ҚАЛТАЛЫНЫҢ ТӘБЕТІ ЗОР, БЕРЕРІ АЗ

ҚАЛТАЛЫНЫҢ ТӘБЕТІ ЗОР, БЕРЕРІ АЗ

ҚАЛТАЛЫНЫҢ ТӘБЕТІ ЗОР, БЕРЕРІ АЗ
ашық дереккөзі
298

«Етігің тар болса дүниенің кеңдігінен не пайда» деп күйінген екен бір пенде бағзы заманда. Тоқсаныншы жылдардың басынан бері осыған ұқсас дәрменсіз күйді Солтүстік Қазақстан облысының Көкшетау өңірімен шектесетін, қазағы мол аудандары бастан кешіп келеді. Бұл аймақтың топырағын шұқылаған адам халқымызға жаратқан Алла молынан сыйлаған байлыққа кезігеді. Вольфрам, висмут дейсіз бе, отқа төзімді саз балшық па, қалайы мен бүгінгі нарықта бағасы өрлеп тұрған уран ба, әйтеуір, пайдаға асыра білгенге ел ырысы жетерлік.

Бірақ, осы «алтын сандықтың» үстінде отырған қазақ Кеңес үкіметі құрдымға кеткеннен бері кедейліктен көз ашпай-ақ қойды. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында уран өндірісіндегі ескі инфрақұрылым тоз-тоз болып ыдырап, жұмысшылар қысқарып, иесіз құрал-жабдықтар, шахталар ашық аспан астында жергілікті халыққа радиация қаупін төндіргенде атқарушы билік шетелдік инвесторларға үміт артқан еді. Содан бері облыста төрт-бес әкім ауысқанымен өз есебін әріден ойлайтын шетелдіктердің бір келіп, бірі кетіп, талай қағаздың беті шимайланса да, қаңыраған өндіріс жандана қоймады. Облыста әлеуметтік жағынан артта қалып отырған да осы аймақтар.

Жақында облыс әкімі Тайыр Мансұров тағы бір құлшыныс танытып, Лисаковск кен байыту комбинатында титан кендерін өңдеумен айналысып жүрген «Тиолайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшыларымен кездесті. Бұл серіктестік Обухов кен байыту комбинатының жұмысын жандандыруға таяудағы он бес жылда 30 миллион 834 мың доллар инвестиция жұмсамақ. Әңгіме барысында анықталғанындай, «Тиолайн» серіктестігінің басшылары Москва облысындағы «Альба Альянс» коммерциялық банкімен несие алу туралы шарт жасасқан көрінеді. Серіктестік алғашқы үш жылда қүрамында титан және цирконий бар кен өндіру мақсатында 13 миллион 162 мың доллар жұмсамақ.

Сараптамашылардың пікіріне жүгінсек серіктестік шығынды шектей отырып майлы шелпекті молырақ қылғытуға тырысып отыр. Мысалы, сол үш жылда жергілікті кадрларды дайындауға бөлінер қаржы 280 мың доллардан аспайды, ал радиация зардабын тартып әбден ластанған аймақта қоршаған ортаны қорғау шаралары үшін небары екі миллион бес жүз мың доллар жұмсалмақ. Әзірге мұның бәрі де қағаз бетіндегі мырзалық. Әлемдік нарықта сұранымы аса жоғары титан мен цирконийден жаңа қожайындар қанша пайда табарын есептесек Обуховтың кімді жарылқары белгілі болады.

Облыс әкімі Тайыр Мансұров кездесу барысында «Тиолайн» серіктестігі жергілікті тұрғындар үшін кемінде 350 жұмыс орнын ашады деп үміттенетінін білдірді. Жұмыссыздықтан әбден күйзелген қазаққа бұл да бір айтарлықтай әлеуметтік демеу болар еді. Бірақ көңілде үміт қана емес, күдік те бар. «Тиолайн» облыс тұрғындарына мүлдем белгісіз инвестор. Осыған дейін бұл серіктестіктің не тындырғаны да көпшілікке жұмбақ. Тіпті кездесуге келген серіктестік басшыларының аты-жөндері мен лауазымдарын анықтау журналистерге де, әкімшіліктің баспасөз қызметіне де оңай болмады. Мұндай әдеттен тыс тұйықтықты кәдімгі іскер ортадағы құпиялылық деу де қиын.

«Тиолайн» Обухов кен байыту комбинатына көз тіккен инвесторлардың алғашқысы емес. Мүмкін, соңғысы да болмас. Тайынша ауданында, Петропавл-Көкшетау темір жолы бойындағы Азат бекетінен 16 шақырым қашықтықта орналасқан бұл кен орнының бірінші кезегі 1996 жылы салынған еді. Құрамында титан және цирконий қос тотығы бар шикізат қоры жылына 500 мың текше метр кен өндіргеннің өзінде он алты жылға молынан жетеді деп болжанған. Сол жылдың сәуір айында «Қазақстан Республикасында титан-магний өндірісін әрі қарай дамыту туралы» үкімет қаулысы шығуына байланысты «Обухов кен байыту комбинаты – 2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылып, ол соңынан «КазТитан» ашық акционерлік қоғамы болып қайта құрылды. Қазақ-американ біріккен кәсіпорыны болып саналатын «КазТитанның» 65 пайыз акциясына американдық азулы корпорация Іnternatіonal Іnvestment Bankіng Іnstіtute иелік ететін.

Қаржының күшімен диірмен тартып отырған шетел алпауыттары жергілікті халықтың да, жалпы облыстың да әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шетке ысырып тастап, өз қалталарын толтырудың тиімді жолдарын іздестіре бастады. Келісім шарты бойынша Обухов кен орнын игеру 2003 жылы басталады деп жоспарланғанымен, осы уақытқа дейін «КазТитан» мардамды жұмыс тындырған жоқ. Шыдамы таусылған облыс әкімі Тайыр Мансұров Энергетика және минералдық ресурстар министрлігіне «КазТитанмен» келісімді үзу туралы ұсыныс жасауға мәжбүр болды. Бағы ашылмаған Обухов қайтадан саудаға салынғанда инвестициялық бағдарламалар байқауының жеңімпазы «Тиолайн» серіктестігі болып шықты.

Бізге белгілісі Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Обухов үшін додаға түскен «Тиолайнмен» таяу арада келісім жасауға ниеттеніп отырғаны. Министрлік сияқты құзырлы мекемеге жергілікті халықтың пікірінен де жоғарыдағылардың нұсқауы маңызды екені жасырын емес. Дегенмен үкімет адамдары «Тиолайнмен» шарт жасамас бұрын Обухов кеніне келіп, Тайынша ауданы тұрғындарымен, жұмысшылармен қобалжыған көңілді орнықтыру үшін болса да сұхбаттасып кетсе жақсы болар еді. Тұрғындардың көңіл-күйі, тұрмыс деңгейі осы кезге дейін игерілмей жатқан кендердің тағдырымен тығыз байланысты. Әзірге әр қалталының арбасына отырумен уақытты зая кетіріп отырмыз.

Марат ЕРМҰҚАНОВ

Серіктес жаңалықтары