ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАЗЫНАСЫ ОЛИГАРХТАРДЫҢ ОЙЫНШЫҒЫНА АЙНАЛДЫ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАЗЫНАСЫ ОЛИГАРХТАРДЫҢ ОЙЫНШЫҒЫНА АЙНАЛДЫ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАЗЫНАСЫ ОЛИГАРХТАРДЫҢ ОЙЫНШЫҒЫНА АЙНАЛДЫ
ашық дереккөзі
247

Таяуда “КонтиненТ” журналы итальяндық журналист Паоло Далла Зонканың “Forsа, Kazakhstan!” атты мақаласын жариялады. Тәуелсіз журналист ХХ қысқы Турин Олимпиадасындағы қызықты, ұмытылмас сәттер Турин қаласының тарихы, атақты “Фиат” компаниясының өркендеуі мен күйреуі туралы жазған. Әсіресе, ол өз мақаласын қазақ спортшылары жөнінде жылы ниетпен, достық рәуіште жазуы ризашылық тудырады. Ең таңданарлығы, Паоло Далла Зонканың: “Жалпы қазақстандық жанкүйерлердің басым бөлігі өте еркін, көңілді, тіпті, кей ретте мүлдем қамсыз-мұңсыз сияқты көрінді. Олар бізді үздіксіз қымбат тағамдармен сыйлаумен болды (назар аударыңыздар, өз үйімізде), жақсы шараптарға тапсырыс берді. Бұл жас, өздеріне сенімді, қызу қанды адамдар өз проблемаларынан шаршаған туриндіктерге еш ұқсамайтын еді. Сірә, Қазақстанда адамдар шынымен жақсы өмір сүретін шығар? Бәлкім, мұнай сату, егер елде 15 миллион ғана тұрғындар болса, шынымен өте пайдалы іс болар?” – деп ой түйеді әрі сүйсінеді. Итальяндықтарды спорттық жетістіктеріміз емес, аста-төк қонақасыларымен разы еткен жанкүйерлеріміздің жағдайы бір бөлек, бірақ, бүгінгі Қазақстан жағдайы расымен-ақ қамсыз-мұңсыз болғаны ма?

Олай деп кесіп айтуға ешқандай негіз жоқ. Қазіргі кезеңде еліміздің экономикасында қалыптасқан күрделі жағдай осыған дейін қол жеткізген жетістіктердің барлық оң нәтижелерін таяу жылдарда жоқ етуі мүмкін. Өйткені, Қазақстан экономикасының өсуін және ішкі жалпы өнімнің басым бөлігін мұнай өндіру және оны экспорттау қамтамасыз етіп отырғаны айқын. Өткен жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 9.4 пайызға өсіп, 7 трлн. 453 млрд. теңгені құрады, яғни 57 млрд. долларға жетіп отыр.

Талайлар үшін өндіру арзанға түсетін табиғи шикізаттарды көп көлемде сату әзірге оңай табыс көзі болып табылғанымен, таяу уақытта бұл жағдай ел экономикасына ауыр тиетін таяқтың екінші ұшы болғалы отыр деп болжам жасаушы мамандардың алаңдаушылығы бекер емес. Өйткені, ірі мұнай өндіруші елдердің бірлестігі ОПЕК-тің ғылым жөніндегі директоры Аднан Шихаб-Эльдиннің мәлімдеуінше, жақын күндерде мұнай бағасы күрт арзандамақ. Оған қара алтын өндіру мен оның әлемдік нарыққа шығарылуы ғана емес, көптеген саяси факторлар да әсер еткелі отыр. Әсіресе, бұл Қазақстан жағдайында терең экономикалық дағдарысқа алып келмекші. Құрылыс нарығында күтіліп отырған дағдарыс пен импорттың күн санап өсе түсуі, банкілердің сыртқы елдерден орасан зор көлемде несие алуы (қазіргі таңда 16 млрд. доллардан асып жығылды), мемлекет шығындарының үздіксіз арта түсуінен күн санап тізгін бермей бара жатқан инфляция адамдардың күнделікті тұрмысын одан әрмен қыспаққа айналдырмақ. Бұған қосымша, елге сырттан тауар әкелумен қатар теңгенің бағамы күн санап жоғарылауы да жағдайды шиеленістіріп барады. Осыдан үш жылдай уақыт бұрын Қазақстанда инфляцияның деңгейі 3.5 пайызға төмендетіледі деп жоспарланған болса, экономика “білгірлеріміздің” бұл көріпкелдігі кофенің тұнбасымен бал ашатын әжейлердің көріпкелдігіндей ғана болып шықты.

Ресми мәліметтердің өзі бойынша осы күндері елімізде инфляция деңгейі 7.6 пайызға жетіп отыр. Ал ресми мәліметтердің шындық екендігіне сенушілер елімізде саусақпен санарлық. Мұндай жағдайда елімізге шет елдерден келген инвестициялардың көлемі көбейе түсуі, әсіресе, ел экономикасының жетекші салаларын жекелеген компаниялар монополиялап алуы еріксіз алаңдатуға тиіс. Мәселен, АҚШ-та 1980 жылдары аса ірі “US Steel” болат қорыту корпорациясы металлургия саласын бір қолға шоғырландырып, онда 120 мың адам еңбек етсе, қазір небары 20 мыңнан сәл асатын адамдар жұмыс істеуде. Бірақ, компанияның табысы бұрынғыдан әлдеқайда арта түскен. Британдық экономист Гэрри Шаттудың пікірінше, инвестициялардың өте зор көлемде пайда әкелуі өндірістің ұлғайтылуынан емес, тек капиталдың өсуінен, яғни қаржылық активтердің нарық бағасы өсірілуінен болмақшы. Оның пікірінше, “бағаның өсуі көп жағдайда нарыққа капиталдың көптеп келуінен және нарық ойыншылары бағаны одан әрі шарықтата беруге тиісті алаяқтыққа баруынан”.

Бұл жағдай АҚШ-тың энергетикалық трейдері “Энрон” компанияның гүлденуі және осы елдің тарихындағы аса ірі компанияның банкротқа ұшырауынан айқын көрінді. “Энрон” компаниясының бұрынғы басшысы Кен Лэй мен компанияның атқарушы директоры Джефри Скиллинг алаяқтықпен айналысқандары үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айрылды. Олардың алаяқтығының кесірінен, бір ғана Техастағы негізгі кәсіпорындағы 5 мың адам жұмыссыз қалған және АҚШ-тың қаржы нарығы айтарлықтай зардап шеккен еді. Қазақстанда газеттер бетін ашқан адам біздің елімізде де жыл сайын сандаған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің банкротқа ұшырап, экономикалық қылмысты істер қозғалып жатқанына көзі жетеді. Дегенмен, ондай шағын серіктестіктердің күйреуі әзірге санаулы адамдардың ғана тағдырына әсерін тигізетін болғандықтан қоғамда онша айқай-шу тудырған жоқ. Ал ірі компаниялардың табанасты гүлденіп, жылдам банкротқа ұшырауының астарындағы құпияларды ашуға көп уақытын сарп еткен Пол Кругман 2001 жылы New York Tіmes газетінде: “Аталмыш “Энронның” күйреуі – сәтсіздікке ұшыраған компанияның жәй ғана тарихы емес. Жүйенің өзі күйреді. Жүйе жалқаулығынан немесе алаңсыздығынан құлаған жоқ: ол тұла бойы коррупция ұйығына батқан еді”, дей келіп, одан әрі: “Шындық мынада, біздің экономикалық жүйемізді қолдауға тиісті басты институттар коррупцияға белшесінен батқан еді. Енді қалған сұрақ біреу ғана, бұл коррупция қаншалықты әрі терең жайылған”, деп жазады шолушы Пол Кругман. Нарықтық қатынастардағы демократиялық құндылықтар деп шыр-пыры шығатын Құрама Штаттардың әкімшілігі ел экономикасының негізгі салаларын монополиялауға қарсы күресті күшейтіп келе жатыр. Кей қадамдарынан нәсілшілдік, өзге кейбір ұлттарды елдің нарығына жібермеу үшін қолдан келгеннің бәтін жасауға ұмтылу аңғарылса да, АҚШ тұрғындары бұл саясатты қолдайтыны айқын көзге ұруда. Біраз уақыт бұрын Араб Эмираттарының Dubaі Ports World компаниясы АҚШ порттарының бірқатарына иелік етіп отырған британдық Penіnsular and Orіental Steam Navіgatіon компаниясын 7 млрд. долларға сатып алуға бекінгені туралы әлемдік БАҚ-та әңгіме көтерілген. Бұл британдық компания АҚШ-тағы аса маңызды теңіз қақпаларын – Нью-Йорк, Нью-Джерси, Маями, Филадельфия, Жаңа Орлеан порттарын өз бақылауына ұстап келген еді. АҚШ-та оған қарсы күрес кең жүргізіліп, бірқатар конгрессмендер Эмираттардың компаниясын терроршылдармен байланысы бар деп айыптап, аталмыш іскерлік келісім жүзеге асырылған жоқ. Гәп американдықтардың терроршылдар ретінде барлық арабтардан қорқуында емес, бұл өзге елдерде әсіредемократияшыл АҚШ-тың өз елінде әйгілі ұрандарына іріктеп, өзгеше қарайтындығынан. Қалай дегенмен де, “өз көйлектері өздеріне жақын”. Өйткені, осыдан екі жыл бұрын Вашингтон әйгілі “Unіcol” компаниясын Қытай мұнайшыларының сатып алуына да рұқсат етпей қойған. Өзге елдердің экономикалық саясатында демократиялық принциптердің үстемдік етуін талап ететін АҚШ өз елінде оған пысқырмайды да.

Оның үстіне, британдық әрі үнділік азамат Лакшми Митталдың әлемде екінші орын алатын еуропалық “Arcelor” болат қорыту компаниясын сатып алып, өзінің металлургиялық империясын одан әрі ұлғайтуға жасаған қадамына қарсы күресу үшін Франция мен Люксембургтың үкіметтері, тіпті, 70 мың адамның басын біріктіріп отырған “Arcelor” компаниясының кәсіподағы бір тудың астына біріккені мәлім. Кәсіподақ өкілдері өз компанияларындағы адамдардың жоғары деңгейдегі әлеуметтік қорғалуы құр сөз болып қана қалады деп алаңдайды. Әңгіменің түбірі онда да емес, әлгі әйгілі Mіttall Steel күндердің күні күйреп тынса, жүздеген мың адамдардың тағдыры сынаққа түсетіндігінде. Қазақстанның металлургиялық алыбы – Қарағанды металлургиялық зауытын сутегін дерлік, небары 800 млн. долларға сатып алған “Митталл Стил Теміртау” өндірістік империясының әрекеттері әлемнің көптеген елдерінде алаңдаушылық тудыруда. Тіпті, аталмыш компания Украинаның “Кривожсталь” зауытын 3.5 млрд. долларға көтере сатып алуы да талай әңгімеге арқау болған. Қазір Лакшми Митталдың алып компаниясында әлем бойынша 150 мың адам еңбек ететін болса, соның 50 мыңдайы Қазақстанда екен. Алып компанияның қазіргі күні тұмансыз, ашық болғанымен, жаман айтпай жақсы жоқ, бұл империя күйресе біздің еліміздің сандаған мың адамдары қорғансыз қалмақшы. Бұған дәлел жеткілікті. Таяуда Теміртауға Дариға Назарбаева бастаған он Мәжіліс депутаты барып, осындағы ахуалмен танысты. Қарағанды облысындағы өндірістік жағдайлардың үштен бірі – 281 бақытсыз оқиға осы “Митталл Стил Теміртау” акционерлік қоғамында болған екен. 10 адам өлген, 19 адам ауыр жарақат алып, жұмыспен қоштасқан. Он жылдың ішінде 5310 адам зейнеткерлікке шығарылса, жұмысқа небары 543 адам алынған. Ал бұның ақыры мемлекетімізде әлеуметтік шиеленістерге әкеліп соғуы әбден мүмкін. Компаниялар мен корпорациялардың елдегі әлеуметтік жағдайды шиеленістіріп отырғанына, тіпті, мүмкіндік болса Қазақстанның заңдарын аяққа таптауға дайын тұратындары байқалмай қалып жүрген жоқ. Бұл тұрғыдан, әсіресе, атышулы “Қазақмыс” компаниясы алдына жан салар емес. Осы жылдың 19 қаңтарында “Время” газетінде “Редакцияға хат” айдарымен “Цену смерти спроси у Кима” атты титімдей хат жарияланды. Көлемі шағын болғанымен, көтерген жүгі зілмауыр хат, мүгедек отандасымыздың жанайқайы. Осы хатта 1985 жылы туған Евгений Корнеев өзінің туған ағасы, отбасының жалғыз асыраушысы болып келген Корнеев Виталий Владимировичтің жұмысқа алушылардың кінәсінен 2002 жылы 24 қыркүйекте Жезкент кен-байыту комбинатының кен орнында қаза тапқанын жазады. Оны жерлеу кезінде комбинат басшылары отбасындағы жалғыз еңбек етуші адамға тиесілі барлық жәрдемақыларды беретіндіктері жөнінде уәде еткен. Сөйтіп, отбасына небары 300 мың теңге, яки, 2000 доллардай тиын-тебен ұстатқан. Оның өзін сот шешімі бойынша ғана. Ал Шығыс Қазақстан облысы Бородулихин аудандық сотының үкімі бойынша Жезқазған кен-байыту комбинаты 7 млн. теңгеден астам өтем ақы төлеуге тиісті болса керек. Арада өткен үш жылдан астам уақытта іске талай сот араласып, тіпті, Астанадағы Жоғары сот та осы істі қарай келіп, асыраушысыз калған Корнеевтер отбасын тағдыр тәлкегіне қалдырып отыр. Евгений Корнеев ауыр қайғыға толы хатын еліміздің сот- прокурорлық жүйесі мен “Қазақмыстың” әйгілі басшысы Владимир Сергеевич Кимнің осы іске араласып, өздеріне тиесілі жәрдемақыны төлетулерін өтінуімен аяқталады. Әлсіздер мен мүгедектер жүрегі жоқ, жаны тас күштілерге амалсыз қол жайған қу заман-ай… Осы орайда, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың тұрымтайдан зорлық көрген бозторғайы әділдік іздеп талай жыртқыш құстың алдына барған әйгілі өлеңі ойға оралады. Бозторғай байғұс ең соңында бүркітке аттанатын. Өлең автор бозторғайдың одан әділдік тапқан-таппағанын білмейтінін айтуымен аяқталушы еді. Бәлкім, шырылдаған бозторғайды бүркіттің өзі жеп қойған шығар?! Иә, белгілі “Форбс” журналының жазуынша, әлемдік санаулы миллиардерлердің қатарына қосылып отырған В.Ким Қазақстан экономикасының “қыраны” болып тұр ғой, мүгедек адамның жан айқайын құлағына қыстырған-қыстырмағаны әзірге белгісіздеу.

2006 жылдың ақпан айының ортасына таман Қазақстан Республикасы Мәжілісінің, дәлірек айтсақ, экономикалық реформалар мен аймақтық даму комитетінің депутаттары Сауда және өнеркәсіп министрлігі бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Әлиақпар Матышевтің баяндамасын тыңдаған болатын. Білдей төраға Әлиақпар Матышев мырза еліміздегі көптеген шетелдік компаниялар комитетпен санаспайтынын, тіпті, өкілдерін есіктерінен сығалатпайтынын да еріксіз мойындағандай болды.

“– ТШО кәсіпорны (“Теңізшевройл” компаниясы – ред.) Монополияға қарсы комитеттің нұсқауларын орындамайды. Инвестор ретінде оған бағаны өзі белгілеу құқығы берілген, – деп депуттарға мұңын шақты Матышев мырза. – Олар Қазақстанның ішкі нарығына газды әлемдік бағамен, яғни, бутанды 564 доллар, ал пропанды 658 долларға сатпақшы. Олар қазір газды әлемдік бағадан жүз долларға кем бағаға сатып отыр. Баға бұдан әрі де өспейді дейтін еш кепілдік жоқ”.

“Известия” газеті (22.02.2006ж.) осылай дейді. Апыр-ай, мүгедегіміздің жайы анау, монополияларға қарсы күресетін комитетіміздің күйі мынау болғанда, жалпы қазақстандықтардың тынысы шынымен тарылған екен. Бірақ бағаны өздері белгілеуге құқық берілген ондай алып компаниялар талай салықтардан құтқарылған немесе жеңілдетілген салық төлейді ғой. Тіпті, табыстарының 2.5 пайызын ғана бюджетке құяды емес пе?! 2005 жылы елімізге сырттан әкелінетін тауарлардың көлемі 36 пайызға жетеқабыл өсіп, жалпы бағасы 17 млрд. 353 млн. долларды құрады. Мұның өзі әлемдік бәсекелестікке әлі онша қауқарсыз отандық өндірушілерімізді шығар жолы жоқ қиын тығырыққа одан әрмен тіреуде. Күн өткен сайын қауіпті инфляцияны тосып отырған ел тұрғындарының алаңдаушылығы сейілер емес. Еліміздің экономикалық тізгінін ұстап отырған монополиялар тағы қандай тосын сый тартады деп қобалжиды. Бәрімізді олигархтарға телміртіп қойған осы заманның жаман үрдісі де.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары