Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының МӘЛIМДЕМЕСI

Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының МӘЛIМДЕМЕСI

Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының МӘЛIМДЕМЕСI
ашық дереккөзі
437

Мейiрiмдi, рахымды Алланың атымен бастаймын!

Соңғы кездерi ирактық мұсылман бауырларымыз шиит және суннит болып бөлiнiп, бiрiнiң мешiтiн бiрi жаруда. Одан бейкүнә жүздеген адамдар қаза тауып, қасiрет шегуде. Жуырда бұл аздай бүкiл әлем мұсылмандары тағы да бiр қанқұйлы қылмысқа куә болды. Ирактың Самарра қаласындағы Ислам үшiн қасиеттi орын Алланың үйi – мешiт күштi жарылыстан қатты бүлiндi. Бұл жауыздық барлық мұсылмандардың жүрегiн ауыртты. Пайғамбарымыз Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) үмметтерi қаскөйлердiң бұл iс-әрекетiн айыптап, оған өз наразылықтарын бiлдiруде.

Қазақстанның мұсылман қауымы Ирак халқының қасiретiне жаны ашып, қайғысына ортақтасуда. Елiмiздiң барша мұсылмандары достас Ирак елiндегi дiндестерiне өз ынтымақтастығын бiлдiруде. Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы бұл елдегi кикiлжiңнiң көп ұзамай бейбiт жолмен шешiлуiне үмiт артады. Қазақстан Мүфтияты Ирактың шииттерi мен сунниттерiн өзара келiссөз жүргiзiп, ортақ бiр мәмiлеге келуге шақырады.

Ислам дiнi де өзiнiң негiзгi қасиеттi қайнар көзiнде мұсылмандарды бiрлiк пен ынтымаққа шақырып, бөлiну мен кикiлжiңнен сақтандырады:

«Алла тартқан желiден (дiннен) бекем ұстап, айырылмаңдар. Алланың өздерiңе жасаған рахымын еске алыңдар… Соның рахымымен табысып, туыстасыңдар» («Ғимран» сүресi, 103-аят).

«(Барлық iсте) Аллаға және оның пайғамбарына бойсұныңдар, өзара тәжiкелеспеңдер, әйтпесе әлсiрейсiңдер, бойларыңнан қуат қашады» («Әнфал» сүресi, 46-аят).

Ислам сонымен қатар өзгенiң қасiретiн сезiнiп, оны жеңiлдетудi мұрат тұтады. Өзiнiң барша қауымын бiртұтас ағза деп бiледi. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтқандай: «Егер оның (ағзаның) бiр жерi сыздаса, онда бүкiл тұла бойы да ұйқысыздық пен безгектен ауырғандай қиналады» (Хадистi Мүслим мен басқалар жеткiзген).

«Мүмiндер анығында бiр-бiрiмен (дiн) ынтымағындағы жандар» («Хужурат» сүресi, 10-аят), – деп Құранда айтылғандай Ислами сенiмдегiлер өзара бауыр екенiн сезiнуi тиiс.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) нұрлы Мәдинаға көшiп келгенде ең алдымен мұхажирлер мен ансарларды бiр-бiрiмен бауырластыруға күш салды. Алла Тағаланың рахымымен және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) себепкерлiгiмен олар қуанышы да, қайғысы да ортақ нағыз бауырларға айналды. Бұл жайлы Қасиеттi Құранның көптеген аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бiрқатар хадистерiнде баяндалған.

Алла араздасушыларды татуластырғанды жақсы көредi. Ирактық дүрдараз екi жақты қайта табыстыруға Қазақстан Республикасының Мүфтияты ара-ағайындық мiндетiн атқаруға дайын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қарқынды даму үстiндегi Қазақстан Республикасы бiртұтас Еуразия құрлығындағы бейбiтшiлiк өркен жайған мамыражай аймаққа айналды. Расында да бiздiң елдiң Ирактағы бауырларымыздың арасындағы қантөгiстi тоқтатуға тиiсiнше үлес қосары сөзсiз.

Қазақстан мұсылмандары бұл елдiң жiкке бөлiну себептерiн жоюға және ортақ мүдделер үшiн ынтымақ пен бiрлiктi күшейтуге өз күш-жiгерiн жұмылдыруға ынталы. Шынайы мұсылман жер шарының қай жерiнде өмiр сүрмесiн ол барша үметтiң айырылмас бiр бөлшегi ретiнде әлемнiң әр аймағындағы мұсылмандардың басындағы қайғы-қасiретiн жан-жүрегiмен сезiнедi. Шынтуайтына келсек, бұл iзгi қасиет Ирак мұсылмандарының ынтымағы мен бiрлiгiн қайта қалпына келтiруге берiк негiз қаламақ.

Алла сүйген iзгi амалды жүзеге асыру үшiн ҚР Мүфтияты өз бастамашылығымен бауырлас Ирактың сунниттерi мен шииттерiн ымыраластыру мақсатын көздеп Алматыда халықаралық конференция ұйымдастырып, өткiзудi ұсынады.

Қасиеттi Құранда: «Алла жақсылық жасаушыларды сүйедi», – деп әлденеше аятта атап көрсетiлген.

«Иман келтiрiп, iзгiлiк жасағандардың iстеген жақсы iстерiн Бiз ешқашан жоққа шығармаймыз», – дейдi Алла Тағала Қасиеттi Құран Кәрiмде («Каһф» сүресi, 30-аят).

Мәлiмдемемiздi «Әлемдердiң Раббысы Аллаһқа мадақ!» – деумен аяқтаймыз.

Қазақстан Мұсылмандары дiни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Әбсаттар қажы Дербiсәлi

Серіктес жаңалықтары