Берік Әбдіғалиев: ЕҢ БАСТЫСЫ – РУХ, НАМЫС, АР-ОЖДАН

Берік Әбдіғалиев: ЕҢ БАСТЫСЫ – РУХ, НАМЫС, АР-ОЖДАН

Берік Әбдіғалиев:  ЕҢ БАСТЫСЫ – РУХ, НАМЫС, АР-ОЖДАН
ашық дереккөзі
367
ҚР Конституциясында мемлекеттің басты байлығы –адам екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Бірақ қазіргі қазақ қоғамында азаматтардың жеке бас қауіпсіздігі қаншалықты сақталады? Кейбір саясаттанушылардың «билік басына қазақтілді қазақтар келуі тиіс» деуіне не себеп? КСРО кезінде қылмыс жасаған саясаткерлерді қазақ қоғамы неге айыптамай отыр? Қазақ оппозициясы неге «төбедегіні келтіретін төртеудің» емес, «ауыздағыны кетіретін алтаудың» саясатын ұстанып жүр? Белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы кімдерге тиімді болды? Осы және басқа да сұрақтарға «Түркістанның» бүгінгі қонағы, белгілі саясаттанушы Берік Әбдіғалиев жауап береді. – Соңғы кездердегі саяси оқиғалардан есеңгіреп қалған қазақ қоғамы есін әлі жинап үлгерген жоқ. Сіздіңше, Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімінің астарында не жатыр? – Әрине, саяси астар бар. Билік қалай десе де, не десе де, халық оны жақсы біліп отыр. Алтынбек Сәрсенбайұлын ақылмен, сөзбен жеңе алмағандар бойларын үрей билегендіктен, зұлымдыққа бой ұрды. Оппозиция мен билік арасындағы қарым-қатынастар тепе-теңдігінің сақталмауы, саяси науқандарда, әсіресе, парламенттік сайлауда қатты қысым көрсетуі, қазақ қоғамындағы саяси ахуалды қолдан шиеленістіруінің кесірінен осындай қайғылы қазаға әкеп соқтырды. – Сіздіңше, Қазақстан қоғамы қай бағытта дамиды? Қауіпсіздік мәселесі жайлы не айтар едіңіз? – Қауіпсіздіктің түп тамыры жемқорлықта жатыр. Ұлттық намысы жоғары әрі азаматтық борышын сезіне білген әрбір мемлекеттік қызметкер заңдық талаптарды қатаң сақтайды. Егер құқық қорғау органдарында жемқорлыққа жол берілмесе, сондай-ақ, адамдардың бойына үрей ұялататын келеңсіз жайттар мен «күтпеген қазалар» болмаса, қауіпсіздікке де күмән келтірілмес еді. Биліктің демократиялық процестердің дамуына кедергі жасауы — сөз бостандығының жоқтығында. Әйтпесе, әркім өз саясатын заң шеңберінде жүргізетіні анық. Сонда ғана Қазақстанда өмір сүру қауіпсіз болар еді. – Демек… – Тек соңғы оқиғалардан кейін ғана қауіпсіздікке қатысты мәселе бізде көп көтеріліп жүр. Егер қоғам тарапынан қатаң талап етіліп, аталған мәселенің шешілуіне ықпал етілсе, біздің елде өмір сүру қауіпті болмасы белгілі. – Желтоқсан оқиғасы кезінде ұлттың мүддесін қорғаған ұл-қыздарды қорлағандар бүгінде жоғары лауазымға ие, мемлекеттік қызметте отырғандар бар. Олар қоғам тарапынан айыпталған жоқ. Қоғамдық айыптау болмайынша, кез келген оқиға не құбылыстың тиісті бағасын алмайтыны анық. Әрі жалтақ қоғамның билікке батыл да ашық талап қоюы екіталай… – Дұрыс айтасыз. Қоғамдық айыптау болмайынша, құлдық психологиядағы мәңгүрттер көбейе бермек. Бірақ Кеңестер Одағы кезінде, әсіресе, Сталин 1932-37 жылдары ат төбеліндей ғана қазақ зиялыларын қырып салғаннан кейін ұлттық намыстың не екенін білмейтін ұрпақ өсіп шықты. Тіпті, әлі күнге дейін коммунистердің көбісі мемлекеттік қызметте отыр. Желтоқсан оқиғасы кезінде қазақтарға қысым жасағандар – билік басында. Олардың барлығы бодандық санамен өскендіктен жалтақ. Олар елдің қамын емес, қара басының қамын бірінші кезекке қояды. – Сонда қоғамға ықпал ететін, құлдық психологиядан ада ұрпақтың әлі қалыптасып үлгермегені ме? – Тәуелсіздік алғалы бергі 15 жылда ұлттық сана-сезімді оятуға қабілетті журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарынан ұлттық мүддеге негізделген пікірлерін ашық білдіріп жүрген азаматтар бар. Солар кеңестік империя тәрбиесімен өскендердің өзіне кәдімгідей серпін болды. Марқұм Алтекеңнің кейінгі кездері жиі көтеріп жүрген басты мәселесі де бұрынғы коммунистік психологиядағы емес, ұлттық бағыттағы жаңа элитаны қалыптастыруға қатысты болатын. – Құлдық психологиядан қайтсек арыламыз? Кейбір сарапшылар пікірінше, қазақ қоғамында отарсыздану саясаты жүргізілмейінше, іс алға баспақ емес. – Отарсыздану саясатынан біз өтуіміз керек еді. Өкінішке қарай, өтпедік. Соның салдары: көшелеріміз кезінде жүрегі ұлтым деп соққан Алашорда қазақтарын қойша қырған коммунистердің атында. Олардың қару-жарақтары, суреттері мен мүліктері музейлерде әлі күнге сақтаулы тұр. Музейлерде әлі күнге дейін қазақ тарихы, тәуелсіздік үшін күрес тарихы емес, керісінше, отарлау мен коммунистер тарихы насихатталады. Сондықтан коммунизмді, кеңестік жүйені, айыптауымыз керек. Бұлардың бәрі де – қазақтың ата жауы. – Бірақ қазақ қоғамында кеңестік жүйені жақтап, мақтайтындар да баршылық қой? – Бұл коммунистердің немесе ұлттық сана-сезімі толық қалыптаспағандардың пікірі. Қазақ зиялыларын жойып, халықтың өзін ашаршылықпен қырған, қазақты тізе бүктіріп, намысын таптаған жүйені ешқашан ақтауға болмайды! Кеңестік жүйені мойындау – ол оны ақтаумен тең. Бұл менің максимализмім емес, бұл – намыс! Кеудемізде кек болуы керек. Кеңестік заманда тілімізді жоғалта жаздасақ та, әлеуметтік жағдайымыз дұрысталды» дегеніміз, ол «Құл болсақ та, жақсы тұрамыз, соған шүкір» дегеніміз. Меніңше, сол кезде қазақ шеккен қасіретті ешқашан ұмытпауымыз керек. Ұлттың дәрежесі материалдық жағдаймен өлшенбейді. Ең бастысы – рух, намыс, ар-ождан. Бұлар жоқ болса, елдің бай болғанынан пайда жоқ. Бүгінгі қасіретке де сол себеп. Сондықтан аталған індеттен тазаруымыз керек. – Ол аз десеңіз, әлі күнге бұқаралық ақпарат құралдарыңыз тек орыс тілінде сөйлеп, Ресей саясатын жүргізеді… – «Ұлттық намыс» деген қасиетті ұғым бар. Ұлттық намыс жоқ жерде басқа елдің саясаты жүргізіліп, сол елдің тілі билейді. – Дұрыс қой, бірақ ұлтқа деген жанашырлық, ұлтты шексіз сүю идеологиялық тұрғыда БАҚ арқылы насихатталмай ма?.. – Ұлттық намыстың төмен болуы, ұлттық құндылықтардың екінші не үшінші кезекке ысырылып тасталуы мемлекетті өзге ұлттың билеуіне әкеп соғады. Бар кінәрат, бар мәселе адамның – сана-сезімінде. – Яғни, отарсыздану саясаты міндетті түрде жүргізілуі тиіс қой? – Меніңше, деколонизация емес, модернизация жүргізілуі керек. Модернизация – жаңа қазақ ұлтын қалыптастыру. Алтынбек Сәрсенбайұлы билікке жалтақтамайтын, ұлттық құндылықтарды бәрінен жоғары қоятын жаңа ұлтты, жаңа ұрпақты тәрбиелеу мәселесін жиі сөз етіп жүрген. Әрине, отарсыздану мәселесі күн тәртібінде тұрғандықтан, аталған өзекті мәселені міндетті түрде шешіп алып барып қана алға жылжуымыз қажет. Бұл жаңа ұлттың дамуының ең басты сатысы боп есептеледі. – Сіз айтқан ұлттық құндылықтарды қазақ қоғамы тұтастай сезіне ме? – Кейінгі кездері кезінде ұлттық құндылықтарды жете түсіне білмеген аға буын бүгінде жастарға қарап бой түзеп, жастардан сабақ алуда. Ақсақалдарымыздың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұлт мүддесіне қатысты пікірлерін жасқанбай ашық айта бастауы – осының нәтижесі. Патриоттық сезімді қалыптастыратын процесс қарқын алып келе жатыр. Әрине, қазір билік мұны мойындағысы келмегенмен, енді бір 5-10 жылдан кейін ұлттық мүдделерге бейімделе отырып, әрекет етуге мәжбүр болады. – Неліктен? – Өйткені, ұлттық патриоттардың ықпалы күшейеді. Сондықтан билік қазақ қоғамының ұлттық құндылықтарын ескеруге міндетті. Қазақты шын сүйетін патриоттар неғұрлым көп болса, жаңа қоғамға деген сенім соғұрлым арта түспек. – Танымал саясаттанушы Әзімбай Ғали бүгінгі билік басына қазақша ойлап, қазақша түс көретін, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын қазақтілді азаматтар келуі тиіс дейді… – Бұл пікірге толық қосыламын. Кейде «қазақ қай тілде сөйлесе де, патриот бола алады» деген пікірлер айтылып қалады. Бұл теріс пікір. Өйткені, қазақы тәрбиемен сусындап өспеген азаматтардың дүниетанымы мүлде бөлек. Оларда ауылдың қара сирағының кез келгенінен табылатын «қазақ үшін жан пида» деген ұстаным жоқ. Қазақтың тарихын, тілін, төл мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын бойына сіңіріп өскен азамат қана – нағыз қазақ! Ал билік мемлекеттік деңгейде шешім қабылдарда ұлттық мүдделерді емес, азаматтық мүддені ұстануға тырысады. Көптеген шешімдер технократиялық жүйеде қабылданады. – Яғни, бүгінгі билік «арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» саясатты ұстанады… – Дұрыс айтасыз. Сондықтан қазақы тәрбиемен сусындаған, ұлттық құндылықтарды ескеретін азаматтар билік басында болса, қоғамдағы бүкіл саясатты қазақтың мүддесі арқылы жүргізері анық. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат, Мұстафа Шоқайлардың қазақ мемлекетінің саяси өмірінде тиісті бағасын алмауы, сол азаматтарға тәуелсіз қазақ мемлекетінен жөні түзу ескерткіш орнатылмауы, мемлекеттік бағдарламаларда арнайы шаралар ұйымдастырылмауы кейінгі буынға кері әсер етеді. – Президент Назарбаев Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына қатысты жасаған ресми мәлімдемесінде Қазақстандағы тыныштық, достық пен берекенің біреулерге, нақтырақ айтқанда, үшінші күшке ұнамайтынын ашық айтты… – «Үшінші күш» дегеніміз – қазақ қоғамындағы үшінші күш емес, ол – биліктегі үшінші күш. Өйткені, қазақстандық биліктің өзі тұтас бола алмай отыр. – Сіздіңше, «үшінші күш» деп жүргендердің көздеген мақсаты не? – Негізі билік өз мойнындағы жауапкершілікті өзгеге арта салуды көздейтін тәрізді. – Сонда бұл билікке таластың жаңа бір формасы ма? – Әбден мүмкін. Оның үстіне, билікке сырттан ықпал ететін сыртқы күш жоқ. – Демек, қазақ қоғамында саяси тұрақсыздық орнатуға тырысатын мүдделі топтарды биліктің айналасынан іздеуіміз керек қой? – Әрине. Негізі АҚШ, Қытай, Ресей мен басқа да мемлекеттер өздерін қызықтыратын мәселелерді заңды, заңсыз жолмен бейбіт түрде шешіп алып отырғандықтан, қазақ қоғамында тұрақсыздық орнатуға мүдделі емес. – Ат төбеліндей ғана олигархтық күштердің немесе мүдделі топтың билікті билеп-төстеуі ҚАЗАҚ мемлекетінің келешегіне қауіп төндірмей ме? – Олигархтық топтың билікке тікелей ықпал етіп, өз мақсаттарын ашықтан-ашық, еш кедергісіз жүзеге асыра беруі саяси, экономикалық тұрғыда өте зиян. Ең үлкен қауіп: мүдделі топтардың ықпалы күшейген сайын күтпеген оқыс жағдайларға әкеп соғуы әбден мүмкін. – Ойыңызды ашып айтсаңыз? – Олигархтық топ билік басына өзінің мүддесін қорғайтындардың келуіне жағдай жасауды мақсат етеді. – Яғни, билік халыққа емес, белгілі бір мүдделі топқа қызмет етеді… – Әрине! Сондықтан олигархтық топтың ықпалын әлсіретуге күш салу керек. Ресейдегі кезінде Кремльдің есігін теуіп кіретін олигархтарды ауыздықтаған Путин саясатына халық риза болған. – Гусинский, Березовский, Абрамович… – Иә. Ельциннің тұсында дегенін істетіп жүргендердің көпшілігі бүгінде «сен тимесең, мен тимен бадырақ көздік» бағытты ұстанып отыр. Тек билік оларға тиіспесе болғаны. – Сарапшылар елде саяси-экономикалық реформалардың жасалуы керектігін айтады. Сіздіңше, сол реформалардың алғышарттары қандай болмақ? – Саяси реформалардың ең басты талабы: нағыз сөз бостандығы. Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарын демонополизациялау. Оппозициялық күштер өкілдерінің ұлттық және демократиялық құндылықтарға қатысты пікірлерін БАҚ арқылы ашық айтуға жағдай жасау. Оппозиция өкілдерінің Парламент құрамына енгізу де саяси реформаның бір өзегі болып табылады. – Келесі сайлаудың ауылы алыста. Сонда бұл процесті қалай жүзеге асыру керек? – Мүмкін партиялық тізіммен қайта сайлау ұйымдастыру қажет шығар. Сосын заңды түрде тіркелмей жатқан партияларды тіркеуден өткізу де аса маңызды. Енді біздікі тек арман ғой. Бірақ осы мәселелер іске асырылса ғана келешекте демократиялық қоғам орнатуға сенім пайда болды. – Керісінше болған жағдайда… – Парламенттің құзырын күшейткенсу, соттар мен әкімдерді сайлағансу – көзбояушылық. Билік саяси реформа жасаған сияқты болғанмен, қоғамда ешқандай ілгерілеушілік болмайды. Саяси күштер мен билік арасындағы келіссөздер оппозициялық күштердің жұмыс жасауына мүмкіндік тудырғанда ғана басталмақ. – Дамыған елдердің қоғамдық құрылымдары мемлекеттің келешегіне қатер төндірген сыртқы күшке төтеп беруге, тіпті, қажет болса, сол сыртқы күштің күл-талқанын шығаруға қауқарлы. Ал Қазақстан ше? – Барлық мәселе саяси реформаларға келіп тіреледі. Біздегі саяси жүйе бір адамның басқаруына бейімделген. Қазақ «жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді, әрине, жаманшылықтың бетін әрі қылсын, бірақ егер Президенттің өміріне күтпеген жерден қауіп төнсе, саяси жүйе тұтасымен дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Ал дамыған елдердегі парламент, үкімет, сот арасындағы тепе-теңдік – тұрақтылықтың кепілі. Бұл әлемдік тәжірибеде кеңінен тараған әдіс. Екіншіден, біз «мемлекеттік қауіпсіздік» ұғымын белгілі бір топтың қауіпсіздігімен жиі шатастырып алып жүрміз. – Оны қалай түсінуге болады? – Оппозицияның күшеюі ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер ретінде қабылданады. Оның үстіне, өкінішке қарай, қоғамдағы «ұлттық қауіпсіздік» ұғымын сезіну мен түсіну деңгейі де өте төмен сияқты. Ал билік қазіргі таңда «қауіпсіздік» ұғымын тек өзінің қауіпсіздігімен шектеп жүр. Тіпті, кейде өз қауіпсіздігін сақтау үшін билік еш нәрседен де тайынбайтындай сыңай танытады. – Бірақ сол біз әңгіме етіп отырған оппозицияның ішінде ұлттық мүддеге қызмет ететіндер емес, «бас басына би болған өңшең қиқымдар» көп сияқты… – Ол рас. Оппозицияның ұлттық құндылықтарды қоғамдық күш ретінде дұрыс көтере алмай отырғанын, билікке таласта пікірлері жиі екіге жарылатынын мойындау керек. Қазақ ұлтының мүддесінен жеке басының мүддесін жоғары қойып отыр. Оппозицияның арасында алауыздықтың көп болуына билік те мүдделі. – АҚШ, Батыс, Ресей мен Қытай табиғи ресурстарға аса бай орталықазиялық аймақтағы саяси ойынын әлдеқашан бастап кетті. Осы саяси ойында Қазақстан қандай бағытты ұстануы тиіс? – Сыртқы саясатта өрескел қателіктерге бой ұрып жатырмыз дей алмаймын. Табиғи ресурстарды тасымалдаудың балама жолдарын көбейту болашақта дамыған елдермен терезесі тең мемлекет ретінде сөйлеспесек те, алып державалардың бізбен санасуға жағдай жасайтыны белгілі. Баку-Жейхан, Иран, Қытай мен Ресей арқылы тасымалдау жолдарын реттеп алсақ, көп нәрседен ұтамыз. Әрі аталған төрт мемлекеттің Қазақстанмен қарым-қатынас жасауға мүдделі болуы алпауыт елдермен арадағы тепе-теңдіктің сақталуына және Қазақстанның келешегіне кепілдік береді. Қазір біз жүргізіп отырған көпвекторлы саясаттың тиімді тұсы да осы шығар. Әңгіме арасында… – Желтоқсан оқиғасының әлі күнге тиісті бағасын алмауы неліктен? – Себебі, ызғарлы Желтоқсанда халық билікке қарсы шықты.Бұл тек ұлттық намыстың оянуынан ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілікті сезіне білу. – Яғни… – Яғни, азаматтар «қолда барда қонышынан басатын» биліктен қаймықпай, өз құқықтарын қорғау үшін көшеге шықты. Халық наразылықтарын ашық білдіре отырып, қатаң талап қойды. Билік Желтоқсан оқиғасының қайталануынан қорқады.

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары