ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНДА АСКУЭ ЖҮЙЕСІН ЕНГІЗСЕК ҒАНА ҰТАМЫЗ

ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНДА АСКУЭ ЖҮЙЕСІН ЕНГІЗСЕК ҒАНА ҰТАМЫЗ

ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНДА АСКУЭ ЖҮЙЕСІН ЕНГІЗСЕК ҒАНА ҰТАМЫЗ
ашық дереккөзі
274

Үш күн бойы Алматы қаласындағы «Сайман» корпорациясында өткен семинар осыны дәлелдеді. Бүгінге дейін бұл жүйе Қазақстанға толығымен ене қоймағанымен, аздап болса да, кейбір қалаларымызда тәжірибеден өткенге ұқсайды. Еліміздегі бірден-бір тиімді «Сайман» электр санауыштарын шығаратын аталмыш корпорация бұл семинарды өткізуді көптен бері жоспарлап жүрген екен. Оның сәті көктемнің алғашқы күндерімен пара-пар келіпті. Аталмыш шараға алыс-жақын мемлекеттерден, яғни ТМД елдерінен бірнеше инженер-мамандар қатысты. Семинарды негізгі ұйымдастырушылар инженер-энергетиктердің одағы көрінеді.

Семинар соңынан «Сайман» корпорациясы төрағасының кеңесшісі Сағын Оразалыұлына жолығып, АСКУЭ жүйесі туралы, оның басты бағыт-бағдары жайлы айтып беруін өтінгенбіз.

– 2003 жылдың аяғынан 2004 жылдың басынан бастап, бүкіл дүниежүзінде энергетика саласында өзгерістер пайда бола бастады. Мәселен, сіздің үйіңізде электр санауыштары бар. Сіз оны қанша электр тогын жұмсадыңыз, қанша жарық жақтыңыз немесе электрді қаншалықты пайдаландыңыз сол бойынша есепке алып, ақшаны төлеп отырасыз. Бүгінге дейін дәл осылай өмір сүріп келдік, әлі де өмір сүріп жатырмыз. Ал қазір электр санауыштарының жаңа түрлері пайда болып, қолданысқа ене бастады. Бұрын механикалық электр санауыштары болса, қазір электронды электр санауыштары дүниеге келді. Механикалық электр санауыштарын автоманттандыру қиынырақ болатын, ал қазір электронды жүйе қолданысқа енгелі оның қиындығы артта қалды. Мәселен, Жаманбаеваның үйін алайық. Ол бір ай ішінде қанша электр тогын пайдаланды, оны сіз осында отырып, компьютер арқылы білуіңізге болады. Ал санауыштың қайда тұрғаны маңызды емес. Мүмкін, ол электр санауыштары 100 шақырымда тұрған шығар, мүмкін ол одан да алыс жерде орналасуы да ғажап емес. Ең бастысы, санауыштың қайда орналасқаны емес, оны сіздің бір орталықта отырып, бақылауыңызда. Осыны біз АСКУЭ деп атаймыз. Бұл жүйені қазіргі күнге лайықты электр санауыштары арқылы ғана қолданысқа енгізе аламыз. Арнайы қондырғыларды орнату арқылы кімнің қаншалықты электр қуатын пайдаланғанын есептей аламыз. Тіпті осы жүйе үлкен кәсіпорындар үшін де тиімді болар еді. Соңғы екі жыл ішінде бұл жүйе бүкілдүниежүзінде қолданысқа ене бастады. Әсіресе, бұл жүйе қарқынды түрде қолданысқа ене бастаған елдердің көбінде арнайы электр санауыштарын шығаратын зауыттары бар. Біле білсеңіз, Ресейде мұндай үш-ақ зауыт бар. Біздікін қосқанда ТМД елдерінде төртеу болады. Семинардағы жасаудағы басты мақсатымыз да сол. Яғни ТМД елдерінен біз артта қалып отырған жоқпыз ба? Біз шығарып жатқан санауыштардың деңгейі қандай? Мүмкін, біздікі басқаша шығар, олардікімен салыстырғанда? Осының бәрін анықтау үшін, барлық мамандардың басын жинап, мәслихат өткізуді жөн көргенбіз. Мұндай электр санауыштарын шығаратын зауыт көп елдерде жоқ. Осы семинар барысында көзіміз жеткен нәрсе, біздің шығарып жатқан құрылғыларымыз ешқандай мемлекеттен кем емес екен. Керісінше, бағасы мен сапалылығы жөнінде көш ілгері кетіппіз. Енді еуропаға шығып кетсек, онда біз көп нәрседен ұтады екенбіз.

– Бұл жүйені тәжірибеде қолданып көрдіңіздер ме?

– Әрине, қолданылды. Атырауда, Алматыда да қолданылды. Екі-үш жерде қолданысқа енгізілді де. Толығымен бұл жүйені ендіру үшін кемінде он жыл керек.

– Бұл жүйе тиімді, қолданысқа енгізілу қажет дейсіз, оны қолданысқа енгізу үшін не кедергі болып жатыр?

– Сізге қарсы сұрақ қояйын. Сіз қандай жеңіл көлік айдайсыз?

– Менде жеңіл көлік жоқ.

– Неге сіз мерседеспен, не лимузинмен жүрмейсіз.

– Оған менің қалтам көтермейді, яғни ақшам жоқ.

– Міне, көрдіңіз бе? АСКУЭ өте қымбат жүйе. Екіншіден, мұның көлемі үлкен. Мәселен, Қазақстанда 4,5-5 млн.дай санауыштар бар. Оны ақшаға шаққанда қанша болатынын өзіңіз де сезіп отырған шығарсыз. Ауыл-ауылға, облыс-облысқа түгелімен жеткенше, қаншама қаражат қажет.

– Бұл жүйені қарап отырсақ, сіздер үшін пайдалы сияқты, ал тұтынушылар үшін ше?

– Қателеспесем, қазір біз бір КВТ-қа 4,5 теңге төлейміз. Айдың соңына дейін 500 КВТ жұмсасаңыз, 2000 теңге төлейсіз деген сөз. Соның өзінде энергетиктер шырылдап: «Тарифті көтеру керек деп жүр. Барлық желілер ескірген, өрт шығып жатқандары да бар, оның бәрін жаңадан өзгерту үшін ақша керек. 4,5 теңгені он теңгеге дейін көтерейік» дейді. Бүгінгі күні бұл он теңгенің өзі де аз. Алматының өзін алсаңыз, кемінде он бес теңге жасауыңыз керек. Яғни, энергетиктер өз саласының жұмыстарын жақсарту үшін, осылай жасауға тура келеді. Қазіргі шығарып отырған он КВТ-тың жартысы өз-өзінен жоғалып жатыр. Сіздің айлығыңыз он мың теңге деп есептейік, оның жеті мыңын өзіңіз жұмсасаңыз, қалған үш мыңын жоғалтып алып отырсаңыз, қандай күй кешесіз?! Энергетиктер де солай. Оның себебі, есеп жоқ. Автоматтандырылмаған. Ток желісінің қай жерінде ақау бар, қай жерде тоқты жоғалтып отырмыз. Соны ретке келтіріп отырсақ, бізде мұндай ысырап болмас еді. Сонда тарифтің бағасы да өспес еді.

Сағын аға әңгіме барысында, энергетикалық терминдердің көбінің әлі де қазақшаға аударылмай отырғандығын тілге тиек етті. Терминдерді аударуды ғалымдарымыз әлі қолға ала алмай отырған сияқты. Техникалық терминдерді аударатын сөздік те шықпапты. «Зейнеткерлікке шықсам, энергетикалық терминдерді аударуды өзім қолға алмасам» деп күледі Сағын аға.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары