ТҮМЕНДЕ ДЕ ҚАЗАҚ ТҮТІН ТҮТЕТКЕН

ТҮМЕНДЕ ДЕ ҚАЗАҚ ТҮТІН ТҮТЕТКЕН

ТҮМЕНДЕ ДЕ ҚАЗАҚ ТҮТІН ТҮТЕТКЕН
ашық дереккөзі
228

Oрманы нулы, топырағы шұрайлы Түмен жеріне ат ізін салған қазақтың алдымен осындағы қандас ағайындарды көруге асығатыны бар. Қызылжардағы «Ұрпақ» ұлттық қоғамдық ұйымының жетекшісі Сағындық Салмурзин екеуіміздің Ялуторов ауданының орталығына келгенде, іздеген адамымыз осындағы кәсіпкер азамат Кенесары Қуанышұлы Қойшы еді. Аққұба өңді, мығым денелі жігіт бізді көргеннен-ақ ширақ адымдап келіп, қазақы көңілмен қос қолын соза амандасып құшағына тартты.

Отыз алты мың үш жүз тұрғыны бар Ялуторовскіде не бары қырық-елу қазақ үйі бар екен. Сан жағынан екінші орында – он сегіз мың татар. Ресми деректерде 1661 жылы бұл жерде татарлардың Явлутор атты алғашқы қонысының іргесі қаланғаны айтылады. 1585 жылдың тамызында Көшім ханның қолынан ажалы жеткен қанішер Ермакты жұтқан Вагай өзені де осы тұста. Түмен қаласының атын жергілікті тарихшылар монғол түмендерімен байланыстырады. Одан бұрынырақта бұл жерді сармат аттарының тұяқтары дүбірлеткен. Осы өңірдегі Большой Ук өзенінің аты да «оқ», яғни «жебе» сөзінен шыққаны айғақталған дерек.

Тарихында түркі ізі сайрап жатқан Ялуторовскіде бүгінгі күні аз ғана қазақтың тілі мен мәдениетін сақтап қалу қиын мәселе болып тұр. Түмен облысының басқа аудандары сияқты Ялуторовскіде балаларды ана тілін үйретуге ешқандай жағдай жоқ. Бұған дейін бірден бір ұлт тәрбиесінің ошағы саналып келген «Жұлдыз» ұлттық мәдени орталығы қаржы тапшылығына байланысты жабылып қалыпты. Ялуторовскідегі ұлттар мәдениеті орталығының директоры Ирина Михайловна Пенкинамен сөйлескенімізде, ол осы жағдайдың себебін орталықтың ұлттар қолөнері мен мәдениетінің коммерциялық емес ұйым болып қайта құрылуына байланысты жергілікті бюджеттен қаржыландырылуы тоқтатылып, муниципалдық тапсырыс бойынша жұмыс істеуге көшуімен түсіндірді.

— Алайда біз «Жұлдыздың» жетекшісі Алма Қуанышқызын мәдени шараларға қатыстырып отырамыз. Жалпы жергілікті қазақ ұлттық ұйымына белсенді адамдар керек, — дегенді де қосып қойды.

Қаладағы ұлттар мәдениеті орталығында тұрақты жұмыс істеп тұрғандары – неміс, татар, славян және кавказ мәдени ұйымдары ғана. Татар тілінде «Янарыш» атты газет, жарты сағаттық теледидар және радио хабарлары, аптасына екі-үш сағат тіл сабақтары, «Очрашулар» атты кездесу кештері болып тұрады. Қап тауы аймағындағы күрделі саяси жағдайларға байланысты орталықтағы кавказдықтардың ұлттық бірлестіктерінің жұмыстары да жүйелі түрде жолға қойылған сияқты. Алманиядан ұдайы көмек алып тұратын неміс мәдени ұлттық ұйымының ауқымды жұмысы да еріксіз қызғаныш сезімін тудырады. Омбы баспасында, Алманияда басып шығарылған көз тартарлық әдемі мұқабалы кітаптардан сөрелер майысып тұр. Неміс тіліндегі газет-журналдар да жетерлік. Мүсәпір халге түскен қыр астындағы елінен көмек ала алмай жаутаңдап отырған «Жұлдыз» ғана.

Кенесары Қуанышұлы сияқты жүрегі «ұлтым» деп соғатын азаматтарды осы жағдай қатты алаңдатады. Осыдан да олар Қазақстанның солтүстік аймақтарымен рухани байланысты дамытуға аса мүдделі. Жаратылысынан еті тірі жігіт «Ялуторовсавторемонт» акционерлік қоғамының коммерциялық директорлығына да шет жерде еш адамның қолдап-жебеуіне сүйенбей өз еңбекқорлығымен, жігерлілігімен жеткен. Оның тасы өрге домалап тұрған шағын кәсіпорнында төрт жүзден аса адам еңбек етеді. Халық арасында сыйлы азамат қалалық Дума, әкімшіліктегі, Түменнің губерниялық үкіметіндегі кез келген басшымен оңай тіл табысатын беделіне өзіміз куә болдық. Маңдай терімен тапқан қаржысын бауырына баспай мұсылманшылдық жолымен екі ауданда мешіт салуға жәрдемдескенін қала қазақтары ризашылықпен айтып жүр. Құралайды көзге ататын мергендігі тағы бар. Қалалық аңшылар қоғамының сұрауымен өзгелердің жүрегі дауалай бермейтін аю, қасқыр атуды кәсіп қылғанына да едәуір болыпты.

— Осыны екі күн бойы ізіне түсіп аңдып әзер атып түсірдім, — дейді Кенесары төрде жатқан аю терісін көрсетіп, — Аса сақ, қатерлі аң. Жалғыз оқпен жанды жеріне тигізе алмай мүлт кетсең тырнағына ілігерің анық.

Алыста жүрген аз ғана ағайындардың арасында нар жігіттер аз емес екен. Бір-екі күнде өзіміз танысып үлгергендердің ішінде Түмен облысы Iшкі істер бөлімі бастығының орынбасары, полковник Қайрат Оразбайұлы Көшімов, «Поиск» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Есмұқан Жанетасов осындай қара орман орыс арасында қазақ атын асқақтатып жүрген мақтан етерлік ұлдарымыз. Түменде автомобиль спортын қайта түлеткен сегіз азаматтың бірі Есмұқан қанына сіңген ата кәсібін де қадір тұтып 250 қара мал, 100 жылқы, 300 қой-ешкі ұстап отыр. Жем-шөп дайындайтын 300 гектар жері бар.

— Ерінбеген қазақтың қолынан кез келген іс келеді, — дейді Есмұқан, — Осы отырған қасымызды алсақ та дәулетіміз, Аллаға шүкір, бір басымыздан жетіп артылады. Әрине, шетте жүрген соң өз еңбегіңе ғана сенесің, сол сенім жігер-қуат береді. Мұндағылар бізді мақтаса Қазақстанды мақтағандай марқайып қаламыз. Ел атын шығарғанымыз жақсы ғой. Кейде Қазақстанға көшуді де ойлаймын. Байыптап ойласам тап бүгін үдеріле көшу де дұрыс болмас. Біздерді онда қалай қарсы аларын кім біледі…

Есмұқанның үнінен ата жұртқа деген ыстық сезім де, әлдебір қобалжу да анық сезіледі. Жат жұрттан елім деп еңіреп жеткен талай оралман ағайындардың тауқіметті тіршілігінен хабардар сияқты. Көші-қон мекемелеріндегі тойымсыз жемқорлық, әділетсіздіктің тамырына балта шабылмаса, алыстағы ағайын көңіліне сенім ұялату мүмкін бе? Мәскеуге жылына сан рет сабылатын үкімет төрелері өзінің шет елдегі ағайынымен кездесіп, ашық сөйлесуден неге қашқақтайды? Біз Ялуторовскідегі дархан жанды, өр мінезді жігіттермен қимай қоштасып тұрып осы ауыр ойлардан арыла алмадық.

Марат Ермұқанов

Серіктес жаңалықтары