АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ НЕГЕ ЖАРЫМАЙ ОТЫР?

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ НЕГЕ ЖАРЫМАЙ ОТЫР?

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ НЕГЕ ЖАРЫМАЙ ОТЫР?
ашық дереккөзі
264

Парламентке есеп бере келетiн кәсiпорын менеджерлерi, яғни, Үкiмет құрамынан құрылған акционерлiк қоғам басшылары әлқиссасын жарғылық қорының жеткiлiксiз екендiгiнен бастайды. Бұл жолы да солай болды. Парламент сенаты өкiлдерiн жетiстiктерiмен таныстыруға келген «ҚазАгроҚаржы» акционерлiк қоғамының басшысы Ибрагим Тағашев Үкiмет бөлiп отырған қаржының жетiмсiздiгiнен экспорттық қаржыға қол жайып қалғанын айтты. Бұл компания – ауылшаруашылығы министрлiгiнiң бюджеттiк бағдарламаларды орындау жөнiндегi операторы. Дәлiрегiнде, лизинг берумен айналысады. Құрылғанына 7 жыл болған акционерлiк қоғамның жарғылық қоры қазiр 7 млрд. теңге екен. «9 млрд. теңге бөлiнедi деп ойлағанбыз, бiрақ, 7 млрд. теңге ғана бөлiндi» дейдi Тағашев. Оның сөзiне қарағанда, шаруа қожалықтары бұл компанияға лизингке техника алу үшiн мол тапсырыс түсiрiп жатқандай. Өйткенi, «Бөлiнген қаржыдан тапсырыс көп. Сондықтан да сұранысты қанағаттандыру үшiн ақшаны сырттан тартамыз» дейдi компания басшысы. Оған салса, елдiң ауылшаруашылығындағы бүкiл техниканы демде жаңартып тастамақ. Бiрақ, құны да жоғары. 1 млрд.АҚШ доллары. Ауыл шаруашылығындағы техниканы жаңарту керек деп Үкiмет «ҚазАгроҚаржы» акционерлiк қоғамының басшысы Ибрагим Тағашевтың қолына демде 1 млрд. долларды ұстата қоймасы белгiлi. Алайда Тағашев мырза Қазақстан ауыл шаруашылығы технологиясын жаңарту жөнiнен кейiнге қалып барады дейдi. Өзi басқаратын компания да технологияны жаңартуды бiрiншi кезекке қойып отырмаған секiлдi. Компанияға бөлiнген 7 млрд. теңгенiң 5 миллиарды лизингке бағытталса, 1,5 миллиарды ғана техниканы жаңартуға жұмсалады, 0 5 миллиарды арнаулы техника алуға кетедi екен.

Бұл компания бiр жақсысы, қаржыны тез арада игеруiмен ерекшеленедi екен. Биыл бөлiнген 7 млрд. теңгенiң 5 миллиардын жылдың ортасына дейiн игерiп үлгеремiз дейдi компанияның Басқарма төрағасы.

Негiзi, «ҚазАгроҚаржы» Акционерлiк қоғамының дәуренi соңғы үш-төрт жылда ғана жүрген секiлдi. Өйткенi, «Ауыл жылдары» бағдарламасы аясында компанияға бюджеттен бөлiнетiн қаржы сомасы артқан. Бiрақ, есесiне лизингке техника беру талаптары да жеңiлдетiлген. Жиналатын құжаттардың тiзiмi азайтылған, пайыздық сыйақының жылдық көлемi 4 пайызға төмендеп, алғашқы жарнаның құны 10 пайызға түскен.

«Серiктестерiмiздiң 50 пайызы шаруа қожалықтары» дейдi компания басшысы. «Соңғы жет жыл бойында, яғни құрылғанымыздан берi бiз табысты компания атынан айырылғанымыз жоқ» дейдi тағы да.

Бiрақ, компанияның кемшiлiгi ауылшаруашылығы техникасын аймақтарға бөлер кезде, тепе-теңдiктi ұстауды ұмытатындығынан көрiнiп қалады екен. Компанияның фавориттерi әзiрше солтүстiк облыстар секiлдi.

Тағы бiр мәселе, компанияның лизингтiк қызметiн иеленетiндер арасында бұрыннан берi келе жатқан клиенттерiнiң мерейi үстем болады екен.

Мiне, осы тектес, компанияларды Үкiмет құрып-ақ тастаған. Бiрақ, ол компаниялардың тiрлiгiне қарасаңыз, Үкiметтiң қол астындағы, яғни мемлекет акционерi болып табылатын компаниядан гөрi, жеке қаржы-несие институттарының бейнесiн көбiрек көресiз. Ауыл шаруашылығының жарымай отырғаны да осындай себептерге байланысты болса керек. Мәселен, ауылдағы шаруа қожалықтары егiн науқаны кезiнде техниканың жетiмсiздiгiнен жерге қарап қалады. Техникасы барлар қызмет көрсету құнын аспанға шарықтатып жiбередi. Ақшаны сағатына санап алады. Құны удай мұндай қызмет үлкен үлкен шаруа қожалықтарына әсер етпеуi де мүмкiн. Себебi, 100 гектардан 10 000-100 000 гектарға дейiн жерi бар жандар қарапайым еңбеккерлер емес. Олардың техникасы да, қаржысы да жетедi. Бiрақ, олар ауылшаруашылығындағы ат төбелiндей ғана топ. Қарапайым шаруалар сол 50 гектарға дейiнгi жердi қанағат тұтады. Тiптi, басым көпшiлiгi 2-3 гектарға қарап отыр. Бұл әсiресе, жерi тығыз оңтүстiк облыстарға тән ахуал. Олар сол тапқан табысының 30-40 пайызын техниканы жалдау үшiн жұмсайды. Қалған пайдасымен «фьючерлiк» несиенi жабады да. Ал қалған аз-маз тиын тебенiн келесi егiн науқанына дейiн жеткiзудi ойлап «шықпа, жаным, шықпа» деп өмiр сүруге мәжбүр. Келесi егiн науқанында қаржының жоқтығынан «фьючерлiк» несиенi қайтадан мойнына iледi. Мiне, ауыл шаруашылығындағы, әсiресе, мақта шаруашылығындағы жағдай осы. Бұл арада мақтаның әлемдiк рыноктегi бағасы да, мақтаны сол бағаға байланысты қабылдайтын монополист-зауыттардың факторы да үлкен рөл атқарады. Ала жаз бойы тапқан тиын тебенiн осындай «құдықтарға» құятын шаруаның лизингке техника алуға қайдан жағдайы болсын?

Ал «ҚазАгроҚаржы» Акционерлiк қоғамының басшысы Ибрагим Тағашев үшiн солтүстiк облыстардың шаруа қожалықтары маңызды. Өйткенi, олар лизингке техниканы көптеп алады екен. Бiрақ, бұл арада солтүстiк облыстардағы жердiң басым бөлiгiнiң латифундистер қарамағында қалғанын да ескерген жөн. Алпауытқа несие не болыпты? Тiптi, оның қажетi де жоқ қой. Көз үшiн ғана лизингпен жұмыс iстеуi мүмкiн.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары