РЕСЕЙ ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ АЛДЫН ОРАП КЕТТI...

РЕСЕЙ ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ АЛДЫН ОРАП КЕТТI...

РЕСЕЙ ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ АЛДЫН ОРАП КЕТТI...
ашық дереккөзі
330

БІЗДІҢ АЙМАҚТАН ҚЫТАЙҒА ЕНДІ МҰНАЙ КЕРЕК

Наурыздың 21-і мен 22-і күндері ресми сапармен Қытайда болған Ресей президенті В.Путин мен ресми Пекин өкілдері арасында жүргізілген келіссөздер барысында энергетика мәселесі басты тақырып ретінде көрініс тапты. Осы екі күннің ішінде жиырма шақты екі жақты келісімдер жасалып, тиісті құжаттарға қол қойылды. Бұлардың ішіндегі ең маңыздысы Ресейдің Қытайға жылына 80 млрд. кубометр көлемінде газ беріп тұру туралы міндеттеме алғаны болды.

ОРЫС-УКРАИН ГАЗ МӘСЕЛЕСІ ПЕКИНДЕ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

Сөйтіп, Еуропалық Одақ (қыста ресми Мәскеу мен ресми Киев арасында осы шикізатқа қатысты болған шатақтан кейін) енді өзін газбен қамтамасыз етудің баламалы көздері мен жолдарын қарастыру мәселесін көтердім дегенше, Кремльдегі басшылық та өз тарапынан осы жағдайға қатысты нақты шара қолданып үлгерді. Еуропалықтар Орталық Азия жақтан Ресейді Кавказ сырты арқылы айналып өтетін газ құбырлары жобасын қарастырып жатыр. Солайша олар, бір жағынан, тым еркінсіп кетті деп есептелетін Ресейге қыр көрсетпек болса керек. Екінші жағынан, еуропалықтар өздері газын сатып алатын елдер мен аймақтардың қатарын кеңейту арқылы энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуді мақсат етеді. Қазір Еуропалық Одақ тұтынатын газдың жартысына жуығы – сол Ресейдікі.

Демек, еуропалықтар осы шикізатты тұтыну қажеттігі тұрғысынан алғанда ресейліктерге біраз тәуелді. Саудада достық жоқ екені белгілі. Сондықтан қандай да болмасын бір шикізатты сатып алатын елің негізінен біреу-ақ болса, сол сатушыға амалсыздан тәуелді боласың да, оның бағаны өздігінше өсіре беруіне кесел жасай алмайсың. Бұл да — сол монополияның бір түрі. Бірақ сатушы үшін де сатып алушылар қатарының көбірек болғаны тиімді. Сондықтан Ресейдің де тек сол Еуропалық Одақ жаққа ғана қарап қалғысы келмейді. Еуропалықтар кейінгі кезде мінез таныта бастаған соң, ресми Мәскеу де өзінше алдын алу шараларын ойластырып, Қытаймен жоғарыда аталған келісімге барып отыр. Бұның арғы жағында бір есептен: «Сендер олай қылсаңдар, мен былай істеймін», — дегендей пейіл жатқан сияқты.

Тағы бір айта кететін нәрсе мынау: Ресей газ саясатының Еуропа бағытындағы үрдісі де, Қытай бағытындағы үрдісі де Орталық Азияның энергетикалық мүмкіндіктерін басқалардың пайдалануының алдын алуға талпыныс сияқты.

Бүгінгі таңда біздің аймақтан Украинаға баратын да, Закавказьеге баратын да газ Ресей арқылы өтеді. Ал сол Украина мен Закавказье — Орталық Азиядан Еуропаға апаратын жол үстіндегі транзиттік ауқымдар.

Енді Қытай бағытының жағдайын қарастырайық. Өткен жылы Қазақстан өз мұнайын жаңадан салынған құбыр арқылы Қытайға тікелей экспорттай бастау мүмкіндігіне ие болды. Бұндай жағдайда Өзбекстан мен Түрікпенстан да өз шикізаттарын шығысқа қарай тасымалдау шараларына мейлінше ден қоя бастады. Олардың Қытайға көптеп сата алатын негізгі тауары – газ. Ашхабат соны өз жерінен Қытайға апаратын құбыр салу жобасын қарастыра бастады.

Бұндай мүмкіндік ресми Пекин тарапынан қызу қолдау тапқан көрінеді. Өткен жылғы Әндижан оқиғаларынан кейін Батыс тарапынан қатты қысым көрген Өзбекстан басшылығы да қытайлықтар тарапынан қолдау тапты. Ресми Пекин өзбек жеріндегі жаңа мұнай-газ кен көздерін барлап ашу ісін қаржыландыру мақсатына деп, 600 млн. доллар көлемінде қарызға ақша берген. 2004-2005 ж.ж. барысында саяси себептермен Батыстың қаржылай жәрдемінен түгелдей дерлік қағылған Өзбекстан үшін бұл үлкен көмек болды. Түрікпеннен де, өзбектен де Қытай үшін алдымен керегі газ болатын. Олар жақтан шығысқа қарай құбыр тарту жобасы шындыққа айнала бастаған шақта Ресей жоғарыда аталған қадамға барды.

ҚАЗАҚСТАНДА ГАЗ ӨНІМІ ҰЛҒАЯ БЕРМЕК, БІРАҚ…

Қытай үшін қоғамдық-саяси ахуалы ұзақ мерзімдік тұрғыдан алып қарағанда сенімсіздеу көрінетін Түрікпенстан мен Өзбекстаннан гөрі, өз экономикалық мүдделерін саяси тұрғыдан да (Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуынан туындайтын мүмкіндіктер), әскери тұрғыдан да (ядролық держава жағдайынан туындайтын мүмкіндіктер) мейлінше уытты түрде қорғай алатын Ресеймен энергетикалық ынтымақтастыққа бару тиімдірек. Қазір ресми Мәскеу осы көзірін пайдаланған сияқты. Ал Орталық Азия газы бұрынғыша батыс жаққа қарай Ресей арқылы кете бермек.

Біздің аймақта үш газды мемлекет бар. Олар: Түрікпенстан, Өзбекстан және Қазақстан. Бұлардың ішіндегі газды ең көп өндіретін ел – түрікпен елі. Кеңес заманында ол жылына 80 млрд. кубометр шикізат шығаратын. Одан кейінгі орында Өзбекстан болған. Өзбек елі осы күнге дейін Қырғызстанға, Тәжікстанға және Оңтүстік Қазақстанға газ экспорттайды.

Біздің еліміз күні кешеге дейін осы шикізатты өндіру жағынан онша көзге түсе қоймайтын. Бірақ қазір жағдай тез өзгеріп жатыр. Еліміздегі газ өндіру көрсеткішінің қалайша өсіп жатқаны туралы хабардар болу үшін мынадай динамикаға назар аударайық. 2002 жылы елімізде осы шикізаттың 14 млрд. кубометрі өндірілген. 2004 жылы бұл көрсеткіш 20,4 млрд. кубомерді құрады. Өткен 2005 жылдың алғашқы жартыжылдығында – қаңтар-маусым айларында — 13,46 млрд. кубометр газ өндірілген. Яғни жыл нәтижесі шамамен 27 млрд. кубометрді құрауға тиіс. Бұл 2002 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2 есе көп. Осы кезеңде Қазақстандағы газ тұтыну көрсеткіші өсіп жарыған жоқ. Демек, экспортқа шығаруға жарайтын таза көлемнің мөлшері – шамамен 13-14 млрд. кубометр. Бұның өзі де аз емес.

Оның үстіне Қазақстандағы газ өндіру ауқымы бұдан әрі ұлғая бермек. Бұған ендігі жерде түрткі болатын себептердің бірі – ілеспе газды 100 пайыздық негізде іске жарату талабын қоятын үкімет қаулысы. Бұл – енді-енді қолға алынып жатқан іс.

Дегенмен, ілеспе газды 100 пайыздық негізде іске жарату ерте ме, кеш пе жүзеге асырылмақ. Сөйткен кезде Қазақстандағы газ өндіру көлемі күрт ұлғайып шыға келмек. Әрине, ілеспе газдың сапасы табиғи таза газға қарағанда нашарлау. Бірақ бұл да – газ. Демек, энергетикалық шикізат. Бірақ өнім ұлғайғанмен, оны экспортқа асырып, жақсы пайда табу мүмкіндігі шектеулі болып қала бермек. Өйткені батыс бағытында Ресейдің «Газпромымен» бәсекелесу қиын. Ал қазір енді ресейліктер газға қатысты түрде шығыс бағытын да Орталық Азияның алдын орағандай болып қолға алып жатыр.

Бірақ, бір жақсысы, Қытайға газ ғана емес, мұнай да өте көп керек. Ал Ресей шығыс бағытында өзінің осы шикізатқа қатысты саясаты ауқымында Қытайды емес, Жапонияны таңдады. Оның үлкен мұнай құбыры шикізатты Қиыр Шығыстағы Находка теңіз айлағы арқылы Күншығыс еліне қарай бағыттамақ. Ал осы тұста біздің еліміз Қытайға қатысты өз мүмкіндіктерін пайдаланып қалып жатыр.

Өткен жылы «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбыры іске қосылды. Сонымен 2004 жылдың қыркүйек айында салтанатты түрде басталған құрылыс аяқталып, нәтижесінде пайда болған транспорттық нысан жұмыс істей бастады.

Оны жүзеге асыруға 806 млн. доллар көлемінде қаржы жұмсалыпты. Мұнай құбырының ашылу рәсіміне қатысқан «ҚазМұнайГаз» басшысы Ұзақбай Қарабалин: «Бүгіннен бастап Құмкөл және Сібір кеніштерінен шыққан 10 млн. тонна мұнай құбырмен тасымалданатын болады», — деп жариялады.

ЕСЕСІНЕ ШЫҒЫС БАҒЫТЫНДА МҰНАЙ ЭКСПОРТЫНА КЕСЕЛ ЖОҚ

Бүгінгі таңда Қытай Халық Республикасының күнбе-күн қанша мұнайды сырттан сатып алуға мәжбүр екенін ескерсек, аталған көлемнің осы алып ел үшін онша көп емес екеніне көзіміз жетеді. 2004 жылы ол өзі тұтынатын осы шикізаттың 122,7 млн. тоннасын импорт есебінен толтырған. Сонда Қытайға сырттан сатып әкелінген мұнайдың көлемі алдындағы 2003 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, бірден 35 пайызға ұлғайған екен. Бұдан туындайтын қорытынды қандай болуға тиіс? «Атасу-Алашанькоу» құбыры Қытайға мұнай тасымалдау қажеттігі мәселесін аз ғана жеңілдеткенмен, оны шешеді екен деп күту қиын. Қытай экономикасы жоспарланған қарқыннан да тез дамып жатыр. Сондықтан оның мұнайға деген сұранысы да алдын ала жасалған болжамдардан әлдеқайда жоғары болып шығып жатыр.

Мәселен, 2000 жылы ғана сарапшылар 2010 жылға таман Қытайға 90-нан 180 млн. тоннаға дейінгі көлемде импорт қажет болады деген есепті жария еткен. Ол кезде бұл мемлекет тәулігіне сырттан 1,4 млн. баррель шикізат тасып кіргізетін. Ал ондай көлем сол тұста Қазақстан күнделікті өндірген бүкіл мұнайдан (693 мың баррель) екі есе артық болатын. ҚР Мемлекеттік статистикалық агенттігінің таратқан мәліметтеріне қарағанда, сол жылы Қазақстанда газ конденсатымен қоса есептегенде, 35 млн. тонна мұнай өндірілген екен. Демек, сол жылғы Қытай импортының көлемі 70 млн. тоннаға жеткен. Арада өткен 4-ақ жылдың ішінде бұл көрсеткіш екі есеге жуық артып, 122,7 млн. тоннаға жетті. Дәлірек айтқанда, Қытай 2003 жылы тәулігіне 2,02 млн. баррель, 2004 жылы 2,91 млн. баррель импортттап әкеліп отырған. Яғни бір жыл ішіндегі өсім 890 мың баррельді құраған. Бұл Қазақстанның 2004 жыл барысындағы бүкіл экспорттық көлемімен салыстыруға келетін көрсеткіш. Яғни біздің елдің қазір өндіріп жатқан бүкіл мұнайының өзі ҚХР-дың импорттық қажеттігін өтемек түгілі, сол импорттың бір жылғы өсімінің орнын толтыруға әрең жетеді. Қалай дегенде де, Қазақстанда әзірше Қытай үшін мұнай аз.

Бірақ, екінші жағынан алып қарағанда, осы көрші алып мемлекет бізден соншама көп шикізатты сатып алып отыруға тіпті де дайын емес. Өйткені оның сол мұнайдың негізгі бөлігін тұтынатын дамыған және халқы көп аудандары — Қиыр Шығыста. Ал Қазақстанның негізгі мұнай өндіретін аудандары – елдің батыс жағында. Екі аралықты талай мыңдаған шақырым бөліп тұр.

1992-2001 ж.ж. барысында Қытайдағы мұнай тұтыну жыл сайын орта есеппен 6 пайызға ұлғайып отырған. Бірақ осындай өсім қарқынына ілесе алатын ішкі өндіріс көрсеткішінің де ұлғайып отыруы болған жоқ. Өйткені жыл сайынғы өндірістік өсім көрсеткіші 2 пайыздан да төмен болып қалыптасты. 2001 жылдан кейін тұтыну мен ішкі өндіру көрсеткіштері арасындағы алшақтықтың одан әрі ұлғая түсу үрдісі байқала бастады. 2004 жылы Қытайдағы мұнайға қатысты тәуліктік тұтыныс көлемі 6,53 млн. баррельге (2003 жылы 5,56 млн. болған) жетті. Ал тәуліктік ішкі мұнай өндірісі көлемі 3,62 млн. баррельді (2003-те 3,54 млн. болған) құрады.

Яғни сол бір жылдың ішінде өндіру көрсеткіші бұрынғы орнында қалған десе де болады. Ал тұтыну көрсеткіші тәуліктік есеппен алғанда, 1 млн. баррельге жуық (970 мың баррель) ұлғайып шыға келген. Бір сөзбен айтқанда, өткен жылы Қытай өз қажеті үшін 300 млн. тоннадан астам мұнайды пайдаланған. Осы көлемнің жартысынан сәл астамы ғана ішкі өндіріс есебінен толтырылған. Қалғанын импорт жапқан. Бұдан шығатын қорытынды мынадай: өткен 2004 жылы Қытай мұнай тұтынысы құрамындағы импорттың үлесі 45% жуық болған. Алдындағы 2003 жылы бұл көрсеткіш 36%-дан аспайтын.

Яғни Қытайдың мұнай импортына деген тәуелділігі жылдан-жылға артып барады. Бұл, қалай дегенде, Қазақстан мұнай экспорты үшін үлкен мүмкіндіктерді ашпақ.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ

Серіктес жаңалықтары