ҚҰЛДЫРАУ

ҚҰЛДЫРАУ

ҚҰЛДЫРАУ
ашық дереккөзі
257

Қазақстанның қысқы спорт түрі әзірге ешбір сын көтермейді

Қысқы спорт түрлерінен өткен Турин Олимпиадасы қысқы спорттың Қазақстандағы күйі қандай екенін барлық қырынан анық та, ашық та көрсетіп берді.

Қысқы Олимпиадаға Қазақстаннан 57 спортшы барды деп әлемге жар салдық. Жарайды, ол 57-нің бірталайы хоккейшілер делік, ал ел намысын шаңғы, коньки, биатлон, фристайл сияқты спорт түрлерінен қорғауға барғандардың саны да қырыққа жетіп құлайды. Солардың арасынан ең болмаса біреуі медальға ие болу тұрмақ, төртінші орынға шыға алмауы сұмдық емес пе?

Қаншама қаржы желге ұшты десеңізші. Олимпиада қарсаңында ҚР-ның Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Дәулет Болатұлы журналистермен өткен кездесуінде медаль алудың ауылы алыс екенін ашық айтқан болатын. Дегенмен, жанкүйерлер іштей спортшыларымыздың біреуі болмаса біреуі ойламаған жерден медаль алып қалатын шығар деген пендешілікпен үміттенгені де рас.

Мұндай күтпеген жайттарға айғақ ресейлік шаңғышы Евгений Дементьевтің спорттық ерлігі. Ол шаңғының дуатлон түрінен Олимпиада жарыстарының алғашқы күні-ақ алтын медаль алса, ал Олимпиаданың соңғы күні ерлер арасындағы 50 шақырымдық сында мәре сызығын екінші болып қиып өтті. Бұған дейін бірде-бір шаңғы маманы Е.Дементьев осындай табыстарға жетеді деп ойламағаны белгілі. Шаңғы спортынан соңғы 10-15 жылдың көлемінде Норвегия, Швеция, Финляндия елдері әлемдегі көшбастаушылар болып келді. Сол елдердің мықтыларымен тайталаста 50 шақырымдық бәсекеде итальяндық Джорджио ди Чентананың алтыннан алқа тағуы кімді де болса таңдандырғаны даусыз.

Осы марафондық қаштықтыққа қатысқан төрт қазақстандықтардың арасынан Максим Однодворцев – 13-ші орыннан көрінсе, Андрей Головко – 29-шы, Денис Кривушкин – 37-ші, Андрей Кондрышев – 54-ші орындарда қалып қоюларын немен түсіндіруге болады?!

Сонау кеңестік заманда, одан кейінгі кезеңдерде де көкшелік Владимир Смирнов жоғарыда аталған Норвегия, Швеция, Финляндияның көкжалдарымен, нарқасқаларымен жалғыз өзі алысып, талай рет олардың аузынан алтын медальді жырып алып кеткенін спорт сүйер қауым жақсы біледі.

Олай болса тобырлар қатарынан көрінетін дарынсыздарды топырлатып алып барғаннан гөрі, В.Смирнов сияқты бір өзі бүкіл елдің атын шығаратын талантты бірді-екілі мықтыны дайындаған абзал сияқты.

Жігіттер арасынан Николай Чеботько мен Евгений Кошевой екеуі қысқы қашықтықтағы шаңғы бәсекесінде 6-шы орынды алып, көңілді бір көтеріп тастағандарының өзіне тәуба. Бар табысымыз осымен шектеледі. Бұдан кейінгі тәуір нәтижені (біздің шаңғышылар арасынан) дуатлоннан 9-шы орынды алған Максим Однодворцев пен жарыстың осы түрінен әйелдер арасында 12-ші орынға шыққан Малахова-Шишкина көрсетті. Бар қол жеткізген табысымыз осы ғана екен.Бірақ, табыс деп қалай айтарсың?..

Бұрынғы кеңестік елдер арасында (Ресейді қоспағанда) Эстония ерледі. Тайдың тоқымындай Эстонияның намысын қорғаған шаңғышылар саусақпен санарлықтай ғана. Бұл елде қақаған қыс та бола бермейді. Соған қарамастан шаңғыдан үш алтын алу – ұлы ерлік. Эстон спортшылары үш алтын медальмен елге абыроймен оралды. Үш алтын да шаңғышылар еншісінде. Екі алтынды әйелдер арасында Кристина Шмигун иеленсе, ерлер арасындағы 15 шақырымдық додада эстондық Андрус Веерпалу үздік шықты.

