ТЕГЕРАН МЕН МӘСКЕУ АУЫЗ ЖАЛАСУҒА МӘЖБҮР

ТЕГЕРАН МЕН МӘСКЕУ АУЫЗ ЖАЛАСУҒА МӘЖБҮР

ТЕГЕРАН МЕН МӘСКЕУ АУЫЗ ЖАЛАСУҒА МӘЖБҮР
ашық дереккөзі
260

Иран президентi Махмуд Ахмединежадтың антиамерикалық мәлiмдемесiнен кейiн демiн iшiне тартқан Таяу Шығыс әлiптiң артын бағып, үнсiз отыр. Өзiнiң ядролық бағдарламасымен Батыс пен АҚШ-тың жүйкесiн жұқартқан Иран бүгiнде Кремльдiң қолтығына тығылуға мәжбүр. Ал Батыстың құпия барлау қызметi ирандық атомдық орталықтың Тегеранға таяу жерде (Натанздың оңтүстiгiнде) орналасқанын және сол маңнан тиген соққы оңтайлы болатынын айтып, бүкiл әлемнен сүйiншi сұрап үлгердi.

«Арба сынуға, өгiз өлуге» жақын қалды…

Иранды райынан қайтара алмаған Халықаралық атомдық энергетика жөнiндегi агенттiк Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселенi БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiне қарауға жiберуге шешiм шығарды. Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, бұл халықаралық дипломатияның аса жоғарғы деңгейдегi халықаралық дауларды шешуге қабiлетсiздiгiн дәлелдедi. Бастапқыда Агенттiкке мүше мемлекеттер шешiм шығаруда ауызбiршiлiк таныта қоймаған. Сирия, Куба мен Венесуэла қарсы болса, 5 мемлекет қалыс қалды. Ал мәселенiң наурызда түбегейлi шешiлетiнiне және оған дейiн психологиялық тұрғыдағы қысымнан басқа шаралардың қолданылмайтынына сенiмдi болған Қытай мен Ресей Агенттiк шешiмiне наразы. АҚШ-тың Таяу Шығыстағы, тiптi ретi келсе, әлемдегi ықпалын әлсiретудi көздейтiн аспан асты елi мен Кремль Иранмен серiктестiк қатынастарын үзбеуге мүдделi. Оның үстiне, РФ үкiметi Иранның ядролық сынақтарына тiкелей қатысатын ел болып табылады. Ресейдiң 1600-дан астам инженерi мен ғылыми қызметкерi Иранда реакторлар тұрғызуға жұмыс жасауда. Алғашқыда «арба да сынбайтын, өгiз де өлмейтiн» бағытты ұстанғысы келген орыстардың ирандармен қоян-қолтық араласуына Израиль де наразы. Алайда агенттiк шешiмiне қарсылық бiлдiрген және МАГАТЭ талаптарын орындаудан өз еркiмен бас тартатындығын мәлiмдеген Иран үкiметi: «Бұл шешiм шағын мемлекетке заңсыз түрде жасалған саяси қысым». Кейiнгi кездерi әлемдiк «ақпараттық соғыстың» «қан майданынан» табылып жүрген Иран ядролық бағдарламасынан бас тартпайынша, кәрi құрлық пен Құрама Штаттардың «түн ұйқысы төрт бөлiнерi» анық. Ал Атомдық энергетика жөнiндегi халықаралық агенттiкке мүше – Тегеран болса, агенттiктiң атомдық энергияға қатысты халықаралық құжаттарына қайшы келетiн әркеттерге аттап баспағанын айтудан шаршар емес. Демек, халқының саны 75 милионнан асып жығылған Иран атом энергиясын алуға қатысты мәселенi жуық арада шешуге мүдделi. Осыдан 2 жыл бұрын Ұлыбритания, Франция, Германиямен келiссөздер жүргiзген Тегеран атомдық бомба жасау «үш ұйықтаса, түсiне кiрмегенiн» айтып, әлем жұртшылығының алдында ақталып баққан. Бiрақ оған илiккен Батыс жоқ. Керiсiнше, халықаралық ахуалға ықпал етуге қабiлеттi еуропалық елдер «Иранның қолында ядролық технология болмауы керек. Бұл мәселе БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiнде қаралуы тиiс» деген сенiмде. Бастапқыда БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiнде қаралу мәселесiнде Батыс, АҚШ, Қытаймен «бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығарған» Ресей жеме-жемге келгенде өзiнiң серiктесi болып табылатын Ираннан сырт айналмайтыны айдан анық. Осы аптада ирандық делегациямен кездесудi жоспарлаған «Росатомның» (Ресейдегi Атом энергиясы жөнiндегi агенттiк) басшысы Сергей Кириенко Кремль мен Тегеран арасындағы серiктестiкке қатысты мәселелердi талқыламақ. Уранды Ресей территориясында өндiруге қатысты жасаған ұсынысынан Иран бастапқыда бас тартқан болатын. Алайда АҚШ пен Батыстың қысымына төтеп бере алмаған Тегеран орыстардың ығына жығылуға мәжбүр.

«Кедей бай болсам, бай Құдай болсамның» керi…

«Жер бетiнен жойып жiберем» деп АҚШ пен Израильге сес көрсеткен Иран Ирактың кебiн кимей ме? Осыдан 27 жыл бұрын болған исламдық төңкерiстiң нәтижесiнде тәуелсiздiкке қол жеткiзген Иран бүгiнде Ақ Үй мен Иерусалимнiң «көзiне шыққан сүйелдей». Америкалықтар мен еврейлердiң күн сайын күшейiп келе жатқан ирандарға қарсы насихаттық және психологиялық шабуылдары – осының нәтижесi. Батыстың «Иранда адам құқығы жиi тапталады» деген сынын да ресми Тегеран құлаққа iлер емес: «Бұл да Еуропаның Иранға қарсы жүргiзiп отырған саясаты». «Бүкiл әлемде демократиялық қоғам орнатуды» өзiнiң басты мақсаты деп бiлетiн АҚШ саясаты әлемдiк қауымдастық тарапынан толық қолдау тауып отыр деу қиын, әрине. Қазiр халықаралық сарапшылардың көпшiлiгi жалғыз сұрақпен бас қатырып жүр: «Израиьлге қатысты қатаң ескертулер мен сын айтудан жалықпайтын Иран президентiнiң саяси және экономикалық тұрғыда еврейлерден көздегенi не?» Айтпақшы, «төңкерiс» демекшi, экс-президент Эдуард Шеварнадзенi тақтан құлатқан «Раушан төңкерiсiнен» кейiн «АҚШ-пен бiргемiз, берiк – iргемiз» деп екпiндетiп жүрген грузиндер кеше орыстар газсыз қалдырғанда Вашингтоннан емес, оның бүгiнгi қас жауы – Ираннан көмек сұрады. Сондықтан әлемдiк сарапшылардың кейбiрi «Мемлекетаралық қатынастар мәселесi – халықаралық байланыстардың күн тәртiбiнде тұрған басты проблемасы» деген пiкiрде. Әрине, сауда-экономикалық серiктестiктi дамыту мен қоғамда саяси тұрақтылықты орнатуда Иранның әлем елдерiмен қатынасы неғұрлым берiк болса, соғұрлым тиiмдi екенi даусыз. Тағы бiр маңызды жайт: бүгiнгi таңда энергоқорының төрттен бiр бөлiгiн Ресейден сатып алып отырған Еуропа табиғи газды еуропалық елдерге Ираннан тартылған құбырлар арқылы жеткiзуге де мүдделi. Қазiр ирандықтардың энергоқорын Түркия территориясы арқылы Еуропаға тiкелей жеткiзетiн газ құбыры бар. Әлем бойынша, табиғи газ қорының көлемi жағынан Ресейден кейiнгi екiншi орында тұран Тегеран жақын күндерде Иран-Үндiстан газ құбыры құрылысын бастауды да жоспарлап отыр. Сонымен қатар табиғи газды кәрi құрлыққа тасымалдауда Қап тауы аймағын пайдалануға да кетәрi емес.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары