ҰЛЫС ТОЙЫ ҰЗАҚҚА ЖАЛҒАССЫН...

ҰЛЫС ТОЙЫ ҰЗАҚҚА ЖАЛҒАССЫН...

ҰЛЫС ТОЙЫ ҰЗАҚҚА ЖАЛҒАССЫН...
ашық дереккөзі
244

Міне, қасиет пен нұрға толы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі де келіп жеткеніне бір аптадай уақыт өтіпті. Бұрынғы қазақ елінің тіршілік көзіне көз жүгіртсек, нағыз осы кезең көшпелі жұрттың, ауылдың, елдімекеннің жаңа құнарлы жерге қоныс аударуларына өте қолайлы мезгіл болатын.

Наурыз – әлемдегі ең көне мейрамдардың бірі. Аталмыш мейрам Орта Азия елдерінде көктем мерекесі ретінде аталып өтеді екен. Наурыз мейрамына тән дәстүрді қазақтармен бірге татар, өзбек, ұйғыр, тәжік халықтары да ұрпақтан-ұрпаққа таратып отырған. Әрине, бұл мейрамның басқалардан өзгеше болып келуіне бірден-бір себепші болып отырған жаратылыс күш – табиғат.

Өзіміз тойлап отырған мерекенің түп тамыры ерте замандарда жатыр. Оның тарихы да ерекше. Негізінен мейрам Шығыс халықтарында да үлкен орын алады. Яғни, ерекше сипатқа ие болып отырған мейрам Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Иран елі, Пәкістан, Ауғанстан және тағы басқа елдерде кеңінен тойлайтын көрінеді. Наурыз мейрамының өте ерте замандардан бастау алғаны соншалық, тіпті оның қай ғасырларда пайда болғаны туралы нақты деректер жоқ. Алайда кейбір тарихи деректерге сүйенсек, тоталитаризм дәуірінде Наурыз мейрамын мүлдем болдырмай, тыйым салдырған болатын. Қазақстанда оны тойлауға 1926 жылы тоқтатылды. Содан кейін 1988 жылы тойлауы кең қоғамдық деңгейдегі резонансқа ие болды. Ал республикамыз егеменді ел болған тұсында, яғни 1991 жылы 15 наурызда, ел Президенті Н.Ә.Назарбаев Наурыз мейрамының ресми мерекеге айналуы турасында өзінің арнайы қаулысын шығарып, 22 наурыз күні бүкіл халыққа жария етті. Демек, сол сәттен бастап Наурыз – көктем мерекесі, Ұлыстың ұлы күні деп аталып кетті.

Наурыз мерекесінің мән-маңызы адамның табиғатпен тікелей тұтасуында жатыр. Мейрам көктемнің күн мен түннің теңесетін күнінде, дәлірек айтсақ, наурыздың 21-нен 22-іне қараған түніне белгіленіпті. Бұл – күн ұзарып, түн қысқаратын мезгіл. Шығыс елінде Наурыз жыл басы болып саналады. Негізінде «наурыз» сөзінің мәніне келетін болсақ, ол фарсы тілінен аударылғанда «ноу» – жаңа, «руз» – күн деген мағынаны білдіреді. Демек, бұл мезгіл туған шақта, ел тіршілігі жаңа күнге аяқ басып, өмір қамын жаңаша ойластырып, ескі затпен бірге жамандықтың бәрі осыменен жойылсын деген ниетпен, жақсы ырыммен, ескі-құтқанды отқа жағып, жақсылық шақырудың нышаны болмақ. Наурыз – бейбітшілік заман орнататын, халықты достыққа, ынтымаққа, бірлікке шақыратын мейрам.

Бүгінгі таңда Наурыз мерекесі жалпы халыққа бірдей думанға айналып отыр. Себебі, аталмыш мейрамды Қазақстан Республикасында қазақ елі қалай тойласа, өзге де тұрақты мекен ететін 130 ұлт қатарындағы татар, өзбек, ұйғыр, моңғол, неміс, украин, орыс халықтары да ерекше ынта танытып, бар ықыласымен атап өтуде. Яғни, қазақтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына лайықты ұлттық сән үлгілерін киіп, билеп, ән салып, наурыз көжесінен дәм татып көңіл көтереді. Жақсылыққа толы мерекенің негізгі тағамы – Наурыз көженің жеті құрамдас бөліктерінің қатарында су, ет, тұз, май, ұн, ақталған тары (күріш, бидай не жүгері) және сүт кіреді. Өмірдің жеті бастамасын кейіптейтін бұл элементтердің маңызы мен пайдасы өте зор. Олар бақыт, сәттілік, даналық, денсаулық, байлық, аспан қамқоршысы және жедел дамушылықтың символы болып танылмақ. Наурыз көже – көктемнің той-томалағына лайықты дәстүрлі тағам. Оның құрамдас бөліктерінің қатарына міндетті түрде жаңа сойылған қойдың басын, өткен жылдың сүрленген етін және жаңа сауылған қою сүт араластырып қосады. Бұл ескі жылмен қоштасудың және жаңа жыл басын жақсы мен жаңашылдықпен қарсы алудың тағы да бір нышаны деп білеміз. Осындай ынтымақ пен бірліктің арқасында қазақтың ежелден пайда болған мәні терең әрі нақышына сай келетін қара сөздері, түрлі мақал-мәтелдері осы тұста дамыған еді. Көне тарихымызда қазақтың той, думан, ойын, салт, тұрмысының алуан түрлілігі санқилы. Наурыз мерекесінің басы аяғы еліміздің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрып заңдылықтарын сақтай отырып тойланады. Мейрам сонымен қатар тігілген киіз үйдің маңында ұйымдастырылатын ұлттық «Алтыбақан», «Көкпар», «Қыз қуу», «Аударыспақ», «Айқыш-ұйқыш», «Асық» ойындарынан да тыс қалмайды. Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесінің аяғы тілеуін табар тілекпен, жақсылық жаудыратын ақ батамен аяқталады.

«Алла жар болсын,

Уа, жаратқан жарылқа.

Бақ-дәулетін аумас қыл!

Жарылқағанмен жалғас қыл,

Ала ауызды алас қыл,

Қарағаннан қалыс қыл!

Ниеттерің ақ болсын,

Бейнеттерің пәк болсын,

Мұраттарын асыл қыл!

Әумин!

Қуаныштың тұрағы бол,

Ұлан істің бұлағы бол.

Мерекенің құрағы бол,

Мейірімнің шырағы бол.

Сабырлының сыңары бол,

Пәк үлгінің шынары бол.

Туралықтың тұмары бол,

Тұлғалы ұлттың құмары бол!

Әумин!»

деп қазақтың қария аталары мен апалары еліне ақ батасын төгуден жалықпасын.

Мінеки, ежелгі Наурыз мерекесі бүгінгі нарықтық заманда бір қырынан үйлесім тауып, саясат билеген тұста елді тұрақтылыққа үндейтін мейрамға ұласты. Қазақ елінің ұлтын, тілін, ділін мәңгіге сақтайтын, мықты тірек болатын дәл осындай салт-дәстүр, әдет-ғұрып заңдылықтары мен мәдени, әдеби, діни, тарихи мейрамдары қоғамымызда кеңінен аталып, халық санасына сіңіп, тойлана берсе құба-құп.

Әсел ОСПАНОВА

Серіктес жаңалықтары