АҚҚАЙЫҢНЫҢ СЫБДЫРЫНАН СЫР ҰҚҚАН

АҚҚАЙЫҢНЫҢ СЫБДЫРЫНАН СЫР ҰҚҚАН

АҚҚАЙЫҢНЫҢ СЫБДЫРЫНАН СЫР ҰҚҚАН
ашық дереккөзі
359

Былтыр шілде айында Көкшетау қаласына бір тамшы жаңбыр тамбай, күн тас төбеден шақырайып тұрып алды. Ыстық апталап қайтпай қойды.

Түс ауа жеңіл көлікпен қала сыртындағы бейіт басына барып қайтуға жолға шықтық. Аспан шайдай ашық десе де болғандай, ара-кідік қаз бауырлаған ақша бұлттар ғана қалықтайды. Үп еткен жел жоқ.

Бейіт басына жетіп, көліктен түсе бергеніміз сол – себелеп жылы жаңбыр жауды. Ал, бір кереметі – күннің көзі әлі шақырайып тұр. Бір шоғыр ала бұлт ала келген ақ жаңбыр қысқа сәтте пышақ кескендей, тез тиылды. Аяқ асты бусанып, жаңағы қапырық ыстықтың беті қайтып, аспан қабағы жадырап, жер үсті жайнап сала берген.

Бұл – әлде мына жарық дүниенің, нұрлы ақ әлемнің сәулесін сезініп, ана құрсағынан шыр етіп жерге түскен сәтінен табиғатпен жаны егіз, болмысы бір Жұмабек ағаның басына – зиярат, рухына – тағзым ете келгенімізде, көк аспанның көңілі босап, нөсер жасын төккені ме екен, кім білсін…

«– Неге екенін қайдам, зейнеткерлікке шыққаннан кейін Жұмекең Алматыдан Көкшетауға көшіп келгенше асығып жүрді. Туған жерге жеткісі келді де тұрды. Ақыры Көкшетау қаласына қоныс тептік», – дейді ағамыздың асыл жары, аяулы Шәрбану жеңгеміз көзіне жас алып. – Алайда, өз туған жерінде ұзақ жүруді тағдыр жазбады оған. 1997 жылдың 19 шілдесінде көз жұмды. Топырақ өзі туған Көкшетауынан бұйырды.

Жетпісінші жылдардың соңы…

Өмір бойы ауылдық мектепте ұстаздық етіп, зейнеткерлікке шыққан соң, жалғыз ұлы – менің қолымда, Алматыда тұрып жатқан әкем күнделікті газет-журналдарды қалт жібермей қарап, оқып отыратын. 1979 жылдың желтоқсанында: «Менің шәкіртім – Жұмабек Дәуренбеков Қазақ ССР Орман шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары болып тағайыдалыпты», деп қуанышты жаңалық айтты. Бұған дейін де ол кісінің осы шаруашылық саласында жауапты қызметтер атқарып келгені жайлы, жалпы, алдынан оқыған шәкірттері туралы, олардың әрқайсысының мінез-құлқы, оқу үлгерімі, қазір қайда,кім болып еңбек етіп жүргені жайында жиі әңгіме айтып, мақтана әрі сағына есіне алып отыратын.

«Әке-шешеден ерте жетім қалып өскен Жұмабек, сабаққа өте ынталы болғасын Айқын Нұрқатов, Нығмет Ғабдуллин секілді ылғи «беске» оқушы еді», – дейтін әкем марқұм.

ӨМІРДІҢ ӨРНЕКТІ ІЗДЕРІ

1930 жылдың 20 наурызы күні Көкшетау облысының Рузаев ауданындағы Қарағаш ауылында дүниеге келген Жұмабек Дәуренбеков анасынан – үш жасында, әкесінен – төрт жасында жетім қалады. Әкесінің ағасы Қайсарбек қаршадай ұлды қанатының астына алып, жетімдік көрсетпей, тәрбиелеп өсірді. Өзі шебер ұста болғасын да, Жұмабекті бала кезден ұсталықтың қыр-сырына үйретті. Содан болар, жас Жұмабек көрік басудан бастап, ауыл тіршілігінің басқа да ауыр шаруасын атқарып әкетті. Еңбектің дәмін бала жастан татқан ол, өмір бойы өз ісіне тиянақты, жауапты бола білген-ді.

Жұмабек Дәуренбеков Шұқыркөл орта мектебін 1948 жылы тай-құлындай тебісіп бірге өскен тең-құрбылары, бүгінде еліміздің ардақты азаматтары болған Еркін Әуелбеков, Нөгербек Есенжанов, Құбайдолда Әшетовпен қатар бітірді.

1948 жылы Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының орман шаруашылығы факультетіне оқуға түсіп, бұл оқу орнын 1953 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Өзі туып-өскен Көкшетау өңіріндегі Айыртау орман шаруашылығының аға орманшысы болып еңбек жолын бастады.

Жас маманның еңбекке деген құлшынысын, ұйымдастырғыш қабілетін таныған облыс басшылары оны 1955 жылы үш орман шаруашылығын (Қотыркөл, Золотобор және Бурабай) біріктіріп отырған Бурабай орман шаруашылығына қызметке жібереді.

Орманның жарғысы бойынша, жұмысты ғылыми-техникалық әдіспен басқару және жобалау, жоспарлау – тек қана орманшының қолынан өтуі керек. Жұмабек ағаға жас та болса осы жауапты істі атқаруға тура келді.

Ең басты жұмыс – дала мен елді мекенде жайқалтып көк желекті өсіру болатын. Бурабайдың байырғы тұрғындары есіне алса, бұрын сол маңдағы «Көшегөр» ауылы айналасында қыста боран соқса, бас сауғалайтын пана болмайтын. Қазір сол өңірге көз салсаңыз, ауыл маңайы жасыл белбеумен буылғандай; алма, басқа да жеміс ағаштарымен көмкерілген.

Елді, жерді көркейту мақсатында бұл орман шаруашылығы аз қызмет жасаған жоқ. Жылма-жыл 5 миллион ағаш көшетін, өз питомнигінен қарағай, қайың, емен, теректі облыс шаруашылықтарына таратып, пайдалы да өнімді – алма, алмұрт, қарақат, шиені бау-бақшаларға өсіріп, жеке азаматтарға үлгі көрсетті.

Бурабайды биіктен шолу – Жұмекеңді ерекше қанаттандырып жіберетін. Көкжиекте көлбеп, шошақ төбелі дулығасын алмастан ұйқыға кеткен Жеке батыр Көкшенің қамқор сақшысына ұқсайтын.

Жұмбақтас Жұмабек Асылбекұлы үшін ұшқыр қиялының ақ кемесі болды. Алғашында Оқжетпес, сондай-ақ Сиыр, Төбет, Түйе тастардың бәрі де жанды сияқты көрінетін. Келе-келе бәрі тасқа айнала бастағандай, табиғаттың мәңгілік ескерткішіндей қаз-қатар тізіліп, қатып қалғандай.

Кезінде осы өлкенің қайталанбас табиғатын қорғау жөнінде жиын-жиналыстарда сөз сөйлеп, мерзімді баспасөз беттерінде талай түйінді мәселелерді жазып, көтерген. Бұл да болса Жұмекеңнің кіндік қаны тамған туған жеріне деген перзенттік шексіз махаббаты, алғаусыз көңілі болса керек.

«Ғұмыр жасыңды ұзартқың келсе, ағаш ек» дейді халық даналығы. Бекер айтылмаған. Тағы бірде көпті көрген қарт кісі былай деген екен: «Егер әрбір адам жер бетіне үш шыбық тал шаншыса, онда әлем гүл баққа айналар еді». Әрине, ағаш егу – жақсы дәстүр. Ал, оны күтіп, баптап, өсіру, қорғау – абыройлы іс. Жұмабек Асылбекұлы орман шаруашылығында еңбек ете бастаған алғашқы күндерден-ақ мұны жақсы түсінгені сөзсіз.

1961-1962 жылдары Халық депутаттары Көкшетау аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін де атқарды.

Қалай дегенмен де, біраз жылдар бойы табиғаттың тамаша бір сыйы – орманға бауыр басып қалған Жұмекең 1962 жылы қайтадан өз мамандығы бойынша жұмысқа оралып, Целиноград облысы, Сандықтау орман шаруашылығының директорлығына тағайындалды. Сандықтауда үш жылдай қызмет атқарғаннан кейін, алты жыл бойы Солтүстік Қазақстан орман шаруашылығы басқармасының бастығы болды.

Орманды қорғау, оны сауықтыру сияқты маңызды мәселелер Жұмекеңе күні-түні маза бермейтін-ді. Өйткені, тың жерлері игеріліп, негізгі кәсібі астық өсіруге бағытталған Қазақстанның солтүстік аймағында жыртылмаған жер қалмап еді. Тіпті, орманның, шоқ-шоқ қайыңды алқаптардың дәл іргесіне дейін соқаның түрені тиіп, жердің берекесі кете бастаған. Мұның өзі орман шаруашылығына үлкен кесірін тигізгендігі де ақиқат. Егістік алқаптарды түрлі дәрілермен өңдеудің салдарынан, ол жұмыстарды қалай болса солай, шала-шарпы жүргізудің кесірінен ағаштарға залал келетін. Міне, осындай кезеңдерде қазақтың қалың орманын сақтап қалуға Жұмабек Асылбекұлы күн демей, түн демей, жан-тәнімен қызмет етті.

1979 жылдың желтоқсан айында Қазақ ССР Орман шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалған еді.

Бұл – Қазақстан бойынша орман шаруышылығын дамыту мәселесі күн тәртібіне өткір қойылып тұрған кезең болатын. Өйткені, орман күтімсіздікке ұшырады. Қиылды, кесілді. Оны отаушыларға «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» табылмады. Әсіресе, еліміздің оңтүстігіндегі құмды алқаптардағы сексеуілдер жойылып, Алтай мен Арқа өңіріндегі самырсындар мен қарағайлар шаруашылық мүдделері үшін бей-берекет кесіліп, жұмсалып жатқан болатын.

Осы мәселелердің бәрін ғылыми-техникалық прогресс негізінде жүргізуде Жұмабек Асылбекұлы елеулі еңбек сіңірді. Бұл орайда оның жазған көптеген ғылыми жұмыстары бар. Ол ұсыныстар өз кезінде өндірісте қолданылып, мамандардан жоғары бағасын алған да болатын. Бір ғана мысал: он бірінші бесжылдық жылдары Қазақстан бойынша орман алқабы 600 мың гектарға ұлғайтылған екен. Осы жылдары селекциялық негізде орман питомниктерін дамыту жұмыстары қолға алынды. Республиканың барлық орман қоры тексерістен өткізілді. Орманды орналастыру негізіне сәйкес оларды пайдалану тәртібі жасалды. Орманды күту, санитарлық тазалау сияқты жұмыстар жыл сайын ғылыми негізде жүргізіліп отырды. Ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары механикаландырылды.

– Бір досым жыл сайын жазғы демалысында ел аралап, туристік сапар шеккенді ұнататын еді, – деп бастады бірде әңгімесін Жұмабек аға. – Жолаушылап кеткен дос-құрбы, көрші-қолаңды қарсы алып, ат-көлік амандығын сұрайтын салтымыз бар емес пе? Сол әдетпен осы жолы да әлгі досты күтіп алып, көріп-білгенін сұрап жатырмыз.

– Несін айтасың? Ғажап! Тіл жетпейді, – деп, тамсана әңгімелейді. – Бәрін айт та, бірін айт, мен көрмеген, мен араламаған жер аз еді. Бірақ бір өкініштісі сол, Қазақстанның ғажайып өлкесі, өзені мен көлі, тауы мен даласы жайлы айтқанда, Бурабай мен кербез Көкшені көрмей әңгімелегеніме ұяламын. Бір жігіт «қазақ жерінің Швейцариясы ғой бұл Бурабай» дейді. Мен ұрсып тастадым. «Бұл – біздің Бурабай, өзіміздің Оқжетпес!» дедім.

…Адам о бастан-ақ сұлулық сырын ұғып, туған табиғатпен тілдесе білген. Содан да әркім өзінің туып-өскен, кіндік кескен ата мекенінен қандай да болса әсемдік табады.

Психологтар мен педагогтардың дәлелдеуінше, табиғаттың бөлінбес бір бөлігі – орман адам баласының ойлау қабілетін барынша байытады екен. Әсіресе, эстетикалық сезім түйсігіне орман мол әсер ететін көрінеді. Орманға келген әрбір адам құйқылжыта сайраған бұлбұл үнін, сарқыраған бұлақ сылдырын, тербелген тал-қайыңның жапырақ сыбдырын тыңдап, тамылжыған табиғаттан шабыт пен қуат алады, сергіп, көңілі көтеріледі.

Орман, тоғай, жасыл бақ келбеті Жұмекеңнің де қиялына қанат бітіріп, қолына қалам ұстатады.

Көкшетау – жер жәннаты, көріктісі,

Көңілі тояды екен көріп кісі.

Көктемде қайта түлер қыз – Бурабай,

Көз жауын алып кербез көрік-түсі.

Бурабайдың әрбір сыңсыған сүмбіл шыршасы, Оқжетпестің күміс тастары, кәусар көлдің шолпылы сулары орманшы жүрегін елжіретіп, ерекше із қалдырғаны осынау өлең жолдарынан айқын көрініп тұрса керек.

Ол кісі орманды ұрпақтан ұрпаққа өткізетін «жасыл эстафета» деп бейнелі түрде айтады.

Жұмекең көңіліне түйген ойларын, орман шаруашылығын дамыту жайлы ұсыныс, пікірлерін қағазға түсіріп, мерзімді баспасөз беттерінде жиі жариялап жүретін еді. Сол жазғандарын көзі тірісінде «Жер жәннаты», «Жасыл әлемге саяхат» деген атпен жеке-жеке кітап етіп шығарды да. Ал, өмірінің соңғы кездерінде жазған «Ақ қайың» атты кітабын көңіліне түйген жайлары қалың еліне жетсін деген ниетпен Шәрбану жеңгеміз бұрнағы жылы баспадан өз қаржысына шығарды.

«Ақ қайың» кітабының бір жерінде Жұмабек Дәуренбеков «Сыланған сұлу ақ қайың қазақ халқы арасында да талай-талай өлең-жырдың арқауы болған. Қайыңды орман басқа ормандарға қарағанда кереметтей нәзік, әдемі көрінеді, сондықтан да оның адамға әсері, эстетикалық ләззаты ұшан-теңіз. Сұлулықтың, нәзіктіктің белгісі саналатын ақ қайыңның құрылыстық маңызын былай қойғанда, одан алынатын шипалы шырын жайында жеке әңгіме ету әбден орынды», – дей келіп, ертедегі мына бір аңызды еске салады:

«…Ел басына күн туған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманында ер-азаматтарын жауға аттандырып, ұлардай шулап жұртта қала берген ауылдың бала-шаға, кемпір-шалы күндердің күнінде жаппай індетке ұшырапты. Сонда бір балгер халықты жинап, қайыңның шырынын жинауды, ол шырынды дертке дауа ретінде ішуді үйретеді. Сол бір ылаңды заманда әлгі үркердей ғана ауылды қайыңның сөлі ажалдан аман алып қалған екен» деген аңыз бар.

Қазақ халқының белгілі күйшісі Байжігіт «Қайың сауған» атты тамаша күй шығарған. Міне, сол күйді Байжігіт жаңағы оқиғаға байланысты шығарған көрінеді.

«Көктемде жасыл желек жамылған қайыңды орманды аралап көріңізші… Ақ шағаладай жұп-жұмыр қайың діңі күн көзінде жылтылдаған інжу-маржанға толып кетеді. Ақ қайың жылап тұр деп ойларсыз. Жоқ, бұл күміс тамшылар – ару ағаштың береке-байлығы. Сол байлықты ысырап етпей, игілікке жарату адамдардың қолында тұр», – деп түйіндейді ойын автор.

СӨЗ СОҢЫ

Қалаға қайтып келеміз. Даңғыл жолдың қос қапталы – жасыл желек, тал-шыбық. Көз қуантады. Жұмабек ағаның көп айтатын, қала мен қаланың арасын жалғап жатқан «жасыл белбеу» бұл. Жол бойының сәнін келтіріп, әрі шаң-тозаңнан қорғайтын мұндай «жасыл белбеуді» қаншама шақырым жерге отырғызуға атсалысты десеңізші. Бір кездері өзі отырғызған көшеттер қазір жайқалған қалың орманға айналды. Бабаларымыздың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөзі де осындайдан шықса керек.

Бір дана қария балаларына былай деп өсиет айтқан екен: «Егер арттарыңда із қалсын десеңдер, өмірге ұрпақ әкеліңдер, үй салыңдар… ағаш отырғызыңдар». Осының үшеуін де көзі тірісінде жасап кеткен Жұмабектей абзал да асыл ағамыздың жарқын бейнесі қашанда жадымызда, жүрегімізде!

Жалғыз-ақ әттеген-айы: өзі туып-өскен жерін ақтық демі біткенше балаша алғаусыз, риясыз көңілмен сүйген, қазақтың қара орманын ғұмыры жеткенше қорғап өткен қара нардай аптал азаматтың аты әлі күнге дейін не туған ауылының, не Көкшетау қаласының мектеп, көшелерінің біріне берілмеуі қатты қынжылтады. Облыс, қала басшылары, тиісті орындар республикамызға, Көкшетау өңіріне ерен еңбегімен, төккен терімен етене танымал адам, Қазақстан орман шаруашылығының ардагері – Жұмабек Дәуренбековтың есімін елеусіз қалдырмас деп сенеміз.

…Қалада жаңбырдың ізі қалыпты. Ағаш жапырағындағы мөлт еткен тамшы қандай мөлдір, қандай таза! Ғұмыры қандай қысқа?! Адам өмірі сияқты…

Мұхамедия Жұмағалиев,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Серіктес жаңалықтары