706
ӘЛ-ФАРАБИ МЕН БЕЙБАРЫС ЗИРАТЫНА ТОПЫРАҚ САЛЫНДЫ
ӘЛ-ФАРАБИ МЕН БЕЙБАРЫС ЗИРАТЫНА ТОПЫРАҚ САЛЫНДЫ
Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы ұсынысымен басталған “Мәдени мұра” бағдарламасы халқымыздың шет жерлерге түрлі ғасырларда шашырап кеткен жәдігерлерін жинауға үлкен серпін берді. Тиісті мамандардан құралған арнаулы экспедициялар мұсылман Шығысы ғана емес, сондай-ақ Еуропа мен Азияның да біраз елдерінде болып, сол жұрт кітапханалары мен қолжазба қорларынан тарихымыз һәм мәдениетіміз бен әдебиетімізге қатысты аса құнды мұраларды елге әкеліп, Отан игілігіне айналдыруда.
Жуырда осы бағдарлама аясында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің ұйымдастыруы және басқаруымен құрамында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, профессор Төлеген Қожамқұлов, Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының әкімі Әлімжан Құртаев, Отырардағы әл-Фараби мұражайының меңгерушісі Абдолла Жұмашев , республикалық “Білім” баспасының директоры Жарылқасын Нұсқабайұлы бар топ Дамаскіде өмір сүріп, сонда дүниеден өткен Ислам әлемінің үлкен мақтанышы, энциклопедист ғалым, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Нәсір әл-Фараби (870-950) зиратына Отырар топырағын салу және сондағы Мысырды 17 жыл билеген қазақ жерінің тағы бір перзенті Сұлтан аз-Заһир Бейбарыс (1217–1277) кесенесінің де мән-жайын біліп қайту үшін Сирия Араб Республикасында болып қайтты. Сапар барысында ғалымдарымыз Дамаскідегі “Баб ас-Сағир”– “Кіші қақпа” қабірстанындағы Әбу Нәсір әл-Фарабидің зиратына Құран оқып, тағзым етіп, туған жерінің топырағын салды. Делегация сондай-ақ осы шаһардағы Сұлтан аз-Заһир Бейбарыс пен оның ұлы Саид Заһирұлының кесенесінде болып, оларға дұға жасап, топырақ салып, кесенені және оған жапсарлас салынған медресе мен кітапхананы көріп, мән-жайымен танысты. Медреседе отырарлық өзге де ғұламалардың дәріс бергенін анықтады. Сондай-ақ олар осы кесене жанындағы әл-Адиллиа (Хlllғ.) медресесінен әл-Фарабидің ескерткішін тауып, суретке түсіріп алды. Қонақтар Дамаскідегі ежелгі Омейадтар мешіті мен осы елді 1171–1193 жылдары басқарған Салах ад-Дин әл-Аййубидің кесенесін көрді. Делегация Дамскіде шейх Ахмад Кафтар атындағы қорға зиярат жасады. Қонақтарды күтіп алған мекеме директоры доктор Салах Ахмад Кафтар қор және оның жұмысы және қор институтының оқу процесі жайлы әңгімеледі. Қонақтар сонда оқып жатқан қазақстандық жастармен кездесті. Сонан соң зиялыларымыз Сирияның солтүстігіндегі ірі мәдени-ғылыми орталығы Халаб шаһарына сапар шекті. Сонда бара жатып қазақстандық ғалымдар жолай Хомс қаласындағы Заһир ад-Дин Бейбарыс салдырған Халид бин Уалид атындағы мешіт пен оның жанындағы мұражай экспонаттарымен танысып, естелік дәптерге Сирия халқына деген ризашылықтарын жазып қалдырды. Халаб қаласында делегация әмірші Сайф ад-Даула әл–Хамданидің әл-Фараби тұрған сарайын және осы шаһардағы бірқатар діни, мәдени-ғылыми орындарын аралады. Делегацияның Сирияда болу барысында оларды осы елдің министрі Зияд ад-Дин әл-Аййуби, жоғары білім министрі Гийяс Барақат пен Дамаск университетінің ректоры Уаил Муалла мырзалар қабылдады. Тараптар ғылыми-мәдени, рухани, байланыс мәселелерін талқылады. Сапар барысында Бас мүфти Әбсаттар Дербісәлі Халабтағы “ар-Рауда” және “Зайд бин Усама” мешіттерінде уағыз айтты. Онда ол қазақ-араб елдерінің діни, рухани, мәдени-ғылыми байланысының өткені мен бүгіні, болашағы туралы әңгімеледі. Сапар қорытындысы бойынша Сирия Араб Республикасының Бас мүфтиі, шейх, доктор Ахмед Бадр ад-Дин Хассун мен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі өзара ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойды. Сапар барысы жайлы Сирияның бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен жазып, халқымен таныстырып отырды. Делегация әл-Фараби зираты топырағын туған жері Отырарға жеткізу үшін ала келді.