КӘКIМЖАНОВТIҢ ... КӨҢIЛI ТОЛМАЙДЫ
КӘКIМЖАНОВТIҢ ... КӨҢIЛI ТОЛМАЙДЫ
Кезiнде атышулы мәлiмдемелерiмен жұрт көзiне жиi түсетiн, ал қазiр «бизнеспен ғана айналысып жүрген» Зейнолла Кәкiмжанов Қазақстанның инвестициялық қорының басшысы ретiнде Парламент Сенатына келiп есеп бердi. Кәкiмжанов басқаратын « Қазақстанның Инвестициялық қоры» Акционерлiк қоғамының құрылғанына екi жылдай ( 2003 жылдың маусым айында негiзi қаланған) болып қалды. Қазiр қордың жарғылық капиталы 28, 9 млрд.теңгенi құрайды екен. Қордың негiзгi мақсаты — өндiрiстегi жобаларды қаржыландыру. Осы уақыт iшiнде акционерлiк қоғамға жобаны қаржыландыру жөнiнде 342 өтiнiш келiп түскен. Олардың құны 8, 6 млрд. АҚШ долларына теңеседi екен. Ал Кәкiмжанов қазiргi күнi қордың 21, 7 млрд.теңгесiнiң игерiлiп жатқандығын айтады. «2006-2007 жылдары құны 205 млрд. теңгенi құрайтын 35 жобаны қаржыландыру көзделiп отыр» дейдi ол. Инвестициялық қордың негiзiнен айналысқан iрi жобасы Шар-Өскемен бағытымен жүретiн темiр жолдың құрылысын қаржыландыру болған (Кәкiмжановтiң Шығыс Қазақстан облысы Шар қаласының тумасы екендiгiн еске саламыз).
Ал қазiр аталған қор Жезқазған-Шалқар, Шалқар-Бейнеу бағытымен жүретiн темiр жол құрылысы жобасын қаржыландырмақ. Бұған қоса, ауылшаруашылығы, мәшине жасау өнеркәсiбi мен құрылыс салаларындағы жобаларға көбiрек көңiл бөлiп отыр екен. «Бiз жобалардың алғашқы жарғылық капиталын құратын кезде ғана көмекке келемiз. Ол жобаны әрi қарай дөңгелетiп әкету инвесторға байланысты. Бiрақ, тәуекел ететiн инвестор кемде-кем. Жеке инвесторлар мүлде жоқ» – деп наз айтты ол сенаторларға.
Дегенмен, Зейнолла Кәкiмжанов өзi басқаратын қордың жарғылық капиталының 28, 9 млрд. теңгенi ғана құрайтынына көңiлi толмайтын секiлдi. «Бұл аса көп сома емес» дейдi ол…
…Экс-қаржы министрi, экс-мемлекеттiк кiрiс жөнiндегi министр, экс-банкир, тiптi премьер- министр орынтағына үмiткерлер кандидатурасының арасында тiзiмi алғашқы кезекте көлбеңдеген Зейнолла Кәкiмжановтiң мұндай «тиын-тебенге» көңiлi толмайтындай ретi бар. Өзiнiң экс-әрiптестерiнiң арасында (қазiргi Үкiмет мүшелерi) Кәкiмжанов қашанда ашықтығымен, атышулы мәлiмдемелердi кенеттен жасауымен ерекшеленетiн. Естерiңiзге сала кетейiк, Қазақстан Үкiметi көлеңкедегi қаржыны заңдастыру жөнiнде мәселе көтерген кезде, осы Кәкiмжанов салықтан жалтартқан қаржысын жарыққа шығарған. Ал оның жанында жүрген әрiптестерiнiң бiрде-бiрi ондай қадамға бармаған. Құрамына салық комитетi мен кеден комитетiн кiргiзген Мемлекеттiк табыстар жөнiндегi министрлiктi басқарған кезiнде осы Кәкiмжанов көптеген қаржылық топтардың шаруасын шайқалтуға дейiн барған. Онан әрi қарай сол шаруалары шайқалудың алдында қалған топтар өздерi ықпал ететiн БАҚ арқылы Кәкiмжановтiң үстiнен қара PR- материалдар ұйымдастырған. Содан күйiп кеттi ме, әйтеуiр Кәкiмжанов мырзаның бiрде: «Менiң отбасым Монте-Карлода тұрады. Баламның құмар ойынын ойнауда қолы жеңiл. Соның тапқан табысына өмiр сүремiз» дегенi бар едi. Кәкiмжановтi қаралауға мүдделi БАҚ бұл әзiл сөздiң өзiн сан-саққа жүгiрткен. Зейнолла Халидоллаұлының сыбайлас жемқорлықтан былығып қалған кеден саласында жүргiзген «тексерiсi» де жұрт есiнде болар.
Осы Кәкiмжанов мұнай компанияларының салық төлеу ретiне де шүйлiккен. «Олар бiр доллар табыс тапса, төлейтiн салығы бар-жоғы 15-18 цент аралығында» деп, оның сомасын көбейтуге күш салған. Ол мұнай өндiрiсiндегi инвесторлардың салық төлеу жүйесiн әлемдiк мұнай рыногiндегi шикiзат бағасына сай етiп құрғысы келген. Әлемдiк мұнай рыногiнде мұнай құнының тек ғана қымбаттауға бейiм болатынын ескерсек, Кәкiмжановтiң ұсынысы жүзеге асқан жағдайда, ел бюджетiнiң бүйiрi тек мұнай компанияларының төлеген қаржысы негiзiнде бұлтиып қалушы едi. Билiктiң батасын алып отыратын компаниялардың үстiнен iс қозғағысы келген сәттерi де есте қалды. Мысалы, Еуразиялық топқа берiлген заңсыз жеңiлдiктер жөнiнде мәселе көтерген де осы — Кәкiмжанов едi.
Алайда, кейбiр топтарға аса қауiптi болып көрiнсе керек, Кәкiмжанов өзi мүшесi болып табылатын Үкiметтiң отставкаға кеткенiнен кейiн, министрлiк қызметiне қайта орала қойған жоқ.
Сөйткен Кәкiмжанов қазiргi күнi инвестициялық қорды басқаруды ғана қанағат тұтып, сенаторларға өзi басқаратын қордың айналымындағы капиталдың аз екенiн айтып отырған жайы бар…
Гүлнәр Мұқанова