ҚЫЗЫЛЖАР АБЫЛАЙДЫ ТАНЫР МА ЕКЕН?
ҚЫЗЫЛЖАР АБЫЛАЙДЫ ТАНЫР МА ЕКЕН?
Кеңес дәуiрiндегi идеологиялық ықпалдың халық санасына терең iз қалдырғанынан да болар, халқымыздың көрнектi тарихи тұлғалары осы уақытқа дейiн өзiнiң лайықты бағасын ала алмай келедi. Солтүстiк Қазақстан университетiнiң студенттерi қатынасқан бiр сұхбатта жастардың қазақтың басын қосып, рухын түлеткен Абылай ханды Әбiлхайыр ханмен шатастырып жүргендерiн де байқағанбыз. Тiптi, Қызылжарда Абылай ханның әйгiлi ақ үйi болғанына күмән келтiрiп жүрген өз қазақтарымыз қаншама.
Бұл жағдайға таңдануға да, ренжуге де болмайды. Кеңес үкiметi кезiнде қазан төңкерiсiнен бұрынғы тарихи деректерден жеткен азды-көптi мағлұматтардың өзi бұрмаланып келген жоқ па? Сол идеологиялық сарын әлi де жалғасып келе жатқандай. Қызылжар қаласында 2002 жылдың шiлдесiнде әулие Петр қамалының iрге тасы қаланғанына 250 жыл толуы қала күнi ретiнде мерекеленiп өткен едi. Қалада ұлттық тарихымыздан да патша үкiметiнiң отарлау кезеңiн еске салатын дүниелер әлi де басым. Айталық, экономикалық колледждiң дәл маңдайына «Романовтар әулетiнiң патшалық құруының 300 жылдығына» деп кiрпiштен қаланып бадырайта жазылған. Сол сияқты «Романовтар үйi», «Генерал Корнилов», «Империя» сияқты дүкен, дәмхана атауларына да көз үйренiп қалыпты. Әркiмге демократиялық еркiндiк молынан берiлiп отырған мына заманда бұған не дерсiң?
1765 жылы қазiргi Қызылжардың «Ойқала» деп аталатын бөлiгiнде, әулие Петр қамалының маңынан Абылайдың екi қабатты ақ үйi салынған екен. Кейбiр дерек көздерiне қарағанда Қызылжар өңiрiне орыс отаршылары келмей тұрғанда бұл жерде кең жайлау болған көрiнедi. Абылайдың ақ үйi iрге көтерген жер де алғашқыда Еңқыстау аталуы да сондықтан болар. Ол кезде, әрине, Петропавл деген атау болмаған. Облыстық мұрағаттағы құжатта да үйдiң тұрған жерi Еңқыстау деп көрсетiледi. Қызылжарда хан үйi болғанын терiске шығарушылар бiр жағынан осы топонимикалық күрделiлiктi пайдаланса, екiншi жағынан әуелде ағаштан тұрғызылған үйдiң орынында соңынан кiрпiш ғимараттың пайда болуын дәлел ретiнде келтiредi. Хан ордасы тарихының осы бұлыңғыр тұстары көптеген айтыс-тартысқа себеп болып келдi.
Жергiлiктi тарихшы, медицина ғылымдарының кандидаты Михаил Морозовтың 2004 жылы Санкт-Петербургте шыққан «Петропавловск в иллюстрациях и информациях» деген кiтабында 1849 жылдың 11 мамырында, Қызылжарда жойқын өрт болып, 435 үй, 106 дүкен өртенiп кеткенiн жазады. Өрт Абылайдың ақ үйi орналасқан «Ойқаланы» да, жоғарғы қаланы да түгел жалмаған. Күшi жағынан бәсеңдеу өрт мұның алдында, 1837 жылы да болыпты. Сол кездегi қала көлемiнiң шағындығын ескерсек, Абылайдың ағаш үйi мұндай апаттан сау қалды деу қиын. Бұл өртенген үйдiң орнына кейiнiректе кiрпiш үй тұрғызылған деген қорытындыға әкеледi.
Михаил Морозов өз кiтабында Қызылжар қаласында мемлекет тарапынан қорғалуға тиiс алпыс тарихи және сәулеттiлiк жағынан құнды ғимараттардың тiзiмiн келтiрiп, iс жүзiнде қорғалып отырған 13 ғимаратты көрсетсе де Абылай хан үйiн атамайды. Автордың мұнысын жай ғана ұмытшақтық дейiн десек, жергiлiктi мұрағатта да, тарихшылардың еңбектерiнде де Абылай үйi туралы нақты деректер жетерлiк. Ханның Қызылжардағы ақ ордасы туралы журналист Жақсыбай Самрат, өлкетанушы Қайролла Мұқанов, ақын Мүтәллап Қанғожин, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Мұқанова да құнды деректер келтiрген болатын. Осы және басқа да тарихи деректер негiзiнде жазылған Абылайдың ақ үйi жөнiндегi анықтама осыдан бiр-екi жыл бұрын шыққан Солтүстiк Қазақстан облыстық энциклопедиясына да енгiзiлдi. Жалпы Қызылжар тарихындағы Абылайдың алар орны Қызылжардан Көкшетауға дейiн созылып жатқан «Абылай жолы» деп аталатын керуен соқпағы, жәрмеңкелермен ғана шектелмейдi. Халқымыздың ұлы тұлғаларының бiрi Абылай ханның өмiр жолын зерделеуде әлi де қарама-қайшылықтар, үстiрт көзқарастар көп.
Жасыратыны жоқ, кеңестiк насихатты санасына сiңiрiп өскен кешегi партия қызметкерлерi бұл тақырыпты сөз етудiң өзiне құлықсыз. Қызылжардағы Абылай үйi жөнiндегi шындықты қазбалаған журналист Жақсыбай Самрат та осындай қиындық, қарсылықтармен бетпе-бет келгенiн айтқан едi. Қызылжардағы «Северный Казахстан» баспасы 2004 жылы шығарған «Петропавловск: время, события, люди» деген кiтаптан да Абылай жөнiнде тұщымды еш нәрсе таба алмайсыз. Есесiне «Ресеймен бiрiгуге жол салған» Әбiлқайырды мадақтау басым. Дегенмен кiтап авторлары әулие Петр қамалында өткiзiлуi тиiс болған Ресей патшасы атынан таққа қондыру рәсiмiне Абылайдың бармай қалғанын, патшаның жiберген қылыш, шапан секiлдi сыйлықтарынан да бас тартқан асқақтығын мойындапты.
Қаңтар айында өткен облыстық мәслихаттың сессиясында облыс әкiмi Тайыр Аймұхаметұлы Мансұров Қызылжардағы Абылайдың ақ үйiн осы жылы қалпына келтiру жоспарланып отырғанын және бұл мақсатқа республика бюджетiнен 308 миллион теңге бөлiнгенiн хабарлаған едi. Бұл ұлтымыздың тарихи құндылықтарын жаңғыртудағы iрi бетбұрыс нышаны ретiнде жұртшылықты бiр серпiлтiп тастады. Мұны елi үшiн егесiп өткен өр тұлғалы бабамызды елiне, жас ұрпаққа танытып, ұлт рухын асқақтатуда атқарылар көп жұмыстың бастамасы деп санау керек.
Солтүстiк Қазақстан облысы