Пол Браммелл: ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНІП ЖҮРМІН

Пол Браммелл: ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНІП ЖҮРМІН

Пол Браммелл: ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНІП ЖҮРМІН
ашық дереккөзі
282

Cабырлы. Салмақты. Артық сөзі жоқ. Қойылған сұраққа нақты жауап береді. Құйтұрқы сұрақтардың тігісін жатқыза біледі. Бойында ағылшын ақсүйектеріне тән кінәздік, тектілік қасиеттері де бар сынды. Ұлыбританияның Қазақстан мен Қырғызстандағы Өкілетті және Төтенше елшісі Пол Браммеллдің қазақ-қырғыз елдеріндегі елшілік қызметіне кіріскеніне көп бола қойған жоқ. Бірақ Пол Браммелл отандық журналистердің ерекше назарында. Бұндай ынтызарлықты Ұлыбритания мен әлемде болып жатқан саяси оқиғалармен ғана байланыстыруға болмас. Жаңа елші журналистердің көңілін аулай біледі. Нағыз дипломат.

— Пол Браммелл мырза, әңгімемізді қазақ-британ байланыстарынан бастасақ. Кейбір сарапшылар қазақ-британ қарым-қатынастары үш негізді — мұнай, мәдениет және білім салаларын ғана қамтиды дейді. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

— Меніңше, жаңа айтылған мәселелердің әрқайсысы да маңызды. Мұнай саласын алар болсақ, әрине, бұл саладағы қазақ-британ қарым-қатынастары өте тығыз: көптеген британ компаниялары Қазақстанда жұмыс істейді. Егерде мәдениет саласын тілге тиек етсек, Ұлыбритания тарапынан қазақ мәдениеті мен тарихы, қазіргі қоғамдағы мәселелері аса үлкен қызығушылық туғызады. Қазақстан жағына да Ұлыбританияның мәдениеті қызықты сияқты. Бұл жерде айта кететін ең қызықты жәйт, қазақ-британ мәдениеті арасындағы өзара ынтымақтастық пен өнер алмасу процесінің жаңа белестерге көтеріліп жатқаны. Мұның ең бір үлкен көрінісі — белгілі қазақ скрипкашысы Марат Бисенғалиев пен британдық скрипкашы Пол Дженкинстің екі арадағы шығармашылық ынтымақтастығы дер едік. Сіздің айтып кеткен үшінші салаңыз — білім саласы. Бұл да өзара ынтымақтастықтағы өте маңызды салалардың бірі. Жастар — әрбір елдің болашағы. Екі елдің жастары өзара ынтымақтасып, жақсы білім алып жатса қандай жақсы?! Білім саласы бойынша екі ел арасындағы өзара байланыстың жемісін "Болашақ" бағдарламасынан-ақ көруге болады. Осы бағдарлама бойынша, келесі жылы Ұлыбританияда 500-дей қазақ жастары білім алмақ.

Сол сияқты Қазақстанда ашылған Қазақ-британ университетінің де өзара білім алмасудағы орны зор. Өз тарапымнан айта кеткім келеді, қазақ-британ қарым-қатынастары жоғарыда айтылған үш саланы ғана қамтымайды. Екі жақты байланыстар сан алуан салаларға ұласқан. Атап кетер болсақ, есірткіге қарсы күресте өзара ынтымақтастық, энергетика саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тағысын тағылары… Әрине, айта кететін мысалдар көп. Өткен айда Лондонда өткен Ауғанстанды қайта құру мәселелеріне арналған конференцияға Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев та қатысып, ауған елін қайта қалыптастыру мәселелері бойынша өзара пікір алмасулары қазақ-британ қарым-қатынастарының тағы бір мысалы болып табылады.

— Бүгінде Қазақстанға құйылатын Британияның инвестициялары 4,5 миллиард АҚШ долларын құрайды екен. Десек те, Британ жағы елімізде инвестициялық климаттың жақсара түсуін қолдайтын сияқты. Бұл жайында не айта алар едіңіз?

— Меніңше, қолайлы инвестициялық климаттың болуы Қазақстан үшін де маңызды. Көптеген жылдар бойы Британия үкіметі шетелдік тікелей инвестициялар үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ету бағытында қызмет етті. Біздің ойымызша, осы мәселеде Британияның тәжірибесі мол. Бұл орайда Қазақстанда да тәжірибе алмасу жақсы деңгейде болады деп сенеміз. Былтырғы жылы Қазақстан "Жариялылық бастамасына" негізделген келісімшартқа қосылды. Біздің ойымызша, бұл үлкен оңды қадам. Бұндағы бастаманың негізгі мақсаты — өндіруші салалардағы жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ету.

— Бір қызығы, Қазақстанмен өзге мемлекеттер байланыс орнатқысы келсе, көбіне мұнай-газ салаларында ғана жұмыс істегісі келеді. Қазақстанмен өзге салалар бойынша байланыс орнатуға болмай ма?

— Қазақстан-британ байланыстарының тарихына қарайтын болсақ, негізінен екіжақты қарым-қатынас мұнай және газ саласына инвестиция құюдан басталған. Бірақ бұл инвестициялардың бәрі де тек мұнайға барады деген сөз емес. Бүгінгі таңда Британия инвестициялары қаржы секторына да құйылуда. Бұл орайда біз қазіргі кезде Қазақстан үкіметінің өндіріс саласындағы ғана емес, экономикалық диверсификациялау бағытындағы жұмысын бақылап отырмыз. Біздің ойымызша, британ компанияларының бұл процесте алар орны ерекше. Мысалы, қазірде Қазақстандағы британ компаниялары мұнай химикаттарын дайындау ісіне атсалысып отыр. Мұнайдан тыс саладағы байланыстарды айтсақ, "Эйр Астана" компаниясын тілге тиек ету керек. Тағы бір мысал, жақында Қызылорда қаласында "Пилкингтин глас" пен Қазақстан инвестициялық банкы құрған кәсіпорын ашылды. Ол зауыт әйнек шығарумен айналысады. Сондықтан, британ компаниялары мұнайдан тыс өзге де салаларда қызмет етуге мүдделі.

— Еліміздің энергетика саласында "Бритиш газ", "Шелл" ағылшын-голланд консорциумы жұмыс істейді. Әсіресе мұнай саласында оқта-текте дау-дамайлар болып тұрады. Мұнай саласында қызмет ететін компаниялардың көбіне жергілікті тұрғындардан гөрі, шетелдік мамандарды тартып жатқаны, экологиялық нұқсандар, т.б. келеңсіз жайттар туындап жатады. Британ компаниялары осы мәселелерді қалай шешуде?

— Әрине, сіздің жоғарыда айтып өткен салаларыңыз Қазақстан үшін өте маңызды. Сондықтан Қазақстанда мұнай және газ саласының дамуы үшін жергілікті жұмысшылардың кәсіби шеберлігі мен жұмыс қабілеттілігінің артуын қамтамасыз ету, мұнай өңдеуден экологияға нұқсан келтірілмеуін қарастыру өте маңызды. Мен Қазақстанда жұмыс істеп жүрген ағылшын компанияларының жоғарыдағы мәселелер бойынша берілген есептеріне дән ризамын. Қазіргі кезде Қазақстанда жұмыс істейтін компаниялар қазақстандық инвестициялар үшін келіп отыр, дегенмен, олар жергілікті тұрғындардың кәсіби қабілеттілігін арттыруға да қызмет етіп келеді. Дегенмен, мұнда Британия компанияларымен жұмыс істейтін шетелдік мамандар да қажет, бірақ олардың мұнда жұмыс істеуге рұқсат қағаздары болуы шарт. Бұл мәселені қарастырумен қатар, британиялық компаниялар жергілікті халықтың жұмыс қабілеттілігінің дамуына өз үлесін қосып келеді.

Егер Ұлыбританияның тарихына көз жүгіртсек, біздің еліміз көбіне мұнай өндірісін Солтүстік теңізде жүзеге асырып келген еді. Онда да шетелдік тікелей инвестициялар көп құйылған болатын. Сондықтан да британ үкіметі олардың жақсы жұмыс істеуіне бар жағдай жасады. Осы арқылы жергілікті халықтың жұмыс істеу қабілеттілігі де көтерілді. Осы тәжірибеге арқа сүйей отырып, Қазақстандағы британ компаниялары жергілікті жұмысшылардың да жұмыс істеу қабілетін арттыруға мүдделі.

— Ал, экологиялық мәселелер қалай шешілуде?

— Қазақстан үшін экологияның сақталуы үлкен мәселе, маңызы да зор. Каспий теңізінің бассейнін алар болсақ, ол өте маңызды экологиялық аймақ. Қазақстан үкіметі мұнай-газ индустриясының экологияға зиян тигізбеуі төңірегінде жұмыс істеуі қажет. Бұған ерекше көңіл бөлген жөн. Бүгінгі күні мұнай-газ саласында қандай да бір келісімшарттарға қол қойылса, ондағы шарттардың бірі — экологиялық мәселе болып табылады. Яғни, мұнай өңдейтін аймақтарға экологиялық нұқсан тигізбеу мәселесі қарастырылған.

— Мұнайдан тыс Қазақстанның қай салалары британ инвесторларының ерекше қызығушылығын туғызады? Мәселен, туризм саласына деген қызығушылық қандай?

— Меніңше, бүгіннің өзінде инвестиция құярлықтай жаңа салалар баршылық. Қазіргі кезде басты мәселе — жаңа салаларды айқындау емес, бірақ Қазақстанда инвестициялық климаттың жайлы болып, шетелдік компанияларға бизнеспен айналысуға жақсы жағдайдың қалыптасуында. Қазақстан — өте үлкен, табиғаты әсем мемлекет. Бұл орайда британиялықтардың туристер ретінде Қазақстанға көптеп келуі де алдағы уақыттың еншісінде болса керек.

— Өзіңіздің бір сөзіңізде Британияның Қазақстанмен арадағы байланысы адам құқықтарының сақталуына да негізделеді деген едіңіз. Сіздің пікіріңізше, елімізде адам құқықтарының жағдайы қандай?

— Адам құқының сақталуы — ең өзекті, бірақ бәрімізге де қажетті әрі маңызды мәселелердің бірі. Өткен жылы Қазақстан үкіметі "Саяси және азаматтық құқықтар жөніндегі" халықаралық пактіге қол қойды. Біз өз тарапымыздан Қазақстанның осы қадамын қолдап отырмыз. Өз кезегінде Британия үкіметі Қазақстан үкіметімен, азаматтық қоғаммен бірлесіп халықаралық пактілердегі міндеттерді орындау бойынша жұмыс істеуге дайын. Осы бағытта елшіліктің қатысы бар үш мәселені мысалға келтіргім келеді. Біріншіден, үкіметтік емес ұйымдар және жергілікті билік органдарымен жергілікті бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету саласында жұмыс істеу. Екінші мәселе — Жоғарғы сот өкілдеріне тренинг өткізу. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен жүзеге асты. Үшінші мәселе — Қазақстан үкіметі мен азаматтық қоғамдық ұйымдармен бірге полиция камераларының қоғамдық бақылауын жүзеге асыру бағытындағы жобалар.

— Кезінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Британия телеарналарының бірінде Қазақстан жайлы сатиралық хабар жүргізетін Саша Коэннің әжуаларына қатысты алаңдаушылығын білдірді. Бұл жайында не айта алар едіңіз?

— Әрине, мен ағылшын телеарнасында "Борат" атты лақап атпен шығып жүрген адамның қылықтарына байланысты қазақ халқының алаңдаушылығын түсінем. Бірақ Саша Коэннің хабарын көрген кез келген көрермен оның қазақ халқының атынан сөйлеп тұрмағанын түсінеді. Бұл бағдарламаны көрсеңіз, "Бораттың" сөздері болсын, не әлдебір қылықтары болсын, әйтеуір мұның бәрінің қазақ халқына тән еместігі бәріне аян. Мұны көрермен де түсінеді. Әрине, бір жағынан, бұл кейіпкердің басты мақсаты — Қазақстан халқы жайлы ақпарат тарату емес, бірақ бұл жайт батыс мемлекеттері тұрғындарының Қазақстан жайлы білімдерінің аздығын көрсетеді. Британияда сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігі өте жоғары. Егер Саша Коэн осындай бағдарлама жүргізіп жатса, Үкімет оған ештеңе де жасай алмайды.

— Ал, бұл бағдарламаның пайда болу себебін білесіз бе? Еуропада "Қазақстан" тақырыбы соншалықты қызық па?

— Әрине, сіздің сұрағыңыз өте орынды. Мүмкін, сіздің сауалыңызды Саша Коэннің өзіне қойып, оның бұл бағдарламаны неге ашқанын өзінен білу дұрыс болар. Бірақ мен өзімнің жеке ойымды айтар болсам, бұл бағдарламаның пайда болуына басты себеп — Ұлыбританияда Қазақстан жайлы ақпараттың аздығынан деп ойлаймын. Бұл орайда негізгі мәселе — Ұлыбританияда Қазақстанның қандай мемлекет екенін, қазақ халқының қандай ұлт екенін түсіндірумен қатар, "Борат" кейіпкерінің қазақ халқына, тіптен, ұқсамайтындығын көрерменге жеткізу болуы керек.

