«БIРЕУ ТОЙЫП СЕКIРЕДI, БIРЕУ ТОҢЫП СЕКIРЕДI»

«БIРЕУ ТОЙЫП СЕКIРЕДI, БIРЕУ ТОҢЫП СЕКIРЕДI»

«БIРЕУ ТОЙЫП СЕКIРЕДI, БIРЕУ ТОҢЫП СЕКIРЕДI»
ашық дереккөзі
358

«Түркiстан» газетiнiң N8 (606) 23 ақпандағы санын оқып төбе шашым тiк тұрды. Атап айтсам, менi шошындырған оның 7-бетiндегi «Қазақ киносындағы «Шешушi шайқас» немесе Голливуд Қазақстанға келе жатыр» деген мақаласы мен 12-беттегi «Ана ұлына жәрдем сұрайды» атты кiшкене хат. Бiрiншi мақалада шымкенттiк меценат, қаржыгер Тоқтар Төлешов миллиардтаған ақшасын қайда жiберерiн бiлмей, «Шешушi шайқас» атты кино түсiрiп, соған демеушi болады. Ол «Көшпендiлерден» кейiнгi елiмiздiң «визитный картiшкесi« болмақ. Оның жанры төбелес, боевик. Жалпы қазақтың киносы демесең, денi Америкада өтедi. Яғни, Қазақстанның сыймай бара жатқан миллиондаған ақшасы Американың қазынасына құйылады. Әрине, қазақ өнерiне, оның iшiнде киносына Тоқтардай мықты демеушi керек-ақ. Бiрақ, сол киноның «сценарийiн» оқып отырсаңыз, iшiнде бiр қазақ әртiсi жоқ. «Көшпендiлердегiдей» басты рольге шетел әртiстерiн шақыртып, оларды байыған үстiне байытып отыр. Ал өзiмiздiң қазақ әртiстерi жұмыс таба алмай, өнерден жиренiп безiп, базарларда сауда жасап жүр. Тоқтар мырзаның көмегiмен «Шымкент пикчерс» атты компания құрып отырмыз деп мақтапты. Мейлi мақтай берсiн, мүмкiн мақала ақылы деген мөрi болмаса да жарнамалық тұрғыда шығар, бiрақ шетелдiң компанияларына шошаңдап тым елiктеп кеткен жоқпыз ба деген ойда қалып, өз басым дел-сал болдым. Ал 12-беттегi баласына көмек сұрап шырқыраған Ақжарқын есiмдi ана да Шымкент қаласының тұрғыны. Өзi 4 баланың анасы екен. 4 жастағы ең кiшкентай ұлы Бақдәулет ДЦП-ның ауыр түрiмен ауырады екен. ДЦП — медицинадағы ең жаман аурулардың бiрi. Баласы не сөйлей алмайды, не жүре алмайды, не бала болып күле де алмайды. Сорлы ананың үлкен екi қызы нашар тамақтанудың салдарынан туберкулез ауруына шалдыққан. Күйеуi де мүгедек. Сол баласына хирургиялық операция жасатуға көк тиын таба алмай отыр. «Қол ұшын беретiн адам болса» дейдi жалынып.

«Бiреу тойып секiредi, бiреу тоңып секiредi» деген қазақта мақал бар. Мына екi мақаланы оқып отырып, сол мақал ерiксiз ойыма орала бердi. Мүмкiн өмiр деген де осы шығар. Бiрақ сол өмiрдiң құны бiреулер үшiн миллион да, бiреулер үшiн көк тиын.

Айсұлу ҚҰЛМАНБЕТОВА

Көкшетау қаласы

Серіктес жаңалықтары