РЕФОРМАНЫҢ БӘРІ ОҢ НӘТИЖЕ БЕРЕ МЕ?

РЕФОРМАНЫҢ БӘРІ ОҢ НӘТИЖЕ БЕРЕ МЕ?

РЕФОРМАНЫҢ БӘРІ ОҢ НӘТИЖЕ БЕРЕ МЕ?
ашық дереккөзі
267

“Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының” бірінші жылының аяқталғанына да, міне, біраз уақыт болып қалды. Бірақ осы уақыт ішінде аталмыш реформаға талай сын да тағылып жатты. Атап айтқанда, министрліктің алдымен Алматы қаласынан бастап ересектер мен балалар емханасының басын біріктіріп, “аралас емхананы” тәжірибе ретінде жүзеге асырамыз дегені елге біртүрлі көрінді. Егер ертеңгі күні бұл оң нәтиже беріп жатса, министр оны еліміздің өзге де аймақтарына енгізуге бел буып кіріспекші. Сондай-ақ, медициналық жоғары оқу орнында оқу мерзімін 11 жылға ұзарту және педиатрия факультетін жауып, оның орнына жалпы медициналық факультет ашу секілді жаңа үрдісті де денсаулық сақтау саласының өкілдері аса жөн көрмей отырған секілді. Енді осыларға жеке-жеке мән беріп көрелік: Біріншіден, балалар мен ересектердің бір бөлмеде жатуы ең алдымен әдептілік пен тазалыққа жатпайды. Екіншіден, балалар мен ересектер сырқатының айырмашылығы бар. Қанша дегенмен, бала ағзасы өте әлсіз, сезімтал, анау-мынау нәрсені тез қабылдайды. Оның үстіне ересектер арасында әртүрлі аурулар белең алып жатқанда баланы бірге жатқызудың өзі қорқыныш. Мұндай жағдайда ересектер дәрігері бала дәрігері секілді нақты диагноз қоя алмай әуре-сарсаңға түсіруі де мүмкін. Осы жәйттерді біле тұра, қаржыгер министрдің ересектер мен балалар емханасын біріктіріп, педиатрия факультетін жабамын деуі жанашыр адамның іс-әрекеті емес сияқты. Бүгінде денсаулық сақтау саласына 230 млрд.теңге қарастырылып отырғаны белгілі. Өткен жылы 191 млрд. теңге бөлінген болатын. Бұл 2004 жылдағыдан 43 пайызға артық деген сөз. Демек, осы мол қаражат көзін министр мырза тек балалар емханаларын біріктіру арқылы үнемдеймін десе, бұнысын кім құптар екен?

Біраз жұртты алаңдатқан “реформаға” орай дәрігер-маман мен студенттің де пікірін ортаға салған едік.

Еділ ДАДАМБАЕВ,

С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің Емханалық педиатрия кафедрасының меңгерушісі, прфессор:

— Денсаулық сақтау саласына реформа жүргізу негізінде 2004 жылдың 13 қыркүйегіндегі №14 және 38-жарлық бойынша жүзеге аспақ. Біріншісі — ана мен баланың денсаулығы және демографияны жақсарту, екіншісі — халыққа арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмекке көңіл бөлу, үшіншісі — медициналық оқуды реформалау болып табылады. Осы 2005-2010 жылдарға арналған аталмыш бағдарламаға қарай, ана мен баланың денсаулығын жақсартсақ, демографиямыздың да қадамы ілгері басатыны рас. Осы мәселе, сосын алғашқы медициналық көмекті жолға қою өте дұрыс көтерілген. Сондай-ақ медициналық жоғары оқу орнын реформалағанын да құптаймыз, бірақ, оны оқыту жүйесін ұзартудан келіп-кетер пайда шамалы.

Егер қарасаңыз, Алматы қаласы бойынша балалар емханасының 70-80 пайызы ғана бөлімшелік педиатрлармен қамтамасыз етілген. Демек, бізде балалар дәрігері жетіспейді деген сөз. Ал мына реформа бойынша педиатрия факультеті жойылып, орнына жалпы медицина факультеті ашылса, онда бұрыннан аз педиатрия саласы мамандары мүлде азайып кетуі мүмкін. Бүгінгі күннің өзінде бала дәрігерлерін фармацептикалық (фарм.) фирмалар мен фарм. комитеттер қызметке алып жатыр. Өйткені, балалар дәрігері адаммен қарым-қатынас жасау және баламен қалай тіл табысу керектігін өте жақсы біледі. Ертең бұл факультетті жауып тастайтын болса, жалпы медициналық факультетті бітірген жас маман педиатрлыққа бармайды. Себебі, бұл жауапкершілік жүктейтін өте қиын сала. Сол сияқты реформада баса айтылған 11 жыл оқу жүйесіне де келіспеушіліктер туындауда. 11 жыл деген өте көп, оның үстіне қаражатты да көп қажет етеді. Ескеретін бір жәйт — мектепте 12 жыл, медициналық жоғары оқу орнында 11 жыл оқыса, қай уақытта тұрмыс құрып, отбасын құрады. Ау, оқудан басқа да адамға көп нәрсе керек қой. Қызбала өмірде ең алдымен ана болу бақытына ие болу қажет. Ал енді 30 жастан асқаннан кейін бала тапқанның өзінде, ол бала кеміс болып туылуы мүмкін. Негізі осындай жарымжан туылатын баланы әдетте бірінші рет 30 жастан асқанда босанатын әйелдер өмірге әкеліп жатады. Сол жағынан алғанда, генофонымызды жойып алу қаупі бар. Тағы айтам, қызбалаға тұрмыс құрудың қолайлы уақыты — 18 бен 30 жастың аралығы. Бұл кезде бала да өмірге дұрыс туылып, отбасы да тұрақты болады. Не десең де, бүкіл медицинаны 11 жыл ішінде оқыту мүмкін емес, бұл салаға келген маман, дәрігер өмір бойы студент. Медицинада ізденіс пен жаңалықтың нәтижесінде күн сайын өзгеріс пайда болатындықтан кез келген дәрігер-маман күндіз-түні оқып, білімін жетілдіріп отырады. Сондықтан да осы жүйенің қажеті шамалы сияқты.

Қай елде болмасын ересектер мен балалар емханасын біріктіру жүйесі өзін-өзі ешқашан ақтаған емес. Мұндағы көздеген мақсат айналып келгенде жекеменшік балалар емханасын құру сияқты. Бала ағзасы көп жағдайға төтеп бермейді ғой, керісінше аралас емхананың арқасында денсаулығы нашарлап, өлім-жітім көбейіп кетуі мүмкін. Міне, осыдан кейін педиатрия саласы бір жағына ығысып кетуі ықтимал деген үрей туады. Мына көршілес Ресей халқы да педиатрия факультетін жабамыз деп, әйтеуір кейіннен қалдырған еді. Ал біздің осыны біле тұра жабамыз деп аттандауымыз дұрыс емес. Министрлік те реформа жасаған осы екен деп, асығыстық танытпай, байыбына барып, ойланып жасауы керек қой.

Камал ОРМАНТАЕВ,

медицина ғылымының докторы, профессор, академик:<br>— Министріміз Е.Досаевтың денсаулық саласында жасаған реформасының елді елеңдеткен бір тұсы — медициналық жоғары оқу орнында 11 жыл білім алу жүйесін енгізетіндігі. Жалпы, бұл реформаның құптап, қуаттайтын жері де баршылық. Айтайын дегенім — сол 11 жыл оқитын болашақ мамандарға білім беретін оқытушылар дайындау керек, сосын құрал-жабдықтармен толыққан жаңа аурухана мен емхана салу тиіс. Бүгін не болса соны шетелдің тәжірибесінде бар дүние дейміз де, оны өзімізге тықпалайтынды шығардық. Алайда бұл реформаны жүргізу үшін көп мүмкіндік пен қаражат қажет. Дегенмен, медициналық жоғары оқу орнында оқудың мерзімін ұзартуға келсек, қанша жыл оқыса да қарсы емеспін, әйтсе де, 7 жылдың өзі жетіп-артылатын сыңайлы. Менің тағы бір келіспейтін жерім мынау. Министрлік біздегі педиатрия факультетін жауып, орнына жалпы медициналық факультет ашпақшы. Сосын осы саланы 5 жыл оқытып, тек кейінгі 2 жылда ғана педиатрияны оқытады дейді. Қанша жерден айтыңыз-айтпаңыз, бар-жоғы 2 жылдың ішінде дұрыс педиатр-маман шықпайды. Бұл уақытта жаңа туған баланы қолға ұстаудың өзі қиын болады ғой. Керісінше, Ресейде педиатрия факультетін сақтап қалып жатқанда, мұндай жағдайға жол беруіміз дұрыс емес, әрине. Ал ересектер мен балалар емханасын біріктіруді енгізу тіпті заман талабына сай келмейді. Олардың айтуынша, жаңа салған ауруханаға бір жағынан балалар, екінші жағынан ересектер кіреді. Ал дәл ортасында арнайы құрал-жабдық орналасқан орын болады екен. Меніңше, содан бір ерекше үнемділік байқалып тұрған жоқ секілді. Бәлкім, бұл да дұрыс шығар. Кім біледі?!

Эрнст НҰҒМАНОВ,

Онкология және радиология институтының гинекология бөлімінің профессоры:

— Меніңше, медициналық жоғары оқу орнын 11 жыл оқу қиын ғой. Егер оқушы мектепті 17-18 жасында бітірді делік, сонда 30-ға келгенде жоғары оқу орнын тәмамдауы керек пе?! Әу баста осының бәрін ойластырып шешуі тиіс. Жаңағы ересектер мен балалар емханасын қосуға мүлдем қарсымын. Министр дәрігер емес, сондықтан қарамағындағы дәрігерлермен, оқытушылармен ақылдасуы керек қой. Айтты екен деп, бәрін дұрыс қабылдауға да, енгізуге де болмайтын шығар. Ең алдымен министр дәрігер жанын, мамандығын түсіне білетін жан болуы шарт. Оның үстіне, жанындағы ақыл-кеңес беретін адамдардың да дұрыс болмағаны ғой.

Гауһар ОҢАТОВА,

С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің “Емдеу ісі” факультетінің студенті:

— Жалпы, бізге оқуға түскенде «өндірістік тәжірибемен 6 жыл оқисыңдар» деген болатын. Осы жақында “9 жыл оқитын болдық” деген студенттердің арасында әңгіме өрбіді. Шынымды айтсам, ештеңеге түсінбей қалдым. Оқытушылар да әлі бұл туралы ашып айтқан жоқ. Не болса да, осы университетте оқитын студенттер алдымен естуі керек қой. Менің ойымша, осы 6 жылдың өзі көп секілді. 9 жыл оқимыз ба деп айдаладан түршігіп жүргенде, 11 жыл деген тіпті ерсі емес пе? Былай ойлап қарасам, бар өмірім тек қана университет табалдырығында өтетіндей сезінем. Қызбаланың мойнында әу бастан ана болу, бала сүю міндеті бар ғой. Егер “инемен құдық қазғандай” білім алуым керек деп жүре берсек, ертеңгі күні тұралап қалған демографияның ілгері басуына, қарадомалақтар санының көбеюіне қазақ қызы ат салыспаса, кім ат салысады?!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары