Дос Көшім: СОТТАСУДАН БАСҚА АМАЛ ҚАЛМАДЫ

Дос Көшім: СОТТАСУДАН БАСҚА АМАЛ ҚАЛМАДЫ

Дос Көшім: СОТТАСУДАН БАСҚА АМАЛ ҚАЛМАДЫ
ашық дереккөзі
246

Осыдан бір-екі ай бұрын «Ұлт тағдыры» қозғалысы мемлекеттік тілді мойындату мақсатында соттасу процесін бастаған еді. Қазақ тілі мен ұлт болашағы үшін соттан сотқа сандалып жүрген патриот азаматтар айналдырған екі ай ішінде 17 жыл бойы орындалмаған «Тілдер туралы» Заңды біршама алға жылжытып үлгеріпті. Ең бастысы – белгілі саясаттанушы Дос Көшім бастаған «Ұлт тағдыры» қозғалысы халыққа тілді қорғаудың тиімді жолдарын көрсете білді. Прокуратура мен сот залының табалдырығын тоздырып жүрген Дос Көшім әңгімесін осы тиімді жолдардан бастады.

– Біздің қазіргі жасап жатқан жұмысымыз үш бағытқа негізделген. Әу бастан біз бұл акцияға «Тілге байланысты соттасу акциясы» деп ат қойған едік. «Соттасу» дегенде халықтың жүрегі дір ете қалады екен. «Арызқорлар» сияқты қабылдауы мүмкін. Бірақ «соттасу» деген – өз құқыңды қорғау. Қазірше бұл жұмысымызды халықтық деңгейге көтерген жоқпыз. Себебі бұл істің ең тиімді жолын іздеп жатырмыз. Біз көтеріп жатқан бірінші мәселе, қаладағы мекеме-ұйымдарды арнайы аралап жүріп, қазақ тілінде жазуы жоқ жерлерге ескерту береміз. Ол ескертулерге арнайы қол қойдырып, арыздарды қолдарына ұстатамыз. Екіншіден, прокуратураға әлгі жерде орын алып жатқан «Тіл туралы» Заңның бұзылуын көрсетіп, талап-арыз береміз. Прокуратура – заңды бақылаушы орган есебінде заңды бұзған мекемеге не ұйымға ескерту беруі тиіс. Одан кейін оларға мәселені түзеуге белгілі бір уақыт береді. Мысалы, «бланкіде қазақ тілінде мәтін жоқ» деген арыз түссе, прокуратура: «Бір айдың ішінде мына бланкілердің бәрі мемлекеттік тілде болуы керек» – деп бұйрық береді. Сөйтіп, өздері осы мәселені тексереді. Қазір Тіл полициясы керек деп көп айтылып жүр ғой. Меніңше, Тіл полициясының рөлін ана тіліне жаны ашитын әрбір азаматтың атқаруы қажет. Себебі заң бұзушылықтарды прокуратураның өздері тексеруі керек, түптің түбінде прокуратура – біздің, халықтың ақшасымен жұмыс істеп отырған орган. Заңды бақылау және заңды жүзеге асыруға әсер ететін мемлекеттік орган. Үшінші мәселе – ескертпелерге құлақ аспаған, прокуратураның айтқанына көнбеген мекемелерді сотқа беру. Екінші жағынан, халыққа тілді қорғау жолында сот тиімділігін көрсету. Қысқасы, қазір біз процесс арқылы жағдайды байқап келеміз: қай жерден қандай жауаптар аламыз, олар жауаптан қандай себептермен қашқалақтайды, қандай дәлелдер келтіреді, т.б. жәйттерді көру үшін бастадық. Осыған байланысты өзіміздің тактикамызды дайындау керекпіз. Оның үстіне соттасу арқылы біз тілді мойындата аламыз ба, осыны экспериментальді түрде білгіміз келген. Біз 30-40 жерді бірден сотқа беріп жатқан жоқпыз, бір-екі жерге арыз беріп, сотқа тартып жатырмыз.

Соттасу процесі барысында көкейге қонбайтын қызықты жәйттер де орын алып жүр. Мен бір ескертуді Жетісу аудандық салық комитетіне бердім. Қазір салық комитетінің барлық бланкі қағазы орыс тілінде. Мысалға, мен оны толтыра алмаймын. Оны толтыру үшін ақша беріп, аудартуым керек, не орысша білетін біреуді жұмысқа алуым керек. Бұл – менің адамдық құқымды бұзу. Осы арқылы мемлекет бізге орыс тілін білуді мәжбүрлейді. Сонда біздің мемлекеттік тіліміз қайда қалмақ, егер мемлекеттік органдардың өздері бізге орыс тілін білуді мәжбүрлеп жатса?! Мен «Демократияны қазақ тілінде оқыту және тарату орталығының» директоры ретінде бланкілердің тек қана орыс тілінде екендігін көрсетіп және оның қазақ тілінде болуы керек екендігін талап етіп, арыз жазған едім. Сонда маған берген жауабы мынадай болды: «Алматы қаласы Жетісу ауданы бойынша салық комитеті сіздің хатыңызға байланысты салық төлеуге қолданылатын бланкілердің мемлекеттік тілге көшіру жұмыстарын «Тексакабанк» жүзеге асырып жатыр» деген хабар алдым. Мен бұл жерде: «Неліктен Салық комитетінде қазақ тіліндегі бланкілер жоқ?» – деген мүлдем басқа сұрақ қойғанмын. Маған оның қай жерде аударылып жатқанының қажеті жоқ, тек қана қазақ тіліндегі бланкі керек. Оны дайындаудың неліктен жиырма жылға созылып келе жатқаны мені мүлдем қызықтырмайды. Олар оны тағы бір 40 жылға соза ма? Оны мен білмеймін. Бірақ мен қазақ тілінде бланкілер жоқ болса, оларды толтырудан бас тартамын. Бірақ, егер мен үш айда өткізіліп тұратын есепті өткізбесем, маған үлкен айыппұл салады. Яғни, осы арқылы маған орыс тілінде бланкіні толтыруға мәжбүрлейді. 1989 жылы «Тілдер туралы» Заң қабылданды. Мен қазақ тілінің жай ғана мұғалімімін. Қолыма берсе, екі айдың ішінде Қазақстанның күллі салық комитетінің құжаттарын мемлекеттік тілге көшіріп берер едім. Заңның қабылданғанына 18 жылға аяқ басса да, біз іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіре алмай келеміз. Егер бұл мәселені бәріміз болып қозғамасақ, бәрі баяғы қалпында қала бермек.

Енді прокуратураның қалай жұмыс жасайтынынына көңіл аударалық. Олардың жауабы мүлдем қызық. Біз прокуратураға: «Халық банкісінде» қолданылатын барлық бланкілер тек қана орыс тілінде, қазақтілді азаматтар орыс тіліндегі бланкілерді толтыра алмайды. Сондықтан ҚР «Тілдер туралы» Заңының жүзеге асуына шара қолдануларыңызды сұраймыз» – деп жазған едік. Бостандық ауданы прокуроры біздің арызымызды Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасына жолдапты. Біз таң қалдық. Біздің де өз заңгеріміз бар. «Тілдер туралы» Заңның 10-шы, 11-ші, 21-ші баптарының бұзылып жатқаны айдан анық. Сондықтан прокуратураның міндеті – «Халық банкіне» бір ай ма, екі ай ма уақыт беріп, тексеру жүргізу, оларды қазақ тілінде бланкі шығаруға мәжбүрлеу, егер заңды жүзеге асырмаса, «Халық банкін» жабу сияқты шаралар қолдану ма деп ойлап едік. Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма біздің талап-арызымыздың дұрыстығын тек қана қолдай алады, ал шара қолдану – прокуратураның міндеті. Сонда прокуратураның біздің арызымызды қалалық әкімшілікке жіберуі қай сасқаны екен. Қысқасы, бізге талап-арыз жазған жерлердің ешбірінен де мардымды жауап ала алмадық. Олардың бәрі де мәселені шешуден қашқақтап отыр.

– «Ұлт тағдыры» қозғалысы Орталық мұражаймен де орысша жазылған билеттерге байланысты соттасты ғой. Онда жағдай қалай болды?

– Сотқа бергендегі басты мақсатымыз – билеттердің қазақ тілінде болуы еді. Бұған байланысты олар бізге келіспеушіліктерін білдірді. Бұл да өзі қызық нәрсе. Олар бізге: «Сендер келмей-ақ біз бұл мәселені көтергенбіз. 2001 жылдан бері билеттерді мемлекеттік тілге көшіре алмай келеміз» – дейді. Бұл «министрлік жаман, біз жақсымыздың» керін келтіргендей болды. Мен олармен ары қарай соттасып, не директорын жауапқа тартудан аулақпын. Мұнда айта кету керек, біз бұл соттасуды қозғалыс атынан емес, жеке адам атынан, яғни Нағима Байымбетованың атынан жүргіздік. Сондықтан ол кісі артынан не істейтінін өзі біледі. Бірақ ол да біздің қозғалыстың мүшесі. Орталық мұражай билеттерін қазақша шығарса, біз арызымызды қайтарып алуға, келісімге келуге дайынбыз. Бірақ маған ұнамай отырғаны – бұлардың қазақ тілін талап еткенімізге келіспеушілік білдіруі және оны дәлелдеуге тырысуы. Ең ыңғайсыз жері – сол жерде отырған прокурор – қазақ, сот – қазақ, сотқа арыз беруші – қазақ, айыпкер – қазақ, бәріміз сот залында отырып, Орталық мұражайдың бір билеті үшін қаншама уақытымызды кетірдік. Бұл өте ұят нәрсе. Егер Орталық мұражай біздің талабымызды мойындап: «Бір айдың ішінде бәрін жөнге келтіреміз» – дегенде, ешқандай да сот та, арыз да болмайтын еді. Байымбетованың айтуынша, Орталық мұражайдың директоры арызданушының айтқан сөзіне құлақ аспаған. Соттың үстінде олардың заңгерлері: «Ал, егер ертең орыстар «Неге билеттер орысша емес?» деп сотқа берсе қайтеміз?» – деген сөз айтып қалды. Шынында да, олай болуы да ғажап емес. Сонда біз қай жерде отырмыз? Ертең онда қытайлар келіп, айтатын шығар: «Неге билеттер қытай тілінде емес?» – деп… Мұның бәрі нені аңғартады? Бұл құзырлы орындарда отырған адамдардың мемлекеттік тілге деген ниеттерінің жоқтығын, ұлтының болашағын ойламайтынын, бұл елдің жарқын болашағы – тек қазақ ұлтына тиісілі екенін білмеуін көрсетеді. Қазақстандағы жағдай жақсы болса, келіп-кетіп жүрген диаспоралар қалады, жағдай қиындап кетсе, қазақтан басқа ешкім де қалмайды. Біз осы жерде әділетті қоғам құрамыз, не ұлт ретінде жоғалып кетеміз. Ата-бабаларымыз осы жерде біз үшін жанын берген жоқ па еді?! Сондықтан маған: «Орыстар да орысша билет сұраса қайтеміз?» – деген сөзі өте ауыр тиді.

– Яғни, бұл Қазақстанда мемлекеттік тілді заң арқылы да, сот арқылы қорғау қиын деген сөз емес пе?

– Жоқ. Маған соттың біздің талабымызды дұрыс қабылдағаны өте ұнады. Соттың өзі де бұған дейін де осы тектес сот істері болғанын айтты. Сот заңда көрсетілгендей, билеттердің мәтінінің қазақ тілінде болуы заңды деп отыр. «Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болғанына 15 жыл. Осы жылдар ішінде билеттерді қалайша қазақ тіліне ауыстыра алмадыңдар?» – деп заңның көлемінде өзінің пікірін көрсетіп отыр. Сондықтан соттасу процесінің тиімділігі, әрине, айдан анық. Біз осы арқылы халықтың белсенділігін арттырып, сот арқылы тіл мәселесін алға жылжыта алатынымызды көрсетіп жатырмыз. Егер саған қазақша мәтіні жоқ бланкі ұсынса: «Оны толтыра алмаймын ғой» – деп отырғанша, сотқа бер! Заңды халықтан бұрын мемлекеттік қызметкерлер ұстануы керек. Біз біріншіден, заңның жүзеге аспай жатқанының басты себебі, сол мемлекеттік қызметкерлердің заңды белінен басып, мемлекеттік тілдің дамуына қарсылық білдіріп жатқанын көрсетсек, екіншіден, бұл мәселені заң арқылы да шешуге болатынын көрсете білдік. Әңгіме өзіміздің бейжайлығымыз бен намыссыздығымызда. Егер ертең жүздеген, мыңдаған адамдар осындай арыздарын беріп, прокуратура күніне ондаған арыздар алып жатса, олардың екі аяқтары бір етікке тығылар еді. Сол уақытта қазақтардан осындайды күтпеген билік: «Орыс тілі – мемлекеттік тіл» – деп жар салуы әбден мүмкін. Ондай жағдайда біздер көшеге шығуға мәжбүр боламыз. Сократтың: «Өзі қабылдаған заңын өзі ұстанбаған мемлекеттің болашағы жоқ» – деген тамаша сөзі бар. Біз қазір «Тіл туралы» Заңды өзіміз ұстанбай келеміз. Енді менің бар үмітім – қарапайым халықта: студент не жұмысшы болсын, журналист не шопыр болсын, өзі отырған жерде қазақ тілін талап етіп отыруы керек. Кафеге кірдің бе, неге ас мәзірі тек қана орыс тілінде? Олар бәрін қазақшалауға міндетті. Біз басқа тілге қарсы емеспіз, бірақ кез келген жерде мемлекеттік тілдің болуының міндетті екенін ұмытпалық. Бұл біздің адами құқымыз болып табылады.

– Дос аға, қарап отырсақ, сот процестерінде алғашқы жеңістеріңіз де бар сияқты. Орталық мұражай қазақша билет шығара бастапты…

– Былай қарасақ, қазақ тілінің мемлекеттік тіл болғанына он жеті жыл толғанда, Қазақтың Орталық мұражайының билеттері қазақ тілінде болу үшін «Ұлт тағдыры» қозғалысы күресіп, жеңіске жетті дегеннің өзі ұят. Бірақ мұражай: «Бұл сіздің жеңістеріңіз емес. Біз бұны онсыз да қолға алғалы жатқан едік» – деп отыр. Өте тамаша! Біздің атымыздың аталмағаны маған да дұрыс. Себебі бұндай сотқа беру мәселесіне республикалық ұйымдар емес, қарапайым халық қатынасуы керек. Музейдің әкімшілігіне де ешқандай ренішім жоқ. Оларға билетті қазақ тілінде шығартқан біздер емес, министрлік десек те менің қуанышым ренішке айналмайды. Бірақ қазақша шығарған билеттерінің мәтінінен де қателіктер кездестіріп, қарным ашып қалды. Заңгеріне осыны көрсетіп едім: «Қате тұстарын алғашқы 300 мың билетті сатқаннан соң ғана түзейміз» – деген жауап алдым. Сонда олар 2001 жылдан бері осы мәселені көтеріп келе жатса, неліктен бір жапырақ билеттегі 5 сөздің басын қосып жаза алмайды. Бірақ олардың мұны мойындағанына да тәубә. Біздің басты жеңісіміз – осыған қозғау салғандығымыз ғана. Енді біз пойыз билеттеріндегі мәтіннің қазақша болуын талап етпекпіз. Себебі желтоқсан айында пойыз билеттерінің қазақшаға ауысуын талап етуді бастағанбыз. Қазір көбіне пойыз билеттерінің бас жағын екі тілде береді. Бірақ билеттің асты жағында «Время Астанинское», «Время прибытия» деп орыс тілінде жазады. Осыны дұрыстау керек.

Тағы бір айта кететін жағдай, кейбір мекемелердің басшылары: «Неліктен бізбен ғана соттасып жатырсыңдар. Сендерге біреулер мені құртыңдар деп тапсырма берді ме?» деген сияқты пікірлер білдірді. Бұл мен күтпеген және нағыз ақымақтық мәселе. Сондықтан, ақымақ басшыларға тағы да қайталап айтуға тура келеді, Сіздердің жеке бастарыңызда, қызметтеріңізде менің ешқандай шаруам жоқ, маған тек қана билеттің ана тілінде болғаны керек.

Сол сияқты біз «Отау-синема» орталығының директорымен де кездестік. Олардың да кинотеатрға кіретін билеттері орыс тілінде. Олар бұл билеттерді Мәскеуде шығаратынын алға тартып отыр. Тіпті, кезінде бізге 5 ақпанда екі тілге көшеміз деп уәде беріп, артынша «бағасы» деген тұстарды қазақша жазып та жүрді. Бірақ кейін 22 ақпанда олар баяғы орысша билеттеріне көшті. Енді бізге оларды не сотқа беруге, не прокуратураға тартуға тура келеді. Бұдан тыс Алматыда жұмыс істейтін 3000 көлік ішінде Астананың ою-өрнекпен безендірілген қазақша билетін тараттық. Бірақ қалалық көлік департаментінен әлі де үн жоқ. Егер Алматыдағы қазақ тіліне жаны ашитын азаматтардың барлығы бір мезгілде осы соттасу акциясына қатысып, жоспарлы түрде жұмыс істесе, бір жылдың ішінде қазақ тіліне көшуді қамтамасыз етуге болады деп ойлаймын.

– Сот процестері барысында қандай қиындықтар туындап жатыр?

– Әрине, бұл жерде қиыншылықтар да өте көп. Қиыншылықтың ең бастысы – біздің заңымыздағы солқылдақ тұжырымдамалар. Бізде «Тілдер туралы» Заңымыз нағыз қостілділікті орнататын заң. Ең қиыны – біз тек қазақ тілін талап етеміз бе, әлде қос тілді талап етеміз бе? Заң бойынша, біз екі тілдің бір жерде болуын талап етуіміз керек. Бірақ бұдан қорқудың қажеті жоқ. Бланкілердегі қазақ тіліндегі мәтінді көрген халықтың бәрі қазақша толтыра бастайды деп үміттенеміз. Ал, «орыс тіліндегі тұстарды алып тастайық» деген мәселені көтеруге қазірше ерте. Ең болмаса, екі тілде жазылу деңгейіне жетсек те Құдайға шүкір. Ал одан ары қазақтілділердің намысы мен рухы сөйлесін. Тағы бір қиын жері – соттың созбаланып жатқаны. Сот процестері ылғи артқа шегеріліп тұрады екен. Бірақ он жеті жыл күткен қазақ ұлтшылдары оған да шыдайды деп сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары