«Карикатуралар соғысы» қашан аяқталады?

«Карикатуралар соғысы» қашан аяқталады?

«Карикатуралар соғысы» қашан аяқталады?
ашық дереккөзі
266

«Өркениеттер текетіресі» деген атқа ие болған келеке карикатуралар төңірегінде дау-дамай толастар емес. Тіпті, күн өткен сайын жағдай ушығып бара жатқанға ұқсайды. Өткен аптада онсыз да лапылдап жанып тұрған отты үрлеп баққан кейбір еуропалық лауазымды тұлғалар мұсылман әлемін тағы бір рет дүр сілкіндірді.

Бүгінгі таңда «карикатуралар соғысы» атанған әлемдік деңгейдегі даудың тарихи хроникасын да жасауға болады. Және бұл хроникада отқа май құйғандардың келеңсіз мәлімдемелері мен іс-әрекеттері басым болатыны баршаға аян. Өткен аптада Италияның бірінші телеарнасынан елдің Конституциялық реформалары мен орталықсыздандыру мәселелері жөніндегі министрі Роберто Кальдероли Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды келемеждеген сурет безендірілген ішкі киімін көрсеткен. Бұл келеңсіз жәйт әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын мұсылмандарды қайтадан жұмылып, қарсылық акцияларымен көше-алаңдарға шығуына әкеп соқты. Ливияның Бенгази қаласында көшеге шыққандар Италияның бас консулдығын өртеп, ең көлемді қарсылық акциясын өткізді. Оқиға салдарынан 10 адам қаза тауып, 50-ден астам адам жарақат алған. Италияндық министрдің қырсық мінезінен туындаған қанды оқиғадан соң мемлекеттің премьер-министрі Сильвио Берлускони Кальдеролидің жұмыстан өз еркімен кетуін талап етті. Сильвио Берлусконидің наразылығына Италияның президенті Карло Адзельо Чампимен қатар, оппозиция лидерлері де бірауыздан қосылды. Ақыр аяғында ушығып тұрған дауға оттық салған Кальдероли отставкаға кетуге мәжбүр болды.

Бұл аздай Данияның «Gyldendal» баспасының академиялық бөлімінің басшысы Петер Моллеруп Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға жасалған 12 карикатураның мектеп оқулықтарына енетінін мәлімдеді. «Қазір орын алып жатқан оқиғалардың мән-маңызы өте жоғары. Оны кілемнің астына тығып қоюға болмайды» – дейді, Петер Моллеруп. Бұл жәйт те мұсылмандардың наразылығын тудырмай қоймады. Бүгінгі таңда «карикатуралар соғысының» салдарынан наразылық акциялары тұтанбаған елдер некен-саяқ. Осыдан екі-үш апта бұрын Азия мен Еуропаны, Африка мен Таяу Шығыс елдерінде тұтанған дау-дамай өткен аптада АҚШ, Канада, Қытай сияқты елдерді де шарпып өтті. Қытайдың Гонконг қаласында соңғы 20 жыл ішінде мұсылмандардың ең ірі наразылық акциясы өтті. Жалпы, Гонконгта 80 мыңға жуық мұсылмандар тұрады.

«Карикатуралар соғысының» діни соғысқа ұласуына мүдделі топтар да бар көрінеді. Иракта британ әскерлерінің мұсылман балаларын тепкілеп ұрып-соғуы мен «Әбу-Грейб» түрмесіндегі жан түршігерлік оқиғаларды көрсеткен суреттер мен видеотаспалардың діни дау-дамай кезінде жарық көруі осындай ойға жетелейді. Аталған суреттер мұсылман әлемін әлі күнге дейін дүрліктіріп отыр. Мұсылман әлеміне үсті-үстіне жасалып жатқан соққылар қарсы реакцияға әкеп соғуда. Нигерияда бас көтерген мұсылмандар 10 шіркеу, 20-дан аса дүкен, 10-ға жуық автокөлік пен бірнеше қонақ үйді өртеген. Оқиға салдарынан 15 адам қаза тапқан. Ал, Индонезияда 400-ге жуық адам АҚШ елшілігін таспен атқылаған. Осы тектес қарсылық акциялары әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып отыр.

Соңғы оқиғаларға алаңдап отырған Ислам конференциясының ұйымы (ИКҰ) Еуропалық Одақты исламофобиямен күресетін заң шығаруға шақырып отыр. Ұйым мүшелері исламофобияны тұтандырған азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту қажеттігін баса айтуда. «Ислам конференциясы ұйымына мүше елдер ЕуроОдақтан исламофобияның қаупін мойындап, ксенофобия мен антисемитизмге қарсы күрес жолдарын исламофобияға да қарсы қолданатынын күтеді» – делінген ұйым мәлімдемесінде. Бірақ Батыс жағынан үн жоқ. «Карикатуралар соғысы» кезінде Батыс елдері тарапынан бір ғана оңды жаңалық естілді. БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннан мұсылман тұтқындары жабылған Гуантанамо түрмесін жабу қажеттігін халықаралық деңгейде көтеріп отыр. Кейбір шетелдік сарапшылардың айтуынша, Гуантанамо түрмесінің құпиялары жетерлік. Және бұл құпиялар жан түршігерлік. Гуантанамо түрмесін жабу жөніндегі мәселе, әрине, оңды жаңалық. Бірақ дүркін-дүркін соққылардан соң кішкентай қуаныштың да қадірі жоғалатын сияқты.

Өткен аптада «карикатуралар соғысының» дабылы біраз кешігіп, ақыры Қазақстанға да жетті. Мұхтар Шаханов, Амалбек Тшан сияқты депутаттарымыз Парламент қабырғасында жоғарыдағы мәселені көтеріп, алаңдаушылықтарын білдірді. Бүгінде Қазақстанда 11 миллионнан астам мұсылман тұрады. Ислам әлемін толғандырған мәселелерді сырт айналып өте алмайтынымыз да сондықтан. Таяуда ғана Шымкентте даниялық тауарларға байкот жариялауды үндеген үнпарақшалар табылды. Бұл орайда Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы ел мұсылмандарын сабырлық пен тыныштыққа шақырып отыр. Ал, әлемдік жағдайға қарағанда, «карикатуралар соғысының» бүгін-ертең тыйылар түрі жоқ. Себебі от үстіне май құйып отырғандардың пиғылы ойдағыдай жүзеге асып жатыр.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары