Темірхан МЕДЕТБЕК: МЕНIҢ РУХАНИ ӘКЕМ

Темірхан МЕДЕТБЕК: МЕНIҢ РУХАНИ ӘКЕМ

Темірхан МЕДЕТБЕК: МЕНIҢ РУХАНИ ӘКЕМ
ашық дереккөзі
923

Өткен аптада М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында ақын Әбу Сәрсенбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті. Дәл сол күні ақын тұрған үйге де қала әкімшілігі ескерткіш тақта ілді. Ақынға жасалған құрмет мұнымен ғана шектелген жоқ. Жазушылар одағының мәжіліс залында «Тағзым» клубының ұйымдастыруымен ақынды еске алу кеші өткен. Қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны, өзіндік қолтаңбасы бар Әбу Сәрсенбаев отты жырларымен, жалынды өлеңдерімен ғана есте қалған жоқ. Ақын қазақ әдебиетінің қатарына қаншама жалынды жастарды қосты. Бүгінгі мүйізі қарағайдай ақын-жазушыларымыздың көбі Әбу Сәрсенбаевтың мектебінен өткенін аңыз қып айтып жүр. Солардың қатарында белгілі ақын Темірхан Медетбек те бар. Темірхан аға әдебиеттегі рухани әкесі жайлы естелік айтудан әсте жалыққан емес, әрі рухани әкесімен мақтанады.

…Мектеп бітірген соң, бірден оқуға келе алмадым да, колхозда біраз жыл жұмыс істедім. Колхоздың қара жұмысын атқарып жүріп те, әдебиетке деген аңсарым, білім алуға деген ынтам бір сейілген жоқ. Бірден оқуға келе алмаған себебім, әкем мені 55 жасқа келгенінде көрген екен. Жалғыз ұлмын, сол шаңырақтың иесімін. Оқығым келеді. Оқиын десем, әке-шешемді тастап кете алмаймын. Сөйтіп жүргенімде, әке-шешем қалаға көшетін болды. Ауылдан Түркістанға көшіріп әкелген соң, ата-анамнан рұхсат сұрап, қалаға оқуға аттандым. Шал бір мүйізі сынып қалған қара сиырын сатты да, соның ақшасын қалтама салып берді. Соны қаражат етіп, Алматыға келдім. Бүкіл есіл-дертім – әдебиет, дайындығым да жаман емес. Грамматикам да жақсы, жаттап алғам. Бірақ, бір көмек болмаса, қиын болатынын түсінем. Өйткені, осы жылы оқуға түспесем, келер жылы қайта келе алмайтыным, тағы белгілі. Содан өзіме рухани көмек іздедім. Ауылда жүргеннің өзінде қолымыздан газет-журналдар түспейтін. Әсіресе әдеби газет-журналдарға құмармын. Сондай газет-журналдарға шарждар, достық әзілдер шығып тұрады. Солардың қатарында Әбу ағаның да суреті жиі басылатын. Әбу Сәрсенбаевтың қасына көп адамдарды жинап, балабақшаның тәрбиешісі сияқты етіп салып қояды. Ол кісі туралы «ананы әкеліпті, мынаны әкеліпті» деп жазғандарын көбірек оқығам. Сондықтан, Әбу ағаны пана тұтқым келді. Сөйттім де, салып ұрып, ағамның үйінен бір-ақ шықтым. Келіп, есіктің қоңырауын қағып едім, есікті шашы дудырап, Әбу ағаның өзі ашты. Суреттерін талай көргем, бірден таныдым.

– Кім керек, балам? – деді.

– Сіз керексіз.

– Мен кіммін?

– Сіз Әбу Сәрсенбаевсыз,–деп едім, күлді де: – Кіре ғой, айналайын,–деп, үйіне шақырды. Үйінде Ғабдол Сланов бар, Ләзиза апай үшеуі шай ішіп отыр екен. Шәй де батпайды, ешнәрсе жей алмаймын. Алдында өлең жазатынымды айтып, жағдайымды түсіндіргем. «Шәй ішпесең, тамақ жемесең, онда сенің өлеңіңді тыңдамаймыз», – деді Әбу аға. Жақсы адам екендігі содан-ақ көрініп тұр. Тамақ ішіп болған соң, Ғабдол аға екеуі кабинетіне әкеліп, менің өлеңдерімді тыңдай бастады. Дәптерімді ашып жіберіп, сартылдатып оқып жатырмын. Әбу аға әбден риза болған болуы керек, бірден «Балам, талабың жақсы екен. Ертең екеуміз Жазушылар одағында кездесейік. Мына дәптерлеріңмен жұртты таныстырайын», – деді. Ертесіне мені қолымнан жетелеп, одаққа алып келді. Онда ағамның консультант болып қызмет істеп жүрген кезі. Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырза Әлі үшеуі бір бөлімде жұмыс істейді екен. «Мынадай бала табылды» деп мақтауымды асырып жатыр. Өлеңдерімді бұрқыратып оқып жатырмын. Жұмекен неге екені белгісіз, темекесінің бір талын алды да, сыртқа шығып кетті. Ал Қадыр Мырза Әліге кереметтей ұнай қойды деп ойламаймын. Дегенмен, «Тосын ойлары бар екен»,–деп өзінің ойын айтып жатыр. Сол жерде отырып, Әбекең Шерхан Мұратазаға, Әбіш Кекілбаевқа телефон шалды. Ол кезде Шерағаң – «Лениншіл жас» газетінің редакторы да, Әбіш Кекілбаев – әдебиет бөлімінің меңгерушісі. Дәптерімді алып, сол кісілерге апарып бердік. Содан Әбу ағам маған: «Сен КазГУ-ге тапсырма, онда адам көп болады. Сенің жағдайыңды біліп отырмын. Биыл түсе алмай қалсаң, келер жылы келе алмай қаласың. Одан да мен сен КазПИ-ге, Қажым Жұмалиевке алып барайын», – деді. Қажым ағаның үйінде ремонт жүріп, астаң-кестеңі шығып жатыр екен, соған қарамастан, Әбекеңді сыйлап, «тыңдайық баланы» деді. Өлеңдерімді оқыдым. Одан кейін қарап отырды да: «Таланты бар екен. Өлеңдерінен көрініп тұр. Бірақ, теориялық жағынан осалдау сияқты» деді. Сөйтіп еді, Әбекең: «Ойбай-ау, Қажеке, оқуға түссе, теориялық жағынан өзіңіз үйретпейсіз бе?», – деді. Оған Қажым аға күлді де: «Жарайды, біз ылғи ғалымдарды дайындап жүрміз ғой. Енді ақынды да дайындап көрелік» деді. Сонымен не керек, шығармамды беске жазып, оқуға түстім ғой. Емтихан тапсырып жүрген кезімде «Лениншіл жас» газетіне, кішкентай аннотациясы берілген, бір топ өлеңдерім жарияланды. Ертесіне радиодан таңертеңгілік өлеңдерімді тағы беріп жатыр. Маған осылай ең алғаш қамқорлық жасаған адам Әбекеңнің жақсылығын бұдан кейін де талай көрдім. Өле-өлгенше ол кісімен менің ара-жігім ажыраған жоқ. Қай уақытта да, қай жақта да жүрсем де, Әбекең менің тағдырыма алаңдап жүретін. Өзі сондай мейірімді. Дүниеде жақсы өлең үшін қуанатын мұндай адамды көрген жоқпын. Жақсы өлең көрсе, дүниеге бір нәрестесі келгендей қуанып, елпілдеп-желпілдеп жүретін. Әбекең қазақ әдебиетінің бүгінгі марқасқаларының көбін әдебиетке алып келді. Олардың қатарында Жұмекен Нәжімеденовтен бастап, Сайын Мұратбеков, Қанипа Бұғыбаева, Дүйсенбек Қанатбаев бар. Тіпті, Қанипа Бұғыбаеваны үйінде жатқызып, емдеген адам. Әрқайсымызды оқытып-тоқытып, анау есіктен, мынау есікке барып, өлеңдерімізді жарыққа шығарып, елпілдеп жүретін. Ешқашанда ерінбейтін, жалықпайтын. Бізден кейін де талай жас таланттарға мейірімі түсті ғой. Бұл кісіден жақсылық көре тұра айтпай жүргендерді де мен білем. Бірақ, олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Әбекеңді өмір-бақи рухани әкем деп санап келем. Үйіне барсам, тамағымды беріп, қалтама бес-он сомын салып, шығарып салатын. Ләзиза апай да Әбкеңе тең қосылған, мейірімді, жомарт жан еді. Үйлерінен кісі үзілмейтін.

Маңғыстауға кетпей тұрғанымда тағы бір жағдайға ұшырадым. Әкем қайтыс боларының алдында елге барып, қасында үш-төрт ай бірге болдым. Содан Алматыға қайтып келсем, мені жұмыстан шығарып жіберіпті. Содан кейін, «Малая станица» дейтін жерде Әбекеңнің інісі жұмыс істейтін. Бастық емес, қатардағы қарапайым қызметкер. Сол інісіне айтып, мені сонда жұмысқа орналастырды. Қарауылдар тұратын екі бөлмелі үйі бар екен, бала-шағаммен сонда тұрдым. Маңғыстауға кеткенімде де қатты қиналды. Әбу ағам қолынан келсе, адамға жақсылық жағасысы келіп тұратын, қолынан келгенін аямайтын, ешкімге дауыс көтермейтін, қыз құсап, алақаныммен көлегейлеп қана күлетін, жаны жайсаң, әулие адам еді. Ол кісінің әдебиетке жасаған тіршілігінің өзі аз емес. Тек қана «Ақша бұлт» дейтін өлеңінің өзі неге тұрады? «Алла Тағала бұл кісіні туған бойда ақша бұлтқа орап әкеткен ғой», –деп бір сөзімде айтқан едім. Әбу ағаға ақша бұлттың тазалығын, мейірімін, кіршіксіз ғажаптығын, адалдығын құйып жіберген адам деп есептеймін. Басындағы шашының өзі ақша бұлт сияқты аппақ болып, ағарды.. Тұла бойы тұтас ақша бұлттай адам еді. Әрі бұлт боп, әрі жыр боп төгілген сияқты. Ақша бұлттың символына айналып кетті. Әдебиетке жасаған еңбектері бір төбе де, тіпті кейбіреулер өздері болып-толғандай боп жүрсе де, әдебиетке мықты-мықты адамдарды алып келуімен-ақ, әдебиетте мәңгілік қалады деп білем.

Темірхан ағаның архивінде рухани әкесінің хаттары да мол сақталыпты.. Сол хаттардың бірнешеуінен үзінді жариялаюды жөн көрдік. Бір қызығы жауынгер ақын хаттарының көбін шағын открыткаларға жазып отырыпты. Фашизммен қарсы күресте майдандық газеттерді шығарған ақынның сол кезден қалыптасып қалған дағдысы болуы керек.

ХАТТАР… ХАТТАР

28.11.82.

Темірхан ұлым, Шолпанжан, есен-саусыңдар ма, қарақтарым? Балалардың дендері сау ма?

Менің үстіме түскен ауыр қасіретке алыста жатсаңдар да, иықтарыңды тосып, көңіл білдіргендерің үшін рахмет, қарақтарым. Сексенді орталай келгенде, 49 жыл 7 ай бойы творчестволық азапты жолды бірге кешкен, осы ұзақ сапар үстінде есейген аяулы жұбайды жоғалту маған жеңіл болған жоқ. Бір шүкірлігі облыстық, аудандық партия комитеттерінен, баспасөз орындарынан, қаламдастардан, майдандастардан ағыл-тегіл телеграммалар келіп жатты. Мен абзал жұбайымнан айрылсам, қазақ халқы бүкіл саналы өмірін ел игілігіне бағыштаған санаулы қыздарының бірінен айырылды ғой. Демек, қаза ортақ.

Үлкен рахмет, қарақтарым. Алғыспен Әбу.

14.2.88.

Темірхан ұлым, есен-саумысың? Алдыңғы күні «СҚ»-дан, бүгін «ҚӘ»-ден жаңа өлеңдеріңді оқып, қатты риза болдым. Бұл жолы сенен жаңа бір бет бұрыс, жаңа бір бейнелеу құралдарын аңғардым. «Жұлдыздар мөлтілдеп, үзіліп кеткелі тұрғандай…» Жұмекенге арнауың терең толғаныстың жемісі. Ол саған маза бермей, үнемі, төңірегіңде жүреді де қояды. Жұмекенге талайлар өлең арнады. Әрқайсысы өзінше жақсы. Бірақ та сендегі мынау сезім өзгелерде жоқ. Соңғы шумақтарыңа ойға, мұңға тереңдеуің де орынды. Ақын аспаны ешқашан да ақ шуақ болып көрген емес!

Сенің өлеңдерің Әбділдаға да қатты ұнапты. Ол саусағын (бармағын) көрсетті. «Мынадай өлеңдер!»

Айтпақшы, сен «ҚӘ»-ның «Әбділдаға хатын» қалай қабылдадың? Алдыңғы «Сұхбат» та, мынау да әдепсіздік емес пе? Біздің жағамызда нелері бар. Атақты сұрап алдық па?

Қош. Хат жаз. Әбу.

19.2.88.

Темірхан ұлым, есен-саумысың? Алдыңғы күні «ҚӘ»-де жарияланған өлеңдеріңе өзімнің де, Әбділданың да сүйсінгендігін жазған едім, кеше облыстық газетте жариялаған мақалаңды алдым. Үлкен рахмет! «Қасиетті махаббат» туралы баспасөз бетінде тұңғыш пікір айтқан өзің болдың. «Алмас пен Тұрсын» араларындағы қайшылық тартыстар арқылы сюжетін түгел қамтуға тырысыпсың. Фабулаларына барып, кеңірек толғануға газет көлемі мүмкіндік бермеген шығар…

…Алматыда қазір Қалтайдың «Біз пайғамбар емеспіз» деген трагедиясы жүріп жатыр. Халқымыздың қаралы кезеңі саналатын 1937 жылдың ащы шындығы. Аса ауыр сахнаның көрінісі де (темір тор), музыкасы да жаныңды түршіктіреді. Темір тордың аржағынан жиі-жиі машина фары көмескі жалтылдайды. Тағы бір азаматты тұтқындап әкелді-ау деп қаласың…

Ауыр, өте ауыр!

Бүгінгі «ҚӘ»-де Тұманбайдың, Исраилдың бір бет өлеңдері шықты.

Қош, сәлеммен Әбу ағаң.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары