ШЫМКЕНТ ҚЫСТАН ҚИНАЛЫП ШЫҚТЫ

ШЫМКЕНТ ҚЫСТАН ҚИНАЛЫП ШЫҚТЫ

ШЫМКЕНТ ҚЫСТАН ҚИНАЛЫП ШЫҚТЫ
ашық дереккөзі
503

Үстіміздегі жылы қыс мезгіліндегі қалың қар мен шыңылтыр аяз қалалықтарды қаттырақ қарып өтті. Яғни, алдағы қысқа дайынбыз деп әкімдердің алдында сүйінші сұраған жауапты жандар, қақаған қыста қара бұқараны айтарлықтай әбігерге салды.

Мәселен, тарқатып айтар болсақ, күн суымас бұрын қалалық әкімшілікте өткен, алқалы жиында мамандар қаладағы 1607 көпқабатты үйдің 1437-сі қысқа даяр, ал қалған 170 үй дайындалу үстінде екендігі айтылған. Өкінішке орай, алғаш жауған қар қаланың қысқа дайындығын да, орын алған кемшіліктердің біршамасын да айғақтап өтті. Яғни, Ж.Адырбеков көшесіндегі №39, Рашидов көшесіндегі №110, Жангелдин көшесіндегі №13 үй тұрғындары сол сәтте жылудың жоқтығын айтып жанайқайлатты. Сондай-ақ, өткен жылы бюджет қоржынынан 12 млн. теңге қарастырылып “Сайрам”, “Теріскей” мөлтекауданындағы жылу құбырларының 800 метрі ауыстырылыпты. Және Ж.Адырбеков, Н.Төреқұлов көшелеріндегі жылу құбырларының да біршама бөлігі ретке келген. «ИЗ Жылэнергоорталыққа» қарасты ыстық су желілері департаментінің бастығы Әбсаттар Думановтың сөзінен “Отырар” мөлтекауданындағы тұрғындар да қытымыр қыстан жаурамай шығуы тиіс болатын. Алайда, аталған мөлтекаудан тұрғындары қыс бойы “тоңа, тоңа мұз болдық” деп, мардымсыз жылудың жырын айтып редакциямызға қайта­қайта қоңырау шалумен болды. Тағы бір айта кетер жайт, табиғаттың тосын мінез көрсетіп, күннің қатты суыған шағында «Южполиметалл» АҚ қарасты ТЭЦ­2 жылу орталығының жұмысы істен шықты. Яғни, жылыту қазандықтарына отын ретінде пайдаланар газдың себепсізден-себепсіз бірден тоқтап қалуынан құбыр ішіне ауа кіріп, жергілікті тұрғындардың көп бөлігі жылусыз қалған.

Қала тұрғындарын қаңтар айының ортасында жолдардағы көктайғақ та зәрезап етті. Яғни, автокөлік иелері “жолға не құм, не тұз себілмеуде” деген наразылықтарын білдірді. Негізінен көктайғақтан құтқарушы мекеме “Югдосервис” ЖШС жыл көлеміне жоспарлап 3300 текше метр құм мен межеленген 120 тонна тұздың 50-ақ тоннасын қаңтар айының ортасында түсірген. Яғни, қысқа дайындық қаңтарға дейін жүргізілмеген. Мұның себебі, құм мен тұзға арналған тендердің қыс ортасында өткізілуінен екен. Қолда бар мәліметтерге көз тастасақ, 2006 жылдың екі аптасында қалада 36 жол-көлік оқиғасы орын алып, 2 адам о дүниелік болған. Және 42 адам түрлі дене жарақаттарын алыпты.

Қалаға қалың жауған қар білім ордаларына да біршама шығын алып келді. Яғни, Қ.Казиев атындағы №71 мектеп пен Т.Тәжібаев атындағы №47 мектептің шатыры қалың жауған қарды көтере алмай қалған. Бұл білім ордаларында орын алған төтенше жағдай қаладағы бірді-екілі балабақша мен №1 олимпиада резервтерін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің кешенді мамандырылған спорт мектебінде де қайталаныпты. Және де Шымкент қаласында орналасқан Қарлығыш санаторийлерінің қалың қардың ауырлығын көтере алмай құлап қалса, Шәмші Қалдаяқов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық концерттік бірлестігінің ішіне, еріген қардың суы жаңбырша аққан.

Қалалық білім беру бөлімінің бас маманы Пазылхан Асауовтың сөзіне жүгінсек, бүгінгі күні №71 мен №47 мектептегі құрылыс жұмыстары бітіп те қалыпты. Ал №125 балабақша бұдан былай жұмыс істеуге жарамсыз болып табылған. Қалған білім ордаларындағы жағдай да жуық арада шешілуі тиіс.

Бір қызығы, жаз айларында жүрген ағымдағы жөндеу жұмыстарында мектеп басшылары шатырдан шатақ шықпайды деп ойлаған болуы керек, шатырларға ешқандай жөндеу жұмыстарын жүргізбепті.

Айтып-айтпай не керек, қытымыр қыс қалалықтарды қаттырақ қарып өтті. Әсіресе, күн көзінің бірден суытып, қалың қардың түскен кезінде қара бұқараның “жылу жоқ” деп жанайқай салғаны құзырлы мекемелердің қысқа қаншалықты дайындалғандығын көрсетті. Не де болса, келер жылы бұл жағдай қайталанбаса болғаны.

Қайрат ЗАЙНИШЕВ

Серіктес жаңалықтары