«ХАЛЫҚ ДАБЫЛЫ» ТАҒЫ ДА ДАБЫЛ ҚАҚТЫ

«ХАЛЫҚ ДАБЫЛЫ» ТАҒЫ ДА ДАБЫЛ ҚАҚТЫ

«ХАЛЫҚ ДАБЫЛЫ» ТАҒЫ ДА ДАБЫЛ ҚАҚТЫ
ашық дереккөзі
393

Өткен аптаның жұмасында «Халық дабылы» қоғамдық қозғалысы тағы да дабыл көтердi. Төртiншi рет кездесу өткiзiп отырған аталмыш қозғалыстың бұл жолғы мәслихаты – ұлттық модернизацияға арналыпты. Яғни «Ұлттық модернизацияның бағыттары» деп аталынған жиылысқа қозғалыс басшылары, белгiлi саясаттанушылар, әртүрлi қозғалыс өкiлдерi қатысып, өз пiкiрлерiн ортаға салды.

«Халық дабылы» қоғамдық қозғалысы мәслихат барысында бiрнеше мәселелердi алға қойды. Оның iшiнде: «Қазақстан Республикасын – Қазақ мемлекетi деп атайық» деген ұсыныстар да бар. «Қазақстан емес, Қазақ республикасы болсын» дегендi бүгiнге дейiн бiрқатар саясаткер ғалымдарымыз да айтып келген. Аталмыш мәслихатта сөз алған Әзiмбай Ғали, Болатқан Тайжан сияқты белгiлi саясаттанушыларымыз да мұны жоққа шығармайды.

Сондай-ақ, «Халық дабылы» бұдан да басқа бiрнеше өзектi мәселелердi көтерiп, көпшiлiктiң талқысына салды. Оның арасында:

Бiрiншiден, Мемлекеттiк тiлге өткен облыстар мен қалаларда орыс тiлiн қолданысқа пайдаланған саяси және мемлекеттiк қызметкерлер қатаң жауапқа тартылып, қызметтерiнен қуылсын;

Екiншiден, Мемлекеттiк тiлдi игермеген лауазымды қызмет иелерi қызметтен босатылсын. «Болашақ» және басқа да мемлекеттiк гранттар тек мемлекеттiк тiлдi игергендерге ғана берiлсiн;

Үшiншiден, Мектеп, бала-бақша, жоғары оқу орындарында қазақтандыру шаралары жүргiзiлсiн:

– қазақ тiлiндегi бала-бақшалар, мектептер, оқу орындарының үлес салмағы мемлекет бойынша 70-80 пайыз болуы керек, ал басқа тiлдегi оқу-тәрбие мекемелерi аз ұлттардың тiлiндегi оқу-тәрбие мекемелерi деп аталсын.

– аз ұлттар мектептерiнде 5 сыныпқа дейiн ана тiлiнде, одан кейiн оқу процесi тек мемлекеттiк тiлге көшiрiлсiн.

– өзге тiлде оқитын мектептерде сабақтың 60 пайызы қазақ тiлiнде жүруi керек.

– бiз орыс, украин, латыш, беларус, молдован т.б. славян өкiлдерi тiлдерiнiң дамуына, өркендеуiне еш қарсылығымыз жоқ. Олардың өз тiлiн бiлiп, өркендетуiне қазақ халқы үлес қосуға тиiстi.

Төртiншiден, әлеуметтiк саясатта қазақ жұртшылығын урбанизациялау және әлеуметтендiру бағдарламасын жасап, солтүстiк қалаларда қазақтың этнодемографиялық басымгершiлiгi қалыптастырылсын. Павлодар, Рудный, Шемонаиха, Риддер, Серебрянск, Петропавловск т.б. осындай басқа тiлдегi қала аттары қазақшалансын, – деген сияқты талаптары бар. Ұзын-ырғасы 16-ға жететiн талаптардың арасынан төрт-бесеуiн ғана тiлге тиек еттiк. Қозғалыс көтерiп отырған мәселелердiң жүгi жеңiл емес. Бұл мәселелер қаншалықты жүзеге асады, ол келешектiң әңгiмесi. Ең бастысы, ұлттық мәселелердiң көтерiлiп, көпшiлiктiң талқысына салынғаны.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары