«БӘРI ТЕК ӨЗIМ ҮШIН» НЕМЕСЕ КIСIЛIК КЕЛБЕТ ХАҚЫНДА

«БӘРI ТЕК ӨЗIМ ҮШIН» НЕМЕСЕ КIСIЛIК КЕЛБЕТ ХАҚЫНДА

«БӘРI ТЕК ӨЗIМ ҮШIН» НЕМЕСЕ КIСIЛIК КЕЛБЕТ ХАҚЫНДА
ашық дереккөзі
331

Қай заманда да адамның пейiлi мен ниетi арқылы оның кiсiлiк келбетi айқындалған. Дархан көңiлдi, пейiлi кең адамда ашкөз тойымсыздық, қара басының ғана қамын ойлау секiлдi ұсақ пендешiлiк мiнез болмаған. Бұл сөзiмiзге бар мен жоқты, аш пен тоқты, адалдық пен сатқындықты басынан кешiрген көне тарих куә. Әсiресе, көш бастаған серкелер мен ел мен жер тағдыры үшiн басын қатерге тiккен ерлердiң соңында қалған тарихи деректерде де аз айтылмады.

Сондай ұлы тарихтың терең тамырына зер салсақ, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есiм ханның ескi жолы» деген қағидалы сөздер неге күнi бүгiнге дейiн үлгi ретiнде айтылып келедi екен?… Содан берi қаншама жүздеген жылдар өтсе де әлгi ұлы есiмдердiң iсi бүгiнгi ұрпаққа өнеге ретiнде айтылуда. Демек, жақсы пейiлмен ұлты үшiн iстелген сан ғасыр бұрынғы еңбектерiнiң еленгенi ғой.

Егер олар бүгiнгi кейбiр атқа мiнерлер секiлдi қолында билiк тұрғанда өзiнiң ғана қамын жеп ашкөзденсе, сарғайған тарих беттерiнде адалдықтың үлгiсi ретiнде аттары мәңгi қалмас та едi… Бұған талас жоқ.

Ендi өзiмiз өмiр сүрiп жатқан қазiргi заман адамдарының пейiлi мен кiсiлiк келбеттерi қандай деген сауалға жауап iздеп көрелiк;

Рас, нарық заңында бәрi есепке құрылатыны, ақша басты роль ойнайтыны, ақша араласпаса ешнәрсе бiтпейтiнi анық. Алайда, адамның бәрi: «…– Тек мен ғана алсам! Жол менiкi ғана болса! Мен ғана жүрсем! Мен ғана iшсем! Өзiм ғана байысам!»,–деп ниетiн де, пейiлiн де бұзып алған жоқ па? Бәлкiм, жаппай ашкөздiк, дүниеқұмарлық, қарақан бастың ғана қамын ойлау – мына замандағы адамдар пейiлiнiң бұзылуынан шығар? Ал сол пейiлдi бұзған не? Көздiң құрты – дүние ме? Әлде қолдағы мансаптың, я болмаса тегiннен келген байлықтың буы ма? Мүмкiн туа бiткен ашкөздiк шығар?

…Бiр iрi облыстың бiрiншi басшысы қызметiнен кеткеннен кейiн сол өңiрде тұратын адамдардың аузынан естiген сөздерге алғашында сенбегем. Сөйтсем,…«Жел тұрмаса, шөптiң басы қимылдай ма». Әлгi қасқа өзi басқарған облыс орталығындағы дәрiханалар мен базарлардан бастап, қала маңындағы аудандардың алма бағы, демалыс орындары, шалғай ауылдың қара күңгейлi жерiне дейiн iрi малымен қосып тұрып жекешелендiрiп, аты-жөнi басқа, сенiмдi жақындарының атына иiсшiл итпен iздесе де iзiн таппайтындай етiп «заңдастырып» кетiптi. Кезiнде арыздар түсiп, жоғарыдан тексеру де келген көрiнедi. «Бүлдiрген ештеңесi жоқ, «Бәрi заңды!» деп қайтып кеткен,–дейдi «ұзынқұлақтар»…

Әрине, адамдар пейiлi туралы жеке пiкiрiмiздi ортаға салғанда бiз ауылдық, аудан мен облыстық, одан да жоғары деңгейдегi барлық басшыларға «күйе» жағудан аулақпыз. Алайда, қалың елдiң алдында тойымсыздығымен танылған әлгiндей адамдар арамызда жоқ деп және айта алмаймыз… Және ондайлар өз кемшiлiгiн қателiк деп түсiнбейдi де. Тiптi оны адами жүрекпен мойындап, қорытынды шығаруды да ойламайды. Бiрақ «уақыт» деген сыншы кеңiрдегi кеңiп кеткен бүгiнгi ашкөз мансаптылардың жазасын күнi ертең әйтеуiр бiр берерi анық. Бұған мысал жеткiлiктi…

Бiз жоғарыда қолында билiк пен мансабы барлардың пейiлi мен пиғылы, ашкөз тойымсыздығы туралы сөз қозғадық. Ал ендi жалпы адамдардың – Сiз бен Бiздiң, ағайын мен туыстың, бауыр мен бауырдың, көршi мен көршiнiң арасындағы пейiл мен ниеттiң дәл қазiргi кездегi жайы қалай? Осы орайда жастардың тағдыры жөнiнде де айтпау және мүмкiн емес.

Рас, елiмiз егемендiк алған он төрт жылдан аса уақыттан берi аз жұмыс атқарылған жоқ. Алғашқы кезеңмен салыстырғанда, ел тұрмысының дұрыстала бастағаны да байқалады. Бiрақ бәрi емес, әрине…Осы бiр өтпелi кезең– заманын «түлкi» боп шалғандарға майдай жаққанын, сондай уақыттың ыңғайына жығыла бiлетiндердiң аяқ астынан өздерi де, өз төңiрегiнiң де байып шыға келгенiн – Сiз де, Бiз де көрдiк. Қазiр де көрiп жүрмiз?! Мақұл әлгiлер «iскер» болсын. Дүниенiң көзiн тапсын-ақ. Ал ендi солардың пейiлi қандай? Барға қанағат жасай ма? Жоқ бұлар да бiз жоғарыда айтқан кейбiр мансаптылар секiлдi ала берсем, жинай берсем, өзiм ғана болсам, – деп ақ тер-көк тер болып жүр ме? Егер пейiлi мен пиғылы дұрыс болса, мал бiтiп, жалданған бауыр өзiнiң жалғыз бауырынан безер ме едi?! Ағайындар бес-он малдың жайылымы мен шабындығы үшiн бiрiмен-бiрi дүрдараз болып, ақыр аяғында атысуға дейiн бармас едi ғой?! Қазiргiлердiң тек ақша үшiн бәрiн iстейтiнi – арбап, алдайтыны, сатып кететiнi, тақырға отырғызатыны өтiрiк пе?

Адамдардың пейiлi неге сонша тарылып кеттi? Тiптi уыздай жастар да тек өзiн ғана ойлайды. Қарапайым ғана әрi күн сайын бәрiмiз көрiп жүрген мына жағдайды алайықшы: Жолаушылар көлiгi – автобуста жұдырықтай жас балалар мен қыздар шалқайып отырып алып, қасында әзер тiк тұрған қарт адамдарға кiшiлiк iзет көрсетiп, орындарын берудi ойламайды да. Демек, әлгi уыздай жастар да тек өздерiнiң ғана жағдайын ойлайды. Өйткенi, қазiргi тәрбие солай. «Бәрi тек өзiм үшiн» деген қағида. Сонда қазақ деген дархан халықтың iзет, инабат, кiшiнiң үлкен алдындағы парызы мен қарызы табанға тапталғаны ма? Бұл дерт уақытша ма, әлде осымен кетемiз бе? Сұрақ көп. Жауап аз. Сол аз жауаптың өзi жүректi сыздатады. Пейiлiмiз неден тарылды? Неге бұзылды?!

Айтақын ӘБДIҚАЛ

Серіктес жаңалықтары