— Әлемді дүрліктірген Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың карикатураларына байланысты дау-дамай жайлы әңгіме қозғасақ. "Карикатуралар соғысын" өркениеттер текетіресі деп атап жүргендер де бар. Сіздің ойыңызша, дау неден туындады? Оның нағыз себебі неде?

— Мен өзімнің тарапымнан Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарға жасалынған карикатуралардың әлемде үлкен реакция туғызғанын өте жақсы түсінемін. Және бұл өте өкінішті жағдай. Сөз бостандығы адамдардың діни-наным сенімі бойынша кемсітушілікке, мұқатушылыққа әкеп соқпауы тиіс. Бұл сөз бостандығын ақтамайды. Екінші жағынан, Данияның елшілігінен бастап, өзге де еуропалық мемлекеттер елшіліктерінің алдында орын алған зорлық-зомбылықтарды да ештеңе ақтай алмайды.

— Негізі соңғы кездері ислам әлеміне қатысты дау-дамайлар көбейіп, "терроризм" сынды негізсіз жалалар жабылып жатыр ғой. Шынымен-ақ, қазір өркениеттер текетіресі өршіп тұр деуге бола ма?

— Ислам мен терроризмді сабақтастыру барып тұрған қате! Ислам — дүниежүзіндегі ең үлкен діндердің бірі. Исламның ғылыми, шығармашылық, т.б. салалардың қайнар көзі болып келе жатқаны белгілі. Кішкентай лаңкестік топтардың ислам атын жамылуы олардың дінге қандай да бір қатысын білдірмейді. Меніңше, бұл мәселе өркениеттер арасындағы текетірес емес. Әлем жұртшылығы бірігіп, террористерге қарсы күрес жүргізуі керек. Ұлыбританияда мұсылмандардың үлкен тобы тұрады. Сондықтан Ұлыбритания Үкіметінің исламға деген құрметі өте зор.

— Жақында британ әскерилерінің Басра қаласында кішкентай балаларды ұрып-соққанын көрсететін видеотаспа әлем БАҚ-ынан көрсетілді. Жалпы, американ және британ әскерилерінің Иракта жергілікті халыққа көрсетіп жатқан қоқан-лоқысы жайлы даулар жиі көтерілетін болды. Бұның себебін сіз түсіндіре аласыз ба?

— Видеотаспадағы әскерилердің әрекеті айыптарлық. Қазір осы іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Бірақ, жалпы алатын болсақ, Иракта әскери борышын өтеп жүрген британдық және американдық әскерилердің жергілікті халыққа деген қарым-қатынасы өте жақсы. Сондықтан жоғарыдағы мәселе кішкентай әскери топқа ғана айтылуы тиіс. Бұдан бүкіл британ әскерилерін қаралауға болмайды. Британиялық және американдық әскерилердің, сол сияқты екі бірдей мемлекет Үкіметтерінің басты мақсаты — Ирак мемлекетін қайта құру, демократиялық елге айналдыру.

— Қазақстанда мемлекеттік тіл мәселесі — толыққанды шешілмеген проблема. Сіздің сенім грамотасын мемлекеттік тілде қабыл алғаныңызға қазақ халқы дән риза. Сіздің ойыңызша, елімізде тіл мәселесін қалай шешуге болады?

— Кешіріңіз, мен қазақша кішкене білемін (қазақша сөйлейді – К.Т.). Өкінішке қарай, мен қазақ тілінде өзімнің қалауымдай сөйлей алмаймын. Қазақ тілі — өте әдемі, тарихи тіл. Қазақ тілін жақсы біліп, түсінуге тырысамын. Менің бақылауым бойынша, қазір Қазақстанда қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келеді. Қазақша меңгергендер саны артып барады. Әрине, қазақ тіліне қатысты заңнамаларға сай мәселені шешу — Қазақстан Үкіметінің міндеті.

— Негізі тілді меңгеруге талпынып жатырсыз ба? Тіл курстарына барып дегендей…

— Басында грамматикалық жағынан тілді меңгеруді бастағанмын, бірақ елші болған соң уақыт тапшы. Бірақ бос уақыт тапқан бойда грамматикалық кітабымды қолға алып, қазақ тілін үйренуге тырысамын.

— Пол Браммелл мырза, сұхбатыңызға көп рахмет! Сізге мол табыстар, елшілік жұмысыңызға сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары