БҰЛАРДІКІ ҚАЙ КҮШЕЮ?

БҰЛАРДІКІ ҚАЙ КҮШЕЮ?

БҰЛАРДІКІ ҚАЙ КҮШЕЮ?
ашық дереккөзі
243

Немесе Қазақстандағы «Лад» сияқты славян қозғалыстарының кезекті байбаламы

«Лад» республикалық славян қозғалысы ақпанның 17-і күні “Президента запугивают” деген атпен мәлімдеме жасаған. Онда орыс тілінің статусын төмендету мақсатында Президентке қысым жасау талпыныстарының болып жатқаны туралы мәселе көтерілген. Шындығында бұл ақпан айының 9-ы және 10-ы күндері қазақ газеттерінде жарияланған «Орыс, славян және казактар қауымдастықтары өкілдерінің арандатушылығына тіл жанашырларының мәлімдемесі» деген құжатқа жауап болса керек. «Ладинформ» таратқан және наурыздың 14-і күні «mіzіnov.net» сайтында «Русские организации готовы к диалогу, но отвергают существующую дискриминационную практику в языковой сфере» деген атпен жарияланған мақалаға қарағанда, «Ладтың» бастамасына “Русская община”, “Союз казаков Степного края” мен Жетісу казачествосы бірлескен түрде қолдау танытыпты. «Лад» республикалық славян қозғалысы төралқасының төрағасы И.С. Климошенко мырза, осы материалда айтылғанға қарағанда, былай депті: «Русские организации готовы к диалогу, но отвергают существующую дискриминационную практику в языковой сфере. Примером такого рода может служить дополнение в законопроект о дипломатической службе, предусматривающее обязательное владение государственным языком. Несмотря на возражения Правительства, указавшего на “признаки дискриминации”, Мажилисом Парламента РК этот законопроект был принят». Сонымен, дипломатиялық қызметте мемлекеттік тілді білудің міндетті болуын заң түрінде бекітілуін, И.С.Климошенконың айтуына қарағанда, орыс ұйымдары өздері үшін дискриминация деп таниды екен. Жарайды, тіпті біз қазақ та, Қазақстан азаматы да болмай-ақ қояйық. Біз шетелден келген заңгерміз делік. Осындай бейтарап маман ретінде аталмыш талапты түсінуге талпынып көрейік.

Бірінші түсінгеніміз: орыс ұйымдары үшін үкімет жақсы да, парламенттің мәжілісі жағымсыз екен. Өйткені заңгерлер атқарушы биліктің қарсылығына қарамастан, мемлекеттік тілді дипломаттар үшін міндетті етіпті. Жарайды. Бірақ бұл жерде Конституцияға, яғни Ата заңға қарсы қандай қайшылық бар? Онда қазақ тілі жалғыз мемлекеттік тіл ретінде бекітілген. Егер тіл мемлекеттік тіл болса, оны білуге қосымша заң жүзінде міндеттелген сол мемлекеттік дипломаттар корпусы болса, бұл жерде қандай ретсіздік бар. Тіпті сол заң жоқ болды деген күнде де, олар мемлекеттік тілді білуге міндетті. Өйткені кез келген дипломат — мемлекеттің ресми өкілі. Сондықтан ол мемлекеттік тілді білуге тиіс. Ал И.С. Климошенко мырза мен оның жақтастары бұл жерден өздері үшін «дискриминация» көрсе, бұны таза заңдық шарттар негізінде түсіну тіпті мүмкін емес. Өйткені «Қазақстан Республикасы дипломаттарын осы мемлекеттің тілін білуге міндеттеуге болмайды» деген талап Конституцияға тікелей қарсы талап. Ал мәжіліс мүшелерінің заңдастырған талабы – сол Ата заңға тікелей сай талап.

Бұндай тұжырымды ешбір ең бейтарап деген заңгердің өзі жоққа шығара алмайды. Сондықтан «Лад» республикалық славян қозғалысының бұндай заңды талаптың енгізілуін өздері үшін «дискриминациялық», яғни «шамға тиерлік», «қорлық іспетті» деп тануы, содан кейін «орыс ұйымдары диалогқа дайын, бірақ тіл саласында қазіргі бар дискриминациялық тәжірибені мойындамайды» деуі — Конституцияны мойындамауға пара-пар. Ал бұндай мәлімдемені “Русская община”, “Союз казаков Степного края” мен Жетісу казачествосы сияқты ұйымдардың қызу қолдап шығып, ұрандап көтерілуі – қатты ойландыруға тиіс мәселе. Неге дейсіз ғой? Себебі бұл — парламенттің Конституцияға сай заң қабылдағанына қарсы көтерілу. Яғни Конституцияға қарсы көтерілу. Ол аз десеңіз тоғыз миллион азаматтан тұратын еліміздің қазақ азаматтары қауымдастығына қарсы көтерілу. Ал бұл ойыншық емес. Сонда «Лад» пен оның жақтастарыныкі не күшею? Қалай дегенде де, олардың позициясының шатақ іздеген адамның позициясы екеніне күмән жоқ. Өйткені онда Конституцияға қарсы шығу да бар, қазақ атаулыға қыр көрсету де бар.

Бір сөзбен айтқанда, бұл «маған сенің мемлекеттік тілің де, халықтық тілің де ұнамайды, сондықтан оны біл дегеніңді дискриминация деп қараймын» дегенге саяды. Бұның артында «істейтініңді істеп ал» деген өркөкіректік пиғыл қылтыңдайды.

Бұны қалай түсінуге болады? Ақпанның 24-і күні Санкт-Петербургте Айнұр Бөлекбаева деген қазақ қызы ана тілінде сөйлеп қойғаны үшін орыс ұлтының өкілдері болып табылатын нәсілшілдер пышақтап өлтірді. Оған кем дегенде он рет пышақ салынған екен. Осы қылмыс Қазақстандағы орыс ұйымдары тарапынан айыпталады деп күткенбіз. Бірақ олар бір ауыз да сөз айтпады. Ресейдегі қазақты өлтіру қайта-қайта болып жатыр. Алайда, Қазақстан орыстары қауымдастығы да, орыс-славян ұйымдары да бұл туралы жұмған ауыздарын ашпайды. Қайта қазақтың жерінде отырып оның өзіне қайта-қайта тарпа бас салады. Мемлекеттік тілді білу керек дегенді «дискриминация» деп жар салады.

Осының бәрінің басында жүрген адамдар бұның қаншалықты орынды не орынсыз екенін түсінбейді емес. Түсінеді. Тамаша түсінеді. Қазақта «Ұялған тек тұрмас» деген бар. Бірақ бұл ұялғанға ұқсамайды. Бұл белгілі бір үлкен саясаттың салдары болса керек. Ол саясаттың мақсаты көзге ұрып тұр. Бір сөзбен айтқанда, бұл – қазақты өз жерінде, өз елінде «екінші сортты» қылып қана қоймай, оның өзін осының мейлінше қалыпты құбылыс екеніне көндіру. Басқаша айтқанда, қазақты мал қылу. Оған дегенінің бәрін істетіп, билеп-төстеу. Кеңес заманында, есіңізде ме – екі-үш қазақтың басы қосылып, ана тілінде сөйлесе бастаса, қастарындағы орыстар «говорите по-русски» деп зекитін. «Лад» республикалық славян қозғалысының жоғарыда аталған талабы осының жалғасы ғана емес, тағы бір нақты көрінісі. Бұның арғы жағында «сен адам емессің» дегендей көзқарас байқалады.

Әйтпесе, Қазақстан мемлекетінде ресми дипломатиялық қызметкердің мемлекеттік қазақ тілін білуі туралы талап неге «дискриминация» көрінуге тиіс? Бұлай деп есептейтін адамдармен қандай диалогтың болуы мүмкін? Олар қазақты да, Конституцияны да мойындамайды. Және сонысын жасырмайды. Жасырмақ түгілі, дөң айбат көрсетіп, қорқытады. Бейне бір баяғы патша заманындағыдай. Патша заманы демекші, мынадай жайтке назар аударайықшы. Ол кезде де қазақ пен орыс болған осы қазақ жерінде. Олардың арасында қақтығыстар болып тұрған. Әсіресе, қазаққа қарсы көп қиянаттың істелгені хақ. Бірақ архивтерде осындай қиянаты үшін ісі қаралып, жазасын алған бірде-бір үлкен ұлт өкілі туралы мәлімет жоқ. Яғни қазаққа не істесең де, жазасыз құтылу үйреншікті іс болған. Осының сарқыншағы осы күнге дейін айқын байқалады. Қазақтың адам екенін мойындағысы келмейтіндер арамызда әлі де болса жетерлік. Біз өзіміз де солардың ыңғайына жығыла салуға бейім тұрамыз. Осының кесірінен маңдайымыз қайта-қайта тасқа соғылады. Бірақ бұдан тиісті сабақ алуға осы уақытқа дейін жарамай жүрміз.

Тағы бір айта кететін нәрсе мынау: Орыс ұйымдарының Конституцияға қарсы шығып, осыншама дөң айбат көрсетуі Қазақстан мен Қырғызстаннан басқа бірде-бір бұрынғы одақтық республикада атымен жоқ. Олар тек қазақ пен қырғызды ғана басына алады. Қалған республикалардың ешқайсысында оларға кеуде бастырғалы жатқан ешкім жоқ. 15 миллион орысы бар Украинада орталық телеарналар арқылы орысша хабар таратуға тосқауыл қойылған. Халқының отыз процентіне жуығы грузиндерге жатпайтын Грузияда орыс тілінде бір-ақ газет шығады екен. Ал орысша радио және телехабарлар деген атымен жоқ. Балтық жағалауы елдеріндегі жағдай да осыған мейлінше ұқсас. Онда жергілікті халықтардың жалпы саны өте аз болғанымен, олар тіл және мәдениет мәселесіне келгенде кеуделерін бастырмайды.

Бізге көрші Өзбекстанда дипломатиялық қызметке тұрамын деген адам о бастан мемлекеттік тілді, яғни өзбек тілін білуге үзілді-кесілді түрде міндетті. Сондықтан олардың дипломатиялық корпусында осы міндетке сай емес бірде-бір адам жоқ. Оның тіпті болуы да мүмкін емес. Сенбесеңіз, Өзбекстанның Қазақстандағы елшісіне ресми сауал жолдап, сұрап көріңіз. Жауабын тез арада аласыз. Өзбекстанда өзбек тілі — басты тіл. Бұнымен ешкім таласпайды. Өзбекстанда орыстілділер (орыстар, украиндар, кәрістер және басқалар) жетерлік. Бірақ олардың өзбек тілінің құқығына қатысты күмән келтіргенін ешкім де және ешқашан да естіп көрген емес.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ

Серіктес жаңалықтары