МЕРГЕН ЧЕМПИОНДЫҚ ТИТУЛЫН ҚОРҒАЙДЫ
МЕРГЕН ЧЕМПИОНДЫҚ ТИТУЛЫН ҚОРҒАЙДЫ
Тауық жылында дүниені дүр сілкіндіріп, IBA және WBO тұжырымдамасы бойынша кәсіпқой бокстан әлем чемпионы атанған Марат Мәзімбаев тағы да дайындық үстінде. Оған себеп, үстіміздегі жылдың көкек айында Екатеринбург қаласында өзінің чемпиондық титулын қорғауға бармақ.
Мараттың жеңісін қазақтар әлі ұмыта қойған жоқ. Бөркін аспанға атып, «Тусаң ту, Марат!» десіп қуанған күнді қайтып естен шығара қойсын?! Ұмытпағаны сол, батыр ұланының рингтегі тамаша жеңісін әлі күнге дейін аңыз ғып айтып жүргендер қаншама. Өзінің туған жерінде, өз елінің төрінде тұрып, жеңіс сыйлаған батыр ұл енді Ресейге барып, тағы да бақ сынамақ көрінеді. Ресей кәсіпқой бокс федерациясының ұйымдастыруымен Екатеринбург қаласының «Рингс» спорт кешенінде кәсіпқой бокстан халықаралық турнир өтпек. Ол турнирге Марат Мәзімбаев WBO әдісінен интерконтиненталь титулын қорғауға барады. Бұл кездесу турнирдің басты оқиғасы болмақ.
Аталмыш кездесудің алдында чемпиондық титулын қорғайын деп жатқан батырдың көңіл-күйін байқайықшы деген мақсатпен жолығып, әңгімелескіміз келген. Марат қазір дайындық үстінде екен. Біз оны «Қазақстан» санаториінен таптық. Аталмыш демалыс орны Медеу сауықтыру кешеніне жақын орналасқан екен. «Күнара таңертеңгілік Медеуге жүгіріп қайту үшін, осы демалыс үйін әдейі таңдадым»,–дейді Марат. «Неге күнара?» десем, «Бір күн жүгірсем, ертесі басқа жаттығулар жасаймын ғой»,–дейді. – Таңертеңгісін сағат жетіден бастап, бір жарым сағатқа дейін жүгіріп келемін. Одан кейін басқа жаттығулар басталады. Әрі демалыс орны ешнәрсеге алаңдамай жұмыс істеуіме де көп жеңілдіктер әкеледі. Әзірге біраз күн осында боламын да, содан кейін Екатеринбургке кететін шығармын, – дейді Марат. Ол жаққа бару-бармасы наурыз айының бас кезінде шешіледі екен. Онымен өзінің промоутері Герман Титов шұғылданып жатқан көрінеді. «Жаттығуларымды осында жалғастыра беруім де ғажап емес. Жуырда америкалық жаттықтырушым Нельсон Лопес келмек. Ол кісі келсе, бәрі шешіледі. Екатеринбургке бару-бармасымыз да сонда белгілі болады. Әзірге осындағы Олег Аркадьевич пен Жұмабек Сейдуалиев сияқты тренер ағаларыммен дайындық жүргізіп жатырмын. Таңертеңнен бастап, кешке дейін түрлі жаттығулар жасаймын. Бүгінгі процедураның бірі – ыстық ваннада массаж қабылдау, – деп күліп қояды.
– Жекпе-жектерімнің бірінде сол қолымды шығарып алғанмын, – дейді сол қолының шынтақ тұсын көрсетіп, – Бірақ ауырмайды. Соған қарамастан, күнделікті уқалап, массаж қабылдап жүрмін. Ертең жекпе-жекте қиналып қалмау үшін, барлық жағынан дайын болуым керек қой. Содан кейін, кешкілік тренажерныйға барам. Бір күн футбол ойнап жүгірем, бір күн жұдырықтасам. Әйтеуір, күні бойы шаршап-шалдығу үшін жұмыс істеп жатырмын. Алдын-ала шаршап жұмыс істесең, күні ертең жарыста шаршамайтын боласың. Бүгін де кешкісін сағат төрттен бастап, «Динамо» стадионына футбол ойнауға барам.
– Дайындық кезінде тамаққа да көңіл бөлетін шығарсың. Жекпе-жектің алдында арнайы диеталық тағамдар жейсің бе?
–Жоқ. Қандай тамақ күш береді, соның бәрін жей бересің. Қазақтың тамағының онсыз да күші мол ғой. Қазы-қартадан бастап, қымыз-қымыранға дейін іше бересің. Мықты болу үшін, күнде ет қайнатып жей берсең де болады. Ана тамақ, мына тамақ деп бөлмей-ақ, күш толтыратынның бәрін жей беріңіз.
– Мына демалыс орны ондай құнарлы тамақтың бәрін жасап беріп жатыр ма? Одан гөрі үйде тамақтан күтімің мол болмай ма?
–Неге? Мұндағы аспаздардың барлығы жақсы. Қалаған тамағыңды әзірлеп, уақтылы дайындап қояды. Кешікпей, уақтылы тамақтануға тырысам,–дейді Марат.
Мараттың қарсыласы Танзания елінің чемпионы, WBC әдісінде интерконтиненталь чемпионына ізденуші Франсис Миейуша көрінеді. Он бес рет кездесіп, соның бесеуін нокуатпен жеңген екен. Қарсыласы туралы әзірге мәліметтер ала қоймапты. «Франсис Миейушаның бір жекпе-жегі түсірілген бейнетаспаны проумоутерім тауып беремін деп уәде берген. Бір ғана жекпе-жегін тамашаласам, соның өзі маған жетеді. Ең бастысы, қалай жұдырықтасады, соны байқауға болады», – дейді. Бір қызығы, Маратта өткендегі қарсыласы Луис Дориа туралы да мәліметтер болмаған екен. «Бір бейнетаспасын көремін бе деп ойлап едім, бірақ таба алмадық. Есесіне, Луис Дориа менің бейнетаспаларымның көбін тамашалап үлгеріпті»,–дейді Марат.
Халықаралық турнирге Маратқа демеуші болып отырған тағы да Бауыржан ағасы екен. TSC Group Корпорациясының президенті Бауыржан Оспановтың «Әлем чемпионы атағы үшін» өткен жарысқа себепкер болғанын да білеміз.
— Бауыржан аға болмағанда, мені ешкім білмейтін де еді. Сол кісінің демеуінің арқасында, мені бүкіл қазақ танитын болды. Шынын айтқанда, менің өткендегі жеңісім – тікелей Бауыржан ағамның жетелеген жеңісі деп білем. Міне, осы жолы да ол кісі өзі демеушілік танытып жатыр. Әйтпесе, менің жалғыз өзім қалай барар едім?! Мені кім таныр еді? – дейді Марат Бауыржан Оспанов ағасына деген ризашылығын жасырмай. Шындығында да, аталмыш корпорация болмаса, Марат Мәзімбаев туралы ешкім білмес те еді. Өйткені, осы уақытқа дейін талай кездесулер өткізіп, солардың көпшілігінде жеңіске жеткен Ұлдың жетістіктерін білген біреу бар ма?! Өз қалтасындағы азғантай қаржысымен мұхит асып, талай-талай рингтерде жалғыз өзі жеңіске жеткенінде, қуанышын да бөлісер адам таппапты. Бізден басқа мемлекет болса, мұндай батыр ұландарын төбесіне көтеріп, әспеттейтін еді.
Ал, Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы болса, бұл жолы да жайбарақаттық танытып отырған сияқты. Турнирдің алдында тым болмаса, хабарласып, сәт-сапар тілеуді де ұмытып кетпесе болар еді, жазғандар!
Мараттың түрінен әзірге ешқандай қобалжуды байқамадық. «Неден қорқамын? Жақындаған кезде болмаса, әзірше көңілім орнында», – дейді чемпион. Көкек айында өткізіледі деп жоспарланып отырған турнирді Ресейдің «Бірінші арнасы» мен «Спорт» телеарналары көрсетпек. Ал қазақстандық телеарналардың көрсету-көрсетпеуі әзірге белгісіз.
Гүлзина Бектасова