ӘЙЕЛДЕР ДЕ БИЗНЕСПЕН АЙНАЛЫССА

ӘЙЕЛДЕР ДЕ БИЗНЕСПЕН АЙНАЛЫССА

ӘЙЕЛДЕР ДЕ БИЗНЕСПЕН АЙНАЛЫССА
ашық дереккөзі
285

Соңғы он-он бес жыл көлемiнде БҰҰ-ның басшылығымен әйелдердiң қоғамдағы орны мен олардың жағдайларын жақсарту үшiн көптеген зерттеулер жүргiзiлуде. Бұл зерттеулердiң нәтижелерi көптеген мемлекет өкiлдерiнiң қатысуымен әлемдiк

дәрежеде өткiзiлген мәслихаттар мен форумдарда ең өзектi мәселе ретiнде талқылануда. Олардың шешiмдерi жоғары дәрежеде өз орнын тауып, бiрқатар мемлекет басшылары мен қоғамдық ұйымдарға нақты ұсыныстар жолданды. Соның нәтижесiнде өткен жержүзiлiк конференцияларда тең құқықтар мен тең мүмкiндiктер жан-жақты талданып, басты мәселенiң арқауына айналды. Қазақстандағы әйел жағдайы және гендерлiк теңдiк жөнiнде өзiндiк ойы бар, Iскер әйелдер қауымдастығының мүшесi Майко Сағындықова бiзге де осы мәселелер төңiрегiнде сұхбат берген едi.

— Майко Оразымбетқызы, 2005 жылдың 28 қазанында “Қазақстандағы әйелдер жағдайы және Гендерлiк теңдiк” атты БҰҰ-ның Даму бағдарламасының таныстырылғанын бiлесiз. Онда қандай мәселе көтерiлдi?

— Бұл шараға БҰҰ-ның тұрақты өкiлi Юрико Шоджи бағдарламадағы деректiң қажеттiлiгiн және оның маңызы зор екендiгiн атап өттi. Ал Ресей ҒА халықтың әлеуметтiк-экономикалық проблемалары институтының ғылыми қызметкерi Марина Баскованың пiкiрiнше, Қазақстанда әйелдер бүгiнде нарықта, экономиканың кез келген саласында белсендi қызмет атқаруда және бiлiм деңгейi ер азаматтарға қарағанда жоғары. Бiрақ, жалақыны олармен салыстырғанда шамамен 40 пайыз төмен алады. Дегенмен, бұл бағдарлама әр мемлекет пен олардың Үкiметiне өз қызметiнде қоғамдық қатынасты жақсартуға байланысты шаралар жасауға көп көмек бердi. Атап айтқанда, Қазақстан 1998 жылы БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсiтудiң барлық нысандарын жою туралы конвенциясына қосылды. Үкiметтiң 2003 жылғы қарашадағы 1190 қаулысымен Қазақстан Республикасындағы Гендерлiк саясат тұжырымдамасы қабылданды. Бұл қаулы елiмiзде әлеуметтiк мәселелердi шешуге ат салысып жүрген 5 мың үкiметтiк емес ұйымдарға (ҮЕҰ) үлкен мүмкiндiктер туғызды. Олар тұжырымдаманың шешiмдерiн қолдай отырып, гендерлiк саяси мәселелердi жүзеге асыру жолында жұмыс қарқынын ұлғайта түстi.

— Ал 2004 жылғы қыркүйекте Астанада өткен Қазақстан әйелдерiнiң 4-форумында Елбасы Үкiмет пен Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссияға жоғарыда аталған тұжырымдаманың негiзiнде “Гендерлiк теңдiк стратегиясын” әзiрлеудi тапсырды. Бұл жөнiнде қандай шаралар атқарылып жатыр?

— ҚР-да 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлiк теңдiк стратегиясы 2005 жылдың соңында ҚР Президентiнiң жарлығымен бекiтiлдi. Бүгiнде әйелдердiң гендерлiк саясатымен айналысатын 150-ден астам ұйым бар. Олардың ұстанған мүдделерiне әйелдерге зорлық-зомбылықпен күресу, гендерлiк бiлiм беру, гендерлiк зерттеу, заңнаманы сараптау кiредi. Дегенмен барлық әйелдер ұйымының бiр ғана мақсаты — ол әйел мен ер азамат арасында теңдiкке жету. Бұлардың арасында белсендi түрде көрiнiп жүрген ұйымның бiрi — Iскер әйелдер қауымдастығы. Бұл ұйымды 10 жылдан берi ғылым докторы Р.Сәрсембаева басқарып келедi. Алға қойған мақсаты — әр бағытта бағдарлама жасап, оған барлық облыста тұратын, әр салада жұмыс iстейтiн әйелдердi тарту. Осындай бағдарламаларды iске асыратын үкiметтiк емес әйелдер ұйымының көптiгiне қарамастан, барлық облыс орталығынан 16 бөлiмше ашылды. 1999 жылы елiмiздегi БҰҰ-ның өкiлi “Sida” деген ұйымның көмегiмен бiрiншi рет “Қанатты әйел” ұлттық жәрмеңкесi өттi. Бұл ұлттық жәрмеңке жобасына “Тенгизшевройл”, “Шеврон”, т.б демеушiлiк бiлдiрдi. Көрмеде бiлiм семинарлары, дөңгелек үстел және көптеген тәжiрибе алмасу сияқты шаралар ұйымдастырылып, Iскер әйелдер қауымдастығының саяси деңгейiн жоғарылатуға үлкен ықпал еттi.

— Қазақстанда Әйелдер көрмесiн өткiзу идеясы қалай туды?

— Швецияда 48 елдiң әйелiнiң қатысуымен мемлекетаралық көрме өттi. Ол “Kvinnor-Can” деп аталды. Мұның қазақша баламасы — “Әйелдердiң қолынан бәрi келедi” дегендi бiлдiредi. Ең бастысы — әр әйелдiң жүрегiне сенiм ұялатады. Олар көрменiң символы ретiнде қанатымен ұшып бара жатқан әйелдi алған екен.

— Бүгiнде Iскер әйелдер қауымдастығы қандай шаруалар тындырып жатыр?

— Iскер әйелдер қауымдастығы “Әйел және экономика”, “Әйел және бала” секiлдi бағдарлама жүзiнде жұмыс iстейдi. 2001-2003 жылдары Қазақстан Iскер әйелдерiнiң форумы өткiзiлдi. 1999 жылы алғаш рет “Әйелдер және саясат” бағдарламасының арқасында Қазақстан әйелдерiнiң альянсы құрылды. 2002 жылы осы альянс “Қазақстан әйелдерiнiң демократиялық партиясы” болып қайта құрылғанынан көпшiлiк хабардар. Iскер әйелдер қауымдастығы өз қызметiн одан ары қарқынды жүргiзуге мемлекетаралық қорлар грант беру арқылы демеушiлiк жасады. Олардың iшiнде елге танымал “Сорос Қазақстан”, “Каунтрпарт концорциум”, “Евразия” ұйымдарын айтуға болады. Бiрақ, бағдарламаларға арналған гранттар шектеулi түрде аз уақытқа берiледi. Ал ұзақ мерзiмдi мәселелер, әлеуметтi қорғансыз әйелдерге көмек көрсетудiң нақты жобалары жеткiлiксiз, аз. Сондықтан Гендерлiк саясаттың 3-бөлiмi түгелдей экономика саласында гендерлiк теңдiкке қол жеткiзу, әйелдер арасындағы кәсiпкерлiктi одан ары дамытуға, олардың еңбек нарығындағы қабiлетiн арттыруға арналған. Қазiргi кезде Қазақстанның экономикасында 3,7 млн. әйел жұмыс iстейдi. Бұл жұмыс iстейтiндердiң жалпы санының 49 пайызын құрайды. Мәселен, 2004 жылы жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi өкiлеттi органдарға жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу туралы өтiнiшпен 282 мың жұмыссыз жүгiнсе, оның 142,8 мыңы әйел. Жұмысқа орналастырылғаны — 74,5 мың әйел, оның iшiнде ауылдық аймақта тұратыны — 21,6 мың. Гендерлiк стратегияда нақты тоқталып өткен бiр жәйт — көбiнесе әйелдер тiркелмейтiн секторда тезiрек жұмыс таба алады. Шағын кәсiпорындарда жалданып жұмыс iстейтiн қызметкерлердiң iшiнде әйелдердiң үлес салмағы 34 пайызды құрайды. Көп айтылып, бiраз жұмыстар iстелiп жатқан күнделiктi ауадай қажет мәселенiң бiрi — алыс ауылды аймақта тұратын әйелдердiң несие алу жолдарын жеңiлдету.

— Сiздiңше, ол үшiн қандай шаралар жасалуы қажет…

— БҰҰ-ның мәлiметiне сүйенсек, кiшiгiрiм несие алуға көбiрек қажет етушi топ — тiркелмейтiн секторда жұмыс iстейтiн әйелдер. Көп жағдайда олардың несие алуы қиын, себебi, кепiлдiкке салатын мүлкi жоқ. Кейбiр әйелдер шағын бизнеспен айналыса отырып, аз көлемдi несиенi (100-150 доллар көлемiнде) алып отыратын көрiнедi. Алған несиелерiн өз кiрiстерiнiң аздығына қарамастан уақтылы қайтарады екен. Ал көбейген кiрiс көзiмен, жалақымен өз шаруашылықтарының ары қарай өсуiне, сондай-ақ баласының оқуына, отбасының керегiне жұмсайтын мүмкiндiктер пайда болды. Осы жерде айта кететiн мәселе — әйелдер бизнеспен айналысса, оның келешекте ипотека арқылы несие алуға көп көмегi тиедi. Себебi, үй алу үшiн берiлетiн несие немесе ипотека табатын табысына қарай берiледi. Егер отбасы мүшелерiнiң бәрi немесе бiреуi тiркелмейтiн секторда жұмыс iстеп, несиенi уақытында қайтарып отырса, табатын табысын нақты көрсете алады. Демек, өз өмiрiнiң өзгеруiне алғашқы жол — шағын бизнестен басталады.

— Шағын бизнес ашуға берiлетiн несиенi кепiлдiксiз беруге болмай ма?

— Гендерлiк стратегияның жоғарыда аталған бөлiмi әйелдердi экономикалық жағынан iлгерiлету жөнiндегi мүмкiндiктiң бiрi ретiнде мемлекеттiк саясаттың әзiрлену мүмкiндiгiн және үкiметтiк емес ұйымдардың, ол шараларды жандандыру мүмкiншiлiгiн алға қойып отыр. Әйелдерге елiмiзде несие алып жұмыс iстеуге көп мүмкiндiк бар. Әрине, көп жағдайда ауылда тұратын әйелдiң кепiлдiкке беретiн мүлкiнiң болмауы да несие алу мүмкiншiлiгiн қиынға соқтырады. Бiзде кiшi көлемде несие беретiн банктер болғанмен, олар тек қана кепiлдiкпен берумен шектеледi. Ол жеткiлiксiз. Сондықтан кепiлдiксiз несие берудi қолға алып, оны несие беру жүйесiне енгiзу қажет.

— Жаңағы өзiңiз айтқан “патенттi” түсiндiрiп өтсеңiз…

— Қазақстан бойынша шағын бизнеспен айналысатындардың денi — әйел. Олардың көбi кiшiгiрiм кәсiп пен тiркелмейтiн секторда жұмыс iстейдi. Бiрақ әйелдердiң, оның iшiнде ауыл әйелiнiң көбi патент дегендi бiлмейдi. Егер патент алсақ, салықты көп төлеймiз деп ойлайды. Олай емес. Патент — мемлекеттiң берiп отырған жеңiлдiгi. Оны тек өзiнiң табатын табысына байланысты тоқсанда немесе жылына бiр-ақ рет төлейдi. Сонда ғана ол келешекте өз жұмысының жемiсiн көредi. Себебi, патент алғанын растайтын қолында қағазы болса, ертең ипотекаға үй алатын жағдайда мiндеттi түрде ескерiледi. Екiншiден, шағын несие алатын кезде де, алған патентi оған кiредi. Сондықтан әйелдер өздерiне қатысты заңды бiлу керек.

— Сiз “бiлу керек” деген заң мен патент алудың пайдасы мен зиянын әйел қауымына, оның iшiнде ауыл әйелiне таныстырып, түсiндiруде алдымен ненi жолға қою керек?

— Көп жағдайда ауыл әйелi мектептi немесе жоғары оқу орнын бiтiрген соң, отбасылық жағдаймен үйде отырып қалады. Сондықтан оларға мiндеттi түрде компьютердi үйрету қажет. Менiңше, мына заманда әрбiр ауылдың пошта бөлiмшесiнде, мектебiнде интернет ашылуы керек. Бұл орайда ауыл әйелiне жаңа технологияны меңгертудi ең алдымен үкiметтiк емес ұйымдар қолға алып, арнайы семинарлар өткiзуi тиiс. Яғни, гендерлiк саясаттың бiр бөлiгi әйелдердiң қоғамға көзқарасын өзгерту, бүгiнгi өмiр ағымынан өз орнын табу болып табылады. Бүгiн отбасына қандай техникалық жаңалық керек? Үйде отырып-ақ, бәрiн бiлемiн деу мүмкiн емес. Тек бiр оңай жолы — компьютер арқылы интернетке шығып, тiптi, артық ақшаңды қандай банкке салатыныңды да бiлуге болады. Сондай-ақ, несие алуда банктiң депозитi, оның қандай пайызда берiлетiнi туралы да әр банктiң өзiнiң сайтында бар.

— Тiркелмейтiн секторда немесе кiшiгiрiм кәсiппен айналысатын әйелдерге ипотека алуға мүмкiндiк бар ма?

— Оларға мiндеттi түрде патент алуы керек. Оны салық комиссиясынан алады. Бiр жылдық табысы 1 миллионды құраған адамға мiндеттi түрде патент берiледi. Патент деген өзiнiң қол астында жалдап жұмыс iстемейтiн қызметi жоқ адам. Ал шағын бизнестiң де өзiндiк есебi бөлек. Демек, ипотека алуда патент қағазы — ең бiрiншi қажеттi құжат. Осыған қарап табатын табысына сенiмдiлiк бiлдiредi.

— Ауыл әйелiнiң табысы аз, оның үстiне бала-шағасы да қаланiкiмен салыстырғанда көбiрек қой…

— Қазiр Тұрғын үй қатынасына байланысты заң бар. Осы заң бойынша әлеуметтiк топ та арнайы категорияға бөлiнедi. Көп балалы аналар, мүгедектер, т.б әкiмшiлiкте тiзiмге тұра алады. Ал жалақы алып, кеңседе iстемейтiн адамдар жаңағы мен айтқан патенттi алуы тиiс. Оны қайдан, қалай алу керек дегендi арнайы салық комитетiнiң сайтынан бiлуге болады.

— Бүгiнгi Үкiмет тарапынан әйел мен балаға қарастырылып отырған көмекке көңiлiңiз тола ма?

— Менiңше, сырттан келген көмектi пайдалана отырып және әйелдiң өзi де қолында бар мүмкiндiгiн пайдалана бiлуi керек. Қазiр әйелдер көбiнесе тiркелмейтiн секторда(оның iшiнде бала бағу, үй жинау секiлдi) жұмыс iстейдi. Мұның астарында әйтеуiр үйде қарап отырмаудың амалы жатыр емес пе?!. Құдайға шүкiр, елiмiздiң экономикасы iлгерi аяқ басқан сайын жәрдемақының көлемi де өсiп жатыр. Тiптi, Үкiмет жұмыс iстемейтiндерге де жәрдемақы берiп келедi. Дегенмен тек жәрдеммен өмiр сүретiн мен жұмыс iстеп ақша тапқан адамның арасында айырмашылық жер мен көктей. Себебi, ата-ана отбасында өсiп келе жатқан балаға үлгi болу керек қой. Егер жәрдемақымен ғана өмiр сүрген жағдайда отбасындағы баланың да көңiл-күйi қандай болмақ?! Ол үшiн кiшкене кәсiп болса да, ештеңеге қарамай бұлақтың көзiн ашудан бастау қажет.

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары