МИНИСТРДІҢ ҰЙҚЫСЫ НЕГЕ ТЫНЫШ БОЛУЫ КЕРЕК?

МИНИСТРДІҢ ҰЙҚЫСЫ НЕГЕ ТЫНЫШ БОЛУЫ КЕРЕК?

МИНИСТРДІҢ ҰЙҚЫСЫ НЕГЕ ТЫНЫШ БОЛУЫ КЕРЕК?
ашық дереккөзі
313

“Айқын” газетінің 2006 жылғы №27 (479) санында сұхбат берген Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев журналистің “Сізде қандай ғылыми атақ бар?” деген сауалына: «Менде ешқандай ғылыми атақ жоқ! Елбасы: “Ғылыми атақ қорғаған министрлер Үкіметте неғып отыр, ғылымға кетуі керек” деп әзілдеп ескертті ғой, демек, маған тыныш ұйықтауға болады» деп жауап беріпті. Осы уәжіне орай өз пікірімді ашық білдірсем деп едім. Әңгімемді бастамас бұрын осы саланы кімдер басқарып келгеніне аз-маз тоқталып өтсем. Сонау Түркістан АССР-і денсаулық сақтау халық комиссары Тұрар Рысқұловтан бастап кешегі 1971-1982 жылдары Төрегелді Шарманов, 1982-1987 жылдары Мұхтар Әлиевтер денсаулық сақтау саласында үлкен еңбек атқарған жандар.

1978 жылы Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Алматыда алғаш медициналық-санитарлық көмек жайында халықаралық конференция болып өтті. Мұны ұйымдастырушы, Алматыны әлемге танытқан медицина ғылымының докторы, профессор, сол кезде СССР медицина ғылымдары академиясының мүше-корроспонденті Т.Шарманов еді. Егер оның осындай атақ-дәрежесі болмаса сондай үлкен конференцияны өткізуге өресі жетер ме еді?! Оған барлық елдің денсаулық сақтау саласының үлкен мамандары келді. Мұндай конференцияны басқару қаржыгер-экономист тұрмақ қарапайым дәрігердің қолынан келмейді. Ал, академик М.Әлиев министр болған тұста жалпы хирургия ғылымын, Хирургия институтын әлемдік стандартқа жеткізді. Алматы қаласында Урология ғылыми-зерттеу институтын ашып, оған өз замандасы Б.Жарбосыновтың атын бергізді. Елімізде бүгінде 50-ден астам ұлттық ғылыми-зерттеу институттары және медициналық университет пен академия жұмыс істеп келеді. Осындай ауқымды салаға негізгі мамандығы — инженер-экономист, жас жігіт Е.Досаевтың тағайындалуы барлық қазақстандық дәрігер қауымы үшін күтпеген жайт болғаны рас. Айталық, ол министрлік қызметіне кіріспес бұрын академик М.Әлиевтің “Караван” газетіне берген сұхбатында: “…Денсаулық сақтау саласын басқаратын кісінің тым болмағанда фельдшерлік білімі болуы шарт” дегені тегін сөз емес. Осыдан кейін «Е.Досаев бүгін-ертең орнынан кетеді екен» деген сөздер де гуілдеді. Елбасы қайта сайланғанда да министрлер құрамын қайта тағайындау кезінде Досаев алдымен кететін шығар дегендердің болжамы теріске шықты. Алайда, бұл қауесеттің дабыры бүгін де басылған жоқ.

Егер ол тыныш ұйқтайтын болса, неге депутат Е.Әбілқасымов оның орнынан кетуін талап етіп жүр. Кейбіреулер: “Министр болғанда оның дәл осы саланың маманы болуы міндетті емес, ол жағын атқаратын орынбасарлары бар ғой. Әйтеуір орталықтан бөлінген қаржының дұрыс жұмсалуын қадағаласа болғаны емес пе?!” дейтінді шығарды. Анау бір жылдары медициналық қамсыздандыру деген қор құрылды. Бұл бар қаржыны жинақтап отыруы тиіс мекеме екен деп, медициналық сала ісінен мүлде хабарсыз ғалым-экономист Талапкер Иманбаевты апарып отырғызды. Май мұрынға май шелпек, бар жиған-тергенін соның алақанына салды. Сол қаржы, сол Иманбаев қайда қазір? Оны ел ұмытты ма? Әне, ғалым-экономист басқарған саланың арты немен тынды…

Айта кететін тағы бір жәйт — алып құрылыс саналған “Түрксібті” игеру кезінде салынған темір жол ауруханалары мен емханалары жергілікті жердің басқаруына беріліп, көптеген дәрігер-маман жұмыссыз қалды. Оның үстіне кейбір демалыс орындары мен емханалар жекешелендіру нысанына айналып, кім болса соның жеке басының пайдасына жарап жатты. Сонау қиын-қыстау заманда ірілі-кішілі бекеттерде жұмысын үздіксіз тоқтатпаған медициналық пункттер соңғы жылдары жабылып та қалды. Соның салдарынан ауылдағы ағайынның балтыры сыздай қалса, ем алатын осындай мекемені таппайтын болды. Мәселен, Орынборда Мәскеудің атақты профессоры Святослав Федоровтың көз аурулары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының бөлімшесі жұмыс істейді. Бұл орталықта емделіп жатқандардың 70 пайызы Батыс қазақстандықтар. Науқастарға “операцияны өз елімізде неге жасатпайсыздар?” дегенімде, “Алматыдағы көз дәрігерлерінің біліктілігінен мұндағылардың тәжірибесі мол, әлдеқайда жоғары әрі емдеу ақысы арзан” деп жауап берді. Сондай-ақ, өзімізге көршілес жатқан Ташкент қаласының ауруханасы да тола қазақ. Өйткені, ол жақта емдеу өте арзанға түсетін көрінеді. Әрине, кім қайда емделемін десе де өз құқы. Алайда, «Халық айтса, қалт айтпайды» деген осындайдан шықса керек.

… Сол Федоровтың шәкірті Мәдина Құралова Алматы, Астана, Атырауда және кейбір облыс орталықтарында көз ауруын емдейтін орталық ашқанда, Денсаулық сақтау министрлігі басшыларынан қолдау таппай, әуре-сарсаңға түсті. Міне, қаржыгер министрдің басқарып отырғандағы іс-нәтиженің қорытындысы осы ма?!

Қазақтың дәрігер-жазушысы Зейін Шашкин өзінің “Доктор Дарханов” атты романында “Білесің бе кім сенің жауың?” деген киносценарийінде “Құрт ауруы – қазақтың ежелгі жауы, ұлттың ауруы” деп жазған. Бұл дертті асқындырмау үшін Бурабайдағы туберкулезді емдейтін мекемені өз алдына бөлектеу қажет дегенді айтады. Сол 1910 жылы ашылған Бурабайдағы емдеу санаторийі пойыз жолдан 20 шақырым қашықтықта орналасыпты. Ал қазір осы қатерлі дертпен ауыратындар демалушылармен бірге тамақтанып, бірге жатады. Атап айтсақ, кезінде Естөре Оразақов ашқан туберкулезді емдейтін “Тұщыбек” шипа-жайы қалың елдің ортасында орналасқан. Сондағы аурулардың жуынған суын тұрғылықты елдің малы ішіп жатқанын көзіміз шалды. Бұның арты неге алып келетінін министр неге ойланбайды, ұйқысы неге тыныш болуы керек? Сол секілді Алматы облысы Талғар қаласынан бес шақырым жердегі “Шуақ” балалар шипажайы бұл күні орнын саяжай салушыларға босатып беріпті.

Кезінде фармацевт-ғалым С.Сұбханбердиннің мұрындық болуымен салынған “Рахман қайнары” да қазір тас-талқаны шыққан. Ал, осындай жәйттерді жөнге келтіруі тиіс Ерболат мырза ұйқысының тыныш болғанына мәз көрінеді…

Өтеген ӘБДІРАМАН, медицина тарихын зерттеуші,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Серіктес жаңалықтары