Ораз Әлімбеков: ЖYРЕГІНДЕ ТYГІ БАРЛАР «ДОДАҒА» ШЫҒАДЫ
Ораз Әлімбеков: ЖYРЕГІНДЕ ТYГІ БАРЛАР «ДОДАҒА» ШЫҒАДЫ
“31 телеарнадағы» «Дода» бағдарламасының эфирге шыққанына бір жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт ішінде хабарда қоғамдық-саяси келелі, маңызды көп мәселе көтерілді. Халық қызығып көретін хабарға айналды. Осы орайда біздің тілшіміз бағдарлама авторы Ораз Әлімбековпен әңгімелескен еді.
– Ораз мырза, ең алдымен, «Дода» бағдарламасы қалай және кімдердің идея-жобасымен ашылғаны жөнінде айтып берсеңіз?
— 2005 жылдың басында «31 телеарна» осындай форматтағы хабар жасау керек деп шешті. Бізге дейін телеарнада бұрыннан істеп жүрген Берік Уәли, Серік Әбікенұлы және тағы басқалар түрлі жобалар ұсынған. Бірақ оның ешбіріне телеарнаның сол кездегі бас продюсері Ермек Тұрсыновтың көңілі толмады. Бақытжан Қосбармақов екеуміз ол кезде «Айқын» газетінде істейтінбіз. Сөйтіп, бізге де хабар жетті. Бұрыннан ойымызда жүрген жобаны ұсындық. Жобаны Е.Тұрсынов құптады. Өйткені, біздің жоба құрылымдық жағынан болсын, формасы жағынан болсын телевизиялық ток-шоу жанрының талаптарына сай болатын. Сонымен қатар, біз жобаны жазған кезде студияның қалай болатынын, ондағы элементтердің формасы мен пішімін, өлшемін, өзара үйлесімін тұтас қарастырдық. Мысалы, студиядағы ең биік нүкте — алдиярдың төбесі, ең төменгісі — шахмат фигураларының ішіндегі пешка. Қалғандары осы екеуінің арасында сатылы түрде өрбиді.
«Доданы» дайындап, эфирге шығару кезінде достарымызбен кеңесіп отырдық. Суретші Ербосын Мелдібеков Сайқымазақ-шутты қалай киіндіру жағынан, дизайнер Шахан Махамбетов хабардың логотип-белгісін жасауға көмек көрсетті.
— Сонда бұл аяқ астынан, кенеттен жасалған жоба болды ғой?
— Әсте олай емес. Бұл жобаның тарихы, тіпті әріде жатыр. Біз Бақытжан Қосбармақов екеуміз 2004 жылы «Қазақстан» телеарнасында істеп жүргенде «Отан» партиясынан телеарна басшылығына ұсыныс түсті. Мақсат — ауқымды қоғамдық-саяси ток-шоу арқылы партияның имиджін жасау керек болатын. Бұл дұрыс идея болатын. Біз хабарға әрқашан «Отанның» адамдарын қатыстырып, пікірсайыс өткізіп тұру идеясын ұсындық. Бірақ, кейін «Отан» әлгі ұсыныстан бас тартты. Себебі басқалармен сөз жарыстыратын партияның саяси-интелелектуалдық ресурсы кем болатын. Оппозициялық партиялар, басқа да қоғамдық ұйымдардың лидерлерімен додаға түсіп, партияның позициясын қорғай алатын Болатхан Тайжаннан (ол кезде «Отан» партиясының кеңесшісі болатын) басқа ешкім болған жоқ. Сондықтан жоба жүзеге аспай қалды. Бұл туралы «Түркістан» газетінде жазғанбыз («Отан», қайда барасың?»).
Тағы бір мәселені айта кетейін. Жобаны жазу бар да, оны өткізу бар. «31 телеарнаның» шағармашылық кеңесінде «Жүргізуші жетпей ме, Алдияр-сарапшы мен Сайқымазақ-шуттың не керегі бар?» деген қарсылық көп болды. Біз өз идеямыздың дұрыстығын дәлелдедік, қорғап шықтық.
— Ораз мырза, «анау қытай сөмкесін көстөм-шалбар етіп киіп алған бала арқылы «Дода» хабары қазақты кекеткісі, мұқатқысы келеді, тіпті қазақты қорлап отыр» деген әңгіме жиі айтылады.
— Рас, осылай деп редакцияға күн сайын хабарласып жатқандарда есеп жоқ. Тіпті, біздің ол персонажымызға (жобадағы аты — Сайқымазақ-шут) көшеде тиісіп, қоқан-лоққы жасап, күш көрсетіп, қорқытып жүргендер де бар. «Құбыжықты экраннан көрсету этикаға жатпайды» дейді. Кейбіреулер тіпті оған тісін қайрап, жаулық істемек болып жүргенін де білеміз. Біз оларға мына нәрсені айтамыз және ескертеміз: Біріншіден, Манат (біз және оның туыстары мен достары Монтик деп атаймыз) еліміздің толыққанды азаматы, әскер қатарында екі жыл қызмет еткен, о бастағы мамандығы шопыр. Қазір аула сыпырушы болып жұмыс істейді. Үйленген, бір қызы бар. Өзіміз сияқты Қазақстанның қатардағы азаматы. Екіншіден, Монтик – «Дода» хабарының ұстынын ұстап тұрған басты фигура. Ол «31 телеарнаның» қызметкері. Яғни, оның статусы журналистермен тең. Сондықтан кімде-кім топас әрі әсіре ұлтшыл сезімге беріліп, Монтикті экранға шығартпаудың амалын іздестіріп, ұрып-соғып жарақаттайтын болса, яки кемсітіп ар-ожданын қорлайтын болса, Қылмыстық кодекстің осы қылмысқа қатысты бабы бойынша ғана емес, журналистердің қызметіне кедергі жасағаны үшін де айыпқа тартылатынын ескерткіміз келеді.
— Сайқымазақ-шут «Доданы» ұстап тұрған негізгі ұстын дейсіз. Оған сонша маңыз беретіндей не істейді ол хабарда?
— Барлық мәселе Сайқымазақ-шуттың ештеңе істемейтіндігінде, босқа жүретінінде. Ол осынысымен маңызды. Сайқымазақ-шут шахмат тақтасындағы фигуралармен бірге ток-шоудың театрланған көрінісін беріп тұр. Ол «Додада» айтылатын сөздерді тыңдағысы келсе, тыңдайды, тыңдағысы келмесе тыңдамайды. Шахмат ойнайды, жатады, тұрады, есінейді және т.б. Қысқасы, «Сырдың суы сирағынан келмейді». Қоғамдық маңызды мәселе айтылып жатыр ма, айтылмай жатыр ма, оған бәрібір. Бұл біздің қоғамның қазіргі саяси-экономикалық, мәдени ахуалын, қазақтардың мүшкіл халін, билік пен халық арасындағы диалогтың қалай жүріп жатқанын көрсететін жиынтық образ. Сондықтан Сайқымазақ-шутты көргенде кейбір адамдар өзін көргендей қатты қиналатынын түсінеміз. Бір жолы белгілі саясаткер Хасен Қожахмет «Сайқымазақ-шутты студиядан шығарып жібермесеңдер, хабарға қатыспаймын» деп қиғылық салды. Біз оған Сайқымазақ-шутсыз дода өткізудің мәні жоқ екенін айттық. Хасен мырза түсінді. Кейін тіпті оны жақсы көріп кетті.
— Төбе бидей төрге отырғызып қойған Алдияр пікірсайысқа түсушілерге төбеден төрелік айтып, қысым көрсетіп отырғандай көрінеді. Кейде халық арасында аса беделі жоқ адамдар да Алдияр болады.
— «Доданы» үш бағана-ұстынға негіздеп құрдық: Сайқымазақ-шут, жүргізуші-журналист және Алдияр-сарапшы. Жобаны жазғанда Бақытжан екеуміз «Алдияр керек пе, жоқ па?» деп көп дауласқанбыз. Соңынан «керек» деп шештік. Өйткені, хабарда қоғамдық барлық мәселе туралы талқылау өтеді. Тақырыптардың ауқымы өте кең, әрі сан алуан. Біздің журналист-жүргізушілер көп мәселенің байыбына бара бермейтіні жасырын емес. Бұл студиялық хабарларда анық байқалып тұрады. Ал пікірсайысқа негізінен сол саланың мамандары шығады. Олар жүргізушіге психологиялық шабуыл жасап, хабардың тізгінін алып кетуі мүмкін. Сондықтан біз жүргізушінің студиядағы позициясын бекіту үшін, оны күшейту үшін Алдияр-сарапшыны ойлап таптық. Алдияр студиядағы додаға әрдайым жаңа леп, жаңа екпін беріп отырады.
Ал сіздің «аса беделі жоқ адамдар» деген сөзіңізге келсек, «Дода» театр, әдебиет, өнер және сол сияқты тақырыптарды қозғайды. Мұндай әңгімеге сол салада жүрген адамдарды Алдияр-сарапшы етіп шақырамыз. Бұл тақырыпты терең әрі жан-жақты талқылауға мүмкіндік береді. Ал көбіне «Додаға» депутат Амалбек Тышан төрелік етеді. Ол Төле биден бір мысқал да кем емес, турасын айтады. Ешбір корпоративтік мүдденің сойылын соғып жүрген жоқ, өз ойын, позициясын ашық әрі анық айтатын Парламенттегі жалғыз депутат. Ал атақ-лауазымы аспандап тұрғанмен, мәймөңкөлеп бәріне жағыну үшін жалтақ сөз айтып тұрған адам Алдияр образын ашпайды.
— Пікірсайысқа лауазымды адамдар, қоғамға беделді адамдар қатыспайды, «майдаланып барады» деген де пікір бар.
— «Дода» — пікірсайыстың алаңы. Пікірсайысқа өзінің позициясын қорғай алатын, айтқан сөзіне дәлел келтіріп, негіздей алатын, жүрегінің түгі бар адамдар ғана шығады. Жалған ұранның жетегінде кетіп, пікірін дәлелдей алмайтындар бар беделінен айырылып, дода-додасы шығып жатқанын өздеріңіз көріп жүрсіздер. Сондықтан, шен-шекпенді біраз кісілер «Доданы» одағайлап жүр. Ондай адамдар өзіне ыңғайлы телеарнада отырып алып, монолог құрып, ақылгөйсіп отырғанды жөн көреді. Бұл — сіздің сұрағыңыздың бір жауабы. Екіншіден, біздің қоғам орысша. Кез-келген саланы басқарып отырған лауазымды адамдар, қоғамдық ұйымдар мен партиялардың жетекшілері орысша ағып тұр. Бірақ солардың көбі қазақшаға шорқақ. Үшіншіден, халық пен биліктің арасы ажырап тұр. Лауазымды шенеуніктер халықтың алдында жауап беруге, қоғаммен диалог жүргізуге мүдделі емес. Өйткені, олардың қызметінің өсуі немесе төмендеуі қоғамдық пікірге қатысы жоқ. Қысқасы, олар халықтан тәуелсіз өмір сүріп келеді.
— «Доданың» авторы ретінде сіздің хабарға көңіліңіз тола ма, о баста ойлағаныңыздай болып шықты ма?
— «Дода» халық көретін хабарға айналды, рейтинг-беделі де жоғары. Түрлі сыйлықтар алып жатыр. Мұның бәрі жақсы ғой, әрине. Дегенмен, бағдарламаның авторы ретінде мынаны айтар едім. «Дода» о бастағы жоба бойынша тікелей эфирге шығу керек болатын. Бірақ, бір жыл уақыт өтсе де олай болмай тұр. Оның екі себебі бар. Біріншісі, техникалық себептер — студия тар, жарық беру жүйесі жетілмеген, камералардың жетімсіздігі және т.б.с.с. Екіншісі, хабарға қатысатын адамдарға байланысты. Бізде пікір таластырудың үрдісі нашар дамыған. Қызбалыққа салынып, бірі бірінің сөзін тыңдамай кететін жағдайлар болады. Әрине, барлық кінәні басқаларға арта салған дұрыс емес. Шынын айту керек, жүргізуші де тікелей эфирге шығуға дайын емес сияқты болып көрінеді маған. Осы тұрғыдан алғанда хабар о бастағы мақсаттың үдесінен 100 процент шығып отыр деп айта алмаймын.
— Ораз мырза, келешектегі жоспарларыңыз қандай? Тағы да жаңа хабарлар шығару ойларыңызда бар шығар?
— Бақытжан Қосбармақов екеуіміз тағы бір-екі жігітпен бірігіп, студия құрдық. Қазір техникаклық құрал-жабдық алып болдық. Ойымыз қазақ тілінде хабарлар дайындау. Бірақ қазірдің өзінде қиындыққа тап болып отырған жайымыз бар. Қазақ тілді хабарларға ешкім қаржы салмайды. Өйткені, біздің қоғам орысша, рыноктың тілі орысша. Осыған сәйкес жарнама беру де орыс тілінде жүргізіледі. Өзінің сатпақ болған тауарын қазақ тілінде жарнамалау бизнесмен үшін де, кәсіпкер үшін де ақшасын желге шашқанмен бірдей. Қазақ тілінің болашағы айқындалмайынша, қазақ журналистикасының болашағы да бұлыңғыр болып қала береді.
— Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА