi сорттағы адам шығармыз? Бiз қауымдастық құрып, өзiмiздi қорғап жатсақ, бұл дұрыс емес. Сондағы дұрыс нәрсе не?» деген Қостанай облысындағы филиалының төрағасы Святослав Медведевтiң пiкiрiн осы ұйымның ұстанымы деп қабылдауға болатындай.

Ал осы ұйымның Оңтүстiк Қазақстандағы филиалының төрағасы Борис Рузанов мәселенi «төтесiнен қойды»: «Мемлекеттiк тiлдi бiлмейсiң немесе шала бiлесiң деген сылтау дайындығы жоғары адамдарды басқарушы органдарға жiбермеудiң амалы сияқты көрiнедi».

Шын мәнiнде, Рузанов мырзаға бiр-ақ мысалмен жауап беруге болады: Қазақстан Үкiметiнiң құрамын жiлiк-жiлiгiне бөлiп, шағып қараңыз да, олардың iшiнде қаншасының мемлекеттiк тiлде сауатты жаза-сыза, сөйлей алатындарын санап шығыңыз. Мемлекеттiк тiлдiң шын мұңы осыдан кейiн-ақ анық болады: Үкiметтiң тым болмағанда тең жартысы қазақша сауатты оқып-жаза-сызуды бiлмейдi.

Ендеше, «мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiн азаматтар басшылық орындарға жiберiлмейдi» деген сөз – қоғамға жабылған жала.

Дұрысы, солай болуы керек едi. ҚР Заңдары бойынша, ҚР кез келген азаматы (оның iшiнде, әсiресе, басшылық орынға ұмтылатын адам) ҚР мемлекеттiк тiлiн бiлуге мiндеттi. Бұл талап азаматтардың ұлттық (немесе нәсiлдiк, жыныстық т.б.) белгiсiне тәуелдi емес.

Ал Медведевтiң сөзiне келетiн болсақ, орыс, славян және казак ұйымдарының Қауымдастық құруы – оларға деген қысымды емес, керiсiнше, мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықты көрсетедi. Қазақстанда қанша диаспора болса, қазiр сонша ұлттық-мәдени орталықтар бар. Олардың бәрi Қазақстан халықтары Ассамблеясына бiрiктiрiлiп, мемлекет тарапынан қамқорлыққа бөленiп отыр. Түптеп келгенде, Абайдың «өзiм асырап күшiк еттiм, ол балтырымды қанатты» деген сөзiнiң керi келiп, олар Қазақстан Үкiметiн Орыс, славян және казак қауымдастығын құруға жағдай жасағаны үшiн, ал Әдiлет министрлiгiн оны құруға рұқсат бергенi үшiн кiнәлi етiп отыр.

Сөздерiнiң дәйектi тiрегi жоқ азаматтардың бұл ретсiз байбаламына айрықша мән берудiң қажетi де жоқ шығар. Бiрақ тиiсерге қара таппай, мемлекеттiк тiлге тiл тигiзген орыстiлдi отандастарымыздың «қызды-қыздымен» заң аясынан шығып кеткенiн естерiне салып кету керек болды. Себебi мемлекеттiк тiлдi бiлу мiндетi ҚР Ата Заңында азаматтардың ұлттық ерекшелiгiне байланыстырылмаған. Мейлi орыс бол, қазақ бол, өзбек немесе басқа ұлт өкiлi бол – Қазақстан азаматы болсаң, осы елдiң мемлекеттiк тiлiн бiлуге мiндеттiсiң.

Ал Конституцияға қайшы келiп, оның талабын ұлтараздық мәселесiне әкелiп тiреп қоюдың салдарын Қазақстан Бас прокуратурасының құзырына қалдырдық. Себебi Бас прокуратураның басты мiндетi – заңдардың бұзылмауын қадағалап, бақылап отыру емес пе?!

Жоғарыдағы мәлiмдемеден кейiн туындаған тағы бiр ой – тоқсаныншы жылдардың ортасынан берi қарай «туы желбiреген» «Қазақстандағы орыс мәселесiнiң» күнi өтуге таяу сияқты. Есiңiзде болса, Ресей президентi Владимир Путиннiң 2004 жылы Қазақстанға ресми сапармен келiп кеткен сапары талай орыс азаматтарының «айдарына жел естiрген» болатын. Путинмен жеке жолығып, оған «Қазақстандағы орыс мәселесi» туралы есеп-шағым хат тапсырып, оның маңдайдан сипағандай болған «отандастар» деген бiр ауыз сөзiне мәз болып едi. Одан кейiн «отандастар» деген сөздiң Ресей президентiне лайықсыз сөз екендiгiн, ал олардың отандастары Ресейде емес, Қазақстанда екенiн уақыт өте ұғынғандай болып едi. Бiрақ «адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ», тағы шатасты.

Қазақ қоғамы да қарап жатқан жоқ.

Осы оқиғаға орай аяқ асты ұйымдастырылған «Дода» хабарында (4.12.2006ж.) Болатхан Тайжан мырза мемлекеттiк тiлдi мойындамайтындарға қарсы оңтайлы пiкiрлер айтып, жақсы тойтарыс бердi.

«Халық дабылы» қозғалысы жоғарыда айтылған оқиғадан бiр күннен соң, Қазақстан Президентiне үндеу жасап, мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтеруге шақырды.

«Ұлт тағдыры» қозғалысы да осы мәселеге орай, мәлiмдеме таратып, «оқу орындарындағы қазақ тiлiн үйрету сағаттарын үш есеге көбейту» жөнiнде өз ұсыныстарын бiлдiрдi.

Қазақ зиялылары желдiң қай бағыттан соғып тұрғанын аңдап отыр. Сырттан келген салқын деп өзiмiздi-өзiмiз жұбататындай емес, қазақ қашан да «iштен шыққан жау жаман» дейдi. Сырт бiздi iштен iрiтуге қаншама әрекет жасаса да, өзiмiзге өзiмiз мықты болсақ, бiздi қай жау алар дейсiз?

Тағы бiр ой: Әрине, орыстiлдi қауымның бәрiнiң бiрдей ой-пiкiрi жоғарыдағы байбаламға сай емес, тiптi қарама-қайшы. Ал даурықпа саясатшылар жоғарыдағыдай пiкiрлерi арқылы қазақ қоғамын бiр сiлкiндiртiп, оятпаса, оны үркiте алмайды. Қазiр бұл «айғайшылар» қазақ қоғамы үшiн оны шаптан түртiп, қытықтап, үнемi сергек жүруге мәжбүр ететiн қозғаушы күш қана. Лайым солай-ақ болсын.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары