МҮГЕДЕК БАЛАЛАРДЫҢ МҰҢЫ YКІМЕТТІ АЛАҢДАТПАЙ МА?

МҮГЕДЕК БАЛАЛАРДЫҢ МҰҢЫ YКІМЕТТІ АЛАҢДАТПАЙ МА?

МҮГЕДЕК БАЛАЛАРДЫҢ МҰҢЫ YКІМЕТТІ АЛАҢДАТПАЙ МА?
ашық дереккөзі
225

Ақмола облысында 23 мың 994 мүгедек адам бар. Оның 1 мың 656-сы 16 жасқа дейінгі балалар. Бала үнемі қамқорлықты қажет ететін болса, Үкімет оған айына 7 мың 500 теңге өтемақы төлейді. Мүгедек балалардың көпшілігін тек қана жалғызілікті әйелдер тәрбиелеп отыр. Олар баласы ауру болып туылған соң сол тірлігіне көндігіп, жұмысқа шықпай, баласын бағып үйде отырады. Әдетте әкелері баласының өмірге ауру болып келгендігін көтере алмайды немесе әйелінің психикалық мінезіне шыдай алмай тастап кетеді екен. Психологтардың ойынша, бұл таңдануға болмайтын заңды құбылыс. Соңғы кездері әркім өзінің күйін күйттеп жүргендіктен, мүгедектер туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан ешқандай жақсы жаңалық естімей жүргеніміз жасырын емес. Жақында «Бурабай» Ұлттық паркінің «Приозерное» санаториясында осы жарымжан балаларды шығыс медицинасымен емдеу орталығы ашылды. «Тізімдегі балалардың алғашқыларына ем жасаймыз. Сіздер келіп осыны өз көздеріңізбен көрсеңіздер екен?» деген өтініш айтылды. Біз, әрине, барып өз көзімізбен барлығын көріп келдік. Оқырмандарға түсінікті болу үшін мәселені басынан бастап түсіндіре кетейік.

Өткен жылы «Приозерное» санаториясының басшысы Гүлнәр Шапайқызына Ақмола облыстық мүгедек балаларды қорғау ассоциациясының басшысы Қайырбеков Амангелді Сәмиханұлы келіп: «Мүгедек балалардың облыстық сурет-көрмесін өткізейік» – деп көмек-ұсыныс жасайды. Бір жағынан басқа да проблемасы жеткілікті болып отырған санатория басшысы бұл ұсынысты аяқсыз қалдырмай құп алады. Екінші жағынан алып қарағанда бұл – өзі үшін таза гуманистік шара. Гүлнәр Шапайқызы мүгедек балалардың салған суреттерін, олардың фантазиясын өз көзімен көргенде оларға деген мейірімділігі ашыла түсіп, осыдан былай қарай мүгедектерге қамқорлық жасап отыру керек деген ой қалыптаса бастайды. Осы сурет байқауынан біраз уақыт өткен соң, енді санаторияны басқалардан гөрі ерекшелеу керек деген ой келеді. Өйткені, нарық соны талап етеді. Білікті басшы мүгедек балаларды емдеудің басқаша бір тәсілін ашу керек деген шешімге келеді. Мәселе – қалай емдеу керектігінде. Көп ойланып, білікті мамандармен ақылдаса отырып, дәрі-дәрмекпен емес, шығыс медицинасымен емдеу керек деген ұйғарымға келеді. Өйткені, профессорлардың айтуынша, қытайлықтар ғана ДЦП ауруын емдеп жазады екен. Ал ДЦП ауруының емін тапқан шығыс медицинасы үшін басқа аурулар тіпті проблема емес. Бірақ біздің Ақмола облысында шығыс медицинасының мамандары жоқ. Гүлнәр Шапайқызы Астанадағы Мемлекеттік медициналық академияның «шығыс медицинасы» факультетімен бірлесіп жұмыс жасамаққа қолқа салады. Сөйтіп ол жерде профессор Қажанова Алмагүл Қабиденқызынан қолдау табады. Келісім бойынша кезекпе-кезек профессорлар мен жоғары курс студенттері «Приозерныйда» орналасқан санаторияда жұмыс істеулері керек. Бір жағынан көкшетаулық науқас сәбилердің ата-аналары үшін бұл үлкен жаңалық болмақ. Олардың қаражат тапшылығы салдарынан Астанаға бара алмайтыны бесенеден белгілі.

Уақытты көп созбай, санаторияның алдында бөлек тұрған ғимаратты емдеу орны етіп жасау үшін күрделі жөндеуден өткізеді. Сөйтіп, ең алғаш рет осы көктемгі каникулды пайдаланып, 26-30 наурыз күндері мүгедек балаларды емдеуге кіріседі. Бес күнге созылған бұл емдік шараларды білікті дәрігерлер мен психологтар өте нәтижелі деп отыр.

Айта кету керек, ең алғашқылардың бірі болып Көкшетау қаласы «Автогородок» шағын ауданында тұратын, №2 отбасылық амбулаториясында тіркелген ДЦП-мен – созылмалы өкпе қабынуының асқынуымен ауыратын 10 мүгедек бала ем алған. Амбулатория басшысы Райхан Қалтайқызының айтуынша, «Автогородок» шағын ауданында 60 мүгедек бала тіркеуде тұр. Олардың көпшілігі жол жүруге жарамсыз.

– Мұнда ем алуға келгендер тек жүре алатын, сөйлей алатындары ғана. Ал жол жүре алмайтындар еш жаққа шықпай, үйлерінде отырып қана ем алуға мәжбүр. Әрине оларға дәрігерлер, психологтар барып қызмет көрсетеді, бірақ біздің амбулаторияда оларға арналған кабинеттің де жоқтығы қынжылтады. Қалалық әкімшіліктен қосымша бөлме сұрағанымызға көп болды, ешқандай жауап жоқ. Оларға массаж, тренажерлық кабинеттерін ашып берсек, қандай жақсы болар еді?!– дейді Райхан Қалтайқызы.

Біз ем жасаудың бесінші күні барғанда, балаларын алып кетуге келген ата-аналар өздерінің ұл-қыздарын танымай қалды десек, артық айтқандық емес. Әсемгүл есімді ДЦП-мен ауыратын қыз баланың тіпті кеткісі келмей анасына жалынып, «мені осында тастап кетші» деген сөздерін естіп, жанымыз жылап тұрды. Әрине, ауру балаға ешқандай дәрі-дәрмек бермей, түрлі массаждар жасап, музыкатерапиямен, ароматерапиямен, қазыға ораумен емдеп, күніне бес мезгіл тамақтандырып жатса, бала өзін мүгедек сезінбейді. Сосын бұл жерде оларды ауру деп мүсіркейтін қасында ата-анасы жоқ. Медперсоналдар да, студенттер де оларға «сценарий» бойынша кәдімгі он екі мүшесі сау, жеке тұлға ретінде қарап, олармен санасады. Бұл да олардың сауығуына әсер ететін шығар. Ал өмірлерінде ең алғаш рет өздерін толыққанды дәрігер ретінде мүгедек бала емдеумен бес күн бойы айналысқан студент қыздардың алған әсерлері де олардың жүздерінен көрініп тұрды. «Біз укол салып, дәрі-дәрмек бермеген соң, балаларға біз ешқандай дәрігер емес, үлкен апалары сияқты етене араласып кеттік» дейді болашақ дәрігерлер. Балалар да бүгін кететіндерін біліп, дегбірсізденіп отыр екен.

Тиісті органдардан қолдау көру үшін және үкіметтік тендерді жеңіп алу үшін Ақмола облысындағы мүгедек-балаларды қолдау қауымдастығының басшысы Амангелді Самиханұлы мен «Приозерное» санаториясының басшысы Гүлнәр Шапайқызы бұқаралық ақпарат құралдарын жинап, баспасөз-мәслихатын өткізді. Мұнда Ақмола облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Рахымбергенов Мағауия Қабдуақасұлы, қаладағы отбасылық амбулаторияның дәрігерлері, журналистер болды. Бұл жерде дәрігерлер мұндай ем-шараның балаларға керектігін айтып, тіпті, ем алушылардың келгендегі және ем қабылдап болғандағы компьютерлік деңгейлерін көрсетіп, дәлелдеп берсе, әлеуметтік қызметкерлер бұл емнің өте қымбатқа түсіп тұрғанын айтты. Мысалға, журналистерді шақырғанда осы бес күндік емді тегін алып жатыр деп шақырғаны құр сөз болып шықты. Ақысын Үкімет төлейді екен. Сонда әр балаға бір күнге 3 мың 500 теңгеден шығып отыр. Ем алғысы келетін мүгедек балалар өте көп. Үкімет әрі кетсе жағдайы тіпті нашар деген 100 балаға емнің ақысын төлер, ал қалғандары не істемек? Әрине, ешкім оларды күшпен апармасы анық, бірақ кім өзінің баласын басқадан кем қылғысы келеді. Ал мемлекеттік шенеунік Рахымбергенов мырзаның сөзіне сүйенсек,«Біз әрбір қалталы азаматтың мүгедектерге көмектесіп тұруын құлақтарына құюымыз керек. Шет елде байлар осы қағидамен жұмыс істейді екен». Сонда біздің Үкімет не істейді, олардың осындайда мүгедек сәбилерге көмектесетін ұлттық қоры қайда? деген заңды сұрақ туындамай ма? Ал мүгедектерді қолдау қауымдастығының төрағасы Амангелді Самиханұлы Мағауия Қабдуақасұлына шаң жуытқысы келіп отырған жоқ. «Ол бізге үнемі көмектесіп отырады» деп жауап берді.

Әрине, облысымыздағы қандай да болсын жүзеге асып жатқан игі істер өз қолдауын табуы қажет. Әсіресе, ол жақсылықтар балалар үшін болса. Бірақ кейде біз ауру балаларды да бизнестің көзіне айналдырып бара жатқан жоқпыз ба деген ой «ұрын» келеді.

Айсұлу ҚҰЛМАНБЕТОВА

Серіктес жаңалықтары