Мәдени ошақтардың көбiсi жылусыз, жүзден астам мектептер жабылып, оқушылар бiлiм алуға қауқарсыз болып қалды

Мәдени ошақтардың көбiсi жылусыз, жүзден астам мектептер жабылып, оқушылар бiлiм алуға қауқарсыз болып қалды

Мәдени ошақтардың көбiсi жылусыз, жүзден астам мектептер жабылып, оқушылар бiлiм алуға қауқарсыз болып қалды
ашық дереккөзі
283

Облыс әкiмi Болат Жылқышиевтiң өзi қысқа дайындық жұмыстарына осындай баға берген соң сенбеске лаж жоқ. Ащы шындықты бүркей де алмайсың.

Қыс қысып берген едi, оңтүстiкте жолдар дер кезiнде тазаланбай «ойбай» болды. Қанша адамдардың жолдарда алтын уақыты жоғалып, бүрсеңдеп тоңып, жүйкелерi жұқарып мазасы кеттi. Осы көпшiлiкке келтiрiлген моральдық шығындарды ешкiм есептеп жатқан жоқ. Ол миллион-миллион, миллиардтар болуы мүмкiн. Бiрақ бұл жағдайды шенеунiктер ауа-райына сiлтеме жасай салады ғой. Дегенмен шыбық тимей шыңқ етер шенеунiктер шекесi iсе миллиондарға аңсары ауады да тұрады емес пе…

Қалада пәтерлер суып, жылудың мардымсыз берiлiп жатқаны баршаға аян. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекшi, жылудың жырынан жұрт мезi болды. Бұл мәселенiң өзiне де облыс әкiмi Болат Жылқышиевтiң тiкелей араласуына тура келдi. Әйтеуiр басшылар барған жердiң «проблемасы» көзге сүйелдей көрiнбейдi. Жылқышиев бiраз пәтерлердi аралағанда жағдайдың оншалықты ұшықпағанын байқағандай болдық. Дегенмен қаланың көптеген бөлiгiнде пәтерлердiң қыз-қыз қайнамағанына көз жеткiзуге болады. Әкiмнiң жанында жүрген жандайшаптар «бәрiн реттеймiз, түзеймiз, халықты шулатпаймыз» деп «шымкентше» уәденi үйiп-төгiп, бұл жағдайдан да құтылып кеткен болар. Облыс әкiмi тiкелей араласса да жылу мәселесi түпкiлiктi шешiлмегенi қынжылтады. Әлгi өзiмiз «коммунизм» құрамыз деп «елес кезiп» жүрген заманда шенеунiктерiмiз мұндай келеңсiздiкке жол берсе партбилетiнен айырып, қызметiмен қоштасар едi. Қазiргi шенеунiктердiң партбилеттерi жоқ болған соң ешнәрседен қорықпайтын болғандай түйiледi. Оларға қатаң тәртiптiк шаралар да қолданыла бермейдi. Ескертпе, сын айтылса қайта борсық сияқты желкесiн күжiрейтiп зорайып шыға келедi. Тiптi, қызметтерi өсiп, билiктiң тiзгiнiн ұстап, мiнберлерден халыққа ақыл айтып «данышпан», «көсем», «шешен» болып көрiнетiнiн қайтерсiң. «Мал аласы – сыртында, адам аласы – iшiнде» деген заман туып тұрса не шара?!.

Оңтүстiкте қыстың қытымыр аязы саңырауқұлақтай қаптап кеткен кафе, барлар, сауналар, дүкендер қызметiне елеулi зиян келтiрдi деп айта алмаймыз. Кафе, сауналарда қалтасы қалыңдар, iрi шенеунiктер, бизнесмендер шекесiн шылқитып дарылдап сауық-сайран құрғандығында күмән жоқ. Бәлкiм өзгенiң көрпесiнiң астын көтерiп, ой айтқанымыз ерсi де шығар. Алайда қарапайым халықтың бiр тобы тiсiн-тiсiне тигiзiп, пәтерлерiнде бүрсеңдеп тоңып отырса, шалғай ауылда балалар мектепке бара алмай, мәдени ошақтардың көбiсi жұмыс iстемей, есiгiне қара құлыптар iлiнсе, осылай рухани азғындау етек алса, ауызға қақпақ та қоя алмассың.

Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша қаңтар айының басында 39 клуб пен 17 кiтапхана жылытылмай жұмыс iстеуiн тоқтатқан. Бұл әжептеуiр қоғамдық дүрбелең туғызды. Осы саланың асы мен суын iшiп, жалақысын қалтасына басып, мемлекеттiң қамқорлығында тайраңдап жүрген басшылардың ай қарап отырғанына таңданасың. Осы фактiге орай облыс әкiмi Болат Жылқышиев «…журналистер осындай шындықты жазсын. Осал тұстарды жазып, бiздiң көзiмiздi ашсын, клубтар мен кiтапханаларда неге жылу жоқ? Оған бөлiнген қаржы қайда жұмсалған?» деп бiраз ашуға да мiндi. Жұмсақ мiнездi әкiм бiраз басшының қызмет мәселесiн шешiп жiберуi де мүмкiн едi. Бiрақ мұндай қатал шараға бара қойған жоқ. Қысқа мерзiмдi демалыстан келген соң мүмкiн бiраз кадрды жазалайтын да шығар. Қазiр бұл фактiге байланысты арнайы комиссия құрылып, бар жағдайды егжейлi-тегжейлi тексеруге кiрiстi. Барлық кемшiлiктер анықталғанша күн жылынып көктем де шығар. Жабулы қазан, жабулы күйiнде қалмас деп ойлаймыз.

Мәдени ошақтарға бөлiнген қаржыны толық бөлмей отырған аудан, қалалар да бар болып шықты. Соның бiрi Арыс қаласы көрiнедi. Қала мәдени ошақтарын жылытуға 244 мың теңге қарастырғанмен алайда рухани саланың аяғына тұсау салып, не бәрi 26 мың теңге бөлген. Осы қаржының дұрыс бөлiнбеуiнен 5 тонна ғана көмiр алынған. Ал кiтапханаларды жылытуға бiр түйiр де көмiр түсiрiлмептi.

Оңтүстiктiң қаласы мен даласында дүкен, жанар-жағармай бекеттерi, сауна, монша, қонақ үй салу «модаға» айналып барады. Бiрақ мәдени ошақтарға байланысты қаптаған құрылыстардың бой көтерiп жатқанын көре алмайсың. Өркендеп өсiп келе жатқан шым қаланың өзiнде саусақпен санарлық кiтап дүкендерi, кiтапханалар бар. Бiрақ әр қадам сайын алдыңнан сауда нүктесi, бизнеске қатысты көптеген құрылыс обьектiлерi көз жауыңды алады. Тiршiлiкте ақша, байлық, мансап қажет шығар. Дегенмен рухани байлықтың орны бөлек емес пе?

Оңтүстiк Қазақстан облысында осы қысқа дайындық жұмыстарының қанағаттанарлықсыз дәрежеде болуынан 120-ға жуық бiлiм ошақтары өз қызметiн тоқтатты. Бұл да еңсенi езетiн жағдай. Қанша баланың оқу үлгерiмiне нұсқан келдi. Сапасыз бiлiм алуға жол ашылды. Балалардың оң тәрбиесiне де ықпал еткенi рас. Оған мысал да келтiруге болады.

Облысымызда өткен жылы мектеп бiтiрушiлердiң iшiнен 266 бала «Алтын белгiге» үмiткер болғанымен, солардың – 81-i ұлттық бiрыңғай тесте (ҮБТ) үмiттi ақтай алмады. Өзбек мектептерiндегi 21 үмiткердiң – 17-сi «Алтын белгiнiң» талабынан табылмады. Сайрам ауданында «Алтынға» үмiткер болған 12 оқушының – 11-i үмiттiң үдесiнен шықпады. Көтермелеп қойған жалған бағалардың «жемiсi» осындай нәтиже бердi.

Оңтүстiк Қазақстандағы оқушылардың қолымен жасалған қылмыстар соңғы кездерi елдi елеңдетiп жатқаны рас. Анығы жасөспiрiмдердiң жөнсiз қылығы тек мектептегi емес, қоғамдағы тәрбиенiң осалдығын көрсеттi.

Өткен жылдың 6 айында облыстағы мектептерде оқитын оқушылардың қолымен 156 қылмыс орын алған. Мәлiметтерге сүйенсек, оның 2-i – қасақана кiсi өлтiру, 6-ы – ауыр дене жарақатын салу, 1-i – қыз зорлау, 23-i – тонау, 64-i – ұрлық екендiгi кiм-кiмдi де алаңдатады. Жасөспiрiмдер қылмысы Шымкент, Мақтаарал, Түркiстан, Кентау қалаларында өршiген. Жалпы құқық бұзушылыққа бейiм 845 оқушы кәмiлетке толмағандар iсi жөнiндегi инспекцияда тiркеуге қойылған. Бұл өткен жылғы 6 айдағы көрсеткiш. Онда кейiн елеулi өзгерiстер болды ма?

Жасөспiрiмдер арасындағы қылмыстың қазiргi ахуалы туралы облыстық iшкi iстер департаментiнiң орынбасары Б.Отыншиевтiң әңгiмесiне құлақ түрсек, қызықты мәлiметтер айқындалады. Облыста мектеп оқушыларының қатысуымен жасалынған қылмыстардың саны бiршама азайғанымен, ауыр қылмыстардың саны көбейген. Жасөспiрiмдердiң қолымен жасалған қылмыстардың тең жартысы Шымкент қаласына тиесiлi екен. Былтыр мектеп оқушыларының арасында отты қаруды қолдану фактiсi 4 рет кездессе, олардың барлығы да облыс орталығында орын алған. Облыс бойынша жасөспiрiмдердiң қатысуымен жасалынған 8 кiсi өлiмнiң – 7-i, 29 қарақшылық тонаудың – 28-i, 46 тонаудың – 34-i Шымкентте кездескен.

Аудандардағы жағдай да мәз емес көрiнедi. Әсiресе, Қазығұрт ауданы мен Кентау қаласында жасөспiрiмдердiң қылмыстық әрекетке баруы күрт көтерiлген. Былтыр Кентау қаласында мектеп оқушысынан 7 дана «Хизб-ут-Тахрир» дiни ұйымының кiтаптары мен «Әндiжан қасiретi» деп аталатын үн парақтар табылған. Тексере келгенде жап-жас бойжеткен Д-ның аталған ұйымға мүше екенi анықталыпты. Кәмiлетке толмаған жастардың экстремистiк ұйымның бел ортасында жүруi Кентауда бұған дейiн де кездескен. Созақта мектеп оқушысы топ құрып мал ұрлығын жасаумен шұғылданған.

Оқушылар арасында есiрткiге елiтiп, токсикоманияға шалдыққандар да, көшеде жүрген тұрағы жоқ қаңғыбастар да жетерлiк. Былтыр тәртiп сақшылары 759 жасөспiрiмдi есепке алса, оның 6-ы – нашақор, 141-i – маскүнем, 192-i – токсикоман екен. Шымкентте кәмiлетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейiмдеу орталығына 1107 жасөспiрiм орналастырылса, оның 851-нiң iздеушiсi, сұраушысы жоқ.

Полиция балалардың тәртiпсiздiкке бой алдыруының себебiн тәрбие жұмыстарының нашарлығынан, жайсыз отбасындағы баланың күн көру үшiн амалсыздан қылмысқа баратындығынан және телеарналардағы зорлық-зомбылықты насихаттайтын қойылымдардың көбеюiнен деп ой түйедi. «Осы әлеуметтiк проблемаға кiм тосқауыл қояды?» деген заңды сұрақ туындайды.

Балалар тәрбиесiнiң осалдығын ата-аналарға аудара салуға бейiм шенеунiктер де жоқ емес. Дегенмен ешқандай ата-ана өз перзентiн ұры, бұзақы, наркоман, маскүнем болсын деп тәрбиелемейдi. Бұл жерде қоғамдық-әлеуметтiк тепе-теңсiздiктер туралы әңгiме қозғалмайды. Мiнбеге шығып «бала тәрбиесi – ата-ананың қасиеттi борышы, заңды мiндетi» деп көсем, шешен, ақылгөй болудың түкке қажетi жоқ. Ең алдымен қоғамдағы әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайларға зерттеу жүргiзiлуi қажет. Өз отбасын асырау үшiн табанынан сыз өтiп, азғантай нәпақа үшiн сауда жасап базарда тұрған ата-ана бала тәрбиесiмен айналысуға мүмкiндiгi бар ма? Мемлекеттiң қамқорлығында жақсы жалақы алып, қызметтiк көлiк мiнiп, қызмет бабын асыра пайдаланып, үлде мен бүлдеге оранып отырған шенеунiкке бала тәрбиесi оншалықты ауыр да емес. Өз перзенттерiне қандай жағдай жасаймын десе де мүмкiндiк мол. Сондықтан ең алдымен қоғамдағы әлеуметтiк тепе-теңсiздiктердi жою ғана қоғамның болашақ жақсы азаматтарын тәрбиелеп шығаруға жағдай туғызады. Бiз ең алдымен «…молданың айтқанын iсте, iстегенiн iстеме» деген қағидадан айығуымыз керек. Әлеуметтiк тепе-теңсiздiк тудыратын келеңсiздiктермен күресуiмiз керек шығар.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ

Серіктес жаңалықтары