ӨТКЕНІН САРАПТАП, БҮГІНІН БОЛЖАҒАН ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯ

ӨТКЕНІН САРАПТАП, БҮГІНІН БОЛЖАҒАН ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯ

ӨТКЕНІН САРАПТАП, БҮГІНІН БОЛЖАҒАН ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯ
ашық дереккөзі
348

Алматы қаласының әкімиятының мәжіліс залында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың төрағалығымен Ұлттық комиссияның кезекті жиылысы өтті. ЮНЕСКО мен ИСЕСКО-ға байланысты өткен Ұлттық комиссия бірқатар мәселелерді қозғады. Жиылысқа комиссияның 23 мүшесі қатысты. Олардың қатарында белгілі жазушы Әкім Тарази, Ұлттық кітапхананың төрағасы Мұрат Әуезов, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Білім және ғылым вице министрі Хафиза Өтеулина, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ардақ Досжан, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Төлеген Қожамқұлов, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің ректоры Сәрсенғали Әбдіманапов сияқты белгілі адамдар бар. Сонымен қатар, аталмыш жиынға ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы өкілі Инна Мельникова, Лора Кеннеди де қатысты.

Жиылыс барысында басты-басты бірнеше мәселелерге тоқталып, сол бойынша комиссия мүшелері баяндамалар жасады. Атап айтар болсақ, өткен жылы, яғни, 2005 жылы ЮНЕСКО мен ИСЕСКО бойынша атқарылған іс шаралар төңірегінде де көптеген мәліметтер жасалды. Сондай-ақ, «Мәдени мұра» бағдарламасы да Ұлттық комиссияның назарынан тыс қалмады. Өткен жылы аталмыш бағдарлама бойынша, қандай жұмыстардың атқарылғандығы жөніндегі мәліметтерге де қанықтық. Қазақстандағы ескі әрі көне тарихи ескерткіштерімізге қайтадан реставрациялар жасалғандығын тілге тиек еткен белгілі мәдениеттанушы Дүйсен Қасейінов мырза осы бағдарлама аясында Ресейден, Қытай, Моңғолия, Иран, Түркия және шығыс араб елдерінің архивтерінен қазақ тарихына қатысты көптеген материалдардың да жинақталғанын алға тартты. Ұлттық комиссия Ә. Марғұлан атындағы археология институты мен Бельгияның Гент қаласының университеті ЮНЕСКО-мен бірлесе отырып, «Шығыс Қазақстан және ресейлік Алтай территориясындағы көне қорғандарды сақтау» туралы жобаны қолға алыпты. ЮНЕСКО қолдауымен әйгілі «Отырар» қалашығына да жөндеу жұмыстары басталған көрінеді.

Ұлттық комиссия ЮНЕСКО-ның мерекелік күнтізбесіне ендіру арқылы 2006-2007 жылдары көрнекті композитор Ахмет Жұбанов пен белгілі ғалым Ақжан Машанидың 100 жылдығын тойлауды да қолға алып отыр. Жиылыс барысында оқу-ағарту мәселелері, оқулықтардың шығарылымы, экология, мәдениет, ақпарат, ғылым мәселелері де сөз болды. Әр сала бойынша жасалған баяндамалар негізінде ортақ пікір-таластар жүргізді.

Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы көркемсурет мектебінде тұңғыш рет ЮНЕСКО-ның клубының ашылуына да Ұлттық комиссияның септігі тиген көрінеді. Жиынды ұйымдастырушылар көп іс атқарылып, көп дүниенің жасалғанымен, әлі де атқарылар шаруаның көп екендігін айтады.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары