ШЫМКЕНТТЕ АРСЫЗ «БАЗАР» САУДАСЫ ҚЫЗЫП ТҰР

ШЫМКЕНТТЕ АРСЫЗ «БАЗАР» САУДАСЫ ҚЫЗЫП ТҰР

ШЫМКЕНТТЕ АРСЫЗ «БАЗАР» САУДАСЫ ҚЫЗЫП ТҰР
ашық дереккөзі
491

Қазiр облыс орталығындағы қаптаған сауналар мен кiшiгiрiм моншаларда күнi-түнi, кеш батысымен үлкен көшелердiң қос қапталында тәнiн саудалап кәсiп еткен жасы, жасамысы аралас қыздардың жиiркенiштi қылығы туралы жазайын деп Америка ашқалы отырған жоқпын. Бүгiнгi күннiң көкейкестi тақырыптарының бiрiне айналған бұл мәселе – бүкiл БАҚ-тардың назарынан тыс қалмай, дабыл қағылып келедi. Алайда, қоғамымызға шiркеу болып тұрған осы дерттен арылуға әл-әзiрге дәрменсiздiк танытып отырғанымыз да айдай ақиқат.

Көңiлдi қобалжытқан көп сауал өмiрiмiзге өрескел әдет болып сiңiсiп, тамырын терең жайып бара жатқан кесепатпен қалай күресуге болады? Ақыры айығуы аса ауыр, көзiмiз де, етiмiз де үйренiп кетер кеселге апарып соғатын құбылысқа қарсы пәрмен бар ма?

Қазiргi тiрлiгiмiз тәуiр төңiрегiмiзге көлеңке түсiрген, жанымызды жегiдей жеген жаман аурудан құтылу мүмкiндiгi бiздiңше жетерлiк. Дендеген iндеттi жою өз қолымызда.

Алдымен нақты күрестi тән саудасы қасқарая бастасымен, таңға дейiн қызатын, қозғалысы қалың жол бойында жүргiзу керек. Автокөлiк те, адамдар да ары-берi ағылып көп жүретiн Республика даңғылының қос қапталындағы мейрамханалардың, ойын автоматтарының, казинолар мен аялдамалар маңында кеш түсiсiмен түнi бойы топырлап та, жалғыз да тұратын қыздарды байқамаған ешкiм жоқ шығар, сiрә. Алматының кiреукесiне айналып, жаман атын шығарған тура Саин көшесiндегi тәнiн саудаға салған қыздардың қайнаған базарынан асып түспесе, кем емес-ау. Әсiресе, даңғылдың А.Асқаров атындағы көшемен қиылысатын тұсынан жолдың екi жағымен де төмен қарай жүрсең топ-топ болып тұрған жап-жас қаракөз қарындастардан бөлiнiп, алдыңды жеңгетай келiншектер кес-кестейдi. «Уыздай ма, әлде кексесi керек пе, қалағаныңды тауып беремiн. Үй де, жай да дайын. Болмаса Қалдаяқов пен Гагарин көшелерiнде қонақ үй де бар. Рахатын қосқанда бағасы пәленбай» деп құдды өзiнiң тауарын өткiзiп жатқандай құлшынады. Кәсiптерiне әбден машықтанып алғаны соншалық, қысылмай-қымтырылмай ашық сауда жасайды. Бет-жүзiн баттита сүрмелеп тастаған, ауыздарында бұрқыраған темекi, әлем-жәлем киiнген қыздардың өзi де жандарынан өтiп бара жатқан жүргiншiге жетiп келiп, «демаласыз ба» деп, жолыңды бөгейдi. Осындай келеңсiз көрiнiстер аталмыш даңғылдың қос қапталы бойымен Көмешбұлақ базарына дейiн аялдама, думанды орындар сайын көлденең кездесе бередi.

Бiр таңқаларлығы, көңiлге күптi күдiк ұялататыны, осы шоғырлардың қасынан көшедегi тәртiптi қадағалап жүрген полиция автокөлiктерi өтiп жатады. Ал олардан желөкпе қыздар сескенiп, айылын да жимайтыны байқалады. Рас, iшкi iстер қызметкерлерi тобырлардың жанына тоқтап, әңгiмелесетiн сәттерiн де талай аңғардық. Алайда, тәртiп бақылаушылары тәнiн жалдағандарды таратқанын, одан кейiн де жөндерiне кеткенiн көрмедiк. Арсыз базар сол қызған қалпы қала бередi.

Көше тәртiбiн бақылайтын полиция қызметкерлерi тәнiн саудалайтындарға «крыша» болып, салықтарын алып тұрады дегендi естiген құлақта жазық жоқ шығар. Әйтпесе, қыздардың қысқы түннiң бiруағына дейiн аязда бүрсеңдеп, тұрақты орындарында топырлап та, бейсауыт жалғыз-жарым тұра бере ме? Өзiнен-өзi күмән туғызар тұрыстарының себебiн анықтап, қайта-қайта құжаттарын тексеретiн болса, дәл осылай еркiнсiп, бетiмен кетпей, аяқтарын тартар едi. Ал есесiне беймезгiл уақытта жүрген еркектердi бекерден бекер ұстап әкетiп жататыны да жасырын емес.

Көкейге кiрбiң түсiрер келеңсiз көрiнiстiң қақаған қысқы кеш пен түнде де жалғасқанына қарап, бұл өзi бетi қайтпайтын заман зарына шындап айналған ба дерсiң.

Бұл күнде Шымкентте жезөкшелiкпен айналысатын қыздардың қатары Алматыдан кейiн екiншi орын алатыны жөнiнде әңгiме естiлiп қалып жүр. Республикамыздың батыс, солтүстiк, шығыс облыстарын былай қойғанда, көршi Қырғызстаннан, Өзбекстаннан тобымен келiп, тән саудасын қыздыратын қыздар «гастролi» бар екенi қазiр анықталып отыр.

Топ қыздың iшiнен он екiде бiр гүлi ашылмағандай көрiнген көкөрiмiн шетке шығарып, ашық әңгiмеге тартар сауалдар қоя бастадық:

— Есiмiң кiм?

— Айнұр (Бәлкiм өтiрiк айтқан болар деп, атын сол күйiнде қалдырдық).

— Жасың қаншада?

— Он алтыға толдым.

— Мектепте оқисың ба?

— Жоқ. Колледжде.

— Мына тұрысыңды оқу орныңнан, болмаса жерлестерiңнен бiреу көрiп қалса ұялмайсың ба? Сөзге қалып қоймайсың ба?

— Мен бiрiншiден, бұл жақтан емеспiн. Ақтөбеденмiн. Өткен жылғы күзде келгенмiн. Ешкiм танымайды. Екiншiден, Шымкенттегi көп колледждiң бiрiне ақшасын төлеп, аты-жөнiмдi жаздырып қойғанмын. Дипломды бiтiрген кезде бiр-ақ алмаймын ба. Сессия сайын оқытушыларыма, жылма-жыл оқу орнының бухгалтериясына тиiстi қаржысын уақтысында берiп тұрсам болды емес пе.

— Ал ендi осындай оқу орны өзiңнiң қалаңда жоқ па? Немене?

— Ой, сiз де қызық екенсiз. Шымкентте халық көп. Бiздiкiнен жағдайы да жақсы. Кiсiлерi қыздардан ақшасын да аямайды. Сiз өзi менi түгiмдi қоймай тергеп кеттiңiз-ау. Менiмен демалғыңыз келе ме сiздiң? Уақыт өтiп барады тез айтыңыз. Мына тұрған қыздардың арасында ең жасы менмiн. Бұдан артық не керек өзiңiзге?

— Ым…

Кiшкентай ғана қыз тақ-тақ етедi. Түрiне қарасам, әлi бала дерсiң. Көңiлiндегiсiн iркiмейдi. Бiрақ, сөзi бәрiн көрiп, әбден машықтанғандығын аңғартады.

«Ең әуелi көшедегi жезөкшелiктi жоюға қандай амал бар, тиiстi орындар күннен-күнге өрши түскен қоғам қасiретiн құртуға нендей шаралар жасап жатыр?» – деген сауалдармен бiрқатар мекеме қызметкерлерiмен ой бөлiскен едiк.

– Бұл өмiрiмiздiң бүгiнгi өзекқұрты болып тұрған, түйiнiн шешу қиын да күрделi мәселе, – дедi облыстық Iшкi iстер департаментiнiң ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жетекшi қызметкерi Сыпабек Жарқынбеков. – Бұдан бiрнеше жыл бұрын көшедегiсi, моншадағысы, қонақ үйдегiсi бар «түнгi көбелектердi» жөнге салуға ептеп мүмкiндiгiмiз болды. Оларды топырлатып ұстап, терi аурулары диспансерiне апарып, тексерiлулерiне, қатерлi жұқпалы дертi анықталса, белгiлi бiр мезгiлде емделулерiне, сөйтiп тiркеуге алуға мәжбүрлеуге құқымыз бар едi. Сол кезде бұл әрекетiмiз нәтиже де берiп жүрдi. Әйтеуiр, дәл осы күнгiдей көз алдымызда көпе-көренеу қаптап көрiнбейтiн едi, бiрен-саран ұшырасар едi. Ендi сол мәжбүрлеп тексеру, емдету,есепке алу құқығымызды жоғарыдан қысқартып тастады. Жезөкшелiкпен айналысу фактiлерi анықталған жағдайда ҚР Қылмыс кодексiнiң 271 бабы бойынша тек шартты түрде соттаумен немесе айыппұл төлетумен шектелемiз. Бұдан қатаң жаза қолдануға заң жоқ. Тәнiн саудалаушылар мұны өте жақсы да бiледi, бойлары әбден үйренiп кеткен.

– Сонда, түнгi «көбелектер» көшеде сайранын салып жүре бермек пе? Барған сайын дендеген дерттi жоюға соншалықты дәрменiмiз жоқ па? Құқық қорғау қызметкерi ретiнде айналамызға залалы бес батпан зиянды құбылысқа қалай тосқауыл қоюдың тиiмдi, пәрмендi жолдарын айта аласыз ба? – дедiк әңгiменi өрбiте түскiмiз келiп.

– Әрине, жолы бар. Жылдан-жылға көбейiп отырған жезөкшелiкке тұсау салудың басты да негiзгi шарасы оған қатаң жаза қолданар заңдық баб керек. Сонда ғана «түнгi көбелектер» аяғын тартады. Бұл үшiн депутаттарымыз, ұсыныс жасауға құзырлы жоғары деңгейдегi тиiстi орындар ойлануы қажет. Әзiрге бiз тек тәнiн сатып, кәдiмгiдей күнкөрiс кәсiбi еткен қыздардың жеңгетайларын (сутенерлерiн) қолға түсiрумен айналысамыз. Өйткенi, оларды сауықшылдарға ақыға қыз тауып берген қызметi үшiн бас бостандығынан айыратын баб бар.

Келесi кезекте Облыстық iшкi саясат департаментiнiң жастар iсiмен айналысатын бас маманы Мәдина Тобақабыловамен пiкiр алмастық:

– Жезөкшелектiң қоғамды жайлауының негiзгi себебi – жұмыссыздық, – дейдi ол әп дегеннен. – Адал еңбек етемiн, жат қылықтан аулақ боламын деп ниеттенгендерге жұмыс жетерлiк емес пе. «Мынадай жұмыс орны бар, конкурсқа қатысыңыздар» деген БАҚ-тардағы шақыруларды көп оқимыз. Одан қалса базарға шығып, сауда жасап, нәпақасын тауып жүрген жоқ па небiр өрiм қыздар. Ашылып жатқан базарлар да көп. Мiндеттi түрде мамандығына сай қызмет iздеу шарт емес шығар. Масқара әдеттi машықтанғаннан гөрi, жұрттың кәрiне ұшырамаудың қамымен арлы тiрлiкпен айналысуға, жаңа, жақсы мамандықты үйренуге болады. Оған бүгiнде барлық мүмкiндiк бар.

– Ал өскелең ұрпақты, әсiресе, қыздарды әдемi әдептен озбауға, ұятты таптамауға шақыруда департаменттiң жастар iс бөлiмi пайдалы нақты қандай шаралар атқарып келедi. Бұл мәселе сiздердi де толғандыратын болар, – деген өз уәжiмiздi бiлдiрдiк.

– Бәрi дұрыс-ау. Бiз ендi көшедегi қыздардың қасына барып: – «Бұл жерде неге тұрсыңдар? Жезөкшесiңдер ме? Одан арылыңдар?! – деп айта алмаймыз. Құқымыз да жоқ. Бiрақ, жастар жатақханаларында, оқу орындарында ұйымдастырған кездесулерде бұл тақырып та кеңiнен әңгiме болады. Зинақорлық қасiретiнен сақтану, жұқпалы қантамырлары ауруларының зардабын болдырмау бозбала мен бойжеткендерiмiздiң дұрыс жол таңдауы төңiрегiнде сөз қозғаймыз. Қошқарата өзенi бойындағы, автовокзал маңындағы жекеменшiк шағын моншаларға рейдтер жасадық.

Қыздар арасында тәнiн саудалап, кәсiп етушiлiктi оңай олжа көзiне айналдырғандарға қайтсек тыйым саламыз деген мақсатқа қазiр облыста тiркелген жастардың отыз алты ұйымын, қозғалысын, бiрлестiгiн, Қазақстан студенттер альянсiнiң облыстық филиалын да жұмылдырамыз. Дегенмен, шынын айту керек, бұл әрекетiмiз әлсiз. Өмiрiмiзге қауiптi бұл дертке қарсы пәрмендi күрес, арнайы заң қабылдағанда ғана нәтижелi болмақ, – деп дәрменсiздiк бiлдiрдi Мәдина.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық стансаның да қатердi құртуға қолданар құзыры жетерлiк. Қыздардың тәнiн жалдап, ақша табудың орнықты орнына айналдырған шағын моншалар тазалық талабын ешқандай қанағаттандыра алмайды. Соларды неге жауып тастамасқа? Жұқпалы терi аурулары ауруханасы мен СПИД орталығының да ортақ мүдде жолындағы iсiн күшейтулерi қажет.

Жарайды. Жезөкшелiкке қарсы заң қабылданар. Қоғамымызға қатер, ұлтымыздың ұяты болып тұрған жаманатты жоюдың басқа да жолдары қаралар.

Ал қазiр ше… Республика даңғылы бойында таңға дейiн секектеген «көбелек» қыздар. Бәрi дерлiк «қаракөз» қарындастарымыз. Оларды рабайсыз райынан қалай қайтарамыз? Жоқ, әлде, қашан заң қабылданғанын күтiп, үндемей, әрекет жасамай, «менiң басымның iскенi не оған» деп, көрсек те байқамаған сыңаймен жүре беремiз бе?

Бәрiмiз болып ойланайықшы. Тағдыр тәлкегiне ұшыраған, бәлки жаңылыс басып, адасып жүрген жас қыздарды аяйықшы.

«Қызға қырық үйден тыйым» деген қайда?..

Жеңiс БАҺАДҮР

Серіктес жаңалықтары