АҒЫМ КӨБЕЙСЕ, АДАСУШЫ КӨБЕЙЕДІ
АҒЫМ КӨБЕЙСЕ, АДАСУШЫ КӨБЕЙЕДІ
Oңтүстік Қазақстан – қандастарымыз тығыз орналасқан әрі ұлтымыздың қаймағы бұзылмаған, ежелгі салт-дәстүрі де сақталған аймақ. Мұнда 2 миллионға тарта қазақтар тұрады. Кешегі 70 жылдық атеизм тұсында да дінді мансұқтап, апиын санаған, әрісі одақтық, берісі республикалық «Білім» қоғамы лекторларының тілін безеп, жиі-жиі із шиырлаған өңірі де осы аймақ. Партияның үлкенді-кішілі жиындарындағы баяндамаларда «ескіліктің сарқыншағы сақталған, қазақшылықтан арылмаған, артта қалған» деп бұл облыс үнемі сын тезіне алынып жататын. Әсіресе, Түркістан мен Сайрам, Отырардағы Арыстанбаб жиі аталатын.
Қызыл саясат қанша жерден кәрін тіккенмен, ұлтжандылық пен оның салт-дәстүрінен бастау болған Ислам дінін халық санасынан өшіре алмаған. Еліміздегі сол кездегі санаулы мешіттердің де дені сонда еді. Сол санаулы мешіттерге тек кебіс-мәсісін сүйреткен кемпір-шалдар баратын. Ол кейуаналар дүниеден озды. Олардың көзін көрген, тәлімін алған ұрпақтары ғана дінімізді бүгінгі күнге жеткізді. Тиіп-қашып, құжыраларда, әсіресе, көршілес Өзбекстанда діни білім алған қандастарымыз да сол Кеңес тұсында намазын үзбеген діндарлардың ұрпағы еді. Солардың дені бұл күндері еліміздің әр шалғайындағы ірі мешіттерді ұстап, имамдық етуде.
Ел егемендігімен бірге оралған дініміз енді-енді өз аяғынан тұрып келеді. Осы өңірде ғана 600-ден астам үлкенді-кішілі мешіт жұмыс істейді. Бұл еліміздегі ғибадатханалардың үштен бірінен астамы. Соның 100-ге жуығы Діни басқармаға тіркелмеген. Бір осы облыста ғана 108 жеке діни бірлестік қызмет етеді. Дініміздегі бірқатар ағым да осында тамыр жая бастаған. Арасында былтырғы сәуірде сот орындары тыйым салып, экстремистік ағымға жатқызғандары да бар. Олар бұған дейін ашық жағдайда өз насихатын жүргізсе, ал бұл күндері жасырын жағдайға көшкен. Соның бірі де бірегейі – «Хизбут-Тахрир». Дін атын жамылған бұл әлі күнге үнпарақшаларын жасырын таратуда. Бұлардың кейбір өкілдері Павлодар қаласында бой көрсетті. Бірқатар серкелері ұсталып, жауапкершілікке тартылды да. Шымкент қаласындағы облыстық орталық А.Қаттани, Біләл, Қождан ата Жиеней, Байғұт баба мешіттерінде салафилік жамағат ұшырасады. Мұнан біршама уақыт бұрын Біләл мешітіндегі сауат ашу курсына бір жылдай Азамат Қадіров деген ұстаздық етіп, шәкірттеріне салафи ағымы бойынша дәріс берген. Кейбір имам мен қаридың да сол ағымға бүйрегі бұрып, ыңғай танытуы жамағат арасына жік салуы мүмкін.
Ал, жеке діни бірлестіктер жамағатымызды өз мәзһабымыздан айыруға адастырушы ағымдар үшін қолайлы мүмкіндік ашпақ. Діни басқармаға қарамайтын мұндай үй ішінен үй тіккен діни бірлестіктер мешіттеріндегі имамдардың білім деңгейі, бағыт-бағдары, онда нені уағыздап әрі қалай, нені оқытып жатқаны белгісіз. Өзге ағымды ұстанушылардың солардың мешітін айналшықтайтыны айтпасақ та түсінікті.
Былтырдан бері Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі өзі бастап осы облыстың бірқатар аудандарында діни семинарлар өткізуі тектен тек емес. Өзге облыстарда мешіттер санының аздығына байланысты мұндай семинар бір рет өткізілуде. Былтыр Шымкент, Түркістан, Кентау қалаларындағы ғылыми-практикалық конференцияларға имамдардан өзге ғылым мен мәдениет, әкімшілік өкілдері көптеп қатысты. Бәйдібек ауданының орталығы Шаян кентінде Созақ, Түркістан, Ордабасы аудандары мен Кентау қаласының үлкенді-кішілі мешіттерінің имамдары мен молдалары бас қосып, келелі кеңес құрған еді. Сол дәстүр қақаған қыстың ортасында Сайрам ауданының орталығында жалғасты. Оған Сайрам, Түлкібас, Төле би, Қазығұрт аудандары мен Шымкент қаласының діндарлары қатысты. Семинар күнтәртібінде Діни басқармаға мешіттерді филиал етіп тіркеу барысы; діни уағыздың пәрменділігін арттыру; оқу-ағарту сапасын жақсарту; діни басылымдардың мазмұнын көтеріп, таралымын молайту арқылы түрлі ағымдар мен секталардың жолын кесу жолдары жайлы мәселелер өткір қойылды. Бұған қатысты ой-пікірлер мен ұсыныстар ашық айтылды.
Атап айтқанда: «Уағыз тек жұма намазында ғана емес, өзге бес уақыт намазда да жүйелі түрде айтылса жамағаттың діни-танымын арттырып қана қомай, олардың ғибадат үйіне көптеп келуіне қызығушылығын да оятар еді», – деген ұсынысты құп көрген Дінбасы имамдар мен молдаларға осылай етуді тапсырды. Жұма намазының қадір-қасиеті ерекше екені рас. Сондықтан одан жамағат қалмауға тырысады. Онда апта бойы дайындалып имам құтпан оқиды. Бес уақыт намаздан соң да 5-10 минут уағыз айтылса, соны тыңдау үшін де жамағаттың көбірек келуге тырысатыны сөзсіз. Екінші ұсыныс – арақ-шарапсыз өткен үйлену тойлары жайлы көбірек насихатталса, бұл халықты салауаттылыққа үндеуге тиісінше үлес қосар еді. Қазақ – тойшыл халық. Расында да бұл күндері тойлар көптеп өтіп жатыр. Өкінішке орай, арақ-шарап әлі күнге құйылып жатқаны да аз емес. Егер арақ-шарапқа қатысты ислами ұстаным тиісінше насихатталса, тойды өткізуші бауырларымыздың харамды дастарханға жолатпасы хақ. Бұл тұрғыда елжанды, ұлтжанды баспасөз құралдарына артылар жауапкершілік жүгі аз болмаса керек.
Үшінші ұсыныс – халық асыл дінімізге жаппай бет бұрып жатқанда қыз-келіншектер де арнайы діни оқу орындарында білім алғысы келеді. Шымкент қаласында мешіттер жанынан медресе ашуға болмас па екен? Бұл сауалды Шымкент қаласының тұрғыны Халида Қансейітова деген намазхан қарындасымыз қойды. Дінбасы Ә.Дербісәлі:
– Орынды мәселе көтеріліп отыр. Еліміздің бірқатар аймағынан медресе ашу көзделуде. Соның бірі Шымкент қаласынан ашылады. Одан қыз-келіншектер де білім ала алады. Мұндағы талап – медресенің оқу базасы бүгінгі күннің талабына сай болуы тиіс. Бұған дайындық жұмыстары жүріп жатыр, – деп жауап берді.
Шымкент қаласындағы бір мешіттің имамы Мұсабек Ақтанбердиев:
– Имамдардың білімін жетілдіру институтына тыңдаушылар саны әр облыстан ондағы мешіттер санына қарай белгіленсе, – деген тілек білдірді. Бұған Дінбасы:
– Осы ұстаным бойынша өткен жазда төрт айлық үшінші семестр жұмыс істеп, оған негізінен тыңдаушылар осы Оңтүстік Қазақстан облысының имамдарынан іріктелді. Алдағы кезде де осы басымдық сақталады, – деп тиянақты жауап қайтарды.
Мешіттерді тіркеу осы облыс үшін ең өзекті мәселеге айналды. Жоғарыда атап өтілген 108 діни бірлестікке қарасты мешіттердің дені Діни басқарма қарауына тіркелу үшін қажетті 17 мың теңгені таба алмай отырғаны, Бір Сайрам ауданында ғана 50 діни бірлестік бар екен. Семинарға қатысып, құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Өмірзақ Әметов бұл мәселені көп ұзамай шешетінін аңғартты. Былтырғы семинарда Бәйдібек ауданының әкімі Нұрмахан Жолдасов та осындай бастама көтерген-ді. Бұл игі бастама аудан мен ауыл әкімдері арасында одан әрі де қолдау тауып жатса, қане?!
Оңғар қажы ӨМIРБЕК, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы