1773
ҚОҒАМДЫ ДЕМОКРАТИЯЛАНДЫРУ IСIН ЕЛБАСЫ ӨЗ ҚОЛЫНА АЛМАҚ
ҚОҒАМДЫ ДЕМОКРАТИЯЛАНДЫРУ IСIН ЕЛБАСЫ ӨЗ ҚОЛЫНА АЛМАҚ
Елбасы Қазақстанды саяси реформалар жолына өзі бастап бармақ. Бірақ қоғамды демократияландыру процесі конституциялық реформа жүргізуді қажет етуі мүмкін. Тіпті, атқарушы биліктің құрылымы да өзгеріске ұшырауы ғажап емес. Ал Қоғамды демократияландыру жөніндегі ұлттық комиссияның орнын Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссия басты.
Қазақстан демократиялық өзгерістер жолына түсті. Осы аптада Астанада өткен Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы осыны айқындады. Оның құрамында саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ Халықтар Ассамблеясының, Кәсіподақтар федерациясының өкілдері, Парламент депутаттары бар.
Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың Халыққа биылғы жолдауында айтылған экономикалық даму мен қоғамды демократияландыру туралы бастамалардың жалғасы іспеттес.
Қоғамды демократияландыру ісін Елбасы өз қолына алмақ. Бұдан былай Демократияландыру жөніндегі ұлттық комиссияның ауқымы кеңейіп, құзыреті артты, оның жұмысын енді Президент басқаратын болады.
Демократиялық реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы бір жыл бойы талқыланып, оның жобасына енгізу жөнінде көптеген ұсыныстар айтылды. Бұл ұсыныстардың ішінде биліктің халық алдында үнемі есеп беріп отыруы және сыбайлас жемқорлық мәселесі өзекті болып табылады. Бұлардан басқа биліктің түрлі тармақтары арасындағы тиімді байланыс орнату, олардың үстінен тәуелсіз қоғамдық бақылау орнату, Парламенттің жауапкершілігін арттыру және оның ролін күшейту, саяси партиялардың елдің саяси өміріне белсендірек атсалысуы, үкіметтік емес ұйымдардың ролін айқындау және азаматтардың бостандықтарына кепіл беру мәселесін нақтылау сияқты мәселелер бар. Президент осы ұсыныстарды тағы бір електен өткізіп, олардың қоғамдық-саяси маңыздыларын заңдық тұрғыдан рәсімдеу керектігін ескертті. Бұл өзгертулер Конституцияға өзгерту енгізуді қажет етуі мүмкін.
Саяси реформалар бағдарламасы биылғы жылдан басталып, 2011 жылға дейінгі уақыт аралығын қамтиды, ал оның жүзеге асырылуы екі кезеңнен: 2006 – 2008 және 2009 – 2011 жылдардан тұрады.
Демократияландыру процесі атқарушы биліктің құрылымын өзгертуді талап етуі мүмкін. Осы орайда, «электронды үкіметтің» іске қосылуы сыбайлас жемқорлықты құрықтап, әкімшілік қағазбастылықты азайтуға септігін тигізуі мүмкін.
Елбасы қолға алынуға тиіс бірқатар өзгерістерді атап көрсетті: Парламенттің Үкімет құрамын жасақтаудағы ролін арттырудың нақты механизмін қалыптастыру, Мәжіліс пен Сенат депутаттарының санын мүмкіндігінше көбейту мәселесін талқыға салу, жергілікті өзін өзі басқару органдарының ролін арттыру және жергілікті әкімдердің құзыретін күшейте түсу, бюджетаралық қатынастардың жаңа жүйесін қалыптастыру, әкімдердің халыққа жыл сайын есеп беріп отыруын жалғастыра беру.
Елбасы билік органдарына қадағалау жүргізуді күшейту үшін және сөз бостандығына кепілдік беру үшін бұқаралық ақпарат құралдарын дамыта беру керектігін айтты.
Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысына қатысқан саясаткерлер өз ой-пікірлерімен бөлісті. «Ақ жол» партиясының жетекшісі Әлихан Байменовтің айтуынша, ең әуелі саяси жүйені нығайтуға көңіл бөлу керек. Демократиялық партияның басшысы Мақсұт Нәрікбаев демократияландыру процесін сот жүйесін одан әрі жетілдіруден бастауды ұсынды.
Ал Конституциялық Кеңестің төрағасы Игорь Рогов әзірге Ата Заңға өзгерту енгізудің қажеті жоқ екенін атап өтті. «Конституцияның мызғымастығы – қоғамның мызғымастығы» деді ол.
Олжас Сүлейменовтің әлемдегі демократия институтының тығырыққа тірелуі жайлы сөздері ойландыорады. Мысал ретінде ол жарты жылдан бері тынышы кеткен Францияны атады.
Айтылған ойларды қорыта келіп, Нұрсұлтан Назарбаев Президент Әкімшілігіне бір ай ішінде Мемлекеттік комиссия жұмысының жоспарын дайындап өткізуді, ал Үкіметке Мемкомиссия жұмысын республикалық бюджет есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Гүлбиғаш Омарова