ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ДЕРТІ – АУЫР ДЕРТ

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ДЕРТІ – АУЫР ДЕРТ

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ДЕРТІ – АУЫР ДЕРТ
ашық дереккөзі
556

Қашанда өзекті мәселелердің бірі жұмыссыздық — еңбек нарығының бөлінбес элементі. Дегенмен, экономиканың тұрақтылығы еңбек нарығында жұмысқа деген сұранысты тудырады. Жылдан-жылға жұмыссыздық деңгейі әр қилы болып келеді. Бір жылы көрсеткіштер өте жоғары болса, ал келесі жылдары төмен болмақ. Бұған себеп не? Әрине, бұл мәселеде көптеген себептерді алға тартуға болады. Ол: мемлекеттің экономикалық деңгейі, халқымыздың әлеуметтік жағдайы, білім деңгейі, инфляция, жұмыс орындарының аздығы немесе жұмысшыларға қойылатын талаптардың жоғарылығы, қатаңдығы, тіптен еңбек шартының өзі де жұмыссыздықтың туындауына әсер етпек. Яғни, бұл жайттар күрделі мәселенің тек бергі жағы, тізе берсе себепкер болатын жағдайлар жетерлік.

Қазіргі таңда жоғары білімі бар немесе жоғарғы оқу орнын тәмамдап, өз мамандығы бойынша қызметтерге орналаса алмай жүрген азаматтар қаншама?! Бәрінен де күрделі жағдайға кеп тірелетіндер оқу орнын жаңа бітірген жас мамандар. Өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқан болса, қойылатын талаптарында міндетті түрде бұрын соңды жұмыс істеген еңбек өтілі қажет етіледі. Осыдан барып адамдардың ағайын-туыс, жора-жолдастары арқылы пара беру көмегімен жұмысқа орналасу жолдары басталады.

Басқа қаладан немесе ауылды жерлерден келгендері жұмыс таба алмаса өз жерлеріне қайтып, бірнеше жыл бойы оқып, ауыр еңбекпен алған дипломдары жарамсыз болып қалады. Ал енді біреулері өз мамандықтары болмаса да басқа жұмыстарға орналасып, өлместің күнін көреді. Осыдан барып жоғары арнайы мамандығы бар жастардың мейрамханаларда, автокөлікті жуу, тағы сол сияқты жерлерде жұмыс істеп жататындары жиі кездеседі.

Нарық жағдайындағы күрделі мәселелердің бірі жастардың еңбек нарығына тез қалыптаса алмауы. Жалпы жұмыссыздық деңгейінің азаюына қарамастан, кейбір мәселелер әлі де шешімін таба алмай отыр. Өткен жылдың соңғы көрсеткіштері бойынша 15-24 жас аралығындағы жұмыссыздардың жалпы саны 19.106 мың адамды (29%) құрады. Бұл көрсеткішті 2003 жылмен салыстырсақ 3 мың адамға, яғни 1.6 пайызға артық екенін көрсетеді. Жастардың арасындағы жұмыссыздық деңгейі 14.3 пайызды құрап отыр, яғни бұл мемлекет бойынша жұмыссыздықтың орташа 5–9 пайызын құрайды.

Жұмыссыздықтың деңгейі жылдан жылға әр түрлі көрсеткіштермен сипатталады. 2004 жылдың жұмыссыздық деңгейі 8.4пайызға дейін жетті, егер бұл көрсеткішті 2000 жылмен салыстырар болсақ, мұнда жұмыссыздық деңгейінің 4.4 пайызға төмендегенін байқауға болады. Жұмыссыздардың жалпы саны 658.8 мың адам, яғни бұл көрсетілген уақыт аралығында 247.6 мың адамға, яғни 24.3%-ға және де 13.3 мың адамға 2 пайызға қысқарған. Қалалы жерлердегі жұмыссыздардың жалпы саны 416,7 мың адам (63.3%), соның ішінде жұмыссыздар деңгейі 9.4 пайыз, ал ауылды жерлерде сәйкесінше 242,1 мың адам (36.7%) және 7.1 пайыз.

Жұмыссыздық әр мемлекетте бар және нарықта белгілі бір көлемде болып тұрады. Жұмыссыздықтың шамадан тыс болуы халықтың әл-ауқатына кері әсерін тигізері хақ. Ал бұл жағдай мемлекеттің араласуын талап етеді.

Қалай десек те, жұмыссыздық дерті — ауыр дерт. Осыншама жастарымыз жұмыссыз жүріп, олардың арасында нашақорлық, түрлі қылмыс көбейе түскендігіне түк таңдануға болмайды.

Айнұр БЕКМУРЗИНОВА,

ҚазҰУ экономика факультетінің

3 курс студенті

Серіктес жаңалықтары