БҮЙРЕКТЕН СИРАҚ...

БҮЙРЕКТЕН СИРАҚ...

БҮЙРЕКТЕН СИРАҚ...
ашық дереккөзі
587

Бір генералдың аңғырт сөзі әлемдік алаңдаушылық туғызып отыр

Орыс генералының 1987 жылы Рейган мен Горбачев қол қойған Аралық қашықтықтағы ядролық қару туралы Келісімнен бас тартуға қатысты айтқан ұсынысы АҚШ пен Батыстың алаңдаушылығын туғызды. Көп жағдайда «бүйректен сирақ шығарып» жүретін орыстардың басты мақсаты жайлы айтқан халықаралық сарапшылар пікірі сан алуан. Есесіне, энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндірген, энергоқорлары арқылы орталықазиялық қана емес, әлемдік саясатқа үстемдік жүргізуді аңсаған Кремль бүгінде АҚШ-қа да, Батысқа да шекесінен қарап отыр…

ИВАНОВ РАМСФЕЛЬДТІҢ ҮРЕЙІН ҰШЫРДЫ

«Ядролық қару-жарағын қамдап алуға жанталасып жатқан Мәскеу саясатының астарында не жатыр? «Халықаралық сарапшылардың «Ресей Келісімнен бас тарту арқылы Еуропаға ядролық тұрғыда қысым жасауды көздейді» деген болжамдары шындыққа жанаса ма?». Бұлар — бүгінгі таңда америкалық әскери сарапшылардың басын қатырған басты сұрақтар. Былтырғы бір кездесуде РФ Қорғаныс министрі Ивановтың Келісімді жоққа шығару туралы айтқан ұсынысы АҚШ Қорғаныс министрі Дональд Рамсфельдтің үрейін ұшырған. Оның үстіне, мәскеулік «Независимая газетаға» берген сұхбатында РФ Қорғаныс министрлігі орталық ғылыми-зерттеу институтының басшысы Владимир Василенконың Ресейдің 1987 жылы қабылданған Аралық қашықтықтық ядролық күштер туралы келісімнен шығуы мүмкін екендігін айтуы да «отқа май құя түскендей» болған. Бүгінгі таңда тарихи құжат саналатын Келісімге 1987 жылы АҚШ президенті Рональд Рейган мен КСРО төрағасы Михаил Горбачев қол қойған болатын. Аталған құжат әлемді аяғынан тік қойған РС-20 зымыранын ауыздықтауға сеп болды. 1970 жылдардың соңы мен 80-жылдардың ортасына дейін Батыс Еуропаға қарай бағытталып, кәрі құрлықтың «бас ауруына» айналған кеңестік зымыранды НАТО-ның шартты түрде «SS-18 «Satan» («Шайтан») деп атауы тегін емес еді. Сондықтан трансатланттық альянс «Шайтанға» қарсы тұруға қауқарлы және Ресейдің еуропалық бөлігіндегі қалаларды тып-типыл ететін аралық қашықтықтағы «Pershіng-ІІ» зымыранын ойлап тапты. Рейган мен Горбачев Келісімге қол қойған сәтте РС-20-мен бірге «Pershіng-ІІ»-нің де көзі жойылатын болып шешілген.

АҚШ ПЕН БАТЫС НЕДЕН ҚАУІПТЕНЕДІ?

Қазіргі таңда «РС-20»-ның кейбірі азаматтық зымыран-тасығышқа («Днепр») айналған. Жер шары бойынша теңдесі жоқ аса қуатты «Байқоңыр» ғарыш айлағынан жеті қат көкке жол тартатын «Днепрдің» қызығын бүкіл әлем көріп отыр. Әрі құрылғалы бері бір ғасырға жуық өтсе де, РС-20 мен «Pershіng-ІІ» аса қауіпті қару саналады. Сондықтан орыс генералының Келісімді қайта қаратуға немесе одан бас тарту мүмкіндігіне қатысты айтқан пікірі америкалық әскери сарапшылардың көңіліне күдік ұялатты. «Тополь-М», «Булава» зымырандарын ойлап тауып, оларды жан-жақты жетілдіруге мүдделілік танытып отырған Мәскеуді америкалықтар АҚШ-тың зымырандарға қарсы қорғаныстық жүйесіне зиян келтіруге тырысуы мүмкін деп қауіптенеді. Алайда халықаралық сарапшылар пікірінше, Ресейдің Аралық қашықтыққа арналған ядролық күштер туралы келісімнен бас тартуы Еуропалық Одаққа мүше елдердің ең ірі қалаларына қатер төндіріп қоймай, қазіргі таңда орыстар үшін экономикалық және сауда саласында сенімді серіктес болып отырған еуропалықтардың ашу-ызасын тудырады. АҚШ әскери сарапшыларының ер-тұрманын бауырына алып тулауына мәлімдемені РФ Қорғаныс министрі Иванов немесе РФ Сыртқы істер министрі Лавров емес, генерал Василенконың жасауы себеп болды. «Василенко Ресейдегі асырасілтеушілікке жиі бой ұратын ультраұлтшыл топтың басшысы болуы бек мүмкін» деп өздерінше «бал ашқан» америкалық сарапшылар байбаламға басты: «Ресми мәлімдеме жасауға құқығы жоқ генералдың сенгені мен қолдаушысы кім екенін тез арада табу керек». Әрине, Кремль тарапынан ресми түрде түсініктеме жасалған жоқ. Есесіне, «дедовщиналардың» кесірінен Путиннен сөгіс алған Лавров пен Иванов орыс әскерін қазіргі заманға сай техникамен жабдықтап, кәсіби тұрғыда дамытуға жанталасып жатыр. Батыстық мамандар пікірінше, Василенконың Келісімге қатысты жасаған мәлімдемесі — АҚШ-пен де, Ресеймен де жақсы қарым-қатынаста болуға тырысып жүрген Германияның жаңа канцлері Ангела Меркельге көрсеткен орыстардың қыры. Кейбір сарапшылар америкалықтарға басу айтып әлек: «Орыстар НАТО-ны өзінің қас жауы деп есептемейді, керісінше, ынтымақтастық қатынаста болуға мүдделі». Вашингтондағы «Herіtage Foundatіon» сараптамалық орталықтың зерттеуші маманы Ариэль Коэн Аралық қашықтыққа арналған зымырандар жүйесін қайта қалпына келтіру орыстарға қорған емес: «Кез келген тактикалық ядролық немесе Аралық қашықтыққа арналған ядролық зымырандар санын арттыру лаңкестермен күресте немесе этникалық қақтығыстарда Ресейге көмек болмайды». Алайда АҚШ пен батыс байбаламынан айылын жия қойған Мәскеу жоқ. Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының шарықтауы арқасында едәуір күш жинап алған Кремль әлемдік деңгейдегі беделін көтеруге жанталасуда.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары