“ЖЫЛ МҰҒАЛІМІНЕ” ЕКІ БӨЛМЕЛІ ПӘТЕР

“ЖЫЛ МҰҒАЛІМІНЕ” ЕКІ БӨЛМЕЛІ ПӘТЕР

“ЖЫЛ МҰҒАЛІМІНЕ” ЕКІ БӨЛМЕЛІ ПӘТЕР
ашық дереккөзі
238

Алматы қаласының әкімшілігі және Білім департаментінің қолдауымен 1998 жылдан дәстүрге айналып келген “Жыл мұғалімі” байқауы биыл да болды. 21 ақпан мен 17 наурыз аралығында өткен байқауға қаламыздағы орта білім беретін әр түрлі мекемелерден 162 үміткер-мұғалім бағын сынаған. Ал, білім көкжиегіндегі басты тартыс алдыңғы ондыққа іліккен жүзден жүйрік мұғалімдер арасында өрбіді. Байқаудың 5 кезеңінен сүрінбей өткен мұғалімдер кәсіби мамандығына жетік екендігін дәлелдеумен қоса өткен жылдары “Жыл мұғалімі” байқауларының жеңімпаздары өткізген “Мастер-класс” сияқты сабақтарға қатысып та көрген.

Осындай жемісті еңбектің нәтижесінде бірінші орынды Әуезов ауданы, №86 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Жанар Орманбекова иемденіп, екінші орынды Әуезов ауданы №6 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Регина Класс жеңіп алды, ал үшінші орынға Алмалы ауданы №144 гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Ирина Соколенко лайық деп танылды. Еліміздің белгілі ұстаздары Рафиқа Нұртазина мен Шәмшә Беркімбаева, ұшқыш-генерал Талғат Мұсабаевтың ұсынуымен жүлделі орынға ие болған мұғалімдерге “Notе-book” пен Ұстаз кәсіподағының атынан “Көктем” санаторийіне жолдама берілді. Жалпы, негізгі ондыққа іліккен барлық мұғалімдер әртүрлі номинация бойынша дипломдармен марапатталды. Ал бас жүлдені қанжығасына байлаған Түркісіб ауданы №49 орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Зоя Қойшыбаеваға қала әкімі Иманғали Нұрғалиұлы өз қолынан екі бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Сондай-ақ дәстүрлі үрдіс ретінде жылдан-жылға “Жыл мұғалімі” байқауының жүлдегеріне өтіліп тұратын, Алматы қаласының символы — алманы да сыйға тартты. Бас жүлдені тапсыру үстінде қала әкімі барша ұстаз қауымына игі тілегін де жеткізуді ұмытпады.

— ХХІ ғасыр — ғылым мен білімнің ғасыры, ақыл мен сананың, білім мен біліктіліктің бәсекеге түсер ғасыры. Білімді ел арта түседі, білімі жоқ ел артта қалатыны ақиқат. Сондықтан да болашағын ойлаған ел алдымен жас ұрпақтың білімі мен тәлім-тәрбиесін ойлайды. Елбасы биылғы жолдауында елімізді дамыған 50 елдің қатарына қосу жөнінде үлкен міндет қойды. Сол үлкен жүк осы ұстаздың иығына түсіп отыр. Өйткені, білімнің тізгіні сіздердің қолдарыңызда. Абай атамыз: “Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан” дегенді не үшін айтқан, — деп, ұстаз беделін тағы бір көтеріп тастады.

Зоя Қойшыбаева Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінің биология факультетін 2001 жылы, ал магистратурасын 2003 жылы тәмамдаған. 26 жастағы мұғалім: “үздік ұстаз болу үшін, ең алдымен оқушыларды жақсы көрсең және өз пәніңді сүйіп оқытсаң болды, сосын сені балалар да жақсы көреді” дегенді айтады. Сонымен қатар ол маңдай терін төккен еңбегінің бағалануы арқасында баспана мәселесінің де шешілгеніне дән риза. Енді республика бойынша “Жыл мұғалімі” байқауына жолдама алған Зоя дайындықтың ертеңнен басталатынын да ерекше қуанышпен жеткізді.

Көңілді кеш соңында 1998-2002 жылдары республика бойынша “Жыл мұғалімі” атанған алматылық мұғалімдер де өнерін ортаға салып, эстрада әншісі Роза Рымбаева әннен шашу шашты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары