ҚАШҚАНДАР ҚАЗАҚСТАННАН ПАНА ТАБАДЫ

ҚАШҚАНДАР ҚАЗАҚСТАННАН ПАНА ТАБАДЫ

ҚАШҚАНДАР ҚАЗАҚСТАННАН ПАНА ТАБАДЫ
ашық дереккөзі
281

Ал олар қазақ мәдениетін мойындай ма?

Қырғызстанның Шу облысында болған қырғыздар мен дүнгендер арасындағы қақтығыс туралы хабарды тек Қазақстан мен Өзбекстан сияқты көрші елдердің ғана емес, Ресейдің де бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен таратты. Біздің түсінгеніміз: жапа шектік дейтін Қырғызстан дүнгендерінің Қазақстанға қоныс аударуды жоспарлап отырғандары. Солай болатын да шығар.

Өйткені осыған ұқсас жағдай бұрынырақ болған. 1989 жылы Өзбекстанның Ферғана алқабында болған бүлік-қырғыннан қашқан түрік өкілдерінің бір бөлігі Ресейге, екінші бөлігі Қазақстанға қоныс тепкен. Бұлардың төл отаны Грузияның Месхетия-Джавахетия аймағы болғандықтан, ерте ме, кеш пе ресми Тбилиси олардың қайтып оралуына рұқсат беретін шығар деген үміт болған. Бірақ Ресейдің Краснодар өлкесінде және Қазақстан облыстарында қоныс тепкен бұрынғы Кеңес Одағы түріктерінің үміті бекер болып шықты. 2003 жылдың аяғына дейін билік басында отырған Эдуард Шеварднадзе оларға тікелей «жоқ» демегенмен, рұқсатты бермей-ақ қойды. Ал оның орнына билікке келген Михаил Саакашвили сол 2003 жылдың күзінде болған саяси науқан барысында түріктердің Грузияға қайтып оралуына ешқашан келіспейтінін ашықтан-ашық жария еткен. Бірақ мына қызыққа қараңыз. Ол кезде М.Саакашвили әлі президент болмаған еді. Бірақ ол елбасы орнына отырғаннан кейін де осы уәдесіне берік болған көрінеді. Өйткені 2004 жылы Краснодар өлкесінде тұрып, бір жағынан Грузияға қайтуға рұқсат ала алмаған, екінші жағынан жергілікті билік пен халықтың қатты наразылығына ұшыраған түріктердің барар жері, басар тауы қалмаған соң, олардың тағдырын шешу мәселесімен Американың өзі айналыса бастады. Бұл жердегі Америка дегеніміз — президент Дж. Буш басшылығы.

М.Саакашвили бүгінгі АҚШ үшін ғана емес, бүкіл Батыс демократиясы үшін жақын адам болып табылады. Оның билігі мейлінше демократиялық билік болып есептеледі. ТМД-ның кез келген елінде көріне бермейтін АҚШ президенті Тбилисиге мемлекеттік ресми сапармен барып, М.Саакашвили билігіне өзінің қолдауын танытты. Дегенмен, ресми Вашингтон Грузия басшылығын Месхетия-Джавахетия түріктерін өз еліне қайтаруға көндіре алмаған. Былай қарасаң, бұл демократияға тіпті жатпайды. Бірақ М.Саакашвилидің демократ президент деген атағына осы жайт ешқандай кесел жасаған жоқ.

Сонда қарасаң, елбасы бола тұрып, ең қатты ұлтшылдық мінез танытсаң да, бүкіл Батыс әлемі үшін президент-демократ болып есептеліп қала беруге болады екен. Өйткені сол Краснодар аймағындағы жергілікті халықпен сыйыспаған тегі грузиялық және көшкен жері өзбекстандық түріктерді ақыр соңында Американың өзі қабылдап алуға келісті.

Бұл жағдай қазіргі Қырғызстандағы дүнгендердің жағдайына ұқсас болса керек. Олардың кетеміз дегенде, алғашқы ауызға алғандары Қазақстан болған. Себебі олар сол Өзбекстаннан қашқан түріктердің жағдайының қалай болғанын біледі. Осы кейінгілердің Ресейге барғаны онда да сыймады, ал Қазақстанға келгені осында жайбарақат қоныстанып қалды. Олар «сен жатсың, кезінде саған уақытша тұруға ғана рұқсат берілген» деп жатқан ешкім жоқ. Ал олардың өздеріндей түрік бауырларын төл отаны Грузия да, заманында Өзбекстанға жер аудартқан КСРО-ның мұрагері Ресей де, «сен жатсың» деп ондаған жылдардан кейін көшіріп қуып жіберген Өзбекстан да тұрақты азаматы ретінде қабылдауға келіскен жоқ.

Қырғызстан дүнгендері де көше қалған күнде жағдайының соған ұқсас боларын сезетін сияқты. Сондықтан «Қазақстанға барамыз» дегендеріне қарағанда, оларға өздерінің тарихи отаны Қытайдың да, уақытында Қырғызстанға көшіп келуіне жол ашқан Ресейдің де қажеті жоқ. Өйткені Қазақстаннан асқан жалпақшешей ел жоқ. Басқа елде қазақтарды «жатсың» деп өлтіріп жатса да, олардың төл мемлекеті ретінде наразылық білдірмейді, ал аннан келген мен мыннан келген жаттардың барлығын құшағын жая қарсы алып, төрінен бір-ақ шығарып тайраңдатып қояды. Сонан соң түрлі мемлекеттердің жергілікті халықпен тіл табыса алмай қалған аз ұлт өкілдері Қазақстанға көшіп баруға ынтығады. Өйткені бұнда ешкімге шектеу жоқ.

Ең демократиялық деген Батыс мемлекеттерінің өзінде дүниенің түкпір-түкпірінен келген эмигранттарға ең алдымен жергілікті мәдениет пен тілді қабылдау туралы талап қойылады. Ал Қазақстандағы жүздеген ұлт өкілдерінің төрт-бесеуінен басқасы бұнда ондаған жыл бойы ғұмыр шегіп жатса да, жергілікті байырғы ұлт өкілдерімен етене жақындасып кеткен жоқ. Бұлардың көбі өздерін алдымен төл мәдениетінің, сосын орыс мәдениетінің өкілдері санағысы келеді. Олар Қазақстанда тұрып жатып, қазақпен орыс тілінде сөйлеседі. Балаларын орыс бала-бақшаларына, мектептеріне береді. Бір сөзбен айтқанда, қазаққа іргесін жақындатқысы келмейді. Сөйте тұра Қазақстаннан өз төл отанына не Ресейге көшіп кеткісі келмейді. Өйткені Ресей демекші Ресейдің өзінде бұлардың кейбіреуіне (орыс-славян немесе еуропалық ұлттарға жатпайтындарын) орыс тілі мен мәдениетін мейлінше сыйлағанына қарамастан, жұдырық тиюі әбден мүмкін. Бұны ондайлар жақсы сезінеді. Сөйте тұра, олар қазақ тілі мен мәдениетін қабылдағысы келмейді, бірақ Қазақстаннан кеткісі жоқ.

Осының өзінен Қазақстанды ТМД-дағы орыс-славян мәдениетіне негізделген төртінші мемлекетке айналдыру жобасы туындап отыр. Оның жүзеге асуына мүдделі үлкен күштердің бар екені құпия емес. Бұлардың әрекетінің нәтижесін біз күнбе-күн көріп отырмыз.

Қазақстанда орыс-славян ұлттары өкілдерінің саны азайса да, жалпы Ресейдің бұндағы ықпалы қысқарса да, бұнда бәрі орысша болса және сол Ресейдегіге ұқсас болса дейтіндердің мөлшері көбеймесе азаятын емес. Бір қарағанда, бұндай жағдай түсініксіз көрінеді. Бірақ осы жерде ешқандай да құпия жоқ.

Қазақстан – табиғи байлықтары мен экономикалық мүмкіндіктері мол ел. Посткеңестік кеңістікте түрлі тарихи-ұлттық себептер бойынша өз орнын таба алмаған немесе сол орнынан айрылып жатқан миллиондаған адамдар бар. Бұлар негізінен уақытында өз ұлттық елінен басқа республикаға кетіп, Кеңес Одағы ыдыраған соңғы кезеңде сонда қала алмайтын болған адамдар. Олар орыс тілдік негізде қалыптасқан азаматтар болғанмен, КСРО-ның мұрагері Ресейге барып тұра алмайды. Өйткені ол жақ үшін бәрі бір жат. Өз тарихи отандарына да бара алмайды. Өйткені онда да жат болып кеткен.

Бұндайдың барлығы үшін ең қолайлы ел – Қазақстан. Бұнда орыс емес болсаң да, өзіңді орыстай сезініп, жергілікті байырғы ұлттың мәдени-дәстүрлік талаптарымен санаспай жүре беруге болады. Қазақ тілінің мүмкіндігін шамалы да болса ұлғайтып, орыс тілінің ықпалын аз да болса қысқарту туралы әңгіме шыға қалса, оның жүзеге асуына жол бермейтін күштер Қазақстанда жеткілікті. Олар аздық етсе, Ресейдегі қоғамдық пікір мен саясаткерлер «Қазақстанда орыстарға қысым көрсетіліп жатыр» деп, шатақ көтеріп шығады. Біздегі басшылар да жақсы болып көрінгісі келеді, демократ болып көрінгісі келеді. Ал ТМД елдерінің ішіндегі, Батыс түсінігінше, ең танымал демократтардың бірі М.Саакашвилидің осындай атақ-абыройына қарамастан, ұлттық мәселеге келгенде ешқандай шегініске бармауы мысалы олар үшін, өкінішке қарай, ешбір үлгі емес.

Сонымен, орысша оқып қалыптасқан дүнгендер қырғызға сыймайтын болған соң, қазақ жеріне көшпек екен. «Иә, ол ненің ақысы?» деп сұрағың-ақ келеді. Дүнгенді Қырғызстанға Қытайдан көшіріп апарған қазақ емес, Ресей. Енді қырғызға сыймаса, жауапты осы екі мемлекет болуға тиіс. Қазақстанда да дүнгендер тұрады деген желеу басқа елде тұрып жатқан дүнгендердің де осында көшіп келуіне жол ашуға ешбір негіз бола алмайды.

Мәселен, 26 миллион халқы бар және қазіргі әлеуметтік жағдайы өте қиын Өзбекстаннан бірнеше миллион адамның осында қазірдің өзінде көшіп келгісі-ақ келетін шығар. Не сонда, оларға да жолды кеңінен ашып қою керек пе? Әлде Қазақстан дүниедегі өз елінде теперіш көргендердің бәрін қабылдай беруге тиіс пе?

Дүнген мұсылман дегенмен, қазақпен ешбір араласпайтын халық. Оған араласу міндет демейміз. Өздері білсін. Бірақ осы ұлтқа жататын басқа ел азаматтарының алдында Қазақстан мемлекетінің, қазақ халқының титтей де міндеті жоқ. Біздің олардың тағдырына ешқандай қатысымыз жоқ. Олар бізге ашаршылық жылдары босып кеткен қазақтың біразын қабылдап, әлі келгенінше қолдаған өзбектен не түрікпеннен жақын емес. Ал сол өзбек пен түрікпенге де біз олардың ойынша келген уақытында көшіп келуіне рұқсат береміз деп айта алмаймыз.

Олар негізінен ауқатты, солай болған соң, жергілікті қоғамның алдында ешбір ортақ міндет атқармай, тек одан ала берудің амалын табады. Қандай жергілікті ұлтқа келімсектердің бұндай әдеттері жаға қояды?..

Иә, ондай ұлт бар. Ол – қазақ. Сондықтан қырғызға сыймаған дүнген енді келіп қазақ елін паналамақ.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ

Серіктес жаңалықтары