988
ҰЛТЫМ ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕГI
ҰЛТЫМ ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕГI
Белгілі қаламгер Несіп Жүнісбайұлының «Әкемнің қамшысы» және «Ережесіз белдесу» атты кітаптарын оқығанда туған ойлар
Бұл жинақты оқыған жан автордың ұлттық құндылықтарға қаншалықты бас игенін сезініп, өзі де ол қасиеттер жайлы терең толғана бастайды.
Жаңа кітап – жаңа әлем. Жаңа әлемге толғаныссыз көз салу мүмкін емес. «Әкемнің қамшысы» кітабын ашқан беттегі «Кертолғау» әңгімесінің арқауы қаншалықты аңыз болғанымен, жазушының бойына уызбен сіңген сөз өнері әлемінің ғажайып ләззат шуағына малына бересіз. Қазақтың қара домбырасының қасиетті піріне айнала білген кешегі Сүгір дарын мен Мафруза арасындағы бал махаббаттың бар баянын алдыңа ақ сезімге құндақтай ұсынатын осынау табиғаты күрделі әңгіме еріксіз баурайды. Қаламгер кейіпкерлерінің тас құдықтай тереңге тартқан мінез-түсініктерін орайлы оқиғалар арқылы өргенімен қатар, өзара тіл қатысу қуаты арқылы жарықтың көзіне жарқырата алып шыққан. Жалпы, әңгіме күйшілік жайында, күй жайында, сол өнердің кұдіретті өкілі Сүгір күйшінің бәріміз көрмеген, бірақ жүрекпен сезініп, сезіммен болжай алар ғажайып ғұмырының тылсым сәттері жайында. «Кертолғау» әңгімесінің қазақ әдебиетінде елеулі орны бар екендігін әдеби жыл қорытындысында арнайы баяндама жасаған белгілі жазушы Адам Мекебаев былай түйіпті: «Несіп Жүнісбайұлының «Кертолғауын» оқығанда қайдағы-жайдағы ойыңа оралады екен. Ұмытпасам, 1967 жыл ғой деймін. Жолсапарға шығып, аудан орталығы Жаңақорғанда болғаным бар-ды. Екі-үш кісі бір үйде қонақ болдық. Шаңырақ иесі ас-судан соң жаңадан ғана шыққан бір күйтабақты тыңдауға шақырды. Біздерді бұрынды-соңды есітпеген жаңа күйдің ырғақ, иірімі мүлде естен тандырып: «Бұл өзі кімнің күйі?» деп сұрап едік, үй иесі «Сүгірдікі» деп қысқа қайырды. Оған сенбейтіндей екі-үшеуіміз қатар жағаласып, күйтабақты кезек-кезек қолымызға ұстап, ортасына дөңгелете жапсырылған қызыл қағазға үңіліп едік, шынында да «Сүгірдің күйлері, орындаушы Төлеген Момбеков» деп жазылған екен. Сосын арада бірнеше жыл өткенде барып әлгі мен естіген күйлердің бірсыпырасы енді Төлеген Момбековтың күйі болып жариялана бастады. Мұны еске алуға, біріншіден, күйтабақты өз құлағымызбен тыңдап, жазуын өз көзімізбен көргеніміз себепші болса, екіншіден, Несіптің әңгімесі мұрындық болып отыр. Жазушы әңгімеде «Кертолғау», «Телқоңыр», «Шалқыма», «Жолаушының жолды қоңыры», «Аққу» күйлерінің шығу тарихын, болған оқиғаны тірілте отырып шебер суреттепті. Әсіресе, Сүгір мен Арқадағы Баймырза деген найманның күйші қызы Мафрузаның арасындағы сүйіспеншілікті шығармаға арқау етіп алуы әңгіменің тұтастығын сақтап, көркемдігін тиянақтап тұр деуге болады». Осы жинақтағы «Әкемнің қамшысы» повесі – автордың көркем дүниелері ішіндегі соқталысы да шоқтығы биігі. Үні де соны. Тақырыбы да, алынған биік мұраты да қазақ жұртының бүгінгі тыныс-тіршілігімен тамырлас. Өнер атаулының әр жанрында сан мәрте көтеріліп жүрген де мәселе. Сөйте тұра бұл тақырып Н.Жүнісбайұлының көкірек көзі көкжиектерімен айшықталып, тұнық ойларға болаттай суарылған тұста бөлек тұлғаланып, ерек алтынжалданып кете барады. Қаламгер стилі, қаламгер қарымы деп осыны айтсақ керек. Өзінің балдырған кезіне саяхат жасаған шақтарында әрбір естелік, тұнба күйлерді басты идея – намысты, ата-ананы, қара орман – туған ошақты, Ел мен Жерді аса қасиеттеп, бағалайтын, пір тұтатын бейнені толыққанды шығарма арқылы мінсіз мүсіндеуге бағындыра біледі. Әкесінің «қазақтың тілеуі де, тірегі де» деп ұсынған атамұра қамшысына деген кіршіксіз ақ бәтес адалдығын басты кейіпкер – Әрін соңына дейін қаяусыз сақтайды. Өмірлік жары – Дариғаның тоң мінез, шайпау қылықтарын да сол ата жолға, әке аманатына қылаудай дақ түсірмейін деген перзенттік ниетпен кешіре де біледі. Ал, сол отбасындағы кереғар қылықтар, бітеу жарадай білеулене-білеулене келіп жарылып тынады, трагедиялық жағдайға апарып соғады. Қарасаңыз бүгінгі қаладағы қазақ отбасындағы шоғы ерекше жайнаған жағдай, маңдайларына басқан жалғыз ұлдары – Арман не таза ауылдық, не бүтін қалалық тәрбиеге көндіге алмай, ақыр соңында ұзамай сол түзелмес топ мүшелерінің қолынан қаза табады. Жүрекке қан ұйытар оқиғаның қыл аяғын дене дірілдетпей оқу мүмкін емес: «…Дүниеде қуған мен күткеннен асқан азап жоқ деуші еді үлкендер. Соның соңғысы басыма келді. Терезеге телміріп әлі отырмын. Өмір бойы есіктің сықыр ете қалуын ғана күтіп жүретін күзетшідей, миым айналып барады. … Арман оралмай, жастыққа бас тигізе алмасым анық. Дариға терең бір дем алып, оң жағына ауанап түсті. Сөйтті де сол қолымен аялап барып бәтес төсенішті құшты… Әйелмісің деген, күндіз менімен қолына шоқпар алып шайқасса да түн пердесі түссе-ақ буын-буыны босап, құшағын ашуға даяр тұрады». – Теріс қылық танытқан жалғыз ұлына ашу үстінде қамшы сілтегені осы жер. Бұл шалт қимылы үшін өкінеді де, опық жейді. Сөйте тұра қамшының ұлттық болмыс, қасиет-тініне деген сенімін жоғалтпайды. «Қамшы – ердің серігі, елдің сенімі! Біле білсеңіздер, бірде бір қамшы адамды сабау үшін, әлдіні жазалау, әлсізді жәберлеу үшін өрілмейді. Қажетінде желген, қалағанда шапқан атқа қамшы жұмсаған жанды көргендеріңіз бар ма?! – деп заманауи сауал тастауы да сондықтан. Кемел өрбітілген кенен кейіпкердің ар-ожданынан арқау тартқан осынау ақтық сөзіне жүрегіңіз езіле қосыларыңыз сөзсіз. «Рингтегі тағдыр» повесі – желісі тартымды, оқиғасы ойға батырар шығарма ретінде кезінде оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алған. Сол тұста ел көлеміндегі үлкен әдеби бәйгеден жүлделі орын берілгендігі аян. Біздің бір қосарымыз – бұл еңбек авторды көркем де кестелі тілді, өрісі кең жазушы ретінде баршаға танытқан тұңғыш әдеби шығарма. Сол биіктігінің сатылап өсіп келе жатқандығы бәрімізді қуантса керек. Повестің тақырыбы – спорт. Спорт болғанда да оның бірегейі – бокс. Сол бокстан, бүгінде қазақтардың ұлттық спорты боп саналатын бокс бәсекесінен, қазақ баласын Олимпиаданың финалына дейін жеткізіп, оның сәтсіздігін әркімдердің қараулығына байланыстырған автордың арманы белгілі, ол – қазақ боксшысының Олимпиада чемпионы болар сәтін армандау. Қаламгердің повестегі арманы бүгінде орындалды да – екі бірдей қазақ боксшысы Олимпиада чемпионы! Шығарманың оқиғасы шытырман. Әсіресе, үлкен спорттың ұңғыл-шұңғылын терең білмейтін жанға қазынаға жолыққандай әсерлі. Тіпті, осы бір повесть бүгінде кенжелеп отырған қазақ кино өнеріне дайын тұрған сценарий де боп көрінеді бір сәт. Жалпы, «Рингтегі тағдыр» повесі – қазақ әдебиетінде назардан тыс қалып келе жатқан спорт тақырыбына қосылған сүбелі үлес десек те қателеспейміз. Н.Жүнісбайұлы – бүгінде ел кеңінен таныған, көпшілік мойындаған қоғам қайраткері. Ғұмырда тек өзін-өзі танбай ұштауды ғана мұрат тұтатын ол, қалам тербегенде мүлдем нәзік, жүрегі елжіреген жанға айналып кетеді. Айналадан сұлулық іздейді. Айналадағыны тап осылайша керемет қабылдау үшін адами бір қасиетті қалып, мәуелі көкірек-көз қажет шығар-ау! Жәнібек Кәрменов туралы повесі сөзіміздің айғағы. Бұдан әрі бар-жоғы пешенесіне жазылған 43 жыл ғұмырының ендігінде туған халқын таңғажайып ән кемесімен шығандатып кеткен шынайы тұлпар, хас таланттың көпке аян тағдырының біз сезбеген, біз пайымдап үлгере алмай жатқан талай-талай әншілік һәм адами сыр-құпияларын асыл арманға тұндыра көз алдыңа әкеледі. Бір сөзбен айтқанда, сіз көрген-көрмеген, естіген-естіміген Жәнібекке ғашық қып тынады. Көзінің тірісінде-ақ таэквондоның тәңірісі атанған, қазақ атын әлемге мәшһүр еткен Мұстафа Өзтүріктің табаны Атамекеніне тиген сәттен құлай таныған, туған ағасындай сеніп, пікір тоғыстырған ардақ ағасы – Несағаң еді. Мұны барша қазақ біледі. Мұстафа сұхбат-сырларында бұл жағдаяттарды ағынан жарылып өзі де айтқан. Сондай халқының бойтұмары іспеттес рухты бір інісі мына жалған дүниеден қапылыста, ғұмыр бойы аңсап келген ардақ жері – Атамекенінде ғайып болғанын естігендегі Несағаңның қандай күй кешкенінен хабардармыз. Айтпағымыз – ол емес. Айтарымыз – сол Несағаңның Мұстафа жайлы шер-толғауының бұл тірлікте айтылып та, жазылып та бітпейтіндігі. Жылдар көші алға жылжыған сайын оның бояуының қоюланған үстіне қоюланып, Несағаңның жүрек төріндегі шынар тұлға бейнесінің жарқыраған үстіне жарқырай түсеріне күмән жоқ. Ең бастысы «Қазақтың Мұстафасы» атты шоқтай жайнаған, жалындай лаулаған әңгімесі кепіл бұл сөзге. «Бүкілғаламдық теңдік» және «Жаңа туады, ескі өледі» атты бір жұтымдық қос әңгімесі «Қазақ әдебиеті» газетінің 2000 жылғы дәстүрлі байқауында бас бәйгені жеңіп алды. Көп сөйлеп, аз ұғым тудырар мына дәуірде бір сөйлеммен мыңдарды байлап-матап тастауды да аталмыш автордан үйренуге болардай.Қос азаматты білмейтін қазақ кемде-кем. Күрес тарланы Дәулет Тұрлыханов және журналистика жампозы Несіп Жүнісбайұлы. Екеуінің ондаған жылдар мұғдарында ағалы-інілі бейнеде берекелі түсінісіп, базарлы тіршілік кешіп келгендіктерін де көпшілік біледі. Жуырда ғана «Арыс» баспасынан бес мың данамен жарық көрген журналист-жазушы Несіп Жүнісбайұлының «Ережесіз белдесу» атты өмірбаяндық-шығармашылық хикаятын бастан аяқ қотара оқып шыққан жөн.
Қаламгердің: «Мен оған мақалаларыммен, кітаптарыммен ескерткіш орнаттым, ал ол мені сол ескерткішке шығып тұрып соқты…» деп кейіпкер әрекетіне қатысты жанайқайын білдіруінің гәбі мынада: «Егемен Қазақстан» газетінің 2004 жылғы 17 қаңтар күнгі санында Н.Жүнісбайұлының «Қазақ спорты, қайда барасың?!» атты терең талдауға құрылған проблемалық мақаласы жарық көрді. Тақырыбы айтып тұрғандай, автор өзінің бар саналы ғұмырын сарп еткен саланың көкейтесті жайттарын жан-жақты толғап, Үкімет назарына жедел шара қолдану тұрғысында ұсынды. Бұл мақала көп ұзамай өзі бас редакторы болып табылатын республикалық «Sport & kz» газетіне көшіріліп басылады. Мақала салалық басылымға басшылықтың келісімінсіз басылды деген желеумен ҚР Туризм және спорт жөніндегі агенттігінің төрағасы авторды қызметтен шығаруға бұйрық берген. Автор қарап қалсын ба, ақиқат жолындағы жорыққа белін бекем буынады. Тар жол, тайғақ кешудің түбі қайырымен аяқталды-ау! Әйтсе де, оның ойын жеп, санасын сарсытқан жан азабын, моральдық мүжілуін кім ойлар?! Айнала қоршаған орта, қайнаған қоғам меңіреуше мелшиді деуге ауыз бармайды. Автордың пайдасына Үкімет басшысы нұсқау беріп, қазақтың халықтық қалпын асырып отырған небір марқасқалары намыстың найзағайын ойнатып, ағыл-тегіл жарыла қамқорлық танытып жатса, қалайша көңілің тоғайып, үміт оты неге маздамасқа? Десек те, қара сөздің қасиетіне телінген қаламгер үшін бар жүрек арпалысы, көңіл толқынын лықсытып сыртқа шығармай, кестелеп көпке жеткізбей тыншу жоқ. Ендеше, бұл кітап автордың бұдан былайғы ғұмырындағы жан таянышы, ар-ожданының аңсары. Әйтпесе, былайша тіл қатпас еді ғой: «Iшім өлген, сыртым сау күндері қолымнан қаламым ғана түспеген екен… Оқиғаға орай қурай сынса да тізерлей салып түсіре беріппін ақ қағазға. Сол жазбаларыма жан бітіп, бүгін тура төрт айға созылған санаға сұмдық салмақ түсірер сол оқиғалар рет-ретімен тізіліп, кітап парағы – тарихқа – тасқа басылды. Әр сөз, әр ойдың әділ, адалдығына арым мен иманым куә». Адамның бар тағдыры туабітті мінезіне байланысты екендігі аян. Мінез дегеніміз – Құдайдың әр пендесіне тарту етер жүрек кілті. Міне, осы тараптан ой сараптай отырып, мынау хикаяттағы шырғалаңды оқиға сол екі тұлға арасындағы талбесік мінездің шарпысуы дер едік. Тек бөле-жара тоқталар дүние, «мінездер текетіресі» күнделікті күйбең тіршілік, жеке бас қамы, бала-шаға жай-күйі емес, бүтін бір елдің, қабырғалы қазақ елінің Намысы – спорттық Көкбайрағының көкке көтерілуі арман-мақсатында асыл тастардай от шашып отыр. Бұл кітаптағы қос кейіпкердің әлденеше кездесу үстіндегі диалогтарынан айқын аңғарылады. Халқымызда: «Екі сұңқар таласса, бір қарғаға жем болар» деген аталы сөз бар. Құдай қос кейіпкерді де осыдан қақты, аман сақтады. Екеуі де өздерінің беріспес қамалдарында, жел өткізбес биіктерінде қалды. Тараптардың бір байламға, бітімге келуінің қиямет-қайымға толы болғандығы хикаяттың өнбойында нақтылы дәйектеме-дәлелдемелер өрімі арқылы тебіндете жеткізілген. Осынау оқыс жайттан сол шақтағы қазақ зиялы қоғамының жүрек лүпілі, ыстық ықыласын аңғарасыз. Қанағаттанасыз. Бойыңызды ұлттық рәуіштегі асқақ рух билейді. Бітіспеске бет алған қос азаматты табыстырып, татуластыруға қазақтың маңдайлары жарқыраған серке ұлдары жұмылады. Елдікті ойлайды, ертеңіміздің қамын жейді. Кітаптың басты құндылғының өзі осында деп тұжырымдаймыз. Кітаптағы негізгі хикаятта небір бас айналдырар оқиғалар, ешкімнің бет-жүзіне қарамай министрден бастап қарапайым журналиске дейін атын атап, түсін түстеп баяндаған батылдық, іс барысына терең ой құрып, шындық шіркінді сол шыңыраудан іздеу… бәрі, бәрі бар. Біле білсек, бұл кітап оқиғасын жеткізу әдісі бүгінгі қазақ қаламгерлерінің жаңа бір батыл бағытын үрдіске әкеліп қосу десек артық айпаспыз. Кітаптың екінші бөліміне қаламгердің кезінде ұлттық баспасөз беттерінде жарияланған «Ойтолғау» әңгімелері топтастырылған. Сол дүниелерді оқыған жан Несіп Жүнісбайұлының ұлттық құндылықтарды қаламымен қорғаған сирек қаламгердің бірі екенін еріксіз мойындайды, риза болады, алғыс сезімін арнайды. Таяуда Қазақстан Жазушылар одағы мен оның Алматы облыстық бөлімшесі Несіп Жүнісбайұлының творчестволық қызметіне 30 жыл толуына орай қаламгердің Шығармашылық кешін өткізді. «Ұлтымның ұлтарағы болсам – бақыт!» деп атапты қаламгер бұл кешін. Белгілі жазушы-ақындар Мұхтар Мағауин, Нұрлан Оразалин, Бексұлтан Нұржекеев, Серік Әбдірайымұлы, Темірше Сарыбаев, Адам Мекебаев, Қажытай Iлиясұлы, танымал өнер саңлақтары Асанәлі Әшімұлы, Қайрат Байбосынов, Аманжол Әлтаев және өзгелер қатысқан бұл кеште Несіп Жүнісбайұлының творчествосындағы ұлттық құндылықтарға деген адалдық пен сол ұлы қасиет жолындағы тынымсыз күрес тағы бір паш етілді. Ал, өз халқының, ұлтының керегіне жараған жаннан бақытты ешкім жоқ деп, кесіп айта аламыз біз.
Әміре ӘРІН,
Алматы облыстық «Жетісу» газеті Бас редакторының орынбасары, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты.
Талдықорған қаласы