Балқаш АЭСi қауiптi бомбаға айналмай ма?
Балқаш АЭСi қауiптi бомбаға айналмай ма?
Адамзат күн өткен сайын бағасы тоқтаусыз шарықтап бара жатқан сұйық алтын – мұнайдың энерготасымалдаушы шикiзат ретiнде өткен күндер еншiсiнде қалдырылатынына ерiксiз илана бастағаны аян. Әсiресе соңғы күндерi бiр баррель мұнайдың бағасы 70 долларға жақындап, одан әрi 100 долларға жетедi деп күтiлiп, жұрт әлемдiк экономикаға бұрын-соңды болып көрмеген ауыр қауiп төнгенiн мойындағаны рас. Соңғы 100-150 жыл көлемiнде атышулы қара алтын айналасында қаншама соғыстар болып, сансыз мемлекеттер мен патшалықтардың шаңырағы күйреп, ортасына түстi, қаншама бейкүнә қан төгiлдi екен?! Бiрақ, бұл қиын түйiн бiржола күшпен шешiмiн табуы мүмкiн емес, дүркiн-дүркiн болып тұратын әлемдiк саяси, экономикалық дағдарыстар соның айғағы. Сондықтан, адамзат көмiрсутектi шикiзаттардың бағасы бұдан әрi де үздiксiз қымбаттай беретiндiгiмен қоса, түптiң-түбiнде жер қойнауындағы қайта қалпына келмейтiн көмiрсутектi шикiзаттардың ақыры түгесiлетiнiне бiржола көзi жетiп, соңғы уақытта баламалы энергия көзiн шұғыл iздестiруде. Әрине, халықаралық қатаң мәмiлелер нәтижесiнде мұнай, көмiр өндiруге әзiрге уақытша тыйым салынған Антарктидада өзге құрлықтарда барланған барлық мұнай қорынан көп көмiрсутектi шикiзаттар қоры бар екенi мәлiм. Басқа амалы таусылғанда адамдар соған ауыз салары да бесенеден белгiлi. Бiрақ, бұл толық шешiм емес. Егер аталмыш проблемаға осы уақытқа дейiн жете көңiл бөлiне қоймай, атүстi қарастырылып келсе, соңғы жылдары батыстың экономикасы дамыған жетекшi елдерi осы бағыттағы iзденiстердi мейлiнше қолдап, жұмсалар шығындар орасан зор көлемге жеткiзiлiп отыр. Алдыңғы қатарлы ғылыми күштер де осы мәселе төңiрегiнде топтастырылуда. Әсiресе, әлемдегi өндiрiлетiн стратегиялық көмiрсутектi шикiзаттардың 25 пайызынан астамын пайдаланатын АҚШ баламалы энергия көздерiн шұғыл iздестiру үстiнде. Жақында АҚШ президентi Дж. Буш американ халқына жыл сайынғы дәстүрлi жолдауында 2025 жылы энергия қуаттарының 75 пайызын өндiруге басқаша қол жеткiзiлетiнiн мәлiмдедi. Яғни, АҚШ қазiр өздерiнiң күнi амалсыз түсiп тұрған ОПЕК елдерiне, ең бастысы, мұнай қоры аса мол Таяу Шығыс мемлекеттерiне, тiптi, мұндай шикiзат ресурстары жүздеген жылға жетедi делiнетiн Сауд Арабиясына тәуелдi болмақ емес. Оның үстiне, бұл мәлiмдеменiң тасасында АҚШ арзанға түсетiн әрi кең көлемде өндiруге болатын энергия көздерiн тапты немесе өндiрiстiк жолға қоюға әлден-ақ даяр деген ұғым жатыр. Ал Жапония ашық ғарыштағы күн сәулелерiнiң қуатын жинақтап, өз аралдарындағы арнаулы станцияларға бағыттау үшiн арнайы қанаттарының ұзындығы 1 шақырымнан асатын жер серiктерiн ұшыруға қызу дайындық жүргiзу үстiнде. Бiр сөзбен түйiндегенде, әлем баламалы энергия көздерiн iздестiрiп әуре-сарсаң. Осы тұрғыдан келсек, болашақта бейбiт атомның да бағасы еселеп арта түспекшi.
Түрлi елдерде өздерiнiң энергетикалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн атом электр станцияларын (АЭС) салуға табанды түрде шақырушылар саны күн санап ұлғайып келедi. Бұдан саясаткерлер, қоғам қайраткерлерi, кәсiпкерлер, тiптi, қарапайым адамдар да сыртқары қала алмай отыр. Ол ол ма, соңғы кездегi Ресейдiң Еуропаға қарсы бағытталған “газ соғысы” энергетикалық қауiпсiздiк проблемасын мейлiнше жалаңаштап, одан әрi күрделендiре түскенi аңғарылды. Ал бейбiт атомға қарсылардың да қатары қалың түмен. Осыған дейiн АЭС-тер саны жағынан АҚШ оқ бойы озық келе жатса, ендi Жапония, Оңтүстiк Корея, Қытай сияқты Азияның азулы жолбарыстары да бейбiт атомсыз өз елдерiнiң өскелең экономикасы одан әрi дами алмайтындығын бiржола мойындап отыр. Қазiр әлемнiң 44 елiнде бейбiт атом адамдардың игiлiгi үшiн қызмет етуде.
Ал АҚШ-тағы 104 атом реакторлар блогы елдегi электр энергиясына сұраныстың 20 пайызын қамтамасыз етiп отыруы да көп жайттан сыр суыртпақтайтыны сөзсiз.
Осы тұрғыдан алсақ, талай жылдан берi Қазақстанда, Балқаш көлiнiң жағалауында елiмiздегi алғашқы атом электр станциясын салуға күш салушылардың иек сүйейтiн қисынды дәйегi қандай?
Отандық бiрқатар мамандар мен сарапшылардың тiлге тиек етуiнше, 2020-2025 жылдары Қазақстандағы электр энергиясының жетiмсiздiгi 15-20 млрд. Квт/сағатқа жеткелi отыр. Әсiресе, оңтүстiк аймақтардағы мұндай жетiмсiздiк 2010 жылы 760-960 Мвт. құраса, 2020 жылы 1460-1860 Мвт, ал 2030 жылы 3 мың Мвт-ны құрайды. Сонымен қатар АЭС-терде өндiрiлген электр қуатының өзiндiк құны өте арзан, небары 2 цент ғана болады делiнсе, ал Батыс Еуропаның қуатты жылу станцияларында өндiрiлген осындай электр энергиясының құны 7-8 цент.
Осыған қосымша, экологиялық тұрғыдан алғанда жылу станциялары АЭС-термен бәсекелесе алмақ емес. Мәселен, жылу электр станцияларында 2 мың Квт/сағат электр энергиясын өндiру үшiн 8 млн. тоннадан астам шартты отын қажет және оның басым бөлiгi қалдық түрiнде ашық аспан астына тасталады. Әуелде Балқаш маңында салу жоспарланған Оңтүстiк ГРЭС-i жылына 32 млн. тонна отын пайдалануға тиiс-тiн және 2 мың МВт өндiргеннiң өзiнде 18 млн. тонна көмiртегi оксидiн ауаға таратып, 400 мың тонна күкiрт, 200 мың тонна азот оксиiн ашық ауаға төгуге тура келмек. Ал АЭС осындай көлемдегi электр энергиясын өндiру үшiн 108 мың тонна байытылған уран пайдаланбақ әрi көмiртегi, күкiрт, азот окистерi қалмайды. Соңғы кездерi Табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны қорғау министрлiгi де өз бағытын өзгертiп, келтiрiлген дәйек пен деректерге құлақ аса бастаған iспеттi. Ең басты аргумент – Оңтүстiк ГРЭС-iн қысқа уақытта атом электр станциясы етiп қайта құруға мүмкiндiк беретiн iс-шаралар жүргiзу арзанға түспекшi әрi оның көлемi бұрынғы жобаланғаннан әлдеқайда кiшi болмақ деп шамалануда. 1999 жылы елiмiзге келген халықаралық МАГАТЭ ұйымының өкiлдерi Балқашта АЭС салынуына қарсы еш себеп таба алған жоқ. Бiр сөзбен түйiндегенде, оптимист сарапшылардың пiкiрiнше таяу 3-4 жылда аталмыш АЭС-тi тездетiп қолға алу керек. Сөйтiп, келесi он жылдықтың басында Қазақстанда Балқаш АЭС-iнiң бiрiншi блогы электр энергиясын өндiре бастауға тиiс.
Ал бұған қарсылар не дейдi?
Ең әуелi айтылары, Алматы облысының аймағы жер жиi сiлкiнетiн тектоникалық аса қауiптi аймақ. Әлем Чернобыль атом электр станциясындағы апаттан кейiн есеңгiреп, әлi өз-өзiне келе алмай отырған бейуақта бұл өңiрге АЭС салу бәлелi жерге бармақ сұғумен пара-пар. Апат болған жағдайда мемлекет, тұтас ұлт басына бұрын-соңды болмаған қатер төнбекшi. Сонымен қатар, Семей ядролық полигонының зардабын жарты ғасыр бойы тартқан жұрт әбден зәрезап болған. Тұтас құнарлы өңiр, әсiресе, елiмiздегi бiрден-бiр аса iрi тұщы көлдiң маңайы өлi аймаққа айналмақшы. Иә, көп мәселелердiң шыжымдалған ұшы қауiпсiздiк жайына келiп тiреледi және мұны айналып, жауырды жаба тоқып өту мүмкiн емес. 1986 жылы болған Чернобыль апатына биыл 20 жыл толмақшы. Содан берi өлiм елесi әлемдi тоқтаусыз кезiп жүр. Қорқынышты елес! Дау жоқ, Чернобыль апатынан кейiн әлемнiң барлық елдерiнде АЭС қауiпсiздiгiне мейлiнше баса назар аударылып, сақтық шаралары ұлғайтылды, қауiпсiздiк кепiлдiктерi бұдан бұрын болмаған деңгейге жеткiзiлдi. Басқарылмайтын тiзбектi реакцияны автоматты түрде ауыздықтап, қауiптi жағдайда өзi-өзiнен жұмысын тоқтататын реакторлар көптеп салынуда. Адамзат ащы сабақ алды! Бiрақ, отандық АЭС салумен қатар радиоактивтi қалдықтарды сақтау, әсiресе, өзге елдерден осындай қалдықтар әкелу мен оларды сақтау мәселесi де үзiлмей сабақтасып жатыр. Жер сiлкiнуi жайына келсек, ондаған АЭС салынған немесе салу жоспарлану үстiндегi Жапонияда жылына жүздеген iрiлi-ұсақты жер сiлкiнiсi болып тұрады. Бар болғаны алақанның аясындай аралдар ғой. Айтпақшы, ақпан айының алғашқы күндерiнде Қазақстанның “Қазатомпром” Ұлттық атом компаниясы жапондық “Сумитомо Корпорэйшн” және “Кансай Электрик Пауэр Ко.,Инк” корпорациясымен келiсiм шарт жасасты. 1997 жылы елiмiз уран өндiруден әлем бойынша 13 орында болса, былтыр Австралия мен Канададан кейiнгi үшiншi орынға шыққан болатын. Ал 2010 жылы 15 мың тонна ядролық отын өндiрiп, әлемде бiрiншi орынға шықпақшы. Салыстырмалы түрде айта кету керек, өз кезiнде бүкiл КСРО-да жылына небары 13 мың тонна осындай отын өндiрiлетiн. Ұлттық компанияның басшысы Мұхтар Жәкiшев мырзаның: “Осыдан жетi жыл бұрын әлдекiм 2006 жылы Қазақстан осындай келiсiмге қол жеткiзедi десе мен сенбес едiм”, – деп қуана мәлiмдеуi бекерден бекер емес. Жапондық “Сумитомо Корпорэйшннiң” өкiлi Митихис Синагава өздерiнiң “Қазатомпромды” уран өндiру саласындағы соңғы заманға сай жоғары технологияларға ие болғандығынан таңдап алғандығын айтуы таңданарлықтай естiлген. Бәсе, аса күрделi саладағы бiздiң мамандарымыз бен өндiрушiлерiмiз де құр нан соғарлар емес екен, әлемдiк үлгiдегi жаңа технологияларды жүзеге асырып қана қоймай, оны өндiрiстiк жолға қоя да бiлетiн көрiнедi. Сондықтан болар, “Қазатомпром” үстiмiздегi жылы бiрқатар шетелдiк компаниялармен, әсiресе американдық өндiрушiлермен мәмiле жасауды жобалап отыр.
Қазақстан Үкiметiнiң 2002 жылғы 20 тамыздағы №925 Қаулысы бойынша елiмiздегi уран өндiрiсi мен Қазақстан Республикасындағы атом энергетикасын дамытудың 2002–2030 жылдарға арналған бағдарламасы жасалған едi. Байқап отырғанымыздай, уран өндiрудi қарыштатып дамытуға қол жеткiзiлген сияқты. Ендi Қазақстан энергетикасы саласын да жоғары технологиялық, ғылыми жетiстiктерге иық сүйеген үздiксiз даму саласына айналдыру ғана кезегiн күтiп тұр. Бұл экономикамыздың тұрақты өркендеуiн қамтамасыз етiп, елiмiздiң әлеуметтiк, саяси жағдайын одан әрi оң қалыптастыра түспекшi делiнедi. Осыған сай, жеңiл сулы реакторлар қауiпсiздiгiн негiздеу жолындағы сынақ зерттеулер (Cotels жобасы) мен жылдам нейтронды реакторлар қауiпсiздiгiн негiздеу жолындағы сынақ зерттеулер (Eagle жобасы) аса маңызды бола түсуде. Балқаш ГРЭС-i әу баста әрбiрi қуаты 500 Мвт электр энергиясын өндiре алатын 8 блоктан тұратыны жоспарланып, дайындық жұмыстарына 280 млн. доллар көлемiнде қаржы жұмсалған едi. Кiшiгiрiм тойларда шашу ретiнде ұшақтан желге ұшыратын азын-аулақ ақша емес, тiптi, Қырғызстан мемлекетiнiң бiр жылдық бюджетiне жетеқабыл қомақты сома. Бiрақ, Қазақстан тарапының орынды-орынсыз талаптарынан әбден мезi болған мердiгер lВВ компаниясы 1995 жылы осы бағыттағы өз жұмыстарын тоқтатты.
Бiр жағынан бұған елiмiзде құрылысы аяқталмаған ГРЭС негiзiнде атом электр станциясын салу туралы жаңа шешiмнiң қабылданғаны да ықпал жасағаны сөзсiз. Ең бастысы, “Қанына тартпағанның қары сынсын” дегендiк пе, Энергетика және минеральдық ресурстар министрi Владимир Школьник мырза Балқашта Ресейдiң көмегiмен АЭС салдыруға бiлек сыбана кiрiсiп, нәтижесiнде 2003 жылы Н.Назарбаев Мәскеуге жұмыс сапарымен барғанда екi ел Президенттерi Балқаш көлi маңында аталмыш жобаны жүзеге асыруға мәмiле жасасты. Санкт-Петербургтың “Атомпроект” институты 1997–1998 жылдары алдын ала Балқаш АЭС-iне орнатылатын үш ВВЭР-640 атом реакторының техникалық негiздерiн жасап қойған едi. Олар жалпы қуаты 2 мың Мвт-ға тең энергия өндiре алушы едi. Және әзiрге Балқаш АЭС-iнiң жалпы құны 2–3 млрд. доллар көлемiнде болады, жобаны жүзеге асыру 11 жылға созылады деп күтiлуде. Алғашқы блок 5 жыл көлемiнде жұмыс iстей бастайды делiнедi. Басқасын кiм бiлсiн, ал АЭС құрылысы елiмiз үшiн небары 2–3 млрд. долларға түседi деу көптеген адамдардың көңiлiнде ерiксiз күмән туғызып отырғаны да рас. Өйткенi, Қазақстанда мұндай ғасыр құрылысы түгiлi, кiшiгiрiм жобалардың да құны, жеме-жемге келгенде, тым шарықтап кетушi едi-ау. О, оған мысалдар көп қой: қай құрылыс та солай салынады!
Қазақстан алғашқы АЭС-тi салу жөнiндегi тендердi 2007 жылы өткiзудi жоспарлап отыр. Оған Ресей тарапының қатысатыны сөзсiз. Тiптi, Ресей атом мекемесiнiң өкiлi Николай Шингаревтiң мәлiмдеуiне қарағанда, бұл ел әлгi ВВЭР–640 реакторын ұсынатыны айқын сияқты.
“Бәрi де жақсы, көркем маркиза!” Әнде айтылатын сөз ғой баяғы. Бiрақ, Ресей бейбiт атом құрылысын салған елдер халықаралық тұрғыдан оқшау, өркениеттен тыс қалатынын соңғы жылдар оқиғалары айқын көрсетiп жүр. Анау Солтүстiк Кореяның жағдайы, Бушердегi АЭС-тi ресейлiктер салған Иранның бүгiнгi хәлi. Бұл қауiптi үрдiске айналған жайы бар мәселе. Бiз қайтер екенбiз?!.
Жаңабек ШАҒАТАЙ