Сөйтіп алтын медальдар алған елдердің қатарынан ойып тұрып 12-ші орынды иеленді. Жалпы медаль алу жағынан бұрынғы одақта болған елдерден Белоруссия үлесінде – бір күміс, Украинада – 2 қола, Латвияда – 1 қола медальдар бар. Құр қалған қазақтар, қырғыздар мен өзбек ағайындар. Журналистерге берген сұхбатында Дәулет Болатұлы 2002-2005 жылдар аралығында барлық қысқы спорт түрлерін дамытуға елімізде 649 миллион 248 мың теңге жұмсалғанын айтқан болатын. Ал бір ғана 2005 жылы қысқы спортқа 343 миллион 932 мың теңге бөлінген екен. Одан бөлек Турин Олимпиадасына қатысу және ұйымдастыру шараларына 50 миллион теңге жұмсалған.

Сонда осыншама қаржы жұмсап, үлесінде әйтеуір бір медалі бар 26 мемлекеттің санатына ене алмау деген қандай өкінішті.

Көптеген елдер негізгі үмітті, сенімді өздерінде жақсы дамыған жекелеген спорт түрлеріне артады. Мысалы, немістер бұрыннан-ақ биатлон, шана және бобслей, коньки сияқты спорт түрлерінен әлемдегі мықтылардың бірі болса, Туринде немістер шаңғыдан да ешкімнен қалыспады.

Командалық 7-ші орыннан көрінген Оңтүстік Корея бір ғана шорт-трек түрінен 6 алтын медальды иеленіпті. Яғни, барлық мақсат, барлық күш абырой әперетін шорт-трекке келіп тірелген. Конькиден соңғы жылдары Голландия мен Канаданың спортшылары ешкімге дес бермей келеді. Турин Олимпиадасында алтын медальдарды осы екі елдің конькишілері және американдықтар бөлісті.

Конькиден адам таңдай қағып, шын таңданатын нәтижелер көрсетудің негізгі алғы шарты – жабық мұз айдындарының болуы екенін өмірдің өзі дәлелдеуде. Мәселен, бір Голландияда ғана әлемдік талапқа сай 11 жабық мұз айдыны бар екен. Мұндай көрсеткіштер жағынан Канада мен АҚШ-та қалыспауда.

Тіптен сонау алыстағы Австралияңыз алтын алып жатса қалай таңданбайсың? Осыдан төрт жыл бұрын Американың Солт-Лэйк Сити қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарындағы бірде-бір медальға ие бола алмай қайтқанымыз бізге әлі де өмірлік сабақ бола қоймаған сияқты. Қысқы спорттан қылқынып тұруымыздың басты себептері көп-ақ. Оны шешпейінше алға басу мүмкін емес.

Голландияда ел игілігіне айналған жабық мұз айдындарының ең болмаса бізде біреуі болса, жағдай басқаша болар еді-ау. Биыл Ресейдегі Челябі, Мәскеу, мен Коломнада үш бірдей жабық мұз айдындары іске қосылып еді, жағдай оңғарылып шыға келді. Итіңдеп, конькиден дамыған елдердің ең соңында қалып қоятын ресейлік конькишілер әлем біріншіліктерінде бас жүлдеге ие бола бастағанына бәріміз де таңданғанбыз.

Олар Турин Олимпиадасында кейінгі табыстарының кездейсоқ емес екенін дәлелдеп, 500 метрге жүгіруде Светлана Журова – алтын, осы қашықтықта Дмитрий Дорофеев – күміс жүлдегер атанса, командалық сында ресейліктер қола медальды иеленді.

Біздер жабық мұз айдынын армандай жүріп,даңқты Медеу мұз айдынының өзін дұрыстап пайдалана алмай отырмыз.

Тұғырдан секірушілерде аздаған серпіліс бары байқалады. Оған 90-метрлік тұғырдан секіруде Радик Жапаровтың 26-шы орынға ие болуы дәлел. Тұғырдан секіруші бапкерлер Қайрат Бикенов пен Иван Карауловтан да үміт күтеді. Бірақ олардың шеберлігін шыңдайтын бүгінгі заман талабына сай шаңғы тұғырының болмауы үлкен қол байлау болуда. Алматының түбіндегі шаңғы тұғырының салынғанына 60 жылдан асыпты. Осы тұғырдан секір десеңіз… Шетелдік спортшылар «Өле алмай жүр дейсің бе?» деп жауап берері даусыз.Шаңғы тұғыры деген аты ғана бар, заты жоқ.

Стандартқа сай 90 және 120 метрлік шаңғы тұғырларын салуға қолайлы елімізде 5-6 облыс бар. Абырой, атақ бәрімізге ортақ екенін сезінген облыс әкімдері осындай іргелі істі қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді. Бір ғана Спорт комитетінің басына барлық қиындықты үйіп-төге бермей, басқа да құзырлы орында тізе қосып құлшына кіріссе талай қиындықтарды қиналмай жеңуге болады.

Қазір Шортандыда тұғырдан секіру стадионының құрылысы қолға алынуда. Биатлон спорты қысқы спорт түрлерінің ішіндегі ең әсем, ең қызықты түрі, бірақ өкінішке қарай, спорттың бұл түрі біздің елімізде мүлдем кенже қалған. Қазіргі таңда спорттың бұл түрі Шығыс Қазақстан мен Ақмола облыстарында қолға алынған. Спорттың осы түрін Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында дамытуға барлық мүмкіндік бар. Сөйте тұра аталған облыс мамандарының етегінен енжарлық тартуда екенін аңғару қиын емес.

Фристайл – бір ғана өлкеде өркендеуде. Спорттың бұл қызықты түрі тек Шығыс Қазақстаннның «Изумрудный», «Княжий Гор» демалыс орталықтарында ғана біршама дұрыс жолға қойылған.

Міне, бір ғана өңірде дамып, еліміздің басқа өңірлерінде құрдымға кеткен спорт түрлерінен бәсекелестік болмаған жерде қысқы спорт дамиды деп үміттену бос әурешілік.

Шығысқазақстандықтар бұл әлемдік бәсекеге 33 спортшы аттандырып, барлық ауыртпалықты көтерген көшбасшы аймақ болды. Ақмолалықтардың 7 өкілі ел намысын қорғады. Құрамада Солтүстік Қазақстан мен Павлодардан екі-екіден спортшы болса, Алматы мен Қостанай облыстарынан бір-бір спортшы ғана бақтарын сынады.

Сонда, қысқы спортты қарқындатуға толық мүмкіндігі бар өзге қалған облыстар неге бұғып қала береді деген заңды сұрақ туады. Қысқы спорттан мұншама тұралап қалуымыздың басты себебі – бүгінгі заман талабына сай келетін спорттық базалар мен құрылыс орындарының жетіспеуі.

Ұзақ уақытқа үлкен спорттың болашағы, қайнар көзі болып табылатын балалар спорты Білім және ғылым министрлігінің қарауынан алынып Спорт комитетінің құзырына берілді. Бұл дегеніңіз барлық облыстардағы жасөспірімдердің спорт мектептері мен дарынды балалардың мектеп-интернаттарында спортқа ден қою арта түседі деген сөз. Оның үстіне көзден кетіп, көңілден таса болған аудандық спорт басқармалары қалпына келтірілді, оларға төрт адамдық штат беріліп отыр. Бұл ауылды жерлерде бұқаралық спортқа жан кіргізетін шара болмақшы.

Бұрын облыс әкімдері спорт басшылығына спорттан хабары жоқ адамдарды тағайындай салатын. Бұдан былай бұл мәселені де республикалық спорт комитеті ғана шешетін болды. Ал спорт комитеті спорттың ыстығы мен суығын басынан өткізген белгілі мамандарға сенім артады.

Бүгінгі таңда осындай олқылықтардың орнын толтыру жолында атқарылып жатқан істер баршылық. Соның бір көрінісі ретінде Алматы қаласының түбінде бой көтерген Олимпиадалық орталықтың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Шортандыда шаңғы, биатлон, тұғырдан секіру нысандарының іргетасы қалануда.

Қазіргі таңда Қазақстанда қысқы спортты дамыту жөніндегі қабылданған мемлекеттік бағдарлама аясында үш жерде спорттағы дарынды балаларға арналған Олимпиадалық мектеп-интернаттар ашылған. Соның бірі – Риддердегі мектеп-интернаттың түлектері Қазақстан құрамасының денін құрайды. Олардың қатарында Максим Однодворцев, Сергей Черепанов,Алексей Полторанин, Светлана Малахова, Елена Коломина сияқты шаңғышылар бар. Бұлар Олимпиада ойындарында ел намысын қорғады.

Аталған риддерлік шаңғышылар Азияда ең мықтылар санатында.

Бүгінгі күндері еліміздің барлық облыстарында олимпиадаға дайындық орталықтары жұмыс істейді. Қысқы спорттан көш бастаушы Шығыс Қазақстан облысының барлық аудандары мен қалаларындағы балалар мен жасөспірімдер спорт орталықтары түгелдей облыстық спорт комитетінің құзырына табысталды.

Барлық облыстарда жағдай осы тұрғыда жүргізіле бастағаны аңғарылады. Бұрын көптеген спорт мектептерінің бірі Білім және ғылым министрлігіне қараса, енді бірі Спорт комитеттің қарамағында болып, «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайыдының» күнін кешіп келсе, енді жағдай бір қолға өткені көңілге демеу. Бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз.

Себебі, бір орталықтан қаржыландыратын спорт орталықтары мен мектептер кімнің қамқоршы екенін анық сезініп, жауапкершілікті терең түсініп, өз қаракеттерін тас түйін қамдайды.

Ерлердің шайбалы хоккейіне әжептеуір үміт артып, ең болмағанда Словакия мен Латвияны ұтып, сегізінші орыннан көрінеміз деген сәуегейлік алдын ала айтылғаны белгілі. Бұл үмітіміз жартылай ақталды. Словактармен тартысты ойында 2:1 есебімен ұтылып қалдық. Шайбалы хоккей мамандарының пікірінше, ең алғашқы шведтермен, одан кейінгі Америка Құрама Штаттарының командалары (шведтерден 7:2, американдықтардан 4:1 есебімен тізе бүктік) ойындарда қақпашы таңдауда команданың бас бапкері Николай Мышагин тактикалық қателіктер жіберген. Басқа қарсыластарды былай қойғанда американдықтармен тең түсіп, Словакияны ұтуға мүмкіндік болған еді деген пікірлердің басын ұшын шошаңдатқан шыли «білгіштермен» келісуге бола ма, болмай ма, ол жағын Н.Мышагинның үлесіне қалдырайық.

Ал Латвияны 5:2 есебімен ұтқанымыз Қазақстан хоккейіне тәп-тәуір бедел әпергені белгілі. Олимпиада ойындарында шайбалы хоккей ойындары жаңа ереже бойынша өтті. Сол жаңа ережеге қазақстандық хоккейшілер бейімделе алмай-ақ қойды деген байбаламның қаншалықты негізі барын ешкім де дөп басып айта алмайды. Бірақ, бір нәрсе анық, ол төрешілердің Қазақстан командасына ойларына не келсе, соны жасағанын аңғару қиын бола қойған жоқ. 84 минут айып уақытының қазақстандықтарды Латвияға дейінгі ойындарда төрт немесе үш ойыншы болып ойнауға мәжбүр еткенінің еріксіз куәсі болдық.

Команда бапкері Николай Мышагиннің «Төрешілер біздің команданы жазалау арқылы өз біліктерін әдейі тексеріп көргісі келгендерін байқау қиын болған жоқ» – деуінде де шындық бар. Олимпиада ойындарында әйелдер командалары да тартысқа түсті. Бұл жолы қазақстандық хоккейші қыздар Туринге барған жоқ. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Қазақстанның әйелдер құрамасы шайбалы хоккейден әлем біріншілігінде 7-ші орыннан көрініп, жақсы баға алған болатын.

Еліміздің қыздар арасындағы чемпионатына бар-жоғы төрт команда қатысады. Алматыдан екі, Астананың және Шығыс Қазақстанның командалары. Қыздардың республика құрамасының бас бапкері Андрей Мальцевтің айтуынша, бұл командаларды жаттықтыратын білікті бапкерлер табу күрделі мәселе.

– Қыздар хоккей ойнауға құштар-ақ, бірақ оларды жаттықтыратын білікті бапкер табу қиын мәселе. Ерлер командаларын жаттықтыратын мамандарға қолқа салса, олар ат-тондарын ала қашатын көрінеді. Ал сол қыздар айналысатын құрама командасы дайындалатын мұз айдындары, спорттық кешендер жоқтың қасы. Келесі жылғы ел чемпионатына Павлодар мен Рудныйдың қыздар командасы қосылмақ. Яғни командалар көбейген сайын чемпионатымыз күшейе түседі деген сөз.

Ерлер құрамасы ойыншыларының дені Өскеменнің «Торпедо» командасының бұрынғы ойыншылары, бұрынғы деп отырғанымыз – ол ойыншылардың көбі қазір Ресей командаларында ойнайды.

Осы жерде айта кететін бір нәрсе, жақында ғана Швецияда допты хоккейден әлем біріншілігі аяқталды. Сол додада Қазақстанның намысын қорғаған ойыншылардың барлығы қазақстандықтар. Құрама команданы жасақтарда Ресей жаттықтырушылары бұрынғы өз ойыншыларымызды Қазақстан намысын қорғау үшін, құрамаға шақырылғаны үшін елімізден пәлен мыңдап шытырлатып ақша санап алғандарымен тұрмай, ең мықты деген бұрынғы қазақстандық хоккейшілері сан алуан желеу айтып, құрамаға жібермей қойды. Бұл дегеніңіз қазақстандықтар «тұлыпқа қарап мөңіреген сиырдың күйін кешкен» – деген сөз.

Осындай жағдай шайбалы хоккейде де орын алып отырғаны өтірік емес. Қашан өзімізден шыққан ойыншыларға «өзегімізді тептіретін күйден» құтылар екенбіз?!

Қысқы спортта да бізде «түк жоқ» деп ауызды құрғақ шөппен сүрте бермей, барымызды бажайлап әрекет ететін уақыт жетті. Тұралап тұрған қысқы спортты жөндейтін Спорт комитеті бар, солардың «басы ауырсын» деп бәрін Дәулет Тұрлыхановтың басына үйіп-төгетін қасаң пікірден арылатын уақыт жетті. Көп болып қолға алса қандай қиындықты да болса да жеңіп шыға алатынын өмірдің өзі дәлелдеп жүрген жоқ па?

Қысқы спортты дамытуға табиғаты қолайлы аймақтар елімізде баршылық. Сол жерлерде, қысқы спорттың бұқаралығын арттырып, көптің ішінен нағыз таланттарды тауып, үлкен додаларда талмай шабатын тарландарды тәрбиелеуге тиіспіз.

Республикада шаңғы спортын дамытуға табиғи жағдайы сай, кем дегенде тоғыз облыс бар. Әр облыс халықаралық деңгейдегі, ел намысын абыроймен қорғай алатын бір-бір шаңғышы дайындаса, ең аз дегенде тоғыз шаңғышысы бар құрама болып шыға келеді екен.

Ең болмаса алдағы екі-үш жылдың көлемінде конькишілер үшін жасанды мұзы бар жабық стадион салынса, келесі Ванкуверде өтетін қысқы Олимпиада ойындарында әлем алдында ұялмайтын нәтиже неге көрсетпеске?!

Қысқы спорт түрлерін дамытуға қатысы бар спорт ұйымдары мен мекемелердің алдына жоспарлы міндеттер қойып, оның бұлжытпай орындалуын талап еткен күнде ғана нәтижеге қол жеткізуге болады.

Соңғы жылдары шет елдерге, әсіресе, Ресейге хоккей, қысқы спорт түрлерінің әр саласындағы білікті мамандардың кетіп қалуы да қысқы спортты ойдағыдай дамытуға кері әсерін тигізгені сөзсіз.

Бүгінгі заман талабына сай қысқы спорт түрлеріне арналған спорт базалары мен құрылыстар тезірек қатарға қосылып, пайдалануға берілсе оң нәтижелерін көп күттірмейтіні айтпаса да түсінікті.

Алматы қаласының 2014 жылы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер ретінде тіркелуі, 2012 жылғы Азия ойындарын өткізу сияқты үлкен шаралар жүзеге асатын болса, көп қиындықтардың шиеленіскен түйіні шешілетініне ешқандай күмән жоқ.

Турин Олимпиадасы көптеген елдердің спортшыларына ұмытылмас қуаныш сыйласа, енді бір елдерді өкіндіріп, өкініштің ащы запыранын жұтқызғанын айтпаса да түсінікті.

Қазақстандықтар үшін де Турин Олимпиадасының бәсекелеріндегі жіберілген олқылықтар өмірлік сабақ болмақ.

Қысқасы,өткен Турин Олимпиадасында ұмытылмас сабақ боларлық жағдайлар қазақстандықтар үшін көп кезікті. Бар ұтқанымыз – Қазақстандық спортшылар жарыс жолдарында бүкіл әлемді аузына қаратқан мықтылармен сынға түсіп, көп тәжірибе жинап, көп нәрсені ойға түйгені деп өзімізді өзіміз жұбатамыз.

Жалпы, қазақстандықтардың Турин Олимпиадасындағы сәтсіздіктеріне тиісті орындар өз бағасын бере жатар.Туриндегі ақ Олимпиадада шоқтығы биік болған Германия спортшылары 11 алтын медальді шаңғы, биатлон, бобслей, шанамен сырғанау, коньки сияқты түрлерінен жеңіп алып, төрт құбыласы түгел ел екенін көрсетті.

9 алтын медальдің бәрін дерлік тау шаңғысынан ғана жеңіп алған Австрия сияқты елдің айла-тәсілі кімді де болса таңдандырады. Әрі өнеге.

Қазақстандық қысқы спорт өкілдерінің бәрімізді қуанышқа бөлейтін күні қашан келер екен деп миллиондаған жанкүйерлер ішқұса.

Рабат ЖӘНІБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары