АЛМАТЫДА – «МАНХЕТТЕН!»

АЛМАТЫДА – «МАНХЕТТЕН!»

АЛМАТЫДА – «МАНХЕТТЕН!»
ашық дереккөзі
361

Өткен аптада премьер-министр Даниал Ахметов екі күндік жұмыс сапарымен Алматыға ат басын тіреген еді. Жұмыс сапарын метро құрылысын аралаудан бастаған премьер қаламыздың маңызды деген бірнеше обьектілерін көрді. Жалпы алғанда, Үкімет басшысы қаланың даму қарқынына оң баға берді.

Алматыға Даниал Ахметов жалғыз келмепті. Жанына бірнеше министр мен лауазымды тұлғаларды ерте келген. Мұның да жөні бар. Алматы айналдырған бірнеше жылда Орта Азия аумағындағы ең ірі қаржы орталығына айналуы керек. Содан болар, бұл сапардың мән-маңызы да ерекше. Премьер-министр обьектілерді Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен бірге аралады. Астанадан арнайы келген лауазымды тұлғалардың жолы алдымен «Алмалы» метро стансасына түсті. Салынып жатқанына жиырма жылдан асқан метро құрылысы таяу арада бітуге жақын екен. Жалпы, әрбір кезең сайын метрополитеннің 3 бірдей желісі іске қосылуы тиіс. Алғашқы желінің құрылысы да аяқталғалы тұр. Бірінші желінің ара-қашықтығы 8,56 шақырым жолды құрап, Райымбек даңғылынан Фурманов көшесіне дейін, одан Абай даңғылынан Гагарин даңғылына қарай созылмақ. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің айтуынша, метро құрылысының аяқталуы 2008 жылға межеленіп отыр екен. Құдай қаласа, осылайша Қазақстанда алғаш рет метрополитен іске қосылып, алматылықтардың көптен күткен арманы орындалмақ.

Негізі ірі мегаполистерге тән ерекшеліктердің бірі – еңселі ғимараттар мен заман талабына сай бизнес орталықтарының салынуы. Алматы тек қана Қазақстандағы емес, күллі Орта Азия аумағындағы ірі мегаполис атағы үшін күресіп жатқаны белгілі. Бұл орайда Алматының қақ ортасында «Қазақстанның Манхеттені» бой көтермек. «Сайран» көлінің шығыс жағалауында орналасатын тұрғын үй кешені Даниал Ахметовтің таңдайын қақтырды. Тұрғын үй кешенінде жаңадан 4 мектеп, 12 бала-бақша, 6-8 емхана, ірі бизнес орталығы, т.б. ғимараттар бой көтермек. «Манхеттен» атанған тұрғын үй кешенінде 62,8 мыңдай адам тұрақтай алады. Аталған жобаның құрылысы 3 кезеңге негізделіп, 7 жылға межеленген. Тұрғын үй кешенінің жобасымен танысқан Даниал Ахметовтің қала құрылысына көңілі тоқ. Құрылыс демекші, Үкімет басшысы ипотекалық несиелеу бағдарламасы бойынша тұрғызылып жатқан тұрғын үй кешенін де аралап көрді. Райымбек даңғылында салынып жатқан тұрғын үйлерге ат басын тіреген премьер-министр қарқынды құрылыстың нәтижелеріне оң бағасын берді. Жалпы, бұл аумақта көпэтажды 24 үй бой түзеуі тиіс. Мектеп пен бала-бақша салу ісі де жолға қойылған. Сонымен қатар, қазір әрбір үйде кемінде бір көліктен барын ескерсек, автопаркингтердің де салынуы ескерілген.

Сапар барысында Үкімет басшысы «Алатау» поселкесінде салынып жатқан «Ақпараттық технологиялар паркіне» де арнайы соқты. Бұл еліміз үшін аса маңызды жоба екені даусыз. Ғылымның дамып, заман талабына сай жаңалықтар ашуына түрткі болатын бірден-бір орталық. «Ақпараттық технологиялар паркінде» жұмыс істеуге дайын компания өкілдерімен жүздескен Ахметов техно-парктің инновациялық бағытқа ерекше ден қоюын баса айтты. Бір айта кетерлігі, мұнда жұмыс істеуге тілек білдірген компания өкілдері өз тілек-шағымдарын да премьерге жеткізуге тырысып бақты. Шетелдік компаниялар алдымен салық көлемінің азаюын тілеп отыр екен. Одан кейін: «Алатау» поселкесінің жолы ұзақ. Бізге қысқа жол салып беріңдерші!» – деп, уәждерін жарыса айтты. Бұған премьер-министр: «Мүмкін, сендерге жол салып, үстінен қызыл кілем төсеп берерміз?! Алдымен, нақты жұмыс істеп, нәтижелерін көрсетіңдер! Содан кейін көре жатармыз», – деп келмей жатып шағымдарын айтқан компания өкілдерінің бетін қайтарды. Бұл орайда Үкімет басшысы «Ақпараттық технологиялар паркінің» ірі шетелдік өндірушілердің қоймасына емес, инновациялық бағытта дамып, жаңалық ашатындай орталыққа айналу қажеттігін жеткізді.

Ал, Ядролық физика институтының мамандары Даниал Ахметовты бір қуантып тастағандай еді. Ғалымдар: «Менделеев кестесінде бос тұрған бағандарды Қазақстанда тұңғыш рет ашылған екі бірдей элементпен толтырамыз» – деп отыр. «Бұл жобаның техникалық-экономикалық негізіне 170 миллиондай теңге берсеңіздер, Менделеевтің кестесінде «казахстани» немесе «алмати» деген сияқты элементтер пайда болуы мүмкін» – деп, ғалымның айтқаны сол-ақ екен, премьер-министр: «Бұған қаржы береміз» – деп жымиып қойды. Ғалымдардың төбесі көкке тірелді. «Физико-техникалық институтты» аралап көрген премьер-министр сапар соңында: «Ғылым саласы тым кедей емес екен ғой», – деп әзілдеп қойды.

Жалпы, екі күнге созылған жұмыс сапарында Даниал Ахметов өзге де стратегиялық маңызды обьектілерді аралап, жылы ықыласын жасырмады. Кезінде Алматыны аралаған Елбасы: «Жарайсың, Иманғали!» – деп, Тасмағамбетовке ырзалығын білдірсе, премьер-министр Даниал Ахметов те Алматыда атқарылып жатқан жұмыстарға оң көзқарасын білдіріп кетті.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары