АЛМАТЫ ҮЛКЕН ӨЗГЕРIСТЕР АЛДЫНДА...

АЛМАТЫ ҮЛКЕН ӨЗГЕРIСТЕР АЛДЫНДА...

АЛМАТЫ ҮЛКЕН ӨЗГЕРIСТЕР АЛДЫНДА...
ашық дереккөзі
284

2011 жылғы Азия ойындарына дайындық, аймақтық қаржы орталығына айналу мүмкіндігі осыны талап етеді

Алматы қаласын алда үлкен өзгерістер күтіп тұр. Бұл қаланың биылғы жылдан бастап аймақтық қаржы орталығына айналу мүмкіндігімен тікелей байланысты. Бұл мәселе үкіметтік деңгейде, Кәсіпкерлер конгресінде біраз талқыға түскен болатын.

Ал 2011 жылы Алматыда Қысқы Азиялық ойындар өтеді. Бұл шаралардың бәрі Алматыны республикалық деңгейдегі қала деңгейінен еліміздегі ең маңызды стратегиялық аймақтардың біріне айналдырмақ. Президенттің биылғы Жолдауында Алматы қаласына айрықша мән берілуінің бір себебі де осында.

Өткен аптада Елбасы Алматының даму болашағын саралау мақсатында қаланың 2020 жылға дейінгі Бас жоспарымен танысып қайтты.

Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Президентті қаланың құрылыс жоспарымен, Тұрғын үй бағдарламасының жүзеге асу барысымен таныстырды.

Қаланың Бас жоспарына сәйкес, Төле би көшесі батысында Қалқаман елдімекені арқылы Райымбек ауылына дейін созылып, шығысында тау етегіне дейін жалғасады. Абай даңғылы мен Шаляпин көшелерін де ұзарта түсу жоспарда бар. әл-Фараби мен Розыбакиев көшелерінің қиылысы Iскерлік орталық деп аталмақ. Бұл маңда 40 қабатты зәулім ғимараттар тұрғызылатын болады. Ал қаланың орталығындағы үйлердің биіктігі 9 қабаттан, тау жақтағы үйлердің биіктігі 6 қабаттан аспауы керек.

Президент Үкіметке Қысқы Азиялық ойындарға дайындық жұмыстарына кірісу жөнінде тапсырма беріп те қойған. Ол Иманғали Тасмағамбетовке Ұлттық олимпиадалық комитетпен тізе біріктіре отырып Алматыда олимпиада өткізуге лайықты спорт нысандарын салу жоспарын жасап, Үкіметке өткізу керектігін ескертті. Президенттің айтуынша, Азия ойындарын өткізу Қазақстанға 2014 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге тайталасу мүмкіндігін алып беру керек.

Әзірге белгілісі, 2011 жылға дейін Алматыда 20 мың көрерменге лайықталған Мұзды сарай, 400 метрлік жолақты Мұз стадионын салу, шаңғы және биатлон стадиондарын, жаңа тау шаңғысы базасын, 20 мың көрерменге лайықталған К-90 және К-120 трамплиндерін, шана-бобслей трассасын салу жоспарланып отыр. Қысқы ойындар спорттың 14 түрі бойынша өтеді.

Алматының мәдени-эстетикалық мазмұны да жақын болашақта үлкен өзгеріске ұшырамақ. Соңғы жылдары бұл қалада ойынханалардың есепсіз көбейіп кеткендігі баспасөз бетінде талай жазылды. Бұл мәселені «Түркістан» газеті де бірнеше рет көтерген болатын. Осы сындардан нәтиже шыққан сияқты. Болашақта Алматыдағы ойынханалар түгелімен қала сыртына көшірілетін болды. «Ойынхана орталығы» Алматыдан 80 шақырым қашықтықта орналасқан Қапшағай қаласына ауысады.

«Алматыны қаржы орталығына ғана емес, туризм орталығына айналдыру да маңызды мақсаттардың бірі» деп атап көрсетті Президент. Қазақстанға келіп-кететін туристердің 60 пайызы міндетті түрде Алматы қаласына соғады екен. Туризмді дамыту үшін қаладағы көлік жүйесін реттеу керек. Мысалы, метроның бірінші сатысын пайдалануға беріп, жер бетінде рельсті көлік жүргізу керек. Сондай-ақ Елбасы Алматы мақтаныштарының бірі – Шымбұлақ курортына қарай экологиялық таза көлік жүргізуді тапсырды.

Иманғали Тасмағамбетов өткен айда қала тұрғындарының алдында есеп беру барысында Алматының 2020 жылға дейінгі даму жоспарын ұсынған болатын. Әкімнің алға қойған мақсаттарына көз жүгіртсек, Алматының екінші тынысы ашылғалы тұрғандай. 2005 жылдан бері Алматыда қаланы көркейту бағытында бірқатар шаралар атқарылды. «Жақсыны соқыр да көреді» демекші, жақсы істердің жүзеге асып жатқандығын айтпай кету орынсыз. Енді жоспардағы жақсы өзгерістерге көп ұзамай куә боламыз ба деген үміт білдіреміз.